Менің сүйікті әрі жаныма жақын қалам – Ертістің жағасында орналасқан әсем де көрікті Павлодар қаласы. Бұл қала – менің туған өлкем ғана емес, жүрегіме ерекше ыстық мекен. Павлодар – табиғаты көркем, тарихы терең, өнекәсібі дамыған мекендердің бірі.
Павлодар қаласы Қазақстанның солтүстік-шығысында, ең ұзын өзеннің бірі – Ертістің бойында орналасқан. Өзен қаламызға ерекше сұлулық, көрік береді. Ертіс жағалауы – павлодарлықтардың серуендейтін, демалатын сүйікті орны. Жаз мезгілінде суға шомылып, қайықпен серуендеп, жағалауда түрлі концерттерді тамашалау – бұл жердің басты ерекшелігі. Сонымен қатар, Павлодар – мәдениет пен өнерге бай қала. Мұнда Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры, көркемсурет музейі, кітапханалар мен мәдениет үйлері рухани байлықты қала тұрғындарының және қонақтарының бойына сіңіреді. Біздің қала білім мен ғылымға да үлкен үлесін қосады. Әр жылы республикалық, халықаралық олимпиадаларда павлодарлық оқушылар мен студенттер жоғары жетістіктерге жетіп, білімнің биік шыңын бағындыруда. Мұндағы жоғары оқу орындары бүкіл республикаға қажетті мамандарды дайындайды. Күнделікті өмір «қайнап жатыр» десек те болады.
Павлодар – тек өнеркәсіп пен өндірістің ғана емес, сондай-ақ, рухани байлық пен мейрімділіктің мекені. Мұндағы адамдар қонақжай, еңбекқор және жанашыр. Қала күннен-күнге көркейіп, дамып келеді.
Мен осындай әдемі әрі бай қалада тұрғаныма қуаныштымын. Қайда барсам да, туған жерімнің атына кір келтірмей, атын асқақтатып, оның беделін көтере беремін. Павлодар – менің мақтанышым!
Әли ӘЛІБЕК,
«Жас Дарын» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы.