3-тарау

Қабілеттілерді көкке көтермесе – адамдар бәсекелеспейді. Сирек затты бағаламаса – ұрлық та болмайды. Кісінің қалауын қоздыратын нәрселерді көрсетпесе – көптің жүрегі бүлінбейді. Сондықтан данышпан ел билегенде жұрттың жүректерін бос, қарындарын тоқ қылады, жігерін жасытып, сүйегін қатайтады. Ол халықтың білім алмауын әрі ерік қалауы болмауын қадағалап, білімдарларды қарекетсіз қалдыруға тырысады. Ол әрекетсіздік арқылы әркімді басқарады.

17-тарау

Ең жоғары билеуші – сол: бағыныштылар оның бар екенін ғана біледі. Оның  соңынан елі аялап, алдиярлайтын патша, оның соңынан барлығы  қорқатын патша, бұлардың соңынан күллі жұрт жек көретін патша келеді.

45-тарау

Ұлы кемелдік кемшілікке ұқсайды, – қолданылса мінсіз. Ұлы түгелдік залалға ұқсайды, – қолданылса сарқылмайды. Ұлы турашылдық қисықтыққа ұқсайды. Ұлы шеберлік шорқақтыққа ұқсайды. Ұлы ділмарлық мүкістікке ұқсайды. Қозғалыс суықты жеңеді. Тыншу ыстықты жеңеді. Тыныштық пен  тыным – Аспан астының негізі.

63-тарау

Әрекетке араласпа, істеймін деп ісінбе, татымсызды тат. Зор ма, зәредей ме, аз ба, көп пе – жәбірге жақсылықпен жауап қат. Жеңіл жерде ауырынан баста. Үлкен істі ұлғайтпай кіріс. Дүниедегі қиын істің бәрі де жеңіл нәрседен туындайды. Сондықтан дана адам ешқашан үлкенге ұмтылмайды – сол себепті үлкен істер тындыра алады. Уәдені оңай беретінге – сенетіндер аз. Жеңілдік мол жерде қиындық та көп. Сондықтан дана кісі барлығын қиынға балайды – сол себепті оған қиын ештеңе жоқ.

66-тарау

Теңіздер мен өзендер алып аңғарлардан аласа бола білгендіктен, оларға үстемдік ете алады. Адамдардан жоғары тұрғысы келген, өзін олардан төмен қоя білсін. Алдына шыққысы келген, артында жүре білсін. Ақылман жоғары тұрса да, адамдарға масыл емес, алдында жүрсе де, оны ешкім күндемейді. Сонысына сай Аспан асты елі оны қуана-қуана көтермелейді. Ол ешкіммен бәсекелеспейді, – сондықтан оған мына әлемде ешкім бақталас емес.

78-тарау

Дүниеде судан жұмсақ, судан әлсіз ештеңе жоқ, алайда, қатты мен күштіге  қарсы күресте судан асып түсер қуат болмайды, оны ештеңе алмастыра алмайды. Әлсіздік күштілікті туғызатынын, ал жұмсақтық қаттылықты жеңетінін күллі әлем біледі, бірақ, жүзеге асыру ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан ақылман былай дейді: «Кімде кім мемлекет қорлығын мойнына артса, патша болады. Кімде кім ел бақытсыздығын мойнына артса, Аспан астының қожасы атанады.» Ақиқи сөз  өзінің қарсы мәніне қатты ұқсайды.

 

***

Линь Хуэй мың алтынға бағаланар асыл тасты (яшма) лақтырып тастап, арқасына сәби ұлын мінгізіп, елден бас сауғалап бара жатты. Әлдебіреу одан сұрады.

-Бала соншалық қымбат па?

-Оның белгілі бағасы жоқ, – деді Линь.

-Әлде оны бағып-қағу оңай ма?

-Оны өсіріп-бағудың машақы көп, – деді Линь.

-Олай болса, неге құны жоғары яшманы тастай сап, сәбиді алып қаштыңыз?

-Мұның бірі – бас пайдаға байланысты, – деп жауап қатты Линь Хуэй, – ал екіншісі – табиғи байланыс. Пайдамен байланыстысын қайғы мен қасіретте тастай қашады. Ал, табиғи байланысы барын қайғы мен қуанышта өзімен бірге әкетеді. Өйткені тәрк ететін мен тастамайтынның екі арасы тым алшақ.

***

Тұтқыр – балық аулау үшін қажет: балық ауланған соң тұтқырды ұмытады. Тұзақ – қоянды ұстау үшін қажет: қоян ұсталған соң тұзақты ұмытады. Сөз –  ойды тұту үшін қажет, ой тұтылған соң сөз ұмытылады. Сөйлесу үшін сөзді ұмытқан адамды қайдан іздеп тапсам екен?!

***

Чжу Пинмань Чжили И деген кісіден айдаһар өлтіру өнерін үйренді. Бұған мың алтынын жұмсап, отбасын жұтатып, үш жыл дегенде шеберліктің шыңына жетті. Тек шеберлігін паш етіп, қару жұмсайтындай жан иесін таппады.

 

Орыс тілінен аударған: Айбек ОРАЛХАН

Дереккөзі: «Из книг мудрецов» (Проза древнего Китая), «Художественная литература» Москва, 1987

 

Добавить комментарий