Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Абай күніне орай «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы…» атты студенттер арасындағы облыстық жазба ақындар мүшәйрасын өткізді. Мүшәйраның басты мақсаты – ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау; Студенттердің бойындағы шығармашылық дарындарын ұштап, патриоттық сезімдерін арттыруға жол ашу. Байқау ережесі бойынша әр қатысушы екі өлең – Абайға арнау мен еркін тақырыптағы өлеңдерін жолдады. Байқаудың қорытындысы бойынша, Жамбыл Абылқас 1-орын, Бейбарыс Рафаилов 2-орын, Есенкелді Жәнібек 3-орын иеленді. Жүлделі орындарға ие болған қатысушылар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Оқырман назарына мүшәйра жүлдегерлерінің өлеңдерін ұсынамыз:
Абаймен сырласу немесе желге ұшқан ойлар…
«Қартайдық,
Қайғы ойладық,
Ұйқы сергек»,
Жетпейді қу тірлікте қиқым еңбек.
«Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық» –
Қорлық көрген хәлімді ұйқым жеңбек.
Көңіл қайтты сабырмен саптағанмен,
Күн тумады армандап зорға күткен.
Көшінде дүниенің күн ұрлаттым,
Есемді алдым алысқан топта, жармен.
«Біреуі дос,
Біреу жолдас
Бүгін таңда» –
Қолың сермеп түспеуі үшін санға.
Ардан аттай алмауың қиын неге,
Одан ұлы тәрбие, күшің бар ма?
Жоғалттым қолымдағы талай бақты,
Дос дегенім бақытты оңай тапты!
Жасымда шаңырақты көтердім ғой,
Адал жардың болғаны қандай жақсы.
«Адастың ба?
Алдың – жөн,
Артың – соқпақ» –
Туғаным, барды жоқтап, санды қаппақ.
Мезгілсіз дәурен кеміп жатқан кезде,
Түбімізге жетеді-ау жұртқа жақпақ.
Қайтып келе бермейді қайран жастық,
Қайғы оранып қайтады ойланбастық.
Баспанаға зар болған бейбіт заман,
Екі езуге өрілер қайдан шаттық…
Көшуде өмір көші, адам жасы…
Ойлаған жұрт өзінің қара басын.
Бәрі әйтеуір бірімен тартысады,
Бәрі әйтеуір бірінің бақталасы.
Ақталынбай қала ма деп қорқамын
Ата-анамның жолдаған ақ батасы.
Кешіккен көктеміме…
Келді көктем,
Көрінбей көптен бері.
Қара ағаш бүр жармады, көктемеді!
Біздің жаққа кешікті неге көктем,
Мен көктемді, ол мені – жек көреді…
Қара жер қар бүркенді, көгермеді,
Кешегі өткен көтермей көп пәлені.
Біз көктемде танысып, табысқанбыз,
Данышпан қыз жанымды емдер ме еді?
Кешіккен көктем осы, көксер нені?
Елітіп ап, бөгеп жүр бекер мені.
Көктем де көк көйлегі келіскен қыз,
Жанымның қарайғанын көрер ме еді?
Көк нұры көк айдынмен шектелмеді,
Көк көзді қыз көргендей көктен мені.
Жүрегіме кешігіп келіп көктем,
Мен күтпеген көк алға жетеледі…
Кеш келді,
Көктем менің жүрегіме.
Кешіккен сезімдерді күтеді ме?
Жаңарып көктем келсе көкпен бірге,
Көп әнім сол бір тұстан бітеді ме?
Керемет қой көк орай, көк ала таң!
Көк көзінде көгілдір сәуле тұнған.
Мөлдір жасы моншақ боп құлағанда,
Көпті қайдам, көк жүзіне сыймай қалам.
Немді айтып мақтанам, көктем, саған,
Бір бақытты қимадың көктен маған.
Жүрегіме кешірек келгеніңмен,
Көк төсінде өзім-ақ көктей алам!
Сен – көктемсің, еркесің, көркем әнің.
Мен – ажалмын, арманым – өртеу бәрін.
Көк алға жетеледің, көресім жоқ,
Көкке қолды созудың енді мәнін…
Арамызды көк емес, кек бөледі,
Бәйшешек гүлдей алмай текке өледі.
Біздің жаққа кешікті неге көктем,
Мен көктемді, ол мені – жек көреді.
Жамбыл АБЫЛҚАС.
Абайдың соңғы күндері
Желсіз түнде жарық ай кескіні еді,
Самалдың сарқылмаған кешкі лебі.
Ақ шаңқан киіз үйдің түндігінен,
Қос ішектің қоңыр үні естіледі.
Бірде асқақ, бірде бәсең әуен ойнап,
Қалықтап жатыр әні әуе бойлап.
Абай отыр қос шекті шерте тартып,
Тынысын ұрпағының терең ойлап.
Ескеріп, көп күндерді еңсергенін,
Мыңмен жалғыз алысып теңселгенін.
Өткеннің өлмегінен ой түйеді,
«Қолымды мезгілінен кеш сермедім».
Жан қайда сөз ұғарлық, мұң бөліскен,
Аса алмай қалды-ау бәрі күн көрістен.
Ойда көз, бойда қайрат болмаған соң,
Ақылыңды айтарсың кімге күшпен.
Домбырасын тағы да күмбірлетті,
Астан-кестен жүрегін кім кірлетті?
Қандай айла табады қазағына,
Шимайланған шешуге мың күрмекті.
Әбіржіп жүдеу тартқан жүзіндегі,
Уайым өзгесінен құзырлы еді.
Түн аунап тыншыса да домбыраның,
Шанағынан шерлі әуен үзілмеді.
Ұлы сезім
Қазақпын, сақ пен ғұнның жалғасымын,
Тағылым тарих толы, әр ғасыры.
Өр екпінім бабамның, рухындай,
Тулап жатқан Ертістің арнасымын!
Батырлығым тараған аспан асты,
Ерлігімді тас дәуір тасқа басты.
Танытқанда жауғанда кеңдігімді,
Жанарынаң тамшылап, жас тарасты.
Бал тамызар тілім бар, байлығы ерен,
Шаттықты да көтергем қайғыменен.
Бірақ ауыз сөзбенен, дауды шешіп,
Тастай-тұғын ортаға ойды берен.
Салт-дәстүрім, дініме ұйып тұрам,
Жаса, қазақ, мендегі сүйікті ұран.
Құндылығын арттырып, алашымның,
Мен осынау сезіммен биік тұрам.
Биік тұрам, ұлтымның тұғыры үшін,
Бабалардың дәріптеп ұлы күшін.
Қара өленге түсірген ақын бабам,
Қара жердің ғажайып, құбылысын.
Мендегі ұлттық сезімнің шегі бар ма?
Жетелейді алапат сезім алға.
Қазақ боп жаратқанға сансыз шүкір,
Риясыз құлыңмын сенің, Алла.
Бейбарыс РАФАИЛОВ.
Абайды іздеу
Құбыла жел соққанда тұнып бәрі,
Жадырайды жанымның шыбықтары.
Шыңғыс таудан келеді күн домалап
Тоң боп қалған ғаламды жылытқалы.
Жылытқалы келеді, алаш мұңын,
Сол бағыма білмеймін таласты кім?
Даналықпен тойғызып кете барды,
Бұратана халықтың жан аштығын.
Құнын әр кез жүретін қорғап ардың,
Жете алмадық құнына сол бағаңның.
Алақандай аузына қақпақ болған
Аңқау елге арамза молдадардың.
Бірі болып, бекіген керегенің,
Қара сөзбен, қасиет себеледің,
170 жырын жаттап жүргендіктен,
170 жыл ұмытпай келеді елің.
Ақ түседі, алаш деп шықтан көзге,
Саф алтынға біздегі сұқтанды өзге.
Мен бейнеңді іздеймін сабылыса,
Желсіз түнде жарық ай шыққан кезде.
Бір сағыныш…
Күн өтуде мезгілі ай жасарып.
Гүл тірілткен кешегі қайда шабыт?
Сағымдай бір сағыныш жатады екен,
Жүректердің түбінде ойға шомып.
Жүректегі дерті көп ақын жанның.
Бұйырмаған аруды тақымдар кім?
Мен жаным бағасына жетуші едім,
Өзіңмен жәй сөйлесіп отырғанның.
Күндерімнің, өткізген сеніменен,
Артымыздан елегзіп еріп өлең.
Мені еске аларыңа сенімдімін,
Жүрген болсаң түймедақ теріп егер…
Нәубеттің де тиеді-ау септігі ертең,
Сен де әйбат қыз едің тектімен тең.
Ауылыңа барам ғой деп жүргенде,
Ауылынан Көңілдің кеттің, еркем.
Жылтырлармен жүргем жоқ сан жүздесіп,
Ішкі жақтан тастайды қанды із кесіп.
Дара жүріп үйрендім қазір өзім,
Кереку көшелерін жалғыз кешіп.
Қызықтырмайды ешкімнің ертектері,
Сезімімнің сарғайтып сол көктемі.
Бұл қаладан бұрында күдер үздім,
Сен кеткелі…
Есенкелді ЖӘНІБЕК.