Дарынды балаларға арналған облыстық көпсалалы лицей-интернатының оқушысы Айсұлтан Дәулетхан Семей қаласында өткен республикалық Абай оқуларында 3-орынға ие болды. Талапты жастың жетістігін сүйіншілей отыра, жас ақынға ағалық лебіз білдіруді жөн санадық. Болам деген баланың, бетін қақпай, белін буу – біздің міндетіміз және ертеңгі күн алдындағы парызымыз. Әрине, бұл біздің Күреңбайлығымыз емес. Тек, ізбасар інімізді талаптандыру һәм қанаттандыру. Оның «Ақын болсам, ел жүрегін тербейтін өлең жазсам» деген асқақ арманына дем беру. Әрі ақын, әрі ұстаз Нұрбақыт Қуатбектен тәлім алып келе жатқан жас өрен тәлімгерінің де, рухани ұстаздарының да ойлы сөзін санасына түйе білсе, өлең өлкесінде маңдайы жарық, жолы ашық, бағыты анық болады деп сенеміз.
Айсұлтанның өлең туралы пайымы ерекше. Осы жасында «Өлең деген не?» деген сауалға жауап іздеуі – оның болашақтан үмітті екенін аңғартады. Үмітін үкілемеген, өзінің өлең өрнегін іздемеген, жолын табуға ұмтылмаған талапкерден татымды туынды туа қоюы екіталай. Бұл ізденістегі алғашқы қадам өлеңнің құдіретін түсіну, қасиетін танудан басталады. Сондықтан Айсұлтан былай дейді:
«…Өлең дегенің ақ параққа мән дарытқан,
Жұмыр жүректің сөзі емес пе еді өрілген…», және:
«…Өлең дегенің – шындықтың биік шынары
Шайып кетпейтін тасқын өмірдің ағысы…», және:
«…Ақын безбейді өз шындығынан, себебі
Жүректің – өлең айнасы».
Өлеңнің не екенін, оның қандай болатынын сезіп, сезінген жас талап, мұзбалақ Мұқағалиға арнаған өлеңінде:
«…Армандаймын болуды ақын өзіңдей,
Жыр жазамын қою түнде көз ілмей.
Сарсаң сезім, саз билеген жас кеуде,
Мұқағали сенің албырт кезіңдей…», – дейді. Кімді оқып, кімге еліктеп, кімге ұқсағысы келетінін айқындап алыпты Айсұлтан. Және ол өзі үлгі-өнеге тұтатын ақындай қазақ поэзиясының көгінде қанат қағуды армандайды.
Сол арманың алдамасын! Болашағың баянды, арманың аяулы болсын! Ұстаздарың көрсеткен өнегемен, қатарластарыңның сырлас көңілімен айналаңды нұрландырып, ойыңды шуаққа бөлеп, алға аттай бер!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.
Оқырман назарына Айсұлтан Дәулетханның өлеңдерін ұсынамыз:
Қара өлең
(Абайға арнау)
Сағыныш өртеп жанымды,
Тағдырға кейде налимын.
Өзіңді іздеп жалғаннан,
Өзімнен сені танимын.
Шұғыла шашып сендік нұр,
Жаратқаныңа қарадым.
Шашырап рухтар жүреді,
Өзің деп кейде қаламын.
Ұқсаймын, жетем Иеме,
Өзіме-өзім сый, еге.
Өзіңе қарай жүремін,
Сыймаймын жалған дүниеге.
Абайдай арды күзетем,
Міскінмін! Жүрек мұз екен.
Ақсарбас өлең өзіме,
Өзімді-өзім түзетем.
P.S:
О, қалам, досым саған серт,
Жаңылсам жолға сал ылғи.
Бойымды билеп муза дерт,
Шерткізіп жатыр қалың күй.
***
Ерлері алып, арулары бұраң бел,
Ұлан елді көрген адам «Тұран» дер.
Мені қалай тудың екен білмеймін,
Алыптарды туған, дала, туған жер?!
Көзбен көрсем, жаным табар нақ дауа,
Сөзбен саған бере алмаспын, қап, баға.
Жыр-әндерге шабыт беріп тұратын,
Туған жердің самалысың, тәтті ауа.
Жылуыңды әркез жинап жүрегім,
Ұлылығыңды ұғынамын, ұлы елім!
Табаныма сенде кірген шегірді,
Маңдайыма жазған бақ деп білемін.
Жерұйығым, құшағыңды жай маған!
Қадірінді ұғады әрбір ойлы адам.
Бағаланбас мекенсің, туған жер,
Бабаларым бала болып ойнаған.
Ауаң сенің жан дүниемді емдеді,
Үмітіңді ақтау – арман мендегі.
Туғаныма өкінбеймін сенде мен,
Туғаныңа өкінбессің, сен, мені!