(Ертегі)
Ертеде Ұлытау өңірін мекендеген Санғасыр деген шалдың Күлбике атты жалғыз қызы болыпты. Өлгенде көрген жалғызының сымбатты, зерделі болып өскеніне қуанып, Тәңірге мың да бір тәубе еткен шал теңіне қосуды армандайды. «Арман түбі – көп белес, белес түбі – көк елес, елес асқарға шығарса, көңіл шіркін не айтар» деп іштей толғанады.
Күндердің бірінде кәмелетке толған қызға әркімдер құда түспек болып, жаушы сала бергендіктен Санғасырдың басы қатады. Малы мыңғырған байға беру керек пе? Әлде тәулігіне жиырма рет сәлем беріп, дін ұстанған, иманды жолдас қылған жанға беру керек пе? Шал қызының теңі кім екенін ажырата алмай сарсаң болады.
Әкесінің ойланып-толғанып жүрген қылығын сезген қыз бір күні:
– Жақсы кісі елге жуық, жемісті ағаш жерге жуық, – деп құлақ қағыс етеді.
Бір жыл тосып, екі жыл тосып, ойлы адам көзіне шалына қоймаған соң, Санғасыр ақыры бір ұстаға темір етік соқтырады да, қолына темір таяқ ұстап ел кезеді. Талай-талай елді аралап, талай жігітті саралайды, бірде-біреуін жақтырмайды.
Аспанмен астасқан ақ сәлделі таулардың талайынан асады, жұпар иісі аңқыған гүлді даланы жалпағынан басады. Сонда да сарыла аңсаған, асыға күткен арман жігітті, қызына тең адамды таба алмай, ақыры ауылына қайта беттейді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған қара жолдағы керуенге қосылып, жиі тоқтап, жылжи басып келе жатса, көлденеңнен киімі жұпыны, өңі жадау бір бала ұшырасады да, үн-түнсіз еріп отырады.
«Ел ақтаған жетімнің бірі болар, беталысы менімен бір сияқты, қара тартып келе жатқан шығар» деп ойлаған Санғасыр балаға көзінің қырын да салмай, жүре береді. Бір мезетте бала:
– Ата, ес біліп, етек жаптыңыз ба? – деп сұрайды. Төрт жүз жыл жасап, сақалы аппақ құдай болған шағында мына сөзді естігеніне шал қатты ызаланады. Шілденің шіліңгір ыстығында мыңдаған шақырым жолды жаяу басып, тілі аузына сыймай, түтеп келе жатқанда келеке еткендей болған бала сөзі шамына тиіп долдандырып жібереді.
– Маңдырама! – деп, қытымырлана зекіп тастайды да, тарта береді. Қиырға созылған жолды қыбырмен қысқарту қиын. Оның үстіне білмегенін білуге талпынып, жер бетінен ең көп өмір сүрген адамды іздеп шыққан бала тағы бір жайды сұрайды:
– Ата, жол атасы не, сөз атасы не, су атасы не?
Шал жауап берудің орнына тоқтай қалып, бала жігіт Мерейге алая бір қарады да, қайта айналып жүре берді. Бүгінше шалды бұдан артық қажауға болмайтынына Мерейдің көзі жетеді.
Күн ұясына кіріп, жер бетіне қараңғылық үйіріледі. Шал мен бозбала бір өзеннің жағасына келіп дамылдайды. Бала жүгіріп жүріп, шөпшек теріп, от жағады да, шәй қайнатып береді. Осылайша көңілденіп отырғанда, бозбала:
– Ата ертеңгі жолды сіз бастайсыз ба, мен бастайын ба? – деп сұрайды. Шал бұл сөзге де қиыстанады.
– Даңғыраған қара жолдан даңғой адасады. Жол білмесең – маған ер де отыр.
Таң ата екі жаяу жолға шығады. Жол бойы сіресіп жатқан қалың егіс екен. Тегіс бас жарып, қоңыр сақалы сапсиып, сыбдыр қаға ырғалады.
– Ата, мынау желінген ыстық па, желінбеген ыстық па? – деп сұрайды Мерей. Шал бұған да ашуланады.
– Көзіңе шел бітіп қалған ба, астықтың әлі орылмай, тік тұрғанын көрмей келесің бе?
Содан әрі біраз жүрген соң, жол үстіндегі бір ауылға кезігеді. Арыс азаматы өлген, қаралы ауыл зар шегіп күңіренген. Адамдар мәйіт салынған табытты ауылдың сырт жағындағы қабырстанға көтеріп апарып, жерлеп жатады. Сонда жолаушы бозбала:
– Ата, мына жерлеп жатқан адам, тірі ме, өлі ме? – деп сұрайды. Шал жарылып кете жаздап, ызаланады.
– Әй, өзің не оттап тұрсың? Тірі адамды қабырға көмгенді қай атаңнан бері көрдің? Енді былжырағаныңды қоймасаң, көресіңді көрсетіп, жотаңнан таспа тілемін!
Шалдың мұрты тікірейіп, иегі дірілдейді. Ұзақ жүрістен қамшының сабындай ғана қалған темір таяғымен жерді нұқып-нұқып қояды. Енді сөйлесудің ыңғайы да жоқ еді. Шал үн-түнсіз салқар жүріске салып, аршындай адымдайды. Бозбала да қалмай ілесіп отырады. Осылайша бірнеше күн тоқтамай жүреді. Асқар-асқар таулардан асады. Орман шарлап, жасыл даланы өзен-суларды, ой-қырды басады. Бірнеше күннен кейін шалдың ауылына тақайды.
Ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына барып, ұзақ сапардан қайтып оралған шалды кішкентай балапанша құлдырандаған ауыл балалары мен кемпір-кешектері құрақ ұшып қарсы алады.
Ызақор шал үйге таяй бергенде бозбалаға:
– Сен кірмей-ақ қой, – деп сыртқа қалдырып кетеді. Далаға төселген қара киіздің үстінде ойға шомып отырған бозбалаға қиығымен қарайды. Мерейдің қайратты қара шашы, дөңгелек жылы шырайына жараса біткен ойшыл отты көзі, күлімсіреген жайдары жүзі Күлбикені қақырата өзіне тартады да, қыздың жүрегі шок түскендей дір ете қалады.
Мерейдің ау-жайын ішіне түйген бикеш серпілген сезім мен толқыған көңіл-күйін тізгіндеп, іштей өз ойының түйінін тұжырымдайды.
«Үйдегілердің қай-қайсысынан болса да айпарадай айқын, парықты ісің мен өзгеше өмірің арқылы бөлектеніп, мен мұндалап отырған бейнеңе қарағанда, сен не кедейдің жалғыз-жалқысы, не әділ де, ақкөңіл, еңбекпен күнін көрген бейнетқордың бірі боларсың. Не ыза мен кек, ақыл мен қайрат кернеген, арда өскен талапкердің өзі боларсың» деп түйеді ойын. Нәзік сезімін еппен тиектеп:
– Тірі жүріп жатырсыз ба? – деп тіл қатады.
Мерей де Күлбикенің ұзын қара шашы, көрікті бидай өңі, күлімдеген қарақат көзі, қиылған қасы, кішілеу қыр мұрыны, қаймақтай жұқа ерні мен оймақтай аузы еркінен тыс өзіне баурап алады да, аздап әзіл тиегін ағытады.
Далада отырған бозбаланы «тауып әкелген күйеу бала осы шығар» деген оймен кемпір үйге шақырып еді, шалы ақырып, тыйып тастайды.
– Қарасын өшірсін көзімнен, бір қырт неме, шақырма!
Мерейді іштей ұнатып отырған қыз үлбіреген жұқа ернін тістеп: «Ой, тоба, мына әкем сырттағы жігітке неге сонша өшіккен, оны сыртынан неге тілдейді? Мұның жетім, кедей болғаны мін бе? Өтімді, өрт жігіт сияқты ғой тұрпаты?» деп, іштей толғанады. Сонан соң үйге кіріп, әкесіне мына жігітке не үшін ыза болғанын сұрайды. Шал басынан кешкендерін бастан аяқ теріп айтып болған соң, қызы ерекше қуанып, әкесін бас салып құшақтап тұрып:
– Әке, білмегенін білуге талпыну – білімдінің әдеті ғой. «Өзің білмегенді кісіден сұра, үлкен болмаса, кішіден сұра» деген сөз бар емес пе? «Біреу білмегенді біреу біледі, ақыл жүре толады, білім іздегенге қонады» дейді ғой бұрынғылар. Бұл жігіттің сізден сұраған сұрақтарының да таң қаларлық ғажабы да, шошитын үрейі де, ішек-сілені қатырар күлкісі де, қалыптан асқан ағаттығы да жоқ, – дейді де, жігіт сұрақтарының жауабын өзі шешіп қайтарады. – Сізге «Ес біліп, етек жидыңыз ба?» – дегені – осынша жасқа келгенше, қорытқан ақылыңыз бар ма, соны айтыңыз дегені. «Сөз атасы не, жол атасы не, су атасы не?» дегені де, меніңше – сөз атасы – құлақ, жол атасы – тұяқ, су атасы – бұлақ емес пе! Ертеңгі жолды сіз бастайсыз ба, мен бастайын ба?» – дегені – қиырсыз ұзақ жолды қысқарту үшін әңгіме айтсаңыз да өтінгені. «Мынау – желінген астық па, желінбеген астық па?» – дегені – бұл астық егушіге тиесілі ме, әлде жерді иеленушіге тиесілі ме деп сұрағаны шығар. Жерлеп жатқан адамды «Өлі ме, тірі ме?» – дегені – жаңалық ашып артына бір белгі қалдырған жан ба екен, әлде құлқын құлы боп өткен біреу ме екен дегені ғой.
Көзі бағжиып, қызының сөзін айрандай ұйыр тыңдаған шал ақылы мен ойы тапқыр жастар алдында кінәлі болғандай сезінеді өзін. Сонан соң, өңкілдеген өгіздей, тайраңдай үріккен түйедей жүгіріп, сыртқа шығады да, Мерейді қапсыра құшақтап, маңдайынан сүйеді. Іздегенін тапқанына қуанады. Екі баланың ақыл-ойы, түйсігі тең екеніне сүйсінеді. Содан кейін қызы мен жігітті қатар отырғызып қойып, батасын береді.