Болашақта журналист болуды армандайтын жас талап Ділназ Қайрулланың ерекше ойтолғауын, «Балауса» балалар клубының аясында, оқырман назарына ұсынамыз.
Ет қазақ халқы үшін жай ғана желіне салатын тамақ емес. Ол – халқымыздың құндылығы, мәдениетіміз бен қонажайлығымыздың көрінісі. Оған қоса денсаулыққа пайдасы көп тағам.
Ал егер қазақтар етсіз өмір сүрсе…
Енді елестетейік: үлкен қазан ішінде ет пісіріліп жатыр, анаң қасында нан жайып отыр. Немесе үлкен той рәсімі. Асаба: «Ал, ағайын, ет келе жатыр» деп сөз сөйлеуде. Сол сәтте даяшы ұл-қыздар табақ-табақ етпен шығып тойхананы бір айнала өтіп, етті әр үстел үстіне әкеліп қоюда. Бірақ аспанда күн күркіреді ме, әлде біреу сиқырлап кетті ме, әйтеуір бүкіл Қазақстан бойынша ет жоқ болып кетті, тек бір-екі шұжық, қазы қалды. Сонымен баяғыдай астау-астау ет жоқ, қазы-қарта жоқ. Қонаққа не береміз? Құданың алдына не қоямыз? Осындай ойлар қаптауда. Жарайды бүкіл Қазақстан бойынша ет жоқ екенін естіген құдалар түсінікпен қарайды. Ал енді болашақта не істейміз?…
Ал енді жаңа өмір, етсіз дәуір басталды. Барлық жұрт әлсіреген, ешкімнің жұмыс істеуге бейімі жоқ. Себебі денсаулыққа еттен алынатын дәрумендер жетіспейді. Жарайды ол денсаулық тарапынан. Ал өскелең ұрпақ ше? Бәрі шетінен вегетариян болып «Альфа» ұрпақтан етсіз ұрпаққа ауысты. Ал бұрынғы кезден қалған шұжықтар, қазылар орталық музейге қойылды. Балалар еттің орынын құнарсыз «фастфутқа» ауыстырды. «Ет жегісі келмейтін қазақ» – фантастикалық кейіпкерге айналады. Бешбармақ – «глютенсіз көкөніс макароны» ретінде ұсынылады.
Шын мәнінде, мәселе етте емес – тепе-теңдікте. Қазақ халқы үшін ет – рухани, мәдени байлық. Бірақ қазіргі қоғам денсаулық пен тұрақтылықты талап етеді. Ет жемеу – біреудің таңдауы. Ал ет жеу – басқа біреудің өмір салты. Олай, бір күні қазақтар етсіз өмір сүрсе де, өз болмысын жоғалтпай, «жүгеріден жасалған қазыны» да ұлттық брендке айналдырып жіберуі әбден мүмкін!
Ділназ ҚАЙРУЛЛА,
№7 мектептің оқушысы, Павлодар қаласы.