(ертегі)

Бұрынғы заманда қарадан шыққан бір хан елін әділ билепті. Сондықтан елі өте жақсы көреді екен. Ханның жалғыз ұлы болады. Оны оқытып, ғұлама молдаға тәрбиелетіпті. Баласы ержеткен соң, ұзақ сапарға шығуға дайындалады да, өзінің орнына баласын уақытша хан қоймақ болады. Жүрерден біраз бұрын: «Баламды сынап көрейін, елді әділ басқара ала ма екен?» деген ойға келеді де, билікті баласына береді. Сонда хан баласының елді әділдік жолмен басқара алмағанын байқайды. Баласы теріс екені білініп тұрса да, бай кісілердің сөзін сөйлепті. Ақ істі бұрмалап, өзінің ойына келгені бойынша билепті.

Сонда хан «Баламның әлі ақылы толмаған екен, әділ басқара алмай, елдің наразылығына ұшырады. Енді балам еңбек етіп, мал тапсын, ақылы толғанда берейін биліктің тізгінін» деп, баласына жылқы бақтырып қояды.

– Балам, сен жылқы бақ та, аттың жалына шай қайнатып әкел. Сонда екі ат мін де, бір аттың ізін түсіріп кел, – деп тапсырады.

Ханның баласы амалсыз жылқы бағады. Әкесінің тапсырмасын орындай алмайды. Содан кейін әкесі баласына қой бақтырады. Баласының алдына алпыс ісек қой салып береді де:

– Осының бәрін келесі жылы қоздатып кел, – деп тапсырады.

Баласы еркек қойларды қалай қоздатуға болады, оның амалы қандай деп, қиял шегеді, ұйқы көрмейді. Ханның баласы малын өрістететін бағытта бір қараша үй тұрады. Сол үйдің қызы күнде таңырқап қарап тұрады. Ханның баласы «осы қыз маған неге қадалып қарай береді, сөйлесіп көрейінші» деп, қыздың қасына барады. Бала қасына жақындағанда қыз:

– Мына бағып жүргенің кімнің қойы? Ханның баласы қой бағушы ма еді? Не себептен қой бағып жүрсің? – деп сұрайды.

Ханның баласы басынан өткен оқиғаларды, қойды не үшін бағып жүргенін айтады. Мұны естіген соң қыз ханның жұмбақ тапсырмаларының шешуін айтады.

– Әкең сені сынап жүр екен. Оның тапсырмаларын орындау өте оңай. Ойлансаң, амалын тауып орындарсың, – дейді де, жұмбақтардың шешуін айтады. «Ат жалына шай қайнатып кел» дегенін түсіндірейін. Бір шақша насыбай алып, аттың жалына байлап апаруың керек еді, насыбайды бір атқан кісі бір шай ішкендей құмары қанар еді. «Екі ат мініп, бір аттың ізін салып кел» дегені былай: буаз бие мініп баруың керек еді, ішіндегі құлынымен екі жылқы болады. Сонда бір жылқының ғана ізі түседі. Ал мына баққан қойыңды тұзға қандыр да, шөбі шүйгін жерге бағып тойындыр. Сонан соң, семірген қойыңды базарға апарып сат. Сонда біреуі екі қойдың бағасына өтеді. «Еркек қойды қозылату» деген сол. Осыларды орындасаң ханның сынағынан өтесің.

Арада бірнеше ай өткен соң, ханның баласы қыздың үйреткені бойынша буаз биеге мініп, оның жалына насыбай шақшасын байлайды. Сонан осы семірген қойларын аяп, ханның алдына барады. Хан баласының тапсырманы толық орындағанына қайран қалады.

– Балам, бұл тәсілді өзің ойлап тауып, орындадың ба, әлде біреу-міреу үйретті ме? – деп сұрайды. Бала:

– Өзім ойлап таптым, – деп жауап береді.

Хан баласының бұл шараларды өзі ойлап таппағанын сезеді. Сонан соң, қайталап қадағалап сұрайды. Бала шынын айтады. Сонда хан: «Бұл бекер қыз емес, өте ақылды, ойлы дана көрінеді. Балама сол қызды әперейін» деп ойлайды да, баласына:

– Балам, сол қызға құда түсейік, сен қалайсың ба? – деп сұрайды. Баласы разы екенін айтады. Сөйтіп, хан ақылды қызды баласына әпермек болып, құдаласу үшін қараша үйге барады. Үйге кіріп, аман-сәлемнен соң, сынамақ болып, қызды сөзге тартады. Қыз ханның сұрақтарына өте дәл, әрі анық жауап қайтарады. Ақыры қыз ханның ұлына баруға разылығын білдіреді. Қалың мал жайын ауысқанда, хан мұртын сипайды. Қыз оған да бас шайқайды. Хан шашын сипайды. Қыз басын шұлғиды. Ханның мұртын сипағаны бір үйір жылқы берейін, сақалын сипағаны соған қоса бір табын мал берейін дегені екен. Қыздың бас шайқауы – көнбегені. Ал ханның шашын сипауы – қоралы қой қосып берейін дегені екен, қыз соның бәрін беруге көніпті. Сөйтіп хан айтқанының бәрін беріп, келінін ұзатып алып қайтыпты.

Біраз уақыт өткен соң, хан ұзақ сапар шегуге әзірленеді. Аттар ерттеліп, жолға жүруге дайын болғанда, келіні: – Атам бүгін жолға шықпасын, кедергіге ұшырайды, ертең аттансын, – деп сөз салады. Мұны естіген хан:

– Келінім білгіш еді, бірденеңі сезген шығар, жарайды, ертең жүрейін, – деп сапарын тоқтатады. Ертеңінде аттарын ерттетіп, жүруге дайын болғанда, келіні ешкімге сездірмей, қанжығасына қырық кәрі жілік пен бір құрым киізді бөктеріп қояды. Хан аттанып кетеді. Хан бір жерде бастаудан су ішпек болып аттан түсе беріп, қанжығасындағы кәрі жілік пен  құрым киізді көреді.

– Ой, ақымақтар менің қанжығама кілең қу сүйек пен құрым киіз бөктеріп қойғаны несі… – деп шешіп алып, лақтырып жібереді. Содан кейін әрі жүріп кетеді. Қарсы алдынан қырық қарақшы жолығып ұстап алады.

– Сені өлтіреміз! – дейді. Сонда хан қанжығасына қырық кәрі жілік пен құрым киіздің босқа байланбағанын, мұны келінінің істегенін біледі. Хан қарақшыларға жөнін айтып: «Босатыңдар» десе, көнбейді. «Көп қазына, мүлік берейін» десе көнбейді. Содан кейін хан қарақшылардан құтылып, оларды жою үшін бір жұмбақ айла ойлайды. Қарақшыларға қарап:

– Сендер айтқаныма көнбедіңдер, мен жаңағы айтқан дүние-мүліктердің үстіне мына нәрселерді де берейін – дейді. – Менің ордама сендерден екі адам барып, келініме айтсын: Менің алпыс ақ бас атанымды, жүз боз тайлағымды, өтпейтін алтын сапты шой балтамды, оның асыл қайрағын қоса берсін. Осыларды алыңдар да, менің қасықтай қанымды қиындар!

Қарақшылар бұл сөзге көнеді де, араларынан екі мықты жігітті шығарып, хан айтқан дүние-мүлікті алып келуге жібереді. Бұл екеуі шапқан бойы ханның ауылына барады. Ханның келінін шақырып алып, қайын атасының тапсырмаларын айтады. Сонда ақылды ару:

– Ханның айтқанын түгел берейін, – дейді де, санамалай бастайды. Алпыс ақ бас атаны – ханның ақылдас алпыс қариясы, жүз боз тайлағы – жүз бозбаласы, өтпес шой балтасы – ханның баласы, асыл қайрағы – хан ұлының келіншегі менмін, екі алтын терегі – осында келіп тұрған екеуіңсің….

Мұны естігенде екі жігіт қатты сасқалақтайды. Жан-жақтан сау ете қалған әскерлер екеуін қоршап алады да, қолдарын артына байлап, жолға шығады.

Бұлар келсе, қырық қарақшы жайбарақат жатыр екен. Әскерлер тарпа бас салып, қару-жарақтарын тартып алады да, өздерінен ендігәрі ел тонамай, адал жолға түсуге, өз беттерінші кәсіп істеп, жан бағуға уәделерін алып, босатып жіберіпті. Қариялар мен жігіттер ханды құтқарып, еліне қайтады. Келіннің ақылына сүйінген хан бұдан былай онымен ақылдасып отыратын болыпты.

 

Добавить комментарий