Өнердің өрелі жолында тер төгіп, өрісі кең жанға айналған – мәдениет саласында 42 жылдық еңбек иесі Мәшім Жамбы Ипатқызы. Ол – Баянауыл өңіріндегі өнер саңлағы, мәдениет майталманы, өнегелі өмір иесі.
Жамбы Ипатқызы зейнетке шықты, бірақ әлі де жұмыс істеп жүр. Оның өмір жолы – адал еңбек пен рухани байлықтың жарқын үлгісі болып табылады. Баянауыл халық театрының негізін қалаған. Бұл ұжымның әр қойылымы көрермендердің жүрегінен ерекше орын алып, рухани байлықтың қайнар көзіне айналған. Бүгінде ол, «Асыл әжелер» ансамблінің негізін қалап, жетекшілік етіп келеді. Ұлттық құндылықтар мен рухани тәрбие жолында қажырлы еңбек етуде. Бұл ансамбль халыққа жақсы әсер қалдырып, ұлттық рухты насихаттайды.
Жамбы Мәшім аудандық, облыстық және республикалық «Қыз сыны», «Келіндер сыны» байқауларының жеңімпаздарын дайындады. Осы байқауларды Баянауылда өзі ұйымдастырды, жоғары деңгейде өткізді.
Ол – Баянауылдағы барлық мәдени-көркем әдебиет композициялардың қоюшы режиссеры. Оның әрбір жұмысы терең мағыналы және мазмұнды. Сонымен бірге ол көркемсөз оқу үйірмесін де басқарады.
Бүгінгі күні ардагер «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігінің Баянауыл ауданы бойынша төрайымы. Солайша ол ұлттық дәстүрлерді насихаттап, жастарды тәрбиелеуге атсалысуда.
Жамбы Ипатқызы – 6 баланың анасы, немере мен жиендердің асыл әжесі. Бала кезінде кітап оқуды жақсы көрген. Сол сүйікті ісінен әлі де қол үзген емес.
Мен осындай ғажап адамның немере-жиені болғанымды мақтан тұтамын! Мен үлгі тұтатын тұлға – әжем Жамбы Мәшім.
Ділназ ҚАЙРУЛЛА,
Павлодар қаласы, 11-сынып оқушысы.