
Баяғыда Павлодар ауданы, Жаңа Ямышево деген шағын ғана ауылда Айсұлтан деген бала өмір сүріпті. Ол ауылдың ең зерек, ең қиялшыл баласы еді. Таң атса болды, үйден жүгіріп шығып, достарымен бірге тауға өрмелеп, өзенге тас лақтырып, далада асыр салып ойнағанды жақсы көретін.
Оның достары – Әлібек, Мәдина және кішкентай Амина – бәрі де бала көңілді, таза ниетті еді. Бір күні күн ерекше жарық, аспан мөп-мөлдір болып тұрды. Төрт дос ауыл шетіндегі ескі баққа бармақ болды. Бұл бақ бұрын әдемі болған, қазір ағаштары қартайып, шөптері биіктеп кеткен. Ауыл балалары ол жаққа көп бара бермейтін, себебі онда бір ескі әткеншек тұрған. Аңызға сенсек, бұл әткеншек сиқырлы екен.
Ауылдың үлкендері айтатын:
– Ол әткеншекке батыл әрі таза жүректі бала отырса, сиқыр оянады, – деп.
Бірақ ешкімнің батылы жетпепті.
Айсұлтанның көзі сол әткеншекке түсті. Ол желмен сәл тербеліп тұрғандай болды, дәл бір өзі шақырып тұрған сияқты.
– Мен барып бір тербеліп көрем, – деді Айсұлтан.
– Жоқ, барма!, – деді Мәдина қорқып. – Үлкендер рұқсат етпеген ғой!
– Тек бір рет, – деді ол жымиып. – Қорықпаңдар, барам да келемін.
Ол жаймен барып, әткеншекке отырды. Ағаш орындық сықырлап, ескі арқан сәл дір етті. Айсұлтан өз аяғымен итеріліп, жай тербеле бастады. Алғашқыда ештеңе ерекше болмады. Бірақ кенет… Жел көтеріліп, айнала нұрға толды. Ағаштардың жапырақтары күміс түспен жарқырап, әткеншек аспанға қарай биіктей берді. Баланың жүрегі біртүрлі жеңілдеп, ол өзен үстінен, ауыл үстінен ұшып бара жатқандай күй кешті. Төменге қараса – ауыл ойыншықтай кішкентай, ал алыста таулар мұнартып тұр. Айналада әдемі әуен естілді. Сол әуенмен бірге әткеншек сыбырлай сөйледі:
– Айсұлтан, сенің жүрегің таза. Мен саған балалық шақтың сиқырын көрсетемін…
Осы сөзбен бірге бәрі өзгеріп сала берді. Ол өзін басқа әлемде тапты – айналада күліп-ойнап жүрген балалар, аспанда кемпірқосақ, жердің үстінде ақ гүлдер жайқалып тұр. Әр бала қуанып, бір-біріне қуыршақ, шар, доп сыйлап жүр.
– Бұл қандай жер?, – деді Айсұлтан таңданып.
– Бұл – балалық шақ елі, – деді әткеншек дауысы алыстан. – Мұнда ешкім ренжімейді, ешкім ұмытылмайды. Бұл жер әр адамның жүрегінде өмір сүреді.
Айсұлтан сол жерде достарымен ойнап, бұлттардың үстінен сырғанап, күлкіге бөленді. Бірақ көп ұзамай алыстан ауылдағы анасының даусы естілді:
– Айсұлтан, үйге кел, балам! Кеш болып барады!
Сол сәтте бәрі баяу жым-жырт болып, әткеншек қайтадан төмен түсті. Ол көзін ашқанда – бәрі баяғы қалпында екен. Достары қасында, бәрі таңырқай қарап тұр.
– Қандай болды? Не көрдің?, – деді Әлібек.
Айсұлтан бір сәт ойланып, күлімсіреді де:
– Мен сиқырды көрдім, достар. Бірақ ол аспанда емес, біздің өзімізде екен. Балалық шақтың өзі – ең үлкен сиқыр!, – деді.
Содан бері ауыл балалары баққа жиі келетін болды. Олар енді қорықпайтын. Әркім әткеншекке отырып, өз арманы мен күлкісін есіне түсіріп, қуанышқа бөленетін еді. Ал Айсұлтан болса, өскен соң да жүрегіндегі сол балалық сиқырды ешқашан жоғалтпады.
Амина ХАМЕЛБАЙҚЫЗЫ,
Б.Момышұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.
