Зайт Ерсұлтан Худайбергенұлы – 2005 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылында дүниеге келді. Алғаш Ғали Орманов атындағы мектептің табалдырығын аттап, 7-сыныпқа дейін білім алды. 2018 жылы отбасымен Павлодар облысына қоныс аударды. Шарбақты ауданына қарасты Хмельницкий мектебінің түлегі. Қазіргі таңда А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 3-курс студенті. Ерсұлтан жастайынан өлең-жырға әуес. Ең алғашқы өлеңін 3-сыныпта оқып жүргенде жазды. Кейін анасының қолдауымен түрлі олимпиадаларға қатысты. 10-сыныпқа көшкенде өлең жазуға деген құштарлығы қайта оянып, бірнеше қалалық, облыстық оқуларда жүлделі болды. Оқырман назарына жас талаптың махаббат тақырыбындағы топтамасын ұсынамыз.
***
Есім кетті, көріп ерке сылқымды,
Асау сезім аттай тулап жұлқынды.
Көз алдымнан өшіре алар емеспін,
Сыңғыр қаққан әсем, сұлу күлкіңді.
Қара қас, оймақ ауыз, неткен көрік?!
Қарардай шымылдығын түн түріп.
Сауысқандай саңқылдар қызыл тілім,
Күрмеліп қалғандай ма сені көріп?
Асылым-ау, жанымыз егіз бе екен?
Байыз таппай, жүрегім сені іздеген.
Өзіңді ойлап, сағыныштан сарғайдым,
Сұрғылттанып, жабырқаған күзбенен.
Жүрегімді махаббатың лаулатып,
Ұйқысыз көп жатамын, ойға батып.
Байқамай да қаламын кей кездері,
Қас қағымда кеткенін таңның атып.
Көрмей қалсам сені егер мұңайып,
Өз бойымнан іздеп кетем бір айып.
Сағыныштың кемесі кеп жаныма,
Саған мені апарса ғой бір ғайып.
Бұл не сезім жүректі жылытпайтын?
Жан баласы түсініп бір ұқпайтын.
Арылмақ боп әрекет қылсаң егер,
Терең қапас зынданға құлыптайтын.
Ұмыт қылып мені тастап кетсең егер,
Құса болып, қиналармын одан бетер.
Маздаған от бойдағы бықсып-сөніп,
Сезімімді су шайғандай болып кетер.
***
Жүзің жарқын, көзің сондай әдемі,
Қолаң шашың, қасың оның дәлелі.
Тал шыбықтай нәзік қыпша беліңнен,
Жар іздеген талай жігіт дәмелі.
Қандай ана туған сендей жақұтты,
Жар қып алсам болар ма едім бақытты?
Іштей сені қалағанмен, аруым,
Жүрегімнің кілтін өзге ағытты.
Қателестім, ғашық болдым басқаға,
Алыс кеттім араласпай жасқана.
Шарпыған от, жалындаған сезімнің
Орнында тек ауыр, батпан тас қана.
Бағаламай қолымдағы бақ құсын,
Жарығым-ау, жүрегіме жатпысың?
Сезіне алдым сен жанымда болғанда,
Жан білмейтін махаббаттың тәттісін!
Жүрегімде сақтайм(ын) сені мәңгілік,
Жадымда әркез бейнең тұрар жаңғырып.
Қос жүректің қосылмасын білсе де,
Қарсы алады бізді, жаным, таң күліп.
***
Сұлуымсың, көріктім, кербез қандай,
Жүзің нұрлы ағарып атқан таңдай.
Келбетіңе келіскен ғашықпын тым,
Қылығыңа сүйсініп қағам таңдай.
Ажарыңа ай моншақ таққандайын,
Тал мүсінің елітер пәк талдайын.
Қос жанарың, жанымның жарығындай,
Сұлулық символы боп жатқандайын.
Көңілің періштедей пәк қарағым,
Қайтейін жалын болып жатса жаным.
Ғұмырымда сен ғана бейнелендің,
Көзім енді көрмейді басқаларын.
Өзіңе тек арналған жыр-дастаным,
Айналмағын бағына бәз басқаның.
Бойыңдағы жалынды көргеніңде,
Тыныштықта қамалып тұрмас жаным.
***
Таудан аққан бұлақтай
Мөлдірейді көздерің,
Тайбурылдың жалындай
Бұрымыңды өргенің.
Сен болмасаң егер де
Мені сүйрер өрге кім?
Хас сұлуды өзіңдей
Бұл жалғанда көрмедім.
Баурап алды, еріксіз
Күлімсіреп күлгенің,
Айып болмас, аруым,
Сүйгенімді білгенің.
Бақыт еді қашанда
Жанымда әркез жүргенің,
Ізбасары дер едім
Ұлжан менен Зеренің.
Қиындыққа мойымай
Тек соңымнан ер деймін.
Сыйлау үшін өзіңе
Шоқ гүлдерді теремін.
Тапқандаймын енді мен
Жүрегіме керегін,
Бағаласаң бағымды
Жан-тәнімді беремін.
***
Қоштасқым келмей, арумен сендей,
Тұтанды сезім жалындап сөнбей.
Меңіреу, мылқау күйге еніп бір сәт,
Жүрегім толқып, ақылға көнбей.
Баурады мені нұр тұнған көзің,
Көргенде сені таусылды төзім.
Тіл қатып маған тұрғанда, жаным,
Өткендей бастан бақытты кезім.
Ерекше кескін бейнеңе таңмын,
Әдемі неткен нұрындай таңның.
Өзіңе деген сезімім өшпес,
Болса да мейлі арулар сан мың.
Гүл сезім бүршік атты ма тағы?
Шаттанып жүрек жайқалды бағы.
Көрге емес мені сүйрейтін төрге,
Жан жарым болшы арманымдағы.
***
Жалғызсырап, жабырқаған кезде мен,
Бақытымды іздеп едім өзгеден.
Жан болар деп емдейтұғын дертімді,
Сол аруды жүрек іштей көздеген.
Көзге ілмедім тек өзіңнен басқаны,
Сезім шарпып, от боп жана бастады.
Есімде алғаш сенімен тілдесіп,
Жүрегімнің байыз таппай, сасқаны.
Есімде алғаш жыр арнаған кездерім,
Мұқаңменен махаббатты кезгенім.
Шабыт берген сенің әрлі жүзіңмен,
Қос жанарың, мөлдір қара көздерің.
Есімде алғаш ерке сұлу күлгенде,
Құлпырып ең жайнап өскен гүлден де.
Жүрегіме сыймаушы еді қуаныш,
Жарығым-ау, сен қасымда жүргенде.