Дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Жамбыл облысының тарихи төрі – Тараз қаласында республикалық «Маралтай оқулары» шығармашылық байқауын ұйымдастырды. 

​Бұл рухани шара қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, айрықша мінезді, сыршыл ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылығын насихаттауға, жас ақындардың шабытын шыңдауға және жас буынды әдебиетке баулуға бағытталған дәстүрлі әдеби байқау болып табылады.

​Биылғы «Маралтай оқулары» екі бағытта өтті. Біріншісі, «Тарпаң мінезді Маралтай» – ақын шығармаларын мәнерлеп оқу және поэзия әлеміне деген сүйіспеншілікті таныту; екіншісі – «Жас ғасыр, жаңа заман» – жас таланттардың өз туындыларын, жаңа дәуір жырларын ұсынуына арналған бағыт.

​Павлодар облысының намысын бұл додада Ақсу қаласындағы Ю. Гагарин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш абыроймен қорғады. Дарынды оқушы «Жас ғасыр, жаңа заман» бағыты бойынша өзіне тән ерекше таланты мен поэзияға деген үлкен сүйіспеншілігін танытып, әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде, дарынды жерлесіміз І дәрежелі дипломмен марапатталды. ​Сонымен қатар, жас дарынның шығармашылық ізденісі мен жоғары жетістіктері еленіп, Еркебұлан Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында оқу үшін арнайы грант иегері атанды.

​Оқушының шығармашылық ізденісін бағыттап, шабытын ұштап жүрген жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Алмас Ақтасов.

​Бұл жетістік – мектеп ұжымы мен өңіріміздің мақтанышы. Жас ақынның табысы жас ұрпақтың бойында рухани байлыққа, көркем сөзге деген сүйіспеншіліктің артқанының айғағы.

Павлодар облысының білім беру басқармасы.

Добавить комментарий