«Жақыныңды жоғалту…» – тек адам емес, ішкі тыныштық, өмірдің бір кезеңі, жүрекке жақын естелік. Осындай терең философиялық ойды арқау еткен жаңа роман жарық көрді. Павлодар қаласында жас қаламгер Жантас Еркінұлы өзінің алғашқы туындысын көпшілікке таныстырды. Бұл – арманына адал болған қаламгердің үлкен әдебиетке жасаған нық қадамы.

Мен кітаптың тұсаукесеріне қатыстым. «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығы ұйымдастырған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Кітап шығару бала күнінен бастау алған арманы болған Жантас Еркінұлы бұл арманына жетіп, «Жақыныңды жоғалту…» атты философиялық романын оқырманға ұсынды.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен тұсаукесер кешінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер, өнер майталмандары және жас жазушылар бас қосты. Жиналған қауымның дені – автордың тәлімгерлері мен оқырмандары.

Кітаптың тұсауын кескен Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай: «Түсінікті кітап – оңай кітап. Ал түсіну қиынға түсетін кітап – күрделі кітап», деп автордың шығармашылығына жоғары баға берді.

Ал, «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысы Замира Солтанова Жантас Еркінұлының еңбекқорлығын, адами қасиеттерін ерекше атап өтті.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан роман туралы пікірін ортаға салды. Ол автор детализацияға ерекше мән бергенін және бұл туынды автордың кәсіби қаламгер ретіндегі көрсеткіші екенін айтты.

Кештің жас қонақтары – ақындар мен айтыскерлер, түрлі байқаулардың жеңімпаздары Охиттан Нүриден мен Мейіржан Абылайұлы жаңа туындының философиялық тереңдігі мен эмоциялық әсерін ерекше атап өтті. Олар үшін мұндай мәдени шараға қатысу – үлкен құрмет пен тәлім алуға мол мүмкіндік екенін жеткізді.

Кітаптың тұсаукесеріндегі қызыл лентаны  Серік Төлеубайұлы бірнеше бөлшекке бөліп, жас қаламгерлерге табыстады – бұл көрініс рухани жалғастықтың белгісіндей әсер қалдырды. Жантас Еркінұлының өнерлі достары кешті тамаша әнмен әрлеп, жиналған жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

«Жақыныңды жоғалту…» атты романының тұсаукесері — Жантас Еркінұлының шығармашылық жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі болды. Болашақта авторға сарқылмас шабыт, табысты туындылар мен кең аудитория тілейміз. Жақынымызды жоғалтпайық…

 

Ділназ ҚАЙРУЛЛА,

11-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.

Добавить комментарий