Ұлы Жеңіске – 80 жыл

 Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай, жазушы, өлкетанушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау Байбосынның соғыс жылдарындағы тыл өмірін арқау еткен төрт перделі, алты көріністі «Жанкүйік» драмасын ұсынамыз.

 

Жанкүйік

(драма)

Қатысушылар:

Абат – бас кезінде 27-30 жастың шамасында, соңында 40 пен 50-дің арасында;

Әке бейнесі – Абаттың дауысымен сөйлейді;

Айтолқын – Абаттың жары, басында 23-25-терде, соңында 40-тың шамасында;

Жалғас – Абаттың ұлы, басында 6-7 жастар шамасында, соңында 17-18-дегі бозбала;

Тоғызбай – колхоздың басқарма төрағасы, бір аяғынан ақсайды, кейін Айтолқынның күйеуі. Жасы – елулерде;

Сұқсыр – ауылдағы өсекші әйел, Айтолқын шамалас;

Алакөзов – аудандық партия комитетінің өкілі, елудің шамасындағы адам;

Клавдия – Абаттың кейінгі әйелі, қырықтар шамасында;

Лена – Абат пен Клавдияның қызы, 6-7 жастар шамасында;

Халық сотының төрағасы, ауыл адамдары.

 

Бірінші перде. Бірінші көрініс

Ұлы Отан соғысы басталған кез. Ауылдағы қарапайым үйдің ішкі көрінісі. Көздері шағындау шым үйдің соқыр терезесі. Дөңгелек жер үстел жасалған. Оның үстінде шамалы ыдыс-аяқ пен білтелі шам қойылыпты. Ана бір тұстағы кереуеттің үстінде жиналған төсек-орын, үстінде екі-үш жастық. Бір бұрышта шағын кітап сөресі, одан былайырақ қазақы пеш, оның үстінде шағын қазан, басқадай ыдыстар тұр. Бөлмеде Абат, Айтолқын және кішкентай Жалғас. Айтолқын жыламсырай сөйлеп, Абаттың жол жабдығын дайындап, қапшыққа салып жүр.

Айтолқын (көзінің жасын сүрте жүріп сөйлейді): – Абатжан-ау, асылым-ау, несіне бардың сол ауданға?! Неге өзің барып сұрандың майданға, айтшы? Керек болса өздері шақырмай ма? Сен бүкіл аудандағы арнайы оқу бітірген санаулы мал мамандарының бірісің ғой, тіпті аудан өзі «бронь» беріп алып қалар еді. Неге асықтың сонша?!

Абат: – Айтолқын, олай деме, аяулым! Ел шетіне жау келгенде, ер жігіт жанын бағып үйде отырмас болар?! Қолымызға қару алып, біз шықпағанда, кім шығады? Кім қорғайды елді? Сабыр ет, жаным! Майданға кетіп жатқандардан менің жаным артық емес..!

Айтолқын (оның сөзін бөліп): – Сенің сол баяғы адалдығың, баяғы әділет сүйгіштігің. Түсінемін, азаматтық жолыңнан жығылмауың керек. Ер жігіт қару алып, Отанын қорғау керек. Бірақ сен бізді неге ойламадың. Біз не боламыз. Мына ізіңе ерген жалғызың Жалғасың не болады..?!

Абат: – Айтолқын, сен не деп тұрсың?! Әйелі мен баласын қимаса, елдің бәрі үйінде отырар еді ғой. Сонда мынау Отанды, ел мен жерді кім қорғайды?! Біле білсең, бұл шын азаматтың нағыз сыналар кезеңі (Қасына барып, Айтолқынды құшақтайды). Жаным, құр егіле бермеші тек, қатерлі сапарға аттанып барам, жылап қоштаспай, күліп шығарып салшы. Дәм-тұз елден бұйырса, ата жауды ұясында талқандап, сау-саламат қайтып оралармын. Тек осыған сенші! Қайтсем де оралам, жаным! Себебі, мені күтіп отырған Жалғасым мен екеуің барсыңдар ғой! Сондықтан менің ол жақта қалып қоюыға ешбір хақым жоқ, қайтып оралам қайтсем де! Тек сен екеуің тілекші болшы осы жақтан!

(Айтолқынды құшағынан босатып, армандай сөйлейді) Еһ, шіркін! Ата жауды талқандап, аман-есен елге оралып, орталарыңда отырсам, не арман бар! Үшеуміз жылдағыдай торытөбел атты арбаға жегіп, Қызылдың ағашынан бүлдірген теруге барар едік-ау. Иірсудың шұңғымасына қармақ тастап, балық аулар едік! Оған дейін Жалғасым да азамат болып, ат айдауға жарап қалар…

Айтолқын: – Айтқаның келсін, арысым! Менің шамалы босап кеткеніме сен де ренжімеші, Абат! Кім жан-жарын көзі қиып от пен оқтың ортасына жібереді. Сен аман оралсаң, бұл дүниеде бізге одан артық түк те керек емес. Дүние-байлық та, атақ-мансап та, түк те! Тек өзің, жаным қатердан аман-сау оралшы!

(Осы кезде есік ашылып, бір адам кіреді)

Кірген адам: – Абат-ау, дайынбасың? Ауданға жүретін ат-арба күтіп тұр, басқарма жылдам аттаныңдар деп дігірлеп жатыр. Сол жақтан ала келетін жүк бар дей ме немене… шыға қой енді…

Абат: – А-а, қазір, қазір шығам (Орнынан тұрып, жан-жағына қарап, аз-кем үнсіз қалады). Ал, Айтолқын, аяулым, қоштасар кез келді, білем. Алыс жолға аттанып барам. Тек әйтеуір, дәм елден жазсын делік. Көлденеңнен кездескен көк атты емес, шын ғашық болып қолыңнан ұстаған серігің едім. Пендешілікпен көңіліңді қалдырған жерім болса, оны да кеше біл. Тағдыр шіркін бізбен осылай ойнағысы келген шығар. Не істей аламыз енді! Тек әйтеуір барлығын жақсылыққа жориық. Ал енді өзіңді Жалғасыма, Жалғасымды саған тапсырдым, екеуіңді бір Аллаға аманаттадым! (Айтолқынды құшып, маңдайынан сүйеді. «Ал, балам!», – деп Жалғасқа бұрылады. Жалғас та «Әке!»-деп шырылдап, сирағынан құшақтайды).

– Балам, Жалғасым, жыламай қоштасайық. Сен енді бала емессің, сен бір үйдің азаматысың! Мына анаңның ендігі сүйеніші сенсің, балам. Мен оралғанша көмекші бол анаңа, ренжітпе! Бір әкеден жалғыз едім, қайтейін, сен де менен жалғыз болып тудың. Тек әйтеуір, жер бетінен тұқымымыз жоғалып кетпесін деп тілелік. Ал, енді хош-сау болыңдар, мен жеңіспен оралғанда, осы жерден табысалық! (Есікке қарай беттейді)

Айтолқын: (дауыс салып жылайды) – Абатым, арысым, аман орал, аман оралшы тек!.

Жалғас: (шырылдап есікке ұмтылады) – Әке, әке, бізді тастап қайда кеттің?!.

(Осы кезде шам сөніп, сахнада қараңғылық орнайды. Күңіренген қайғылы музыка үні естіледі).

 

Екінші көрініс

Сол бөлме, алакөлеңкеу. Дөңгелек жер үстелдің үстінде білтелі шам сығыраяды. Айтолқын үстелдің жанына, текеметтің үстінде киім жамап отыр. Жалғас кереуетте ұйықтап жатыр. Анда-санда дөңбекшіп, ұйқысырап сөйлейді: «Әке, әке, қайдасың?! Әке қашан ораласың?».

Айтолқын (ұшып тұра келіп, баланың жанына барады): – Бисмиллә, бисмиллә! Тағы да әкесін көріп жатыр-ау түсінде. Абатым кеткелі қанша уақыт өтсе де, баланың түсінен шықпайды. Сағынады ғой, қайтсін (күрсінеді). Мен де сағынам, түсімнен шықпайды. Қайтейін, қолымнан не келеді! Соңғы жазған хатында майданға кірдік депті. Тек әйтеуір қаңғыған оқтан аман болса екен асылым!

(Осы кезде сахнаның төріне жарық шұғыласы түсіп, мылтық асынған Әке (Абат) бейнесі пайда болады. Күңіренген музыка ойнап барып басылады).

Әке бейнесі: – Жалғасым, балам, жалғызым, жағдайларың қалай болып жатыр? Анаңның халы қалай? Ренжітіп жүрген жоқсың ба? Айтпақшы, биыл сенің мектепке баратын жылың ғой. Дайынсың ба өзің? Оқу оңай емес, байқа, балам. Шамаң келсе жақсы оқы. Білімді мыңды жығады деген. Білімнің керек екеніне осында келгесін тағы бір көзім жетті. Басқа жұрттың тілі мен мәдениетінен хабары бар адам қор болмайды екен. Сондықтан білім алуға тырыс, балам! Биылдан соң, менің жазған хатымды өзің оқитын боласың. Шіркін сені қисық-қисық әріппен маған жазған бірінші хатыңды алып оқысам ғой! Не деп жазар екенсің?! …

(Гүрсілдеген зеңбірек үні шығады).

Жарайды, балам, атаңа нәлет немістер, әне, тағы да шабуылға шықты (иығындағы мылтығын алады). Әзірше сау бол, жалғызым, жаудың бетін қайтарғасын жалғармыз әңгімені (Сахнаның сыртынан «уралаған» әскердің, гүрсілдей жарылған зеңбірек оғының дауысы шығады. Осы кезде гүрс етіп атылған мылтықтың дауысы естіліп, Абат «ах» деп, кеудесін ұстап құлайды. Ұйықтап жатқан Жалғас жан дауысы шығып, «әке, әке» деп шошып оянады. Сахнадан әке бейнесі жоғалады).

Айтолқын (тағы да ұшып тұрып Жалғастың басын ұстайды): – Не болды, жарығым, тағы да жаман түс көрдің бе? Бисмилла деші, бисмилла деші!..

Жалғас (ұйқыдан тұрып, жан-жағына үрпие қарап): – Апа, апа, әкемді көрдім түсімде. Оған… оған оқ тиді… құлады сосын!..

Айтолқын: – Балам, Жалғасым, есіңді жишы, түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың деуші еді үлкендер Тек соған жазсын! Ей, Алла, жақсылыққа жориын, жақсылыққа жориын тек! Аласапыранның арасында жүрген арысымды аман қыла көрші! Жалғасжан, тұршы балам, бетіңді шайшы, анау үйдегі жетім кемпірге садақа апарып берейікші, жүрші, қалқам…

(Осы кезде сықыр етіп сыртқы есік ашылып, Сұқсыр кіреді).

Сұқсыр: – Айтолқын-ау, амансыңдар ма, алакөлеңкеде не қылып отырсыңдар?

Айтолқын (селқостау): – Отырмыз ғой…

Сұқсыр: – Күбияның үйінен шығып едім, танымайтын адамдай өте шықпайыншы деп, әдейі бұрылдым саған (Айтолқынның жанына келіп тізе бүгеді. Жан-жағына қарап азғана отырып, сөйлей бастайды). – Е-е, Айташжан-ау, заман шіркін не боп барады. Күбия байқұс жылап отыр екен барсам…

Айтолқын: – Не? Тыныштық па?!

Сұқсыр: – Қайдан тыныштық болсын, адам жайдан-жай жылай ма? (Айтолқынға жақындай бұрылып, сыбырлай сөйлейді). Биылғы күзде қырманда жүргенде Күбия сорлы қос уыстай бидай алған екен. Қай бір жетіскеннен алды дейсің. Үйінде қызыл қарын жас бала. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде өлмелі кемпір отыр. Соларға қуырып берейін деген шығар. Бірақ қырманның қарауылшысы Қарабек сұмырай көріп қойып, қайта төктіріпті жаңағы қос уыс бидайды. Енді сол Қарабек түн сайын келіп, Күбияның терезесін қағып, мазасын алады екен. Есігіңді ашып, қойныңа алмасаң, ауданға милицияға айтып, сорыңды қайнаттырам деп қорқытатын көрінеді…

Айтолқын: – Астапыралла!… Шын айтып тұрсың ба?

Сұқсыр: – Өтірік айтып, мені жын шалды дейсің бе! Солай, Айташ. Қазір соқыр мен саңыраудың, ақсақ пен шолақтың құтырған заманы болды ғой. Әйтпесе бойы жарым қарыс, қолаңса сасып жүретін Қарабекті кім адам деп санаған. Е-е-е, азаматтардан айырылғасын, осылай болады екен ғой!

Айтолқын: – Сұмдық екен! Тек азаматтардан айырылдық деп айтпашы, Құдай үшін! Келеді ертең барлығы сау-саламат, береді жазасын Қарабек секілділердің!

Сұқсыр: – Әй, қайдам… Көр де тұр, күні ертең Күбияның басына туған күн, бәрімізге туады. (Тағы да сыбырлай сөйлеп) Айтпақшы бар ғой, айтуға ұмытып барам, әнеукүні Ақмолаға кіре тарта барғанда, жол бойы анау жынды Жәку мазамды алмасы бар ма?! Олай өтіп бір түртеді, былай өтіп бір түртеді. Тіпті бар ғой, жасыратыны жоқ, еркектің қолын да сағынып қалыппыз… (сылқ-сылық күледі аузын басып).

Айтолқын: – Туһ, сен де бір саппас екенсің, не айтып тұрсың өзің!

Сұқсыр: – Ойбай, қойдық, қойдық. Мен саған құрбы деп, сырымды айтып отырсам. Көрерміз, ертең етегіңе намаз оқып қалғаныңды!

Айтолқын: – Сұқсыр-ау, сұңқылдай бермей, ана баладан ұялсаңшы!

Сұқсыр: – Үйбай-ау, мына жерде Жалғасжан тұр екен ғой. Амансың ба, айнам? Үлкендердің сөзін тыңдамай-ақ қой, жарай ма, ботам, үлкендер айта береді. Қой мен кетейін енді, отырып қалыппын… (есікке беттейді, сөйлеп барады) – Жаңағы Күбия байқұсты айтам-ау, бәріміздің де басымызға келеді ғой, көрерсің…

Айтолқын (оның соңынан ұнатпай зілдене қарап қалады):Жалғасжан, жүрші, екеуміз жетім кемпірдікіне кіріп шығайықшы. Мына бір қол басындай күлшені екеумізге ертеңгілікке деп табаға аунатып қойып едім. Соның жартысын сындырып, сол байқұсқа берейік садақа деп. Алыста жүрген азаматымыз үшін батасын берсін. Биыл сен де тұңғыш рет мектепке барасың. Мына соғыстың кесірінен оқу жылы да тым кеш басталып жатыр. Әкең соны көрсем деп сонша армандап еді… (күрсініп көзінің жасын сығып алады) – …Саған да батасын берсін, жүрші (күлшенің сынығын орап алып, екеуі қол ұстасып шығып кетеді, сахнаны қараңғылық басып, мұңлы музыка әуені естіледі).

 

Екінші перде. Бірінші көрініс

Колхоз кеңсесі. Жиналыс өтіп жатыр. Ауыл адамдарының киген киімдеріне қарап, қыс түскенін білуге болады. Отырғандардың көбі шалдар мен кемпірлер, әйелдер, бала-шаға. Шалдар сеңсең тымақ, тері тон, саптама етік киген. Әйелдер де қабат-қабат шәлі орап, пима, етік киіпті. Колхозшыларға қарама-қарсы президиум есебінде қойылған, үсті қызыл матамен жабылған үстелдің басында колхоз төрағасы Тоғызбай мен ауданнан келген өкіл Алакөзов отыр. Өкілдің жасы елуді еңсеріп қалған, көзәйнек киген, түсі суық адам. Түнеріп қабағын ашпайды.

Тоғызбай (орнынан тұрып қолындағы тымағын умаждап, әрі-бері бөгеліп): – Жолдастар, …колхозшылар жиналысын ашық деп жариялаймын. Бүгін жиналысымызға аудандық партия комитетінің өкілі Алакөзов жолдастың өзі келіп қатысып отыр (өкілге қарап сәл бөгеліп, аз-кем тамағын кенеп қояды). Күн тәртібінде қаралатын, яғни, айтылатын екі мәселе бар. Бірі… иә… не… ол… енді… Оны Алакөзов жолдас өзі түсіндірер, …иә… Екінші мәселе – қолдағы азғана малды қыстан аман алып шығу. Сөйтіп енді… сөзді өзіңізге берсек… (батылсыздау өкілге қарайды).

Өкіл: (орнынан тұрып, көзілдірігін түзеп, белбеу буынған әскери гимнастеркасының етегін төмен тартып, қолындағы қағазын әрі-бері қарап  алып): – Жолдас колхозшылар, өздеріңіз білесіздер, батыста неміс басқыншыларымен қиян-кескі соғыс жүріп жатыр. Бар күш-жігерімізді соған жұмсаудамыз. Данышпан көсеміміз Сталин жолдастың данагөй саясатының арқасында қазір жаудың беті қайтып, неміс әскерлері Отанымыздың жүрегі Мәскеуден әрі қарай қуылды. Осы қанды майданның ортасында біздің, Қазақстанның, тіпті осы ауылдың да талай азаматтары да бар (аз-кем бөгеледі).  – …Әрине, соғыс болғасын құрбандықсыз болмайды. Талай адамдар майдан даласында Отан үшін мерт болып жатыр. …Олардың ішінде осы ауылдың да азаматтары жоқ емес…

(Отарғандар қозғалысып, шуласып қалады):

Бір кемпір: – Не дейді мынау өкіл, тағы кімнен айырылдық, ойбай!

Бір шал: – Қаралы хабар әкеліп отыр екен ғой! Бәсе, бағанадан бері түнеріп, қабағын ашпауы жаман еді!

Тағы бір кемпір: – Құдай-ау, қайғысыз қара су ішкізетін күнің бар ма? Тағы қай боздақ арманда кетті екен!

Тағы бір кемпір: – Ей, атың өшкір, Гитлер, тағы қандай азаматымыздың түбіне жеттің?!

Өкіл (бір қолын жоғары көтеріп, дауыстай сөйлейді): – Шуламаңыздар, шуламаңыздар! Сабыр сақтаңыздар. Бұл тек сіздердің бастарыңызға келіп отырған қасірет емес. Бүкіл совет елінің басындағы жағдай. Сондықтан болған іске болаттай берік болыңыздар! (аз-кем бөгеліп, тамағын кенеп) …Аудандық әскери комиссариатқа майдан даласынан мынадай мәлімет келген… Осы ауылдан 1941 жылдың тамызында майданға аттанған Айбатов Абат атты азамат Смоленск түбінде ерлікпен қаза тапқан дейді…

Айтолқын (орнынан ұшып тұрып, жан дауысы шығып): – Не, не айтып тұрсыз?! Абат қаза тапқан?! Не деп тұрсыз сіз..?! (жандәрмен өкілге ұмтылып барып, жағасынан алады). – Не деп тұрсыз, неге өтірік айтасыз?! Мүмкін емес Абатымның өлуі! Мүмкін емес! Ол қайтып келем деген, қайтсем де қайтып келем деген… (өкілдің кеудесінен екі қолымен ұрғылай дастайды, сосын отырған колхозшыларға бұрылып) – Елім-ау, жұртым-ау, не деп тұр мына кісі?! Абатымнан шынымен айырылғаным ба?

(Колхоз төрағасы Тоғызбай мен отырғандар орындарынан ұшып тұрып, Айтолқын мен өкілдің екі арасына түсіп, басу айтып жатыр).

Тоғызбай: – Айтолқын, айналайын, сабыр етші енді…

Ауыл адамдары:

Бір кемпір: – Сорлап қалды-ау, мына байқұс! Жыламағанда қайтсін енді…

Бір шал: – Жыласын, жылаудан басқа не келеді қолымыздан біздің.

Тағы бір шал: – Ей, Алла, көрсетпегенің әлі алда екен ғой!

Тағы бір кемпір: – Ей, атың өшкір Гитлер, бізді осынша зарлатқан сенің жазаңды құдай берсін!

(Ауыл адамдары Айтолқынды айырып алып, екі жағынан сүйемелдеп, орындыққа апарып отырғызады. Айтолқын оларды серпіп тастап, көрермендерге қарай бұрылып, тізерлеп отыра қалып, басындағы орамалын жұлып тастап, екі бүйірін таянып, шашын жайып тастап дауыс салады).

Айтолқын (екі жағына кезек теңселіп): – Абатым-ау, арысым-ау, шынымен тастап кеткенің бе біздерді! Бұлай зарлап қалғанша, майдан даласында сенімен бірге өлсемші! Неге алып кетпедің өзіңмен?! Кімге тастадың бізді, соңыңдағы жалғызың Жалғасыңды, кімге тастадың?! Мәңгілік боламыз деп серттескен жан жарың мені кімге қалдырдың зарлатып?! Абатым-ау, арысым-ау! Не қызық көрдік бұл өмірден, түк те көрген жоқпыз ғой, түк те… Енді қалған ғұмырды сенсіз қалай сүрем!

Өкіл (зілденіп Тоғызбайға қарап): – Тоқтатыңдар енді, не боп кетті бұл жер!

Тоғызбай (ауыл адамдарына ымдап, Айтолқынға басу айтыңдар дегендей қылады. Өзі де Айтолқынға жақындап, иығынан құшақтап): – Айналайын, сабыр ет енді. Жалғыз сен емес, елдің басына келген қасірет қой бұл. Не келеді біздің қолымыздан. Осы ауылдан аттанған арыстай азаматардың талайынан қара қағаз келіп жатыр. Не істейміз енді, өлгеннің артынан өлмек жоқ…

(Ауыл адамдары да Айтолқынды жан-жақтан қаумалап, бірі көзінің жасын сүртіп, бірі орамалын қайта таңып, енді бірі сүйемелдеп орындыққа отырғызып, барлығы басу айтып жатыр).

Бір шал: – Сабыр қыл, жаным, Алланың ісіне шек келтірме.

Бір кемпір: – Е, бұл соғыс әлі талайдың басын жұтар!

Тағы бір кемпір: – Енді ана Жалғасыңның тілеуін тіле, Құдай соған ғұмыр берсін.

(Өкіл қайтадан үстелдің басына барып, отырғандарға зілдене қарап, дауысын көтере сөйлейді).

Өкіл: – Болды, болды енді, тоқтатыңыздар жылауды! Айтолқын, иә… Айбатова жолдас, қойыңыз енді. Жалғыз сіздің жұбайыңыз емес, соғыста қаза тауып жатқан. Сіз түгілі көсеміміз Сталинның ұлы да жау қолында тұтқында отыр. Бұл соғыстың заңы біле білсеңіздер. Ертеңгі күні майдан даласына барып өл деген бұйрық келсе, бәріміз де кетеміз. Ал, тірі адам тірлігін жасау керек. (Тоғызбайға зілдене қарап, жекіп сөйлейді) – Тоқтат мына шуды! Мен бұнда жұрттың жылауын есту үшін келгенім жоқ, партияның тапсырмасымен келіп отырмын. Жүргіз жиналысыңды, екінші мәселені күн тәртібіне қой!

(Колхозшылар әрі-бері сыбырласып барып тынышталады. Айтолқын бір шеттегі орындықта мең-зең болып әлі теңселіп отыр, екі бетін жас жуып, шашы бұрқырап орамалдың астынан шығып кеткен).

Тоғызбай (орнынан түрегеліп): – Жолдастар… (күмілжіп әрі-бері бөгеледі) -Жағдайды өздерің көріп отырсыңдар, қылышын сүйретіп қыс келді. Соғысың анау, азаматтарымызды жалмап жатқан. Жұт жеті ағайынды деген рас екен. Өткен жазда құрғақшылық болып, бір тал шөп шықпай қалды. Балықшының қосындай қалқайтып үйген бірер шөмеле шөп не болады малға. Апталап  соғып тұрған боран мынау… Ендігі мәселе колхоздың азғана малын қыстан қалайда аман-сау алып шығу. Не ақыл бересіздер?

(Отырғандар әрі-бері қозғалақтап, күбірлесіп қалады).

Бір шал: – Біздің берген ақылымыз малға азық болар дейсің бе. Оданда көрші колхоздардың бірінен көмек сұрайық. Шамасы барлар көмектесер…

Бір әйел: – Рас-ау, қыстың көзі қырауда не істейміз біз, төбе шашамызды жұлып бермесек… Алты ай жазда не ойладыңдар?

Тағы бір шал: – Қыстың басталғаны жаңа, шөп әлден-ақ  таусылуға айналды, не болады сәуірге дейін?! Қырамыз ғой малдың бәрін.

Тағы бір шал: – Өкіл жолдас, өзіңіз барып көзіңізбен көріңіз, мал біткен әлден-ақ көтерем боп, іргеге сүйеніп тұр, не болады көктемге дейін?

(Осы кезде ауданнан келген өкіл орнынан атып тұрып, өңі бұзылып, ақыра айқайлап, үстелді қойып қалады)

Өкіл: – А ну ка, тоқтатыңдар провокацияны! Кілең контралар! (Тоғызбайға қарап, барынша зілденіп) – Басқарма жолдас, сен ертең аудандық партия комитетінің алдында жауап бересің! Білесің бе, сен мына халықты Сталин жолдастың саясатына қарсы қойып отырсың! Барлығың ұйымдасып, колхоздың малын қырғалы отырсыңдар! Көрсетем мен сендерге, контралар! (Тоғызбайға қарап) – Сен бұлардан ақыл сұрама, сен бұларға бұйрық бер. Істеткіз! Үкімет пен партия сені сол үшін ұстап отыр бұл жерде. Егер қолыңнан келмесе, айт, аяғыңның ақсақтығына қарамаймын, ертең-ақ еңбек армиясына айдатам да жіберем! (Колхозшыларға қарап) – Так, сондықтан тыңдап алыңдар! Менің айтатыным былай. Төбе шаштарыңды жұлып бересіңдер ме, болмаса үстеріңдегі киімдеріңді шешіп бересіңдер ме, онда менің жұмысым жоқ. Егер колхоздың бір малы шығын болса, түрменің түбінен бір-ақ шығасыңдар! Басың Тоғызбай болып айдаласыңдар! Түсіндіңдер ғой?

(Отырғандардың ұнжырғасы түсіп, үн-түнсіз отыр. Тоғызбайда зәре жоқ, қалшиып қатып қалған. Әрең-әрең  кекештеніп сөйлейді).

Тоғызбай: – Ө-өкіл жолдас, құ-құрметті Алакөзов жолдас. Кешіріңіз… Құдай ақы, Сталин жолдастың бұйрығы үшін басымыз құрбан. Қайтейін енді, жанталасып жатырмыз колхоздың малы үшін. Мен өзім жарымжан адаммын, әйелім былтыр қайтыс болған, қолымда шиеттей үш қызым бар. Не істе дейсіз маған! (кемсеңдеп жылауға айналады) Мен кетсем қаңғырып далада қалады ғой ол үш бала!

Өкіл: – Так, Тоғызбай, сен бос сөзді қой! Бұл жерге кімнің неше баласы барын санауға келгем жоқ. Қане, енді екінші мәселеге көшейік. Малды қыстан аман-сау алып шығу үшін, сиыр фермасына меңгеруші сайлауымыз керек. Бұрынғы меңгеруші өз жұмысын атқара алмады, қысқы мал азығы дайындалмаған. Оның ісі енді сотта қаралады.

Отырған шалдардың бірі (бұрынғы сиыр фермасының меңгерушісі тымағын жерге атып ұрып жыламсырап): – Ойбай-ау, мен әдейі істеді дейсіңдер ме?! Аспаннан бір тамшы жауын жаумай, жалғыз қылтанақ шөп шықпағанын білесіздер ғой. Осы төңіректе аяқ жетер жерде тырмаламаған жеріміз қалмады. Маған не қыл дейсіңдер?! Алланың бермегенін тартып аламыз ба?!

Өкіл: – Сен шал, сөзді қой, жандарың қысылған кезде, бәрін Аллаға жабасыңдар. Сен секілді контраларға колхоз малын қырғызып қойып, қарап отыра алмаймын. Мені сол үшін жіберіп отыр Сталин жолдас! Сөзіңді ертең соттың алдында айтасың! Так, Тоғызбай, кадр мәселесін шешуді өз еркіңе берем, ферма меңгерушілігіне кімді ұсынасың?

(Тоғызбай көзі жыпылықтап, отырғандарға қарап аз-кем тұрады)

Тоғызбай: – Апырмай… енді… кімді қалай десем екен…

Өкіл: – Жылдамдат енді, қалыңдық таңдауға келгеміз жоқ бұл жерге!

Тоғызбай: – Кімді ата дейсіз маған, құдай-ау, кілең сүйегін сүйреткен кемпір мен шал. Бұлар ферма басқарып не оңдырады. Мына зымыстанда малдан бұрын өздері қатып қалады ғой…

Өкіл (отырғандарды өзі шоли қарап, Сұқсырды көрсетіп): – Неге кілең кемпір-шал дейсің, ана бір отырған жас әйел адам кім болады?

Сұқсыр (орнынан тұрып, өңі қашып): – М-м-менің қолымнан келмейді, аға… Қолымнан келмейді… Мен өзі сауатсыз, білімі жоқ адаммын, жазу, сызу білмеймін. М-мен өзі ауырам… Қайта… ана Айтолқын сауаттылау маған қарағанда…

Тоғызбай: – Бұл Сұқсыр деген… иә, …осы ауылдың кісісі…, шынын айтқанда жауапсыздау адам, сауаты жоғы да рас…

Өкіл: – Сонда не, анау кәрі-құртаң, мынау сауатсыз деп, колхоз малын қараусыз қалдырамыз ба? (Сұқсырға қайта қарайды) – Жаңа кім дедіңіз сауаты бар?

Сұқсыр (батылсыздау): …Айтолқынды айтқам…

Тоғызбай: – Ол, ол…  жаңағы қара қағаз келген адамның әйелі…

Өкіл (жылап отырған Айтолқынға қарап): – А, сіз бе? Да, да, түсінем, оңай емес. Бірақ кім өлмей жатыр соғыста?! Кім қасірет шекпей жатыр?! Ертең майдан даласына бар деген бұйрық келсе, бәріміз де жүре береміз. Өйткені бәріміз де партияның солдатымыз. Кім еді фамилияңыз, (қағазына қарап) – Иә… Айбатова жолдас. Сондықтан есіңізді жиып, мені тыңдаңыз. (Сосын Тоғызбайға қарап) – Меніңше осы адам дұрыс секілді.

Айтолқын (аң-таң болып өкілге қарап): – Сіз не деп тұрсыз, мені…?! Шынымен…

Өкіл: – Иә, иә, сізді, қане, орныңыздан тұрыңыз. (Айтолқын сүйретіліп орнынан тұрады) Так-так, дұрыс, тепсе темір үзетіндей кезіңіз, кім… иә… Айбатова жолдас. Меніңше сіз нағыз лайықты адамсыз. Так что, кадр мәселесі шешілді деп ойлаймын. Айбатова жолдас, енді колхоздағы отыз сиырдың жауабы сіздің мойныңызда. Таңдаған адамыңызды көмекшілікке алыңыз. Сонымен колхоз жиналысы аяқталды. Давай-те, іске кірісіңдер… (көпшілікке қарап саусағын безейді) – Бір сиыр шығын болса, маған өкпелемеңдер!

Айтолқын: – Ағалар, не айтып тұрсыздар, мен… сиыр фермасы… Сіздер мені тірілей оққа байлап тұрсыздар  ғой! Ертең ана мал қырылса, мен кетем ғой сотталып. (өкілге қарап) – Сіз қандай қатыгез адамсыз! Күйеуімнен қара қағаз әкеліп отырсыз. Енді колхоздың сиырына апарып басымды байладыңыз. Ертең мен соталып кетсем, анау артымдағы жалғызым не болады, соны неге ойламайсыздар?! Сұқсыр-ау, аузыңа менен басқа адам түспеді ме? Неге бәрің жабылып мені отқа итердіңдер?!

Өкіл: – Болды, болды, Айбатова жолдас. Босқа дау тудырмаңыз. Қайта үкімет пен партияның сізге сенім артқанына қуануыңыз керек. Так, осымен жиналыс аяқталды, енді жұмыс орындарыңызға барыңыздар.

(Отырғандар сылбыр қозғалып, орындарынан тұра бастайды. Айтолқын екі қолын кеудесіне басып, әркімге бір ұмтылып, жаутаңдай қарап тұр. Бірақ бәрі теріс айналып, шығып кетіп жатыр).

Айтолқын: – Құдай-ау, ағалар-ау, апалар-ау, неге мені жақтап бір ауыз сөз айтпайсыздар? Не болдым мен енді!… Не болдым… (бетін басып, орындыққа бүк түсіп отыра қалады).

Сахна қараңғыланып, сәл уақыт мұңлы музыка ойнап, бір кезде төр жағына жарық түсіп, бұлыңғырлау болып Әке бейнесі көрінеді. Қолында мылтығы бар.

Әке бейнесі: – Иә-ә, Айтолқын, аяулым, сенің басыңа да қиындық түсті білем. Не істейсің, көнбеске шараң жоқ. Мылтық атылып, кісі өлмеді демесең, тыл өмірі де бір майдан ғой. Сен сол майданның қатардағы жауынгерінің бірісің. Ендеше басыңа түскен қиындықты көтере біл. Бірақ сен ешкімді де кінәлама, жаным. Ауданнан келген өкілді де, колхоз бастығы Тоғызбайды да кінәлама. Олар да сен секілді жауынгерлер. Егер жоғарғы жақтың берген бұйрығын орындамаса, оларды да жазалайды. Бұл жерде барлығына кінәлы бір-ақ нәрсе. Ол – соғыс. Сол соғысты бастап отырған Гитлер секілді ұлтшыл жауыздар кінәлі, жаным. Соларды кінәлайық. Біздің тағдырымызды осы қантөгіске тап қылған жазмышты кінәлайық. Басқа қолымыздан түк те келмейді. Ал енді сау бол, жаным! Жұмысыңа сақ бол. Менің рухым қашанда қорғанышың болып, төбеңде айналып жүреді, соны ұмытпа тек! Әйтеуір соңымыздағы жалғызымыз – Жалғасымыз аман болсын деп тілейік, жалғызымыз аман болсын дейік, жалғызымыз аман болсын, жалғызымыз… (дауыс бірте-бірте ұзай береді, сахна қараңғылана түседі).

 

Екінші көрініс

Тағы сол колхоз кеңсесінің іші. Даладан ұлыған боранның дыбысы естіледі. Тоғызбай үстел басында салы суға кетіп, маңдайын таянып түнеріп отыр. Одан басқа 5-6 адам шал-кемпірлер бар. Бәрінің қабақтары түсіңкі.

Тоғызбай: – Мына қыстың түрі жаман, малымыз түгілі, жанымызды алып тынатын шығар. Үш күннен бері соққан боран бір басылар емес. Малға беретін жалғыз қылтанақ шөп қалмады. Не істейміз?! Кеше Айтолқын екі ат-шанамен Карл Маркс колхозынан шөп сұраймын деп кетіп еді, әлі жоқ. Мына боранда бір жерде жазым болмаса не қылсын!

Бір шал: – Қасына кім еріп кетіп еді?

Тоғызбай: – Ана Қарабек ақсақ, сосын өзінің жұдырықтай баласы Жалғасы. Тек әйтеуір аман болса екен өздері. Жарайды, құр қарап отырғанмен түк те шықпайды, мен салт атпен соңдарынан іздеп шығам. Екі ара алыс емес, мүмкін ауылдың маңында бір жерде тұр ма, кім блісін…

Тағы бір шал: – Олай болса, бөгелме енді, байқұстар қай жерде жүр екен…

(Тоғызбай сырт киімін киіп жатқанда, кеңсенің есігі тарс ашылып, үсті-басын қар басқан, бет-аузын тұмшалай ораған Айтолқын кіріп келеді. Отырғандар басы Тоғызбай болып қарсы ұмтылады)

Тоғызбай: – Айтолқынбысың, аман жеттіңдер ме, құдай сақтаған екен. Бала қайда? Жалғас не болды?

Бір шал: – Қарағым-ау, колхоздың малы деп жүріп, қу далада үсіп қала жаздаған екенсің ғой. (кемпірлерге қарап) – Тез киімін шешіңдер, қолы мен бетін уақалаңдар (олар Айтолқынның сырт киімін шешіп, орындыққа отырғызады).

Айтолқын (әрең дегенде тілге келіп): – Тоғызбай аға, шөп әкеле жатып, бір өгіз жолда суықтан ұшып өлді. Бір шана шөпті өліп-талып әйтеуір жеткіздім малға. Қарабек пен Жалғасты жолда қалған шанадағы шөптің арасына көміп кеттім. Барыңызшы тезірек, ендігі үсіп те қалған шығар… (екі қолымен бетін басып, ауыр күрсінеді) – Уһ, Алла-ай, не жаздық саған осынша! Не жаздық… Көргенімізден көрмегеніміз көп екен ғой. (Тоғызбайға қарап) – Әкелген шөпті апарып түсірдім, бірақ біз жеткенше бес сиыр аштан қатып қапты…

Тоғызбай (зәресі кетіп): – Не, бес сиыр өліп пе?!

Айтолқын: – Иә, өлмегенде қайтеді, неше күн құр тілдерін тістеп тұрса.

Тоғызбай: – Құрыған екенбіз, енді бізді Алакөзов шынымен құртады екен!

Айтолқын: – Тоғызбай аға, құрысын бәрі, сол сиырлар түгел қырылып қалса да мейлі. Барыңызшы тез далада қалғандарға. Құдай үшін, тез барыңызшы! Сиыры құрысын, далада қалған жалғызым не болды екен! Құдайым-ай, Жалғасымнан айырылсам не болам! (жылайды) – Абатым мен Жалғасымнан бірдей айырылсам, не болам! Өйткен өмір не керек маған!

(Тоғызбай тезірек белбеуін буынып, шығып кетеді. Шал-кемпірлер Айтолқынға басу айтып жатыр).

Бір шал: – Қой қарағым, өйтіп жаманшылыққа жорыма, Қарабек үлкен адам ғой, баланы қойнына тықса да, тоңдырмас.

Бір кемпір: – Боран да бағанағыдай емес, басылайын деді. Келіп қалар. (кеңсенің пешінің үстінде қайнап тұрған шәйнектен ыстық су құйып алып, Айтолқынның аузына тосады) – Мә, жаным, ыстық су ішіп, бойыңды жылытшы.

(Осы кезде сахна бірте-бірте қараңғыланып, төр жағына жарық түседі де, Әке бейнесі көрінеді).

Әке бейнесі: – Айтолқын, аяулым, қиналдың-ау, қайтейін! Шыда бірақ, шыда! Бұның барлығы уақытша қиындық, тағдырдың жіберген сынағы ғой. Өмірдің бір ащысынан кейін тәттісі келеді дейді. Сұм соғыстың да бітетін күні болар. Бар әлем аңсаған бейбіт өмірге де жетерміз. Бірақ соған жету үшін қаншама қиындықты бастан өткізуге тура келеді. Бұл жақтағы майдан шебінде тұратын халықтар жауған оқ пен жарылған бомбаның астында небір қияметті бастан кешіп жатыр. Ал сендерде атылған мылтықтың дауысы естілмегенімен, тыл өмірі ол да майдан. Сол екі майдан да бейбіт күнге жету үшін күрес жүріп жатыр, жаным!

Ал, Жалғасым, балам. Сен де бүгін тағдырдың бір сынан өттің. Қақаған аяз бен, алай-түлей боранда анаңа еріп, көрші колхозға шөпке бардың. Өгіздерің өліп, далада қалдыңдар. Тұңғыш рет ақпанның айында, аязды далада, шөптің арасында түнеп шықтың. Дала кезген аш қасқырлар өлген өгіздің өлімтігіне таласып, дәл қасыңда ырылдасып жатты. Бірақ шанадағы сендерге тиіскен жоқ. Алғашында сенің кішкентай жүрегің кеудеңнен шығып кетердей қорқып едің. Артынан бойыңды жинап, жаныңдағы айырдың сабын қыса түстің. Мен осыған қуандым, балам. Сен енді шын азамат болдың. Өзіңді-өзің қорғай алатын шаққа жеттің. Қашанда осындай бол, балам, осындай бол… (Әке бейнесінің дауысы ұзап, сахна бірте-бірте жарқырап, қайтадан колхоздың кеңсесін көреміз. Айтолқын мен 5-6 шал кемпірлер отыр. Кенет есік ашылып, Жалғасты көтерген Тоғызбай кіріп келеді).

Тоғызбай: – Айтолқын, сүйінші, Жалғасың аман екен. Боран басылып, өздері өзенді жағалап, ауылға қарай таяап қалыпты.

Айтолқын (тұра ұмтылып, Тоғызбайдың қолындағы баланы құшағына алып, құшып сүйе бастайды): – Жалғас, Жалғасжан, жалғызым, балам, үсігеннен амансың ба әйтеуір. Қане шешінші… (шешіндіріп, айналып-толғарып, екі қолы мен бетін, аяқтарын уқалай бастайды).

Тоғызбай: – Айтолқын, құтты болсын, балаң шын азамат болды бүгіннен бастап. Тіпті бар ғой, аяз бен боранды елең қылатын емес, Қарабек атасын жетелеп, өзі алып келе жатыр ауылға қарай.

Бір шал: – Ой, азамат, міне жігіт!

Бір кемпір: – Абатжанның өзі секілді адам болса жаман болмас!

Тағы бір кемпір: – Жарайды, Айтолқын, қарғам, өз балаң өзіңе олжа болды, ұзағынан сүйіндірсін.

Тоғызбай (олардың сөздерін бөліп): – Жарайды, бәрінен бұрын аман қалғанын айт. Ал енді, Айтолқын, бері қара. Ендігі қиындық екеуміздің басымызда. Анау аштан қатып қалған бес сиырды ешқайда жасыра алмаймыз. Ауданға мәлімет бергенде көрсету керек. Бірақ оны Алакөзов бізге кешпейді. Не істесек екен?

Айтолқын: – Білмеймін, мен әдейі өлтірген жоқпын, ол сиырларды. Не істе дейсіз маған?

Тоғызбай: – Мен де білмеймін, әйтеуір сақ болайық. Алакөзов деген аса қатыгез адам, ол жай қалдырмайды (Не істерін білмей, олай-былай жүреді).

(Айтолқын Жалғасты құшағына алып, үн-түнсіз теңселіп отыр).

 

Үшінші көрініс

Тағы да колхоз кеңсесі. Бөлме толы колхозшылар. Сол бұрынғы көрген адамдар. Барлығы жеңіл киінген, сәуір айының аяғы болса керек. Төрде қызыл мата жабылған үстел. Оның басында Алакөзов пен аудандық көшпелі соттың төрағасы жайғасқан. Бір бүйірдегі орындықта Тоғызбай мен Айтолқын отыр. Колхозшылар өзара сыбыр-күбір сөйлеседі. Сот төрағасы орнынан тұрып, үстел үстіндегі стақанды қаламсабымен ұрып, тыныштыққа шақырады.

Сот төрағасы: – Жолдастар, тынышталыңыздар, тынышталыңыздар! Бұл жерге не үшін жиналып отырғанымызды білесіздер. Өткен қыста, ақпан айында колхоз төрағасы Далабаев Тоғызбай мен сиыр фермасының меңгерушісі Айбатова Айтолқынның жауапсыздығынан, колхоздың бес сиыры аштан өлген. Бұл қоғам үшін жасалған үлкен қылмыс. Сондықтан осы екі адамға лайықты жаза беру үшін, аудандық көшпелі соттың мәжілісін осы жерде өткізбекпіз. Ең бірінші айыпкер Далабаевты тыңдайық, қане орныңыздан тұрыңыз (Тоғызбай орнынан тұрады).

Сот төрағасы: -Айтыңызшы, колхоз малын өлтіруге неге жол бердіңіз?

Тоғызбай: – Мен әдейі өлтірді дейсіз бе? Жаз құрғақшылық болып, жеткілікті шөп дайындай алмадық. Қыс одан жаман болды, өздеріңіз білесіздер…

Сот төрағасы: – Бұл дәлел емес. Басқа айтырыңыз бар ма?

Тоғызбай: – Басқа не айтам…

Сот төрағасы: – Отырыңыз. Так, енді айыпкер Айбатованың тыңдалық, қане орныңыздан тұрыңыз. Сіздің қарамағыңыздағы колхоз малы қалайша шығын болды? Қайда қарадыңыз?

Айтолқын: – Мен фермаға қаңтар айының басында меңгеруші болып тағайындалдым. Мал азығы сол кезде-ақ таусылып біткен. Оны ауданның өкілі Алакөзов жолдас та, Тоғызбай аға, і-і-і, иә… Далабаев жолдас та жақсы біледі.

Сот төрағасы: – Сіз бұл жерге басқаларды қыстырмаңыз. Сиыр фермасы үшін жауапкер тек сіз ғанасыз. Так, басқа айтырыңыз болмаса отырыңыз.

Айтолқын: – Неге болмасын, бар айтарымыз. Біз де қыстай қол қусырып қарап отырған жоқпыз, сол малды аман сақтап қалу үшін маңайдағы колхоздардан шөп тасыдық, өзеннің талының жапыраған шауып әкеліп бердік. Олай етпесек, бесеу емес, барлық сиыр қырылып қалар еді. Егер сіз сол кезде қасымызда болып, көзіңізбен көрсеңіз, басқаша сөйлер едіңіз.

Сот төрағасы: – Айбатова жолдас, сіз байқап-байқап сөйлеңіз. Менің қай жерде болатынымды сіз шешпейсіз. Отырыңыз. (Енді сот төрағасы көпшілікке қарап сөйлейді). – Колхозшы жолдастар, өздіріңіз білесіздер, уақыт деген өте тығыз. Сондықтан көп созбай, айыпкерлердің үкімін оқуға рұхсат етіңіздер. (қағазына қарап) – Так, өз жұмысына салғырт қарап және сиыр фермасын басқаруға Айбатова секілді жауапсыз адамды тағайындағаны үшін колхоз төрағасы Далабаев жолдастың ісін партиялық тұрғыдан қарау үшін, аудандық партия комитетіне тапсырамыз.

(Тағы да қағазына үңіліп) – Так, … енді … Айбатова жолдасқа келсек, қарауындағы мал фермасының жұмысына көңіл бөлмей, қоғам меншігіне аса үлкен көлемде зиян келтіргені үшін Айбатова Айтолқын сегіз жылға бас бостандығынан айырылады.

Отырғандар у-шу болады:

– Ойпырмай, бұл не сұмдық, сегіз жылы несі!

– Әй, мыналар жынданған шығар! Көтерем болған бес сиыр үшін адамның тағдырына неге балта шабасыңдар?!

– Ау, сот қарағым, шын айтып тұрсыңба өзің, әлде ойының ба?

– Соңындағы тырнақтай баласын неге аямайсыңдар, өңкей жендет!

– Бермейміз Айтолқынды, соттасаң бәрімізді бірге сотта, жазығы не оның?

(Көзі алайып Алакөзов орнынан тұрады).

Алакөзов: – А нука, тынышталыңдар дауырықпай! Не дедім мен қыста сендерге, бір мал өлсе сотталасыңдар деп ескертпедім бе? Енді келіп шулайсыңдар, понимаешь! Сотталса, кәнісі үшін сотталып жатыр. Сөзді қойыңдар! Так, Тоғызбай, тойыс, Далабаев жолдас, қазір айпкер Айбатоваға баласымен қоштасып, жолға жиналуға бір сағат рұхсат беріледі. Оны бақылау сізге тапсырылады, байқаңыз, қашып кетсе, басыңызбен жауап бересіз. Бітті осымен, тараңдар!

(Халық аң-таң болып не істерген білмей тұр. Айтолқын сол өз орнында басы сабырып сұлық отыр. Сахна бірте-бірте қараңғылана бастайды).

 

Үшінші перде. Бірінші көрініс

Басында көрсетілген Айтолқынның үйі. Сол бөлме, дүние-мүлік бәрі сол орнында. Жалғас үстел басында сабағын оқып отыр. Есік сықыр етіп ашылып, өң-түсінен айырылған Айтолқын кіреді. Шашы қобырап, орамалдан шығып кеткен. Түймелері ағытулы. Сылқ етіп таяу тұрған орындықтың біріне отыра кетеді. Жалғас ұшып тұрып, қасына барып құшықтай алады.

Жалғас: – Апа, апа, не болды, сот не деп шешті?! Не болған саған? Не болды, айтшы!

(Айтолқын сол дел-сал күйінде отыр. Кенет Жалғасты бас салып құшып, солқылдай жылайды).

Жалғыс: – Апа деймін, не болған саған? Неге жылайсың, айтшы, не болды?!

Айтолқын (өксігін басып): – Бітті, балам… құрыды бәрі… бітті… Не болып кетті бұл дүние, балам… Енді сені қайда қалдырым, кімге тапсырам… Сенетін туыс пен туғаным да жоқ… (кенет ұшып тұрып, екі шекесін қолымен қысып, үйдің ішінде ерсілі-қарсылы жүріп сөйлейді) – Құдай-ау, не жаздым мен саған, осынша жылататын, не жазығым бар?! Қандай ғана пиғылымнан таптым?! Он екіде бір гүлім ашылмай қосылған жан жарымнан тірідей айырдың! Енді колхоздың көтеремнен өлген бес сиыры үшін басыма пәле салдың! (тізерлеп отыра қалып, екі қолын аспанға созады) – Ей, Алла, айтшы, егер бар болсаң, не жаздым мен саған, қандай кінәм бар?! Мынау соңыма ерген жұдырықтай Жалғасымды кімге тастаймын енді? Кімнің босағасына барып телміреді… (бүк түсіп отырып, бетін басып жылайды, Жалғас та  ұмтылып барып, анасын құшақтап, ол да қосыла жылайды).

Жалғас: – Апа, не деп отырсың, қайда кетпекшісің мені тастап, қайда?! (Екеуі бір-бірін құшақтап, жылап отырғанда, сыртқы есік сықыр етіп ашылып, Тоғызбай келіп кіреді, шамалы уақыт өлі тыныштық орнайды).

Айтолқын (ақырындап басын көтеріп Тоғызбайға қарайды): – Кел, кел, Тоғызбай аға, менің бүгінгі жендетім сіз болдыңыз ғой. Мені түрмеге айдатып, жеттіңіз ақыры арманыңызға. Мына балам мен екеуміздің обалымыз екі дүниеде сіздің мойныңызда. Бізді жылатқан Алакөзов пен екеуіңді, ана соттың төрағасын Құдай осылай жылатсын!

Тоғызбай: – Айтолқын-ау, не деп тұрсың! Мен әдейі ұйымдастырды дейсің бе? Не келеді менің қолымнан? Мен де сен секілді міскіннің бірімін. Алакөзов мені айдатып жіберсе, шиеттей-шиеттей үш қызым далада қалатынын білмейсің бе? Солар үшін бәріне шыдап жүрмін. Әйтпесе Алакөзов секілді шолақ белсенділердің қорлығына көнгенше, еңбек армиясын кетіп қалмаймын ба? Қайтейін, қолымнан не келеді!  (Айтолқынға жақындап, қолтығынан демейді) – Тұршы, Айтолқы, жүрші ана бөлмеге, жүрші, бірер ауыз сөйлесейік. Мен де сен секілді мүсәпірдің бірімін, енді бір-бірімізге пана болмасақ, бізге жаны ашитын адам жоқ жер бетінде, жүрші. (Айтолқынды қолтықтай сүйемелдеп, келесі бөлмеге беттейді. Жалғас не істерін білмей, орнында қала береді).

Осы кезде сахна қараңғыланып, төр жағына жарық сәуле түсіп, қайғылы музыка ойнап, Әке бейнесі пайда болады. Үстінде ақ көйлек, шинелін желбегей жамылып, бір тастың үстінде төмен қарап отыр. Саусағының арасына қыстырған темекісінен бұрқырап түтін шығады).

Әке бейнесі: – Иә, балам! Өмір деген осы, міне. Қазақ атамыз ит тірлік деп жайдан-жай атамаған шығар. Сен сол өмірдің есігін ашпай жатып, қиындығының бәрін бастан өткердің. Бала болсаң да, өмірге үлкен адамша қарап үйрендің. Әйтпесе сенің дәл қазір астыңа талдан ат мініп, дала кезіп шапқылып, балалық өмірді алаңсыз қызықтайтын шағың емес пе. Бірақ тағдыр шіркін оны саған бұйыртпады. Жазмыш деген осы, балам. Амалсыз көнесің. Адамзаттың басына түскен осы бір соғыс деген алапаттың қасіретін оқ пен оттың арасында жүрген мен де, сонау қазақ жерінің бір түкпірінде жүрген сен де бір кісідей көрдің. Шыда бірақ, бұл сенің қалған өміріңе сабақ болады. Себебі, өмір деген мәңгілік майдан. Соғыс бітсе де, өмірдің майданы тоқтамайды, балам. Ақ пен қараның майданы, өтірік пен шындықтың майданы, әлсіз бен күштінің майданы. Бәрін де көресің әлі, балам. Бәрін де көресің…

(Сахнаға біртіндеп жарық түсіп, Әке бейнесі жоғала береді. Көрші бөлмеден Тоғызбай мен Айтолқын шығады. Тоғызбай тоқтамастан үйден шығып кетеді де, Айтолқын тағы да орындыққа барып отырып, төмен қарап бір сәт үнсіз қалады).

Жалғас (Айтолқынның қасына барып, иығынан құшақтап): – Апа, не, Тоғызбай аға жай жүр ме? Не дейді?

Айтолқын (терең күрсініп): – Отыр, балам, кел отыр. Жай жүрген жоқ, Тоғызбай.., айтайын оның неге келгенін (біраз үнсіз қалады).

Жалғас: – Неге келіпті, айтсайшы, апа, не дейді?

Айтолқын: – Балам, бері қара, менің сенен басқа сүйенішім де, ақылдасарым да жоқ. Өмірдегі тірегім де, тілегім де – жалғыз сенсің. Әкеңнен тірідей айырылдым, енді сенен басқа сенетін сүйенетін кімім бар… Ендеше тыңда… Тоғызбай маған сөз сала келіпті

Жалғас: – Қалай…. сөз салған деген не ол..?

Айтолқын: – Тұрмысқа шық дейді маған…

Жалғас: – Тұрмысқа… қалай сонда…?

Айтолқын: – Балам, тыңдап ал, Тоғызбай маған тұрмысқа шық деп отыр. Егер шығатын болсаң, ана соттың төрағасымен келісіп, мені түрмеден алып қалам дейді. Сот өзінің бір жамағайын туысы болса керек… Өлген бес сиырдың орнын ел ішінен жинап орнына салам дейді. Тек келісіміңді берсең болды дейді…

Жалғас: – …Сен не дедің?

Айтолқын (күрсініп): – Не деймін… менің билігім сенде ғой, Жалғасжан. Сен қалай айтсаң, солай болады. Сенімен ақылдасайын дедім оған… Мен күйеу іздеп отырғам жоқ, балам. Осыны түсін. Абатымнан кейін, ендігі қалған өмірімді жесір отырып өткізуге бейілмін. Бірақ сен… Мен сегіз жылға айдалып кетсем, сен не боласың? Кімнің босағасына барасың? Кім керек қылады сені? Кәмелет жасқа да жеткен жоқсың. Сен Абатымнан қалған көзсің ғой, сені жеткізем бе деп едім, азамат қылып. Бірақ тағдыр осылай болды… (күрсінеді) – Солай, балам, менің ендігі бас билігім өзіңде…

Жалғас (не істерін білмей): – Білмеймін, апа, не айтарға… Рас, сен кетсең, менің өмірім не болады? Қайда барып паналаймын. Егер сен Тоғызбайға келісім берсең.., әкемнің аруағы… кешер ме екен..? …Білмеймін… апа… Әкемнен қара қағаз келді, енді сенен айырылсам, не болам мен? Жо-жоқ, жібергім келмейді, сені, жібермеймін, ешқайда, жібермеймін! Қалшы, апа, қалшы не де болса. Кешер әкемнің аруағы, мен үшін кешер, қалшы, кетпеші! (бас алып анасын құшақтайды, Айтолқын да оны құшағына алып, Жалғастың төбесіне бетін басып, екеуі сахнаның бөлменің теңселіп тұрады).

Айтолқын (сосын төбеге қарап): – Абатжан, арасым, ардағым! Естіп тұрсың ба сен мені? Кеше гөр шамаң келсе мен мұңлықты, кеше гөр! Сенен қара қағаз келген күні, мен үшін бұл өмірдің қызығы таусылған. Тек мына соңыңда қалған жалғызың Жалғасың үшін өмір сүріп жүргем. Енді міне, осылай тығырыққа тіреліп тұрмыз. Бірақ түсін мені, Жалғасты тастап кете алмаймын. Сенен бір, Жалғастан екі айырылғым келмейді. Қайтейін, көнем дегеніне Тоғызбайдың, Жалғас үшін көнем! Тек сен өзің кешші мені, Абатым! (осы кезед алай-түлей бір музыка ойнап, сахана қараңғылана береді).

 

Төртінші перде. Бірінші көрініс

Соғыс аяқталып, Сталинның қайтыс болған уақыты. Мамыр айының соңғы күндерінің бірі. Мамыражай ауыл тірлігі. Тоғызбайдың үйінің алды. Тоғызбай бұл кезде алпыстан асыңқырап кеткен, мұрт қойған, көзінде көзілдірік. Бір затты төске салып, қолындағы балғамен тықылдатып ұрып, жөндеп отыр. Анадай жерде Айтолқын үй шаруасымен айналысуда. Ол да бұрынғыдан сәл өзгерген, киген киімі де басқаша, алдына алжапқыш байлаған. Үйдің жанында атқа жегілетін арба, басқадай дүние-мүліктер көрінеді. Радиодан баяу ғана шырқалған ән естіледі.

Айтолқын (істеп жатқан шаруасын үзіп, Тоғызбайға қарап): – Отағасы-ау, Жалғасжан биыл оныншыны бітіріп жатыр. Бар арманы Алматыға барып жоғарғы оқу орнына түсу. Не ойыңыз бар?

Тоғызбай: – Е, не ойым болушы еді, барсын, оқысын. Өзінің қатарынан кем болмасын. Оның менен несіне сұрайсың, осы үйдің билігі өз қолыңда емес пе?! Сен екеуміз бас қосқалы, Жалғасжанның маңдайынан шертіп, бетінен қағып көргем жоқ. Тоғызбайдың бар жиған-тергені сол баланың жолына құрбан. Немді аяйын одан.

(Осы кезде сахнаға Жалғас шығады).

Жалғас (қуанышты дауыспен): – Апа, аға, мені құттықтауларыңызға болады, соңғы емтиханды беске тапсырып келдім!

Айтолқын (шаруасын тастай салып, Жалғасты құшақтап бетінен сүйеді): – Құтты болсын, балам! Мәртебең өсе берсін!

Тоғызбай: – Бәрекелді, Жалғасжан, мерейің үстем болсын, қарағым, тең-құрбыңның алды бол!

Жалғас: – Шіркін, енді Алматыға барып, институтқа өтіп кетсем, арманым болмас еді!

Тоғызбай: – Олай деме, қарағым, армансыз адам болмайды. Алла сәтін салса, Алматыға да барарсың, іздеген оқуыңа да түсерсің. Сонда өзің ненің оқуына түспек болып жүрсің, кім болмақсың?

Жалғас: – Егер жолым болып кетсе, Алматының ауыл шаруашылығы иститутының мал дәрігерлерін дайындайтын факультетіне түссем деймін. Аман-есен бітірсем, елге қайта оралып, осы ауылдың мал шаруашылығын өркендетуге үлесімді қосар едім.

Тоғызбай: – Жөн-ақ екен, жөн-ақ екен, айналайын! Алла жолыңды оңғарсын! Е-е-ей, дүние-ай десеңші, Абат марқұм осы ауылдан шыққан ең бірінші мал дәрігері еді… Ол кезде ондай оқуы бар адам өте сирек болатын ел ішінде…. Жарайды, жарайды, қалқам, заман седердікі, оқыңдар, елге қызмет етіңдер.

(Осы кезде сахнада алып-ұшқан Сұқсыр пайда болады).

Сұқсыр (сәл алқынып, екеуіне кезек қарап): – Жақсымысыздар…? (Тоғызбайға қарап басын изейді): – Тоғызбай аға, аман отырсыздар ма? (Айтолқынға бұрылады) – Айташ, қалайсыңдар?

Айтолқын: – Шүкір, …не? Тыныштық па, жүрісің суыт қой өзі?

Сұқсыр: – Мен… жай… тыныштық қой, …өтіп бара жатқасын бұрылайын деп…

Айтолқыын: – Қайдан білейін, ит қуған кісіше алқынып кірдің!

Сұқсыр (жүрек тұсын басып): – Шынында да алқынып қаппын… …Мен.. не… Айташ, саған айтайын деп, естіді ме, естімеді ме деп…

Айтолқын: – Не? Не болып қалды тағы? Осы сен-ақ жаңалық айтпасаң жүре алмайды екенсің!

(Сұқсыр көзінің қиығымен Тоғызбайға бір қарап алып, Айтолқынға жақындап, қолын оңды-солды сілтеп, құлағына бірдеңені сыбырлай бастайды. Айтолқынның өңі бұзылып, жанындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетіп, шарасыздан алжапқышының етегін умаждай береді).

Айтолқын (әрең дегенде есін жиып): – Не, не дедің сен?! Абат келді дейсің бе..? Қалай..?

Жалғас (Сұқсырға барып төніп): – Не деп тұрсыз сіз, кім келген? Дауыстап айтыңызшы!

Тоғызбай (түрегеліп): – Ойпырмай, не болып қалды тағы?! Сұқсыр-ау, осы сенің жақсылықпен жүретін күнің бола ма? Не хабар әкеп тұрсың? Айташжан, не болды саған?!

(Айтолқынның «Абат» деп айтуға ғана шамасы келіп, есінен танып, Тоғызбай мен Жалғастың қолына құлай береді).

Тоғызбай: – Ойпырмай, не боп қалды аяқ астынан? Жалғас, сен су әкелші, бетіне суық су шашайық…

(Бұлар абыр-сабыр болып жатқанда, сахнаға Абат шығады. Қартайған, жүдеген, сақал-мұрты бірнеше күннен бері алынбағаны көрініп тұр. Қасында орыс әйелі мен 5-6 жасар қыз бала бар. Әйелдің қолында чемодан орнына ұстаған қомақты түйіншек. Сәл уақыт пауза орнайды).

Тоғызбай (есі кетіп тәлтіректеп, алға қарай бірер басып): – Құдай-ау, Абатпысың сен, шынымен Абатсың ба?! Се-ен, қалай, қа-а-айдан…?

Абат (алға қарай бірер қадам жасап): – Иә, Тоғызбай аға, Абатпын мен, Абатпын. Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі деген рас екен. Аман келем деп ойламап едім, келдім бірақ. Елден бұйырған дәм бар екен маған да. Келіңіз, бөтен адамдар құсамай, төс қағыстырып амандасайық. (Тоғызбайды барып құшақтайды. Сосын жан-жағына көзін салып, Жалғасты көріп) – Жаным-ау, сен Жалғасымбысың, қандай дәу жігіт болғасың өзің, келші құшағыма! Сені бір көріп өлсем, арманым жоқ деп ойлаушы едім, аман көрдім, құлыным. Енді осы жерде өліп кетсем де өкінбеймін. (Жалғасты құшақтап ұзақ тұрады. Есін жиып, анадай жерде дел-сал болып тұрған Айтолқынға жақындайды) – …Айтолқын, Айтолқын, келші аяулым, бір кездерде адамша қоштасып едік, енді адамша амандасайықшы, келші (Айтолқынды құшағына алып, маңдайынын сүйеді).

Айтолқын (Абаттың алдына тізерлей құлап): – Абат-ау, Абатым-ау, асқар тауым-ау, сен бар екенсің ғой, тірі екенсің ғой! Сенің тірі екеніңді білсем, тозаққа түссем де шыдар едім ғой, қайтейін, қайтейін! (аспанға қарай екі қолын созып) – Ей, Алла, сенің маған деген мазағың бітті ме десем, әлі бітпеген екен ғой. Не жаздым мен осынша?! Бүйтіп мазақ қылғанша, неге өлтіріп тынбадың?! Не жазығым бар! (бүк түсіп, еңкілдап жылайды).

Абат (Айтолқынды қолтығынан демеп тұрғызып, құшағына алып, көзінің жасын сүртіп, барлығына қарап сөйлейді): – Айтолқын, жылама, жарығым, жылама! Он бес жыл бойы жылаудан сенің де, менің де көз жасымыз таусылып болған  шығар. Енді қалған ғұмырымызда күліп сөйлесейікші. Сен өзіңді менің алдымды кінәлі деп санамашы. Сенің ешқандай кінәң жоқ, жаным. Қиын қыстау күнде соңымда қалған жалғызым – Жалғасым қаңғырып қалмасын деп, Тоғызбайдың етегінен ұстапсың. Сөйтіп Жалғасымды азамат қылып жеткізіпсің. Сол үшін мәңгілік қарыздармын мен саған, жаным!

Тоғызбай аға, сіздің де ешқандай кінәңіз жоқ менің алдымда. Дүниенің ойраны шығып жатқанда, мені отбасымды қанатыңыздың астына алып, осы күнге жеткізіпсіз, рахмет сізге! Ешқандай кінәңіз жоқ менің алдымда. Барлығына сұрапыл соғыс кінәлы. Бізді соған тап келтірген маңдайға жазылған жазмыш, тағдыр кінәлы. Тек барлығы сонымен кетсін делік!

Айтолқын, жаным, сен жылама. Мен де жыламаймын. Себебі, менің ана жақта көрген қорлығым мен азабым жүрегімді біржола тасқа айналдырып жіберген секілді. Шынымды айтсам, жылауды да ұмытып қалыппын. Тіпті осы күнге қалай тірі жеткеніме өзім таң қалам. Майдан даласында дәл қасымнан бомба жарылып, контузияға ұшырадым. Ессіз жатқан мені неміс әскерлері тұтқынға алыпты. Одан кейінгі неміс лагерінде өткізген екі жарым жыл өмірімді атпай-ақ қояйын. Егер тозақ дегеннің бары рас болса, дәл сол шығар. Мыңдаған адам аштық пен аурудан қырылып жатты. Совет әскерлері жақындаған сайын, немістер күніне бір мәрте он-он бес тұтқынды далаға алып шығып, жарқабақтың басына тізіп қойып ататын. Жақын маңдағы деревняның әйелдері түнделетіп келіп, өлген солдаттардың бетін топырақпен жауып, іске жарайтын киімдері болса, шешіп алатын. Бір күні мені де бір топ адаммен атуға алып шықты. Бірақ құдай сақтап, оқ қағыс тиіп, жараланып құлаппын. Түнде дервнядан келген әйелдердің бірі мына тұрған Клавдия шалжансар жатқан мен көріп, көтеріп үйіне алып барып, үйінің жертөлесіне тығып бағып-қағып, қайтадан адам қатарына қосты.

…Аяғыма тұрып, есімді жиғасын, жақындап қалған совет әскеріне барып қосылмақшы болдым. Бірақ, барған күні НКВД ұстап, немістің тұтқынында болғаным үшін 20 жылға жаза кесіп, Сібірдің лагерлеріне айдады да жіберді. Ол жақтағы көрген қорлық пен азап соғыстан да қиын болды. Мынау Клавдия мен соңымнан іздеп Сібірге барып, тағы да тауып алды. Шынымды айтсам, мені сан мәрте ажалдан алып қалған қорғаушым, жебеушім де осы әйел болды. Сібірдің қақаған аязында барын аузыма тосқан да, құшағына алып жылытқан да, алда әлі де өмірдің бар екеніне сендірген де осы Клавдия. Екеуміздің арамыздан мына тұрған кішкентай қыз дүниеге келді. Сібірдегі Лена деген дарияның жағасында туғасын, атын да Лена деп қойдық.

Жалғасжан, сені жалғазым деуші едім, енді жалғыз емессің, міне, сенімен қаны бір кішкентай қарындасың бар, бауырыңа тарт. Лена қызым ана жақтан жалғыз болып келіп еді, енді сенімен екеу болды (Жалғас жақындап барып, Ленаны бауырына қысады, Лена да жатырқамай, жабыса түседі).

Айтолқын, айналайын, бір кезде мәңгілік боламыз деп қол ұстасып едік, тағдырымыз осылай болды. Енді ештеңені өзгерте алмаймыз. Менің тілімді алсаң, қалған ғұмырда Тоғызбай ағаның қабағына кірбің салма. Бірақ біздер бөтен емеспіз, Айтолқын, арамызды жалғайтын Жалғасымыз бар. Сол аман болсын дейік.

Тоғызбай аға, біздер тағдырдың тәлкегіне тап келген ұрпақ болдық. Бірақ бәрін жеңіп, міне, аман-есен көрістік. Енді дәл осындай сұмдықты мына тұрған ұрпақтарымыздың басына бермесін деп тілелік.

Жүріңдерші ендеше, ана қырға шығып, даланың самалын жұтайықшы! Балалық шағым қалған Иірсудың мөлдіріне бір сүңгиінші. Туған жердің топырағына бір аунайыншы! Сағындым мен барлығын! Барлығыңды сағындым! (Жалғас пен Ленаны жетектеп, ұзай береді. Қалғандары да олардың соңынан ереді. Жанға жайлы бір музыка ойнап, сахна қараңғылана береді).

Шымылдық

Добавить комментарий