Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда «Жас қалам» үйірмесі тұрақты жүргізіліп келеді. Үйірме жетекшісі – ақын, «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық премиясының иегері Назерке Семей. Жас талап ақындар түрлі оқуларда, қалалық, облыстық мүшәйраларда жүлдегер атанып келеді. Әдеби-мәдени іс-шараларға да белсенді қатысады. Оқырман назарына дарынды оқушылардың тырнақалды туындыларын ұсынамыз.

Ертіс

Мадақ айтып, таң қалам,

Суы мөлдір ақ өзен.

Асып жатыр арнадан,

Сор да, кейде бақ өзен.

 

Сабырлы да, қайратты,

Мақта мейлі, ақтап ал.

Жағасында өткен күн

Жадымызда сақталар.

 

Сәуле шашар Ертіске,

Ойнап-күлер балалар.

Боялғандай  көк түске,

Қараған оған жанарлар.

 

Мадақ айтып, таң қалам…

Суы мөлдір ақ өзен.

Жырым саған арналған,

Сор да, кейде бақ өзен…

Мұстафа ШОШАЙ,

6-сынып оқушысы.

 

Күз

 Жаз өтті жарқыраған,

Күз келді салқындаған.

Сары алтын бояуларға,

Боялып жатыр далам.

 

Сарғайып жапырағы,

Туған жер атырабы.

Жемісін бізге ұсынып,

«Дәм тат!» деп шақырады.

 

Кей кезде шұғылалы,

Күз күнде құбылады.

Мінезі түсініксіз

Бар ма екен бұның мәні?

 

Арқалап сыйларыңды,

Сыйлайсың жиғаныңды.

Бір сәтте жылап, шулап,

Өзгертіп ұйғарымды.

 

Кейде бір бұзықтардай,

Кейде қыз сызылғандай.

Әй, күзім, бір түрлісің,

Келуің қызық қандай…

Іңкәр СЕРІК,

6-сынып оқушысы.

 

Мұнар күн

 Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Арзан сөзге құмар күн.

Сөз арасы былғанып,

Әлек қылған шұбар тіл.

 

Саусақтарың жалғасқан,

Телефонға сыңар күн.

Жақсы менен жаманды,

Ажыратпас тұман күн.

 

Өтірікті шын көріп,

Арамдыққа шыдар күн.

Ұқсас-ұқсас күн көріп,

Жылдар өтіп жылар күн.

 

Қай заманда, қай кезде,

Біз өсетін туар күн?

Қазақтарым оянып,

Ұйқысынан тұрар күн?

 

Тілім, саған құмармын,

Жырым, саған жылармын.

Сөз сөйлейін…

Әй, мен де

Көптің бірі шығармын…

 

 

Анашым

Анашым, балам ғой деп мақтанатын,

Әр қадамым үшін сондай шаттанатын.

Түн ұйқысын төрт бөлген біздер үшін,

Ақ көңілін ақ жырмен ақтаратын.

 

Биік болсам, ол-дағы сенің арқаң,

Сенің күшің балаңа сенім артқан.

Сен айтатын ән-жырлар қандай көркем

Қандай көркем әтір де сен ұнатқан?!

 

Бұл өмірде ақ-қарадан жаратылған,

Даналықтың шыңы сен, дара тұлғам.

Ұяңнан ұшсам-дағы мен білемін,

Дұғаң демеп жүреді қанатымнан.

 

Арман

Арман керек, адамға арман керек,

Еш армансыз жүре алмас адам демек.

Арманына жете алмай қалған ғана

Армандарды «құр бос қой, жалған» демек.

 

О, адамдар армандай беріңдерші,

Тарқамаңдар, кестедей сөгілмеші.

Армандай бер, арманда, арманыңа

Жүрегің мен өмірдің төрін берші.

 

Сонда ғана кеңейер жол торабы,

Сонда ғана болмайды ол қараңғы.

Армандай біл, Алладан дұға тіле,

Сонда Алла жолыңды оңғарады.

Мансұр ОЗАТБЕКҰЛЫ,

9-сынып оқушысы.

 

Оян

 Бодан болдық өзгеге,

Біз санаулы жыл бұрын.

Зардабын қазір шегіп жүр,

Алдыңғы толқын, жас буын.

 

Қасқырдай кеше болып ең,

Қазіргі күйің не мынау?

Әлде мысық болдық па,

Әдеті – ұйықтап, пырылдау…

 

Міржақып айтты тұрмадың,

Абайға мойын бұрмадың.

Күре тілге құрметті,

Оятпады-ау жылдарың…

 

Мәңгүрттікке бұрып ап,

Не ұттың сен, жас бала?

Кешегі біз деп шырылдап,

Атылғандарға обал, ә…?!

 

Рухы, елі азатша

Бас көтеру оңай ма…

Тым болмаса қазақша

Сөйлеуіңе болмай ма?

 

Баянауыл

Баянауыл – киелі мекен

Өзіңде мен жетілем, өсем.

Әдемі қандай тауларың, көлің

Әдемі қандай сендегі нөсер?!

 

Жанымды тербер кербез үндей,

Самалың даланың еркесіндей.

Сендегі тылсым сыйлаған сезім,

Әлі тұр лаулап жүректе сөнбей.

 

Тау-тасың жасырған сырға жерік,

Перзентің төріңе асығар келіп.

Далаңдай құшаққа басқанда мені

Көңілдің бар шері таусылар еріп.

 

Айдыннан көрінген асқарларың,

Тамшылап нұры да бастау алар күн.

Көліңдей мөп-мөлдір сенімім менің,

Тауыңдай көздеген асқақ арманым.

 Мансұр САҒИДОЛЛА,

10-сынып оқушысы.

Добавить комментарий