Жазушы Қалмұқан Исабайдың 100 жылдық мерейтойына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі өткізген «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты облыстық эссе байқауында жеңімпаз атанған шығармаларды оқырман назарына ұсынамыз.
Қалмұқан тағылымы
Ашаршылық пен қуғын–сүргін жылдарында қазақ халқының тарихында аса қасіретті кезеңдер болды. Бұл оқиға XX ғасырдың басында орын алды. 1930-1933 жылдары Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатының негізінде халықтың мал–мүлкін тартып алу, мал шаруашылығын жою мәселелері бойынша халықтың жағдайын ауыр жағдайға душар етті. Мәселенің мәніне көз жібертетін болсақ, миллионнан астам қазақ қаза тапты, шамамен халықтың жартысы аштан қырылды. 1 миллионнан астам халық басқа елдерге босып кетті. Олардың көбі Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан т.б. елдерге кетуге мәжбүр болды. Қазақ халқы демографиялық апатқа ұшырады, рухани өмір күйреді.
Осы зобалаң заманында қазақтың біртуар жазушысы, қаламгер, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Қалмұқан Исбаев өмірге келген. Ол ел тарихын терең зерттеген ел жанашыры. Өмірі қиыншылықпен өткен, балалық шағы ашаршылықпен, құғын-сүргін кезінде болғанымен, жазушы жастайынан ізденімпаз, білімге құштар болады. Мектептен кейін журналистика бағытына бет бұрып, әдебиет саласына қызығушылық танытады. Жазушының балалық шағы ауылда өтеді. Жастайынан әке-шешеден ерте айырылып, ауыр тұрмысты басынан өткізген.
Деректер бойынша, кеңес армиясының қатарында жүрген жас жауынгер Ұлы Отан соғысына 1943 жылы майданға аттанған екен. Мәскеу түбіндегі шайқаста болған. Жастайынан қиыншылықты көрген Қалмұқан атамыздың өмірі сұрапыл жылдарды бастан өткізеді.
Қалмұқан Исабаев – қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, журналист ретінде танымал болған тұлға. Ол көбінесе адами құндылықтарды насихаттаған. Исабаевтың шығармалалары көбінесе қазақ халқының тарихы мен мәдениетін терең бейнелейді. Оның «Айқыз», «Шоң би», «Сұңқар самғауы» сияқты романдары мен повестері тарихи тұлғалар мен оқиғаларды суреттейді. Сондай-ақ, «Арман арнасымен» атты очеркінде Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы туралы жазған.
Біріншіден айта кететін мәселе, Қалмұқан шығармалары қазақ халқының тарихына терең өрлейді. Халықтың өткені мен бүгінгі күні, тағдыры мен арманы көркем тілмен бейнеленген шебер туындылар жиынтығы. Ол қазақ әдебиетіне өдшеусіз үлес қосқан қаламгер. Шығармашылығындағы тағылым-терең тарих, ұлтты рух, адал еңбек, елге деген патриоттық сезім үлкен көрініс алады.
Қалмұқан еңбектерінің ішінен ұлттық бірлікті, тұтастық пен елдікті аңсаған қайраткерлерді үлгі етіп, мысалы «Шоң би» романында тарихи реформаторларды суреттеп, оқырманға елдік мүде деген ұғымдарды терең түсіндіреді. Сонымен қатар «Шоң би» романында тарихи деректерге негіздеп, автор өзінің көркемдік қиялын көркем тілмен жеткізеді. Шоң би XIX ғасырда өмір сүрген би, қоғам қайраткері, реформатор болған. Қазақ даласында әділ сот жүйесін жүргізген. Орыс әкімшілігімен келіссөздер жүргізіп, халықтың мүддесін қорғаған. Бұл пікірді мысалы романдағы Шоң бидің даналығы, тапқырлығы, батылдығы мен адамгершілігі, әділдігі кеңінен суреттелген. Бүгінгі замандағы судьялар бойындағы қаситеттері осы Шоң бидің даналығымен сай бола ала ма? Тәуелсіздік пен бейтараптық жағынан ешкімге тәуелді болмау қазіргі құқық жүйесіндегі сот өкілдерінің басты талаптары бірдей болса, шешімдері әділ, заң жүйесіндегі қабілеттері қоғам алдында әділетті болса деймін. «Шоң би» романының ерекшелігі оның әділдігінде, дауларды шешу кезіндегі әділдік, елді біртұтас бірлікте ұстау, батыл шешім қабылдау, рулар арасындағы татулықты сақтауға күш салды. Халыққа қызмет етуі, ерлігі, рухани тазалығы жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынылды.
Қалмұқан Исабаевтың тағылымының шығармашылығында, өмірінде және қоғамдық қызметінде көрініс тапқан терең философиялық ойлар мен ұлттық құндылықттарды насихаттауда жатыр. Дәлел ретінде, Исабаевтың поэзиясында адамгершілік, патриоттық, адалдық сияқты құндылықтар басты орын алады. Басты мәселе – жастардың өз мәдениетін, тілін, тарихын құрметтеу, адамгершілік құндылықтарын түсіну болып табылады. Осыған бір дәлелі – Шоң бидің көрінісі арқылы халыққа үлгі етіп көрсетті. Сонымен қатар, шығармалары арқылы қазақ жастарына ұлттық құндылықтарды ұғындыру. Әсіресе, жазушы әр шығармасында қазақ әдебиетінің байлығын, тілінің сұлулығын, халықтың рухани мұрасын насихаттау бойынша басты мақсат қойды.
Сонымен қатар жазушының қаламынан туған «Сұңқар самғауы», «Арна» секілді туындылары бар. Бұл арада адамның ең бірінші құндылығы еңбек екені ескеріледі. Күрделі заман мен құрылыс жылдарындағы жұмысшылардың қажыр-қайратын көрсету арқылы қаламгер еңбектің қадірін ұғыну керек екенін болашақ жастарға айтады. «Еңбек адамды көріктендіреді» демекші адам баласы еңбек арқылы биік жетістіктерге жетіп, гүлденеді. Осы шығарманың арқауы Ертіс-Қарағанды су арнасының құрылысы жайлы, романдағы инженер, құрылысшылардың, қарапайым жұмысшылардың қажырлы еңбегі, сол кездегі қиындықтары суреттеледі. Осы тұста қазақ халқының бірлігі, бір мақсаты, канал құрылысының Қазақстанның өнеркәсіптік дамуына үлкен үлес қосқан стратегиялық жоба екенін мәлімдейді. Жалпы тұрғыда қаламгердің қай шығармасын алсақ та, шығармаларының басты мақсаты-ел бірлігі, қиын-қыстау, зобалаң замандағы қазақтың бойындағы қоғамдық сана, ұлттіық рух, ерік-жігер көрініс табады.
Исабаев еңбек романтикасын, қоғамдық сананың өзгеруін көркем бейнелер арқылы жеткізеді. Оның шығармасындағы кейіпкерлер заман адамдарының бейнесін, олардың адамгершілік қасиеттерін, еңбекке деген, ұлтқа деген, адамгершілікке деген көзқарастарын ашады.
Мәселенің мәніне терең үңілетін болсақ, Қалмұқан атамыздың шығармаларындағы ерекшеліктер: көркемдік стильдері, тарих пен әдебиеттің түйіскен тұстары, құрылысының ауқымдылығы, рухтың мықтылығы, қазақ халқының бойындағы күш-жігер, табандылық суреттеледі. Бұл оқырманды өмірлік құндылықтар мен моральдық ұстанымдар төңірегінде ойлануға итермелейді.
Көпшілікті ойландыратын бір мәселе, жазушы қазақтың өткені мен рухани мұрасын, адамгершілік ізгілікті жоғары деңгейге қойып келешек ұрпаққа бағытталған тағылым береді. Әдебиет – біздің кешегі өмір, сондықтан ел болашағы – бүгінгі жастардың қолында екенін ұмытпағанымыз жөн деп ойлаймын. Жазушының көзқарасын тереңірек түсіну-парызымыз. Әр адамның санасына туындайтын сұрақ тек материалдық жағдай емес, сонымен қатар рухани ізденіс. Рухани құндылығы бай ел ғана тек алдағы қатардан көріне алады. «Мен өмірде қандай із қалдырамын?» деп ойланамын, өмірімнің мәні өзімді қоғамның бір бөлшегі ретінде қоғамға пайда әкелу деп санаймын. Сондықтан да, әдебиет жолында көп ізденістер жасап, Қалмұқан атамыздай ақын-жазушылардың бізге қалдырған өнеге, тәрбиелік мәндегі шығармаларын көп оқып, адами болмысты дамыту біздің өмірлік ұстанымыз болмақ!
Алдияр МҰРАТОВ,
Қ.Мақпалеев атындағы мектеп (1-орын иегері).
Қалмұқан тағылымы
Қазақ халқы өнегелі тұлғаларымен, аңыз адамдарымен ерекше. Халқымыздың әр тұлғасы өз сара жолында жұртқа деген үлкен даралығымен, игі жақсылығымен із қалдырып кеткен. Осынау ұлы тұлғалардың қатарында халқымыздың ұлы перзенті, журналист, зерттеуші, жерлесіміз Қалмұқан Исабаев. Қалмұқан Исабаев өзінің өнегелі жолымен, мол мұрасымен биік. Оның әр мұрасы, халқына жасап кеткен жақсылығы біз үшін мол тәрбиенің көзі.
Әр асыл тұлғаның артында тарихта қаларлық асыл іс қалады. Қалмұқан Исабаев жазушы ретінде оқырманның жүрегіне жол таба білді. Оның қаламынан шыққан әр туынды қазақ халқының болмысын, тұрмыс-тіршілігін, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын көрсете білді. Өз басым Қалмұқан атамның шығармашылығын сүйіп оқимын. Өткен жылы атамның «Ажал құрсауында» атты повесін оқыған едім. Бұл туындыны оқыған кезде мен Қалмұқан ағамның оқиғаны баяндау шеберлігіне тәнті болдым. Ұлы Отан соғысы кезіндегі дүрбелең, адамдардың қорқынышы мен ертеңге деген үміті, халықтың бір уайымға салынып өмір сүруі бәрі де бәрі мен үшін ерекше әсер етті. Басты кейіпкердің адамгершілік қасиеттері, отансүйгіштігі, қиындық алдындағы батылдығы – мен үшін үлгі. Шығармадан түйгенім, адам баласы өмірде қандай қиындық болмасын, алға ұмтылып, қорқынышқа тіке қарап, болашақтан күдер үзбеуі тиіс. Меніңше, әр адам бұл шығарманы оқып, терең ғибрат алуы керек. Повесті оқығаныма бір жылдан асса да, мен әлі күнге дейін шығармада болған әр мезетті, іс-қимылды әлі де ұмытқан жоқпын. Күні бүгінге дейін сол шығармадан алған терең тәрбиелік мәнді үлгі ретінде көремін. Бұл эссе арқылы Қалмұқан атамның осынау тағылымын жазу мен үшін қуаныш. Қағазға түскен ойдың әрқашан да мәні зор.
Қалмұқан атамның бұл туындыдан бөлек тағы да тәрбиелік мәні мол шығармалары жетерлік. «Арман арнасымен», «По руслу мечты», «Подвиг в степи» очерктері, «Айқыз», «Сұңқар самғауы» романдары, «Жұмбақ үй» әңгімесі оқырмандардың көңілінен орын таба білді. Ол тек көркем шығарма жазып қана қоймай, тарихты зерттеп, қазақтың ұмыт қалған тұлғаларын қайта тірілтті. Мысалы, қазақ тарихында ерекше орын алатын Кенесары хан, Наурызбай батыр, Төле би, Әлихан Бөкейхан сынды арыстар жайлы жазған зерттеу мақалалары – болашақ ұрпақ үшін құнды дереккөз.
Қалмұқан атамның тек жазушы ғана емес, қоғам қайраткері бола білгені мәлім. Өзіміздің Павлодар қаласына қарасты Ақсу қаласының қазіргі атауға ие болуы да атамның арқасы. Кезінде Ермак деп аталып кеткен қала қазіргі таңда қазақтың әдемі атауына ие болды. Ақсу қаласына басқыншы атаманның ескерткішін алуға да септігін тигізді. Сонау Германияның Габельбах қаласында Абай атамыздың Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін аударған нұсқасын ескерткіш тақтайға орнату әркімнің қолынан келе бермейтін ұлы іс. 1980 жылы 13 маусымда Қалмұқан Исабаев Абайдың портретін салып, қақпағына: «Гетенің Азиядағы тұңғыш аудармашысы, ақын және композитор «Түнгі кезбе» өлеңіне арналған әуенін осындай ұлт аспабының сүйемелдеуімен шығарған» деген сөз жазылған домбыраны осы музейге тарту еткен. Оның журналистік қызметі де – бір төбе. Ол өмір бойы қарапайым халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдады. Қалмұқан атамның мақалаларынан қоғамға деген жанашырлық, әділетке деген іңкәрлік аңғарылады. Ол қай тақырыпта жазса да, адам тағдырына бейжай қараған емес. Журналистік этиканы биік ұстай отырып, нағыз халық журналисті бола білді.
Бұның бәрі Қалмұқан Исабаев атамыздың арқасында жүзеге асуы, мен үшін, ұрпақ үшін үлкен өнеге. Дана халқымыз «Адамды тұрар адам қып, ақ жүрек пен адалдық» бекер айтпаған. Атамның бойындағы өнер мен адамгершіліктің ұштасуы үлкен тағылым. Адам баласы бұл өмірде өзгелерге жақсылық жасап, Отан алдында үлкен жүрегімен із қалдырса одан артық асыл іс болмас. Атамның Отансүйгіштік, халқына деген бауырмашылдық, құрмет сынды қасиеттері оның ұлы тұлға екендігінің дәлелі.
Бұл тағылым – бүгінгі жас буынға үлгі, келешекке мұра. Оның өмірі мен шығармашылығы – қазақтың біртуар тұлғаларының бірі ретінде мәңгі есте қалады.
Мен үшін Қалмұқан Исабаев бұл қасиеттердің үлкен символы іспеттес. Оның жүріп өткен дара жолы туралы кітап жазу менің арманым. Болашақта мектепті үздік аяқтап, ата-анамның үмітін ақтап, жазушы болғым келеді. Қалмұқан атамның сара жолын, халқына жасап кеткен мол жақсылығын, тағылымын, ұрпақ ретінде алғысымды жеке кітап түрінде жазсам, менен бақытты жан болмас, сірә.
Сөзімді атама арнап шығарған шағын өлеңіммен аяқтасам:
Қалмұқандай атамның дара жолы,
Үлгі болар ұрпаққа тура жолы.
Отан үшін ізгі ниетімен
Арналған дара қалам, парақтары.
Қалмұқандай атамның бар мұрасы,
Халқына арналған мол байлығы.
Оның сара жолы бізге үлгі
Еш ұмытпас оны ұрпағы!
Қазақ халқының бағы болып, жұлдызын жаққан, өнегелі тұлғаларын құрметтеп, сара жолын қуу, алғыс білдіру мына біздің, жас ұрпақтың мойнында. Атамыздың жүріп өткен дара жолы ғасырлар өтсе де, халқының жүрегінде мәңгілікке қалары сөзсіз. Оның жасап өткен әрбір асыл ісі, ғибратты шығармасы, мазмұнды ғылыми жазбалары бәрі де бәрі тәрбиенің көзі, ұрпаққа, халыққа бұйырған бақ. Қалмұқан Исабаев атамыздың тағылымы, мол мұрасы ешқашан да өшпейді, бұл сарқылмас қазына, ұрпаққа аманат!
Аружан ЕРСАЙЫНОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп (2-орын иегері).
«Соғыс жылдарындағы ұрпақ аманаты»
Қасірет пен қайсарлық қатар жүрген Ұлы Отан соғысы жылдары – тарихымыздың ең ауыр да, ең қастерлі парақтарының бірі. Қанды қырғын жылдары – халқымыздың қайсар рухы мен ержүректігін паш еткен кезең. Сол жылдары майданға аттанған әр азамат, соғыс даласында қаза тапқандар, тылда аянбай еңбек еткен әр ана мен бала – бүгінгі бейбіт өміріміздің негізін қалаушылар. Олардың елі үшін жасаған ерен ерлігі – бүгінгі ұрпаққа қалдырған қасиетті аманат. Жалпы «Аманат» ұғымы – қазақ халқы үшін ерекше мәнге ие. Бұл – біреуге сеніп тапсырылған құндылық, жауапкершілік, парыз. Соғыс жылдарында өмір сүрген ұрпақ бізге Жеңістен бөлек, осы өмірлік аманатты қалдырды: елге қызмет ету, Отанды сүю, әділет пен еңбекті қадірлеу.
Бұл аманат – сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсетілген. Сол ұрпақтың еңбегі мен ерлігі – біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің, тыныш өміріміздің негізі. Олар ұрпаққа тек ерлік тарихын ғана емес, сабыр мен парасаттың үлгісін қалдырды.
Қалмұқан Исабаев – сол аманаттың символы. Ол – елі үшін майданда қарумен, бейбіт күнде қаламмен елге қызмет еткен тұлға. Журналистика мен поэзия арқылы отансүйгіштік рухты көтеріп, келешек ұрпаққа өшпес өнеге қалдырды.
Қалмұқан Исабаевтың қаламынан туған туындылар – осы аманатты жеткізудің шынайы жолы. Оның шығармаларында соғыстың ащы шындығы, бейбіт өмірдің бағасы мен адамгершілік қасиеттері терең сипатталады.
Соғыстың қасіреті, әсіресе бейбіт күнде дүниеге келген біздер үшін, тек кітаптан оқып, фильмдерден көруге болатын оқиға секілді көрінеді. Бірақ Исабаевтың туындылары сол бір зұлмат жылдарды көз алдымызға тірілтіп, жүрегімізге жеткізе біледі. Оның әңгімелері мен повестері арқылы біз сол кезеңдегі адамдардың шынайы өмірін көреміз.
Мәселен, бірқатар шығармаларында ауылдағы қарапайым адамдардың ауыр тіршілігі, майданнан келген қара қағаздардың қайғысы, жоқшылыққа қарамастан, рухы сынбаған халықтың болмысы шынайы суреттеледі.
Қалмұқан Исабаевтың шығармаларына тән ерекшелік – оның кейіпкерлері тірі, шынайы, өмірлік. Ол сұрапыл соғысты мадақтамайды, оның шынайы бейнесін, адамзат үшін қаншалықты қасірет екенін көрсетеді. Аманаттың маңызын түсіндіреді: кейінгі ұрпаққа бейбіт өмірді бағалау, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілік пен құрмет, тарихты ұмытпау.
Қазіргі жастар үшін бұл аманат ерекше мағынаға ие. Өткеннің тәжірибесі мен сабағы – бүгінгі тыныш бейбіт тірліктің негізі. Қалмұқан Исабаев бізге «Ешқашан ұмытпа!» деген үндеуді аманат етеді. Тарихты ұмыту – болашаққа деген сатқындық. Аманатқа адал болу – тарихты білу, ата-баба ерлігін бағалау, олардың күресін жалғастыру деген сөз. Оның шығармашылығы арқылы біз ата-бабаларымыздың батырлығын танимыз, сол заманның ауыртпалығын ұғынамыз. Біз осыны сезінсек, аманатқа адал болғанымыз.
Бүгінгі жастар – еркін елдің ертеңі. Қалмұқан Исабаев сияқты нар тұлғалардың өмір жолы бізге үлгі, бағыт, рухани тірек.
Қазіргі таңда ел үшін күрес майданда емес, білімде, мәдениетте, тілде, рухта жалғасуда. Өз тілімізді, тарихымызды, ұлттық болмысымызды құрметтеу – нағыз рухани жаңғырудың көрінісі. Бізге аманат болған ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау – парызымыз. Бұл парызды орындау арқылы ғана біз «Ұранды елдің ұрпағы қайсар» деген сөздің шындығын дәлелдей аламыз.
Бүгінгі күн – білектің күшімен, найзаның ұшымен,ерен ерлікпен келген бейбіт өмір. Бұл – кездейсоқ емес, құрбандықпен келген қасиетті тыныштық. Сондықтан әр қазақ баласы туған тарихты біліп, оны мақтан етіп, елін сүюге тәрбиеленуі тиіс. Қалмұқан Исабаевтың шығармаларын оқу – Отанды сүюдің, елге қызмет етудің, аманатқа адал болудың нақты мысалы.
Еліміздің көк байрағы желбіреп, бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан әр күніміз – сол батыр ұрпақтың арқасы. Біз олардың ерлігіне тағзым етіп қана қоймай, сол рухты жүректе ұстауға тиіспіз
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: аманатқа адал болу – әрбір қазақ азаматының қасиетті парызы. Қалмұқан Исабаевтың шығармашылығы – сол парызды орындауға шақырған рухани үндеу. Ол бізге тек өткеннің естелігін ғана емес, болашаққа жол сілтейтін шамшырақ қалдырды.
Бейбіт өмір – құрбандықпен келген баға жетпес байлығымыз. Сол байлықтың иесі болу үшін біз тарихты ұмытпай, елге қызмет етуді, Отанға деген шексіз махаббатты жүрегімізде мәңгі ұстауымыз керек. Жастар – елдің болашағы, аманаттың иесі. Олар бабалар ерлігі мен даналығын бойына сіңіріп, елдің тұғырын биік етеріне сенеміз. Өйткені аманатқа адал ұрпақ – ұлттың үміті, елдің ертеңі.
Гүлназ ҚОНЫСБАЙ,
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектеп (3-орын иегері).