Оқырман назарына «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Кәусар Медіғаттың балауса жырларын ұсынамыз. Жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Шаймерденова.

    Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – елім менің,

Ел дегенде ешкімнен жеңілмедім.

Елімменен біргемін қайда жүрсем,

Ынтымақ-бірлігінің шебіндемін.

 

Ал екінші бақытым – азаттығым,

Көк байрақты тәуелсіз ғажап күнім!

Айдай әлем таниды Астанамды,

Ғарышқа да із салды қазақ бүгін!

 

Үшінші бақытым бар – мұсылманмын,

Жат қылықты жанымнан ысырғанмын.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып болмысым да

Жаза бассам жаңылып қысылғанмын.

 

Оқып білдім, Мұқағали атамды,

Ақындардың «Ақиығы» атанды.

Мұқаш ата, сізге еліктеп жаздым жыр,

Мұраңыздан мендік шабыт от алды!

             Атамекен

 Жайлап жатқан ақ Ертістің етегін,

Жұрты ішкен өзеннің бал шекерін.

Әкем айтты: Анау жайлау, қыстаулар,

Атаң жүрген сенің ата мекенің.

 

Аштық жылы жайлап бойын өзеннің,

Кесапатын көрген қиын кезеңнің.

Ата жұртын қалың жаудан қорғаған,

Төл бесігі менің бабам Бөженнің.

 Қара шаңырақ

Төрт түліктің төлі шапқан жамырап,

Кірлетпеген ғасырларда арын ақ.

Атам менен әжем тұрған ақ орда,

Қасиетті біздің қара шаңырақ.

 

Өзім үшін хан сарайы кішкене үй,

Аталарым жігіт болып «піскен» үй.

Бақ пенен құт қонақтаған төріне,

Алғаш әжем келін болып түскен үй.

         Біздің қала

 Қорған болған жаранға,

Ғаламатсың ғаламда.

Маған қымбат бұл мекен,

Қасиетті саған да.

 

Басқалармен таласқан,

Дүниеде бағы асқан.

Бағындырған белесті,

Оған куә ақ аспан.

Добавить комментарий