(Қарасуық қаласының символына айналған көк тұмсықты, сирек кездесетін ақ бас үйрек – савка – «Қызыл кітапқа» енгізілген құс).

Жұлдыздардың еміс-еміс үнінен,

қапырық жел хабар беріп түнімен,    

Құлынды ертегісін еске салды,

Таңғы арай рауанына сіңірген.  

 Көрген түс пе, бұл қалай

Біледі жел, таңғы арай…

Бұл ертеде болған оқиға. Бағзыда, қорықтай құлпырған Құлынды жазығын адамдар дауысы сирек жаңғырықтыратын жадау заманда, малшылар ғана жаңа жайылымдарға ханның қалың отарларын айдайтын.

Алыбай есімді көшпелі кедей Қарасу өзенінің маңындағы Құлынды шекарасына қоныстанады. Біраз уақыт аялдап, шөбі шүйгін, оты мол, сазы сабат, өзен-көлдері  жарқыраған, жайылымға бай жер болғандықтан, осында мәңгі қалмаққа бекінеді.

Алыбай бейсауат адамдармен кездескісі келмеді, оның үстіне көшпелі қазақтар арасында оның баға жетпес қазынасы, маңдайға басқан жалғызы, сүйікті қызы Қазынаның  сұлулығы  туралы қауесет тараған. Қызы балғын жас еді, ал көркі Алыбай кездестірген барлық әйелдерден асып түсетін. Ол оны ерте ме, кеш пе ұзатуға  тура келетінін түсінді. Күйеу жігіттер табылатыны анық, үйірімен «қырық жеті» қалың мал ала алатын да еді, бірақ қымбатты қазынасымен қоштаса алмады әрі қызының жас малшы Сафуанмен серт байласқанын сезіп жүрді. Өзі де осы жігітті құп көретін. Ол бірнеше жыл бұрын кәрі әжесімен бірге бұның іргесіне қоңсы болып қосылған еді. Бұл кемпір – болмысы бөлек бақсы болатын, сиқыршы деп секемденетін айнала туғандары одан еш жамандық көрмеді, тек жақсылығын байқайтын. Отарлы қойы күйлі болды, жан біткенге ешқандай дерт  жабыспады.

Сафуанның өзі адал, мейірімді, күші мығым, сертке берік, жасына жетпей марқайған дана жігіт еді. Қазына мұндай жігітпен ұзақ, бақытты өмір сүре алады деп ойлаған Алыбай балалар өз таңдауын жасағаннан кейін, оларға кедергі жасамауға ұйғарды әрі қызым қасымнан ұзамай, ауылда қалады деп іштей байлам жасап қойды. Осындай шешімге келіп, сол сәтте-ақ рұқсатын берді. Сафуанның әжесі Қазынаға сыйлық ретінде көгілдір ақықтан жасалған көне әшекей бұйымдарын тарту етті. «Бұл сені бәле-жаладан қорғайды, менен сый қылып осы дұға оқылған әшекейлерді ал да шешпей тағып жүр», – деп өтінді. Қызға сыйлық қатты ұнады: көгілдір алқа көктемнің түніндей қара көздерінің, сүмбіл шашының сұлулығын ажарландыра түсті. Тек білезіктер жіңішке қолдарына кеңдеу болып, қоңылтақсып, сырғып түсуге шақ тұрды. Алайда әжейдің бұйрығын есіне алып, оларды қорапқа салмай, үнемі тағып жүрді, білегінен бір елі тастамады.

Күйеу мен қалыңдықтың жасын ескерген үлкендер екеуін үйлендіруге асыққан жоқ, десе де неке тойын да көп кешіктіргісі келмеді. Күйеу бала  атанған Сафуан күні бойы қоралы қойдың қамымен жүріп, тек түн ішінде сүйіктісімен кездесетін. Олар ауылдың жанындағы кішкентай көлдің жағасында құшақтасып отырып, ұзақ та бақытты өмір сүруді тілеп,  көп балалы болуды армандайтын.

Бір жолы Сафуан түн ортасына дейін бөгеліп, кездесуге кешікті. Үйірден бөлініп қалған құлынды биені іздеп жүріп қалған екен. Бұлардың бақытсыздығына орай, Әзәзіл өз иеліктерін аралап жүрген еді, күтпеген жерден, кішкентай көлдің айна бетінде қос айдың жүзі бір-біріне шағылысқанын байқады: көктегі айдың жарығы мен су бетіне түскен айдай сұлу Қазынаның ажары сәуле шашып тұр екен.

Әзәзіл қыздың қасына түсіп, өзінің сансыз байлығымен сұлуды  азғыра бастады, бірақ еңбегі еш болды. Қазына азғыруларға бой алдырмады, арбауларына елікпеді де. Қызды ұрлап қашайын десе де ол әзәзілдің қолынан келмеді. Сафуанның қалыңдығын әжесі сыйға тартқан әшекей бұйымдардың көне сиқыры қорғап қалды. Сондықтан сан соққан сайтан көлеңке ішіне жасырынды.

Бойын билеген үрейін әлгіге көрсетпеген Қазына күйеу жігіті келгенде көз жасын төгіп, бастан кешкен қорқынышты жағдайды жан ұшыра баяндады. Сафуан әжесінің сиқыры оларды құтқаратынын, ешқандай жау, тіпті, әзәзіл  сияқты қара күш те өздеріне зиян тигізе алмайтынын айтып жұбатты. Осы кезде бойжеткеннің сүйіріктей жіңішке білезік буынынан білезіктерінің бірі сырғып, көлге шолп етті. Жігіт соңынан суға секірді, ал әзәзіл сол сәтте-ақ қорғансыз қалған сұлуға көлеңке ішінен қол созды. Қара шеңгелден қаша жөнелген сұлу сүйіктісінің артынан сүңгіді. Су астынан сиқырлы әшекейді тауып алған Сафуанды көріп, ашуланған сайтан қайсар қызды үйрекке айналдырып жіберді. Қолындағы білезік те, мойнындағы алқа да сусып су түбіне құлады, тек ақық тастың көгілдір бояуы  ғана құс тұмсығына жағылып қалды…

– Айше! Айше! – деп айқайлады жас жігіт. Әжесі сүйікті немересінің үмітсіз қоңыраудай құмыққан дауысына жетуге асықты, бірақ ол қызды адам кейпіне қайтара алмады. Шайтанның шәрі тым күшті болды. Содан кейін ол Сафуанды әлгіндей көк тұмсықты үйрекке айналдырды да, өзі сол мезетте еңсесін басқан зілден, ауыр қападан айыға алмай жағалаудағы қамыстардың үстіне тұман болып жайылып, жоғалып кетті.

Таң бозынан қызын да, күйеу баласын да таппаған Алыбай олардың атын атап, ұзақ шақырды: Сафуан! Қазына! Сафуан! Қазына! Іздеуге бүкіл ауыл қосылды, бірақ бекер еді…

Адамдардың соқыр тұманға сіңіп, селдірей шыққан дауыстарын алыс орманның тұсынан естілген жаңғырық жұтты: «Саф!..Қа!», «Саф!..Қа!», «Саф!..Қа!»… Савка, Савка…

Сол түні пайда болып, таңертеңгі тұманды жарып шыққан таңғажайып, әдемі үйректі кім бірінші болып «Савка» деп атағаны белгісіз, уақыт ол туралы тіс жармайды, бірақ сол кезден бастап оған осы атау берілгені анық.

Савка – үркек, аса сақ, көбінесе түнде көзге түседі, тіпті судан шықпайды, көл табанына сүңгіп, үнемі жоғалған көгілдір әшекей тұмарларын іздейді…

Одан бері де талай су ақты, талай заман өтті. Бір кездері қаңырап бос қалған аймақтар әртүрлі ұлт өкілдерімен тығыз қоныстанды, қазір мұнда қазақтар көп емес. Қарасу қаласы («Қара су») орналасқан  Алыбай ауылы атауының өзін ат төбеліндей ғана адам есіне түсіре алады, мұнда мекендегендер жайлы не айта алсын…

Бір нәрсе өзгермей келеді: жүздеген жыл бойы ерте көктемнен қара күзге дейін әзәзіл құм боранын көтеріп, құйындай үйіріп әкеліп, Құлынды маңындағы орманды далаға дүлей дауыл соқтырады. Кейде, тіпті, «бет қаратпай шаңытады», бас пен көзді аяусыз сабалайды.

Савка суға сүңгіп, бір кездері айдыны шалқыған, айналасы гүл жайнаған көлді көміп тастауға күші жетпеген ежелгі дұшпанынан бой тасалайды.

Көл баяғыда сазға айналған. Ал Қызыл кітапқа енгізілген көк тұмсықты, сирек кездесетін ақ бас үйрек осы жерге ерте көктемді қанатына қондырып, қайта-қайта ұшып келуден жаңылған емес.

Елена ТКАЧ,

Тәржімалаған: Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий