Цин патшалығының ағаш ұстасы ағаштан қоңырау ойды. Жұмыс біткен соң бұйымды көрген жұрттың бәрі таңғалды: оны не аруақтар, не құдайдың өзі жасаған десті.

Қоңырауды Лу князі де тамашалап, ұстадан:

–  Мұндай шеберлікке қандай өнермен қол жеткіздің? – деп сұрады.

–  Мен бар болғаны қолөнершімін, – деді ағаш ұстасы, – Өнер менің не теңім? Десе де бір құпиясы бар. Қоңырау қашауды ойлап, өзімнің ци-імді бостан-бос жұмсамауды көздедім. Тыныштық табу үшін жүрегіммен ораза тұтуым қажет болды. Үш күндік оразадан кейін мен құрмет пен марапат, шен мен шекпен туралы ойдан арылдым. Бес күннен соң мақтау мен даттауды, сәттілік пен сәтсіздікті ойға алуға мұршам болмады. Жеті күн өткенде есім кіресілі-шығасылы болып, өз денемді өзім сезінуден қалдым, аяқ-қолымды ұмыттым. Мен үшін князь де, патша сарайы да ғайып болды. Жанымды сырттан мазалайтын мәнсіз нәрселер жоғалды, бүкіл дағды-білігім бір нәрсенің үстіне шоғырланды. Сонда ғана мен тауға аттанып, ағаштардың табиғатына зер салдым. Ең жақсы діңнен қоңырау сұлбасын ойша қашап көрген соң ғана іске кірістім, әйтпесе, жұмысты қолға алып қажеті не?! Осылайша менің болмысым ағаштың болмысымен біте қайнасып кетті. Сондықтан да туынды ғажайып сезіледі.

 

***

Чжуан-цзы тау бөктерінде жүріп, бұтақтары сала-сала, жапырақтары қалың алып ағашты байқады. Бірақ әлгі ағаштың қасына келген ағаш шебері оған тиіскен жоқ. Чжуан-цзы мұның себебін сұрап еді:

– Ол ештеңеге жарамсыз, – деді шебер.

Сонда Чжуан-цзы:

– Ештеңеге жарамсыздығы есебінен бұл ағаш табиғат қанша белгілесе, сонша өмір сүреді, – деді.

Тау етегіне түскен соң, Ұстаз өзінің ескі досының үйіне қонды. Сыйлы мейманның келісіне қуанған үй иесі қолбалаға қаз сойып, тамақ әзірлеуді  тапсырды.

– Бір қазымыз қаңқылдауық, – деді малай бала, – ал екіншісі қаңқылдамайды. Қайсысын сой дейсіз?

– Қаңқылдамайтынын, – деді қожайын.

Ертесінде шәкірттері Чжуан-цзыдан сұрады:

– Сіз кеше таудағы ағаш ештеңеге жарамайтындықтан, табиғат қанша белгілесе, сонша өмір сүреді деп айттыңыз. Ал қожайынның қазы қаңқылдай білмегені үшін пышаққа ілінді. Егер жарамды мен жарамсыздың, білу мен білмеудің арасынан таңдау жасасаңыз, өзіңізге қайсысын қалар едіңіз?

Чжун-цзы күлді де былай деді:

– Мен ортасын таңдар едім.

Орыс тілінен аударған: Айбек ОРАЛХАН.

Дереккөзі: «Из книг мудрецов» (Проза древнего Китая), «Художественная литература» Москва, 1987

(Суреттер ЖИ көмегімен салынды)

Добавить комментарий