Ежелгі Қытай прозасы
Үш семсер
Ертеректе чжао патшасы Вэнь-ван семсерлесу өнеріне қатты құмартыпты. Семсершілер оның қақпасын қоршап жатады екен, үш мыңнан астамы сарай мейманы болыпты. Олар патшаның алдында күнімен-түнімен сайысыпты: бір жылда өлтірілгендер мен жараланғандар саны жүзден асыпты. Патша болса, әсіре әуестігіне көңіл құмары бір қанбапты.
Осылай үш жыл өте шығады. Патшалық құлдырауға айналып, басқа патшалар қастық ойлай бастайды. Осы жағдайға қапаланған тақ мұрагері Куи сарайдағы сенімді адамдарын шақырып алып, оларға былай дейді:
– Патшаны құмарлығынан айнытып, семсершілерден ажыратуға көндірген кісіге мың алтын беремін!
– Бұл тек Чжуан-цзының ғана қолынан келеді, – деді олар.
Тақ мұрагері айтылған алтынды табыс етіңдер деп шабармандарын Чжуан-цзыға жұмсады. Бірақ, Чжуан-цзы сыйлықтан бас тартып, шабармандарға ілесіп жолға шықты. Ханзаданың алдына келген соң:
– Мәртебелі мұрагер мың алтын бере отырып, маған не бұйырады? – деп сұрады.
– Ұстаздың даналығы мен сұңғылалығына сырттай қанықпын, – деді мұрагер. – Мен мың алтынды сіздің құзырыңызға құрметпен ұсындым. Алайда, сіз тартуымды кері қайтардыңыз, енді сізге не деп өтініш айтамын?
– Естуімше, – деді Чжуан-цзы, – мәртебелі мұрагер менің көмегіммен патшаны әулекі әуестігінен арылтқысы келетін сияқты. Егер патшаға ақыл айтамын деп әміршінің әміріне қарсы шықсам, оның үстіне сіздің де көңіліңізді таппасам, алдымнан көлденең қаза мен көрінеу өлім күтеді. Онда ақшаның қажеті қанша? Егер ұлы билеушімізді иландыра алсам, сөйтіп сіздің де үддеңізден шықсам, Чжао патшалығы не сұрасам, қалағанымның бәрін бермей ме?!
– Бәрі рас, – деді мұрагер. – Бірақ, патшамыз жанына семсершілерді ғана жақындатады.
– Тамаша, – деді Чжуан-цзы. – Менің қылышкерлігім ешкімнен кем емес.
– Солай-ақ болсын, – деді мұрагер, – дегенмен, біздің патшамыз қабылдайтын семсершілердің барлығы дудар басты, дуда шашты, дулығасы шекесінде оқшырайған, дулыға бауы арзан жібектен жасалған, киімдерінің ою-өрнегі жоқ, етегі кері түрілген, көзқарастары кекті, тілдері мүкіс. Патшамызға сондайлар ұнайды. Егер де Ұстаз оның алдына ғалымның киімімен барса, бұл істі насырға шаптырады.
– Ендеше, өзіме семсерші киімін тігіп алуға рұқсат етіңіз, – деді Чжуан-цзы.
Ол киімді үш күнде әзірлеп, мұрагерге келді де екеуі падишаның алдына барды. Билеуші жалаң қылышын жарқылдатып күтіп отыр екен.
Чжуан-цзы патша сарайының есігінен асықпай аттады, патшаны көрсе де құлдық ұрған жоқ.
– Маған не үйретпексің? – деді патша. – Әуелі мұрагеріме көрсет.
– Ұлы мәртебелі патша қылыш шабу өнеріне қызығатынын естіп, сізге сол үшін келіп отырмын.
– Қылышты шебер қолданасың ба? – деді патша.
– Он қадам сайын бір адамды шауып өлтіре алам, – деп тіл қатты Чжуан-цзы. – Мың ли жүріп өтсем де семсеріме бір сызат түспейді.
– Аспан астында саған тең келер ешкім жоқ екен! – деп саңқ етті әмірші.
– Мен шайқасқанда жорта жалтарып, оңтайлы сәтті күтем, тап бергенде шабан қимылдасам да сермей ұрғанда сан соқтырам. Біреумен күш сынассам деп едім, – деді Чжуан-цзы.
– Ұстаз, әзірше тыныға тұрыңыз, – деді патша, – өз бөлмеңізге барып, менің әмірімді күтіңіз. Сайыс ұйымдастыруға пәрмен беріп, сізді шақырамын.
Патша семсершілер арасында іріктеу өткізді. Жеті күндік жекпе-жектен соң өлгендер мен жараланғандар саны алпыстан асты. Ішінен бес-алты адамды таңдап, сарай алдына тізіп, қолдарына қылыш ұстатты да дереу Чжуан-цзыны алдырды.
– Кім шебер қылыштасатынын бүгін анықтаймыз, – деді патша.
– Көптен күткенім осы еді, – деп жауап берді Чжуан-цзы.
– Сізге қандай қылыш қолайлы?
– Кез келгені жарай береді, қайсысын ұсынсаңыз да, – деді Чжуан-цзы. Бірақ, менің үш қылышым әзір тұр. Мәртебелі патшамыз соның бірін өзі таңдап берсін. Алдымен олардың қасиетін айтуыма рұқсат етіңіз, содан соң сынап көреміз.
– Қуана-қуана тыңдаймын, – деді патша.
– Бұлардың біріншісі – Аспан Ұлының қылышы, – деді Чжуан-цзы, – екіншісі – князь қылышы, ал үшіншісі – қарашаның қылышы.
– Аспан Ұлының қылышы қандай? – деп сұрады патша.
Чжуан-цзы жауап берді:
– Аспан Ұлы қылышының жүзі – Яньси мен Шичэн таулары, ұшы – Ци мекеніндегі Тайшань тауы. Цзинь мен Вэй – алқымы мен қыры, Хань мен Вэй – сабы, Сун мен Чжоу – балдағы. Ілме белдігі – Бохай бұғазы, кісесіндегі асқыш – Чаншань тауы. Оның қыны – жабайылар, төрт маусым – қаптама қызметін атқарады.
Ол бес құбылысты бастықтырған жазалау мен марапаттауды анықтайды. Қараңғылық пен Жарықты бөледі, оны көктем мен жаз суғарады, ал күз бен қыс – іске жұмсайды. Бұл қылышты алға бағыттасаң, алдыңда ешкім тұра алмайды. Жоғары көтерсең, аспандағы ешнәрсе аман қалмайды, төмен түсірсең, төмендегілер тегіс күйрейді, семсерді сілтесең, айналаңды типыл етеді, жоғарыда жүзген бұлттарды қақ тіледі, төменде жер тіреуін қыршып түседі. Бұл қылышты қолдансаң, князьдерді тәубесіне келтіресің, бүкіл Аспан асты сенікі болады. Аспан ұлының қылышы – осындай!
– Ал князь қылышы қандай? – деп сұрады таңғалған патша.
– Князь қылышының өткір жүзі – парасатты, батыр ерлер, – деді Чжуан-цзы. Оның ұшы – ар-намысты, жанқияр ерлер. Оның алқымы мен қыры – сенімді, дегдар ерлер. Оның сабы – ержүректер мен қаһармандар, ал балдағы – дана әрі адал ерлер. Бұл қылышты алға бағыттасаң, ешкім алдыңда тұра алмайды. Жоғары көтерсең, жоғарыда ешкім аман қалмайды. Төмен түсірсең, төменде ешкім сау құтылмайды. Семсерді сілтесең, айналаңда ешкім қалмайды. Жоғарыда ол – төңкерілген аспан тектес, сондығымен Жарықтың үш түрін бағындырады: төменде – шаршы жер іспетті, сондығымен оған төрт маусым түгел бағынады, ортасында халықтың қалауымен санасады, көршілерді татуластырады. Оны қолдансаң, күндей күркіреп, жай оты жарқ етеді, төрт тарап билеушінің әміріне тегіс бағынады. Князь қылышы – осындай.
– Ал, қарашаның қылышы қандай?, – деп сұрады патша.
– Қарашаның қылышын, – деді Чжуан-цзы, – дудар басты, дуда шашты, дулығасы шекесінде оқшырайған, дулыға бауы арзан жібектен жасалған, киімдерінің ою-өрнегі жоқ, етегі кері түрілген, көзқарастары кекті, тілдері мүкіс адамдар қолданады. Олар бір-бірімен сіздің алдыңызда шайқасады. Жоғарыда – мойын мен тамақты орып түседі, төменде – бауыр мен өкпені тілгілейді, қарашаның қылышы деген – осы. Олардың өнері төбелескіш қораздар шайқасынан еш айнымайды. Оның өмірі кез келген күні мемлекетке ешқандай пайда келтірмей-ақ, қиылуы мүмкін. Бүгінде Сіз, ұлы мәртебелім, Аспан Ұлы лауазымын иелене отырып, қарашаның қылышына тым құмартып кеттіңіз. Менің болмашы ойым мынау: бұл әуестіктен бас тартуыңыз керек.
Патша Чжуан-цзыны аста-төк дастарханнан дәм татуға шақырды. Сарай аспазы тамақтың түр-түрін ұсынды, бірақ патша қол тигізбей, үш мәрте «әкет!» деп ишаралады.
– Сабыр етіңіз, ұлы мәртебелім, – деді Чжуан-цзы, – өз-өзіңізге келіңіз, мен қылыш туралы әңгімені айтып тауысқанмын.
Бұдан кейін Вэнь-ван үш ай бойы сарайдан шықпай қойды. Ал семсершілердің бәрі өздеріне қол салып тынды.
Аударған: Айбек ОРАЛХАН
«Из книг мудрецов» (Проза древнего Китая),
«Художественная литература» Москва, 1987.
(Көрнекі суреттер ЖИ көмегімен салынды)