Оқырман назарына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жоламан Әйткеннің Хабырыыс Ондороостан (Гаврил Андросов) аударма өлеңдерін ұсынамыз:
Шогун* рухының көшуі…
(реинкарнация)
Алдымда –
Жанынан жерінген,
Есепсіз сап түзеп керілген,
Тұманның ішінен құрсанған –
Жауларым көрінген.
Артымда –
Жүректе сақталған
сөзімді күтетін ақтарған,
Жауыма тиемін жасқанбай,
Қос қатар Рухты саптардан.
Оң қанатымда – тәтті арман,
Ағаларым бар
Отты соғыста қақталған.
Сол қанатымда – сонау шақтардан,
Достарым да бар мақталған.
Төбемде –
Жарық Күн, ап-ашық аспаным,
Азаттық таңына жерік қып.
Төменде –
Қара жер басқаным,
Мызғымас беріктік.
Ұрыстың алдында,
Уақыттың өткені білінбей,
Ақырын керілген міріндей.
Тым ұзақ шешуші сәт деген,
Жігердің ең соңғы жібіндей.
Найзағай жарқ етіп қасқағым,
Ұрысты бастадым.
Ерегес дұшпенмен… кідіріс,
Айқасты өткенге тастадым.
Елімді күтпейді енді Сын,
О, сонда көрінер біреудің сұлбасы,
Шыңғыс Хан**, сенбісің?
Дауылдан кейінгі тағдырға үмітпен,
Білге Қағанның*** күтеміз белгісін.
…Ексекю**** құсым ұшады ақырын,
Қорған боп жақыным.
Қуана күтеді Халқым тік тұрып,
Рухты батырын.
Бабадан келген батырлық,
Қонады Рухтың күшімен.
Бір ұлы күш бар, түсінем…
Жеңіске жетеді Олар –
Білектің күшімен,
Жүректің күшімен!
* Шогун – жапон тарихында Жапонияны 1192 жылдан бастап Мэйдзи кезеңіне дейін басқарған адамдар (Киотодағы императорлық резиденциясынан басқа) осылай аталды. Бірінші мағына «қолбасшы» ұғымына жақын. Шыңғыс хан дәуірінде Еуразияның шығыс дала тайпаларында жоғары әскери шенді (маршал, қолбасшы) білдіретін” сенгун” сөзі қолданылған. Бір қызығы, саха-якут халқының сөҕүмэр деген сөзі бар
** Шыңғыс хан – якут мифологиясында тағдыр құдайларының бірі, үш әлемнің Жоғарғы соты, сонымен қатар тарихи Шыңғыс ханның жаңғырығы.
*** Білге хан – якут мифологиясында тағдыр құдайларының бірі, сонымен қатар көк түріктердің көсемі Білге-Қағанмен параллель болуы мүмкін.
**** Ексекю – якут мифологиясында екі немесе үш басты құс.
Адамның ғарышқа алғашқы ұшуы туралы көмей әні*
Ғарыштағы ең басты сезім, адамдық тұрғыдан қарағанда, ол – қорқыныш. Міне, сол қап-қараңғы аспан, міне, сол тұңғиық аспандағы жарқыраған жұлдыздар… Және сол қараңғылыққа неге екені белгісіз ұшуға тура келеді.
Юрий Гагариннің Владимир Высоцкиймен әңгімесінен.
Олар ұшады.
Арманы алдай ма?!
Ұшады түнекке, ұшады шалғайға.
Көрінбес ұшқыны әлемге беттейді,
Жоғалып кетпей ме, қанаты талмай ма?!
Ұшады сонда да,
тылсымға жол ашқан,
Өзіне тартады Жеті қат көк аспан.
Алқадай тізілген жұлдыздар ішінде,
Ұшады бір пенде елінен адасқан.
Бірақта белгісіз, ұшты Ол қай жақтан?!
Жылаған немесе ән салған аймақтан?
Безді ме жандардан тұнығын лайлатқан,
Мекеннен ұшты ма кіндігін байлатқан.
Шешенін қамшымен сабаған елден бе?!
Қисапсыз ғаламға ем іздеп келген бе?!
О, бәлкім Мәсіхті айқышқа шегелеп,
Айқышты сәндікке қолданған жерден бе?!
Ұшқаны белгілі – Жер деген тұғырдан,
Саны жоқ есепсіз жұлдыздар құбылған.
Олар ұшады –
Жердегі пенделер,
Құлпырған гүлдердей тамырдан жұлынған.
Жұлдыздар ішінен мыңдаған жүздеген,
Ұшады адамдар ғажайып іздеген.
Жәбірейіл періште кездесіп қалар ма,
Тылсымнан ешкімде үмітін үзбеген.
…Таусылмас бәрібір аспанның жұмбағы,
Гагарин, Гастелло батырлар бұл да-ғы.
Арманы алдамай – Аспаны бағынып,
Айналды Сұңқарға – Жер-АНА ұлдары.
* Көмей әні-Сібір, Моңғолия, Тибет және түркіхалықтарының дәстүрлі (әсіресе табынушылық) музыкасына тән жұтқыншақта немесе көмейде ерекше артикуляциясы бар ән айту әдісі. Көмей әнінің мәні – әнші бір уақытта екі дыбысты айтады: негізгі және оған овертон.
Аударған: Жоламан ӘЙТКЕН,
(«Мұздақ мұң» кітабынан алынды)