Өзін-өзі мақтаған мүрде
Сучжоу қаласының маңындағы Шанфаншань тауларында қасиетті будда ғибадатханасы орналасқан еді. Бірде Янчжоу қаласынан келген Ван есімді мейман сол жерде қыдырып жүріп, таңғажайып оқиғаға куә болды. Кенет, тапа-тал түсте баспалдақтың астынан адамның дауысы естілді. Дауыс тоқтамай, бірдеңені ашына айтып тұрғандай еді. Ван дереу өзге қонақтарды шақырып, олар да осы үнге құлақ түрді. Олардың барлығы: «Бұл – өлген адамның рухы, ол қайғы-қасірет айтып, бір зұлымдыққа шағымданып жатқан болар», – деп топшылады. Ғибадатхананың монахтарымен бірігіп, қолдарына күрек пен қайла алып, жерді қазуға кірісті. Бес шынтақ (чи) тереңдіктен асқанда шіріген табыт пен қураған сүйекке кезікті. Басқа ешнәрсе жоқ еді. Олар табыттың бетін қайтадан жаба салып, орындарынан тұрды.
Алайда, көп өтпей, жер астынан тағы да сол дауыс шықты. Бұл жолы дауыс табыттың ішінен шығатындай сезілді. Барлығы мұқият тыңдады, бірақ бірде-бірі әлгі сөздерді түсіне алмады. Қорқыныштан бәрінің құты қашты.
«Батыс қанаттағы ғимаратта Дэ-инь есімді ұстаз тұрады. Ол – өте ізгі адам, жын-шайтандардың тілін түсінеді. Сол кісіні шақырып, дауысты тыңдатайық», – деп біреу ұсыныс жасайды.
Ван мен басқа қонақтар Дэ-иньге жедел жетіп, табыттан шыққан дауысты тыңдауын сұрады. Ұстаз келіп, жерге еңкейіп, ұзақ уақыт тыңдады. Сосын ақырында көңілсіз түрде былай деді:
– Оны қазып қараудың қажеті жоқ! Бұл мүрде бұрындары өте жоғары лауазымды қызметте болған жан екен, адамдардың өзін жер көкке сыйғызбай мақтағанын жақсы көретін. Өлгеннен кейін ешкім оны мақтамайды, міне, сол үшін ол табытта жатып, өзін-өзі мадақтап жатыр.
Көпшілік күлісіп, тарап кетті. Ал, табыттан шыққан дауыс біртіндеп басылды.
Жақсылықты сүю
Лу патшасы Юэ Чжэн-цзыға басқару ісін тапсыруды ойлады. Сонда Мыңзы айтты:
– Мен мұны естіген кезде қуаныштан ұйықтай алмадым!
– Ол өз ісіне берілген адам ба? – деп сұрады Гунсунь Чоу.
– Жоқ, – деді Мыңзы.
– Парасатты ма?
– Жоқ, – деді Мыңзы.
– Көп білуші ме?
– Жоқ, – деді Мыңзы.
– Олай болса, неге қуаныштан кірпік іле алмадыңыз?
– Ол жақсылықты жақсы көреді, – деді Мыңзы.
– Жақсылықты жақсы көру жеткілікті ме?
– Бұл Лу патшалығын былай қойғанда, – деді Мыңзы, – тіпті, Аспан асты елі үшін де тым жеткілікті. Егер патша жақсылықты сүйсе, төрт теңіздің арасында өмір сүретіндер мыңдаған ли қашықтықты елеместен, оның құзырына келуге, ізгі ойларын бөлісуге асық болады. Егер патша жақсылықты сүймесе, адамдар: «Ол тәкаппар, бәрін білемін деп ойлайды» дейтін еді. Оның менменсіген үні мен паңсыған түрі жан біткенді жанынан бездіріп, мыңдаған ли жырақ жүруге мәжбүр етер еді. Егер ізгі ойлы адамдар одан мыңдаған ли алыс жүруді қаласа, қасына көзінше мақтайтын, сыртынан даттайтын жәдігөйлер жиналады. Жағымпаздар мен жалақорлардың ортасында жүріп, қанша қаласаң да мемлекетте тәртіп орната алар ма екенсің?
Орыс тілінен аударған: Айбек ОРАЛХАН
Дереккөзі: «Из книг мудрецов» (Проза древнего Китая), «Художественная литература» Москва, 1987.