Жас жүрек, балғын көңіл, балауса ой – ең шынайы, ең таза, кіршіксіз құндылық. Ол өтірік айтпайды, ол жасқанбайды, ол жасырмайды. Әлемді, қоршаған ортаны, қоғамды қалай қабылдайды, онымен солай қарыс-қатынас жасайды. Оқырман назарына ұсынылғалы отырған бұл жолжазбада жас автордың біркүндік сапарда кешкен сезімі, түйген ойы, пайымы, көрген қызығы мен ішкі наразылығы һәм тартысы көрінеді. «Балауса» клубы аясында жас талаптың шығармашылықтағы алғашқы қадамына назар салыңыздар.
Адамгершіліктен адаспауға үйреткен алғашқы сапарым
Апта бойы дайындалып, артынып-тартынып жолға шықтық. Бізді жездем мен туған ағам Жамбыл шығарып тастайтын болды. Рамазан айы болатын. Ораза ұстағандарымыз ауызымызды үйде ашып алып, тамақтанып отырып қалдық. Сәл кешігіп қаламыз ба деп ойлап едім, бірақ біз вокзалға дәл уақытында келіппіз. Өз вагонымызды іздеп, таптық. Билетті көрсетіп, енді кіреміз бе дегенде жолсерік: «Мынау кімнің қызы?», «Ата-анасының рұқсат қағазы бар ма?», – дейді. Ал керек болса?! Біз: «Ондай қағаз керек пе? Бізде жоқ», – деп аузымыз аңқиып қалдық. Бәріміз: «Енді не істейміз?» деп шошыңқырап тұрмыз. Жолсерік не де болса өз жұмысын адалынан атқарады екен. «Жоқ, жоқ бұлай болмайды. Тексеріс жүрсе, өз басым кетеді ғой», – деп тұрып алды. Менің өмірімде өте маңызды кезде осындай қолайсыздықтар үнемі болып тұрады. Мен әдеттегідей «Жолым ауыр», «Не повезло» деген ұнамсыз сөздермен миымды уламадым. Себебі, өмірде «Жолы болу немесе жолы болмау», «Сәттілік немесе сәтсіздік» деген нәрсе жоқ. Тек Алла Тағаланың қалауы болады. Бұйырғаны, сынауы деп түсіндім.
Маған әкемнің бауыры Сансызбай ағаның көмегі тиді. Теміржолда жолсерік боп қанша жыл жұмыс істеп келе жатқандықтан, мені вагонға кіргізбей жатқан жолсерік «Сансызбай» деген есімді естіген кезде бірден кім болып келетінін сұрастырып, «Маған бір шәйін береді ғой, сәлем жолдап қойыңыздар» деп өткізбесі бар ма?! Сансызбай ағаға Алланың нұры жаусын! Жүрегім аузыма тығылып, орнынан аунап түскендей сезімде болдым. Ұзақ уақыт армандап, асыға күткенім іске асу мен аспау арасында үмітпен күтіп тұрғанын ұқтым. Адамның ең үлкен күйініші – асығып күтіп, армандап, мақсат еткен ісінің орындалмай қалуы. Осындай халде сабырлық таныту – иман көрінісі.
Орнымызға жайғасып, заттарымызды қойып, тамақтанып алдық. Екібастұздан өттік. Интернет ұстамайды, телефонның бетіне қарап, қайта қойдым. Солай қатты ұйықтап кетіппін. Алғашқы түні ұйықтай алмаймын деп ойлағанмын. Күні бойы у-ду боп жиналғандағы шаршауым шыққан секілді, түнде де аса ояна қоймай тас болып ұйықтаппын. Таңғы 5:30 шамасы. Жатарда телефонымды үстел астында тұрған чемоданға қойған болатынмын. Ұйқымнан тұрып қарасам, телефоным жоқ, не астында тұрған чемодан жоқ. «Ойымда түк жоқ» деген секілді қайта жаттым. Соңғы кезде ең қорқынышты сәттерде миым демалыс алатын секілді. Ойымда қараңғылықтан басқа ештеңе жоқ. Сосын «Қой, іздейін» деп әпкемді ояттым. Неге екенін білмеймін, мен адамдарды оятудан қорқады екенмін. Кішкентай кезімнен анамды да, әкемді де оятқанда окопта жатқан шекара қорғаушыларына бомба түскендей шошынып оянатын. Біреуді оятар алдында көз алдыма бірден сол кісінің шошынып оянып жатқаны елестейді. Мен сол сезімнен қорқамын. Менің бұл жолы әпкемді оятқаным мүлде бөлек. Не болатынын сезіп тұрмын, сондықтан екі есе қорқынышты. Оның оянуы жаугершілік заманындағы «Жау шапты» дегенмен бірдей болды. Төсектен қалай тұрғанын аңғармастан чемоданды іздей бастады. Менің шарасыздығым бетіме шығып, бір нүктеге қарап қалыппын. Ойымда «Телефон жоқ, чемодан жоқ, келмеске кетті» деген сөздер шырмалып, менің одан әрі үрейім ұшты. Қаншама бекеттен жүздеген адам түсіп-мінді. Мен үмітім үзіліп, жылауға шақ қалдым. Әпкемнің өмірлік ұстанымы: «Үмітсіз – шайтан». Мәңгілік девизі: «Кто ищет – тот всегда найдёт!». Әлбетте ол өмірлік бұл миссиясын тағы да орындап шықты. Үмітін үзбей арі-бері іздеп жүріп, чемоданды бізден бірнеше кейінгі орындағы үстіңгі сөреден тапты. Менің жүрегімде сөнген үміт от боп лапылдап кетті. Бірнеше минут ішінде миым екі күннен кейін болатын қиын түндерді ойластырып тастаған болатын. Соның ішінде «Чемодан өзімдікі болса жарар еді, Ботанікі ғой, оған қалай түсіндіремін? Оның бәрі тағы шығын боп, әке-шешемнің мойнына артылатын болды ғой!» деген ойлар да инемен шаншығандай жүрегімді шымшып жіберді. Чемодан табылды, телефон қайда? Әпкем дереу өзінің телефонынан менің телефоныма қоңырау шалды. Бізбен бірге бір топ бала таеквандодан жарысқа қатысу үшін Түркістанға бара жатты. Жасы 24-25 шамасы-ау, бір жігіт осы топты жетелеп жүрген жаттықтырушы екен. Түнде телефоны үстінен түспеген күйі чемодан алға жылжып, оң жаққа сырғанап кетіпті. Менің телефоным топ басқарған тренердің көзіне түсіпті. Сол кісінің жанына барып, түстен-ау деймін шамасы. Әпкем таңырқаған күйі әлгі жігіттің жанына барып, телефонымды көріп: «Телефонды сіз алдыңыз ба?», – демесі бар ма?! Жылармысың, күлермісің… Жаттықтырушы өзінің көрген-білгенін ақтала баяндады. Сөйтіп, пойыздағы таңымыз осылай атты. Бірер минутта бойымды қорқыныш та, таңырқау да, күйініш те, қуаныш та – кезек-кезек билеп кетті. Сенің айналаңдағы адамдар – сенің ішкі әлеміңнің айнасы. Менің заттарым пойыздағы жақсы жандардың қолына түскеніне Аллаға шүкір. Іштей тренерге алғысымды айттым. Менің оған деген ризашылығым терезенің ар жағындағы кең байтақ қазақ даласындай шексіз. Өмірде жақсы адамдардың барын Алла маған дәлелдеп бергендей. Алла Тағала есімі белгісіз бұл жаттықтырушының ісіне береке беріп, қорғаушысы болсын! Менің сіздерге айтарым ешқашан үміттеріңізді үзбеңіздер, өмірде адал адамдардың барына сеніңіздер! Ниетіңіз қандай, алдыңызға сондай адамдар жолығатын болады. Қызығы мен шышығы қатар болған сәт осылай орын алды.
***
Мен пойызға соңғы рет Астанаға барғанда мінгенмін. ЭКСПО көрмесінің енді ашылған кезінде – 2017 жылы барғанмын. Астанаға сапарым есімде қалса да мен ол кезде қазіргідей үлкен жауапкершілікпен дайындалмағанмын. Осы сапарымда мен бірнеше образдарды, қазіргі тілмен айтқанда «лук» ойластырдым. Анашым алтын қолдарымен дәмді тамақтар дайындап берді. Алла Тағала менің анама екі дүниенің бақытын нәсіп етіп, жәннаттың төрінен зәулім үй берсін! Әумин! Сөйтіп, бұл күні де алған тағамдарымызбен ауқаттанып алдық. Пойыздағы екі күн өте жақсы өтті. Көрмеген жерлермен өтіп, естімеген жерлердің атын білдік. Мен Алла Тағаладан «Қайда барсам да маған қайырлы адамдар жолықсыншы, жақсы адамдар кездессінші» деп тілеген болатынмын, шүкір, жанымдағы жандар жақсы жандар болды. Олардан ешқандай зиян көрмедік. Уақытымыз да берекелі өтті. Солай тренер мен оқушылар Түркістаннан емес Тараздан түсіпті. Мен тағы да қалың ұйқыға кеткенде, түнде түсіп кетіпті. Таңертең оянғанымда туысқанымды жоғалтқандай болдым. Дұрыс қоштасып, сәттілік тілей алмағаныма жүрегім ауырды. Сонымен қатар жанымызда бір тәте мен екі баласы Мерхат пен Медина болған. Олар да шырайлы Шымкент қаласынан түсіп қалды. Осылайша вагон 90% бос қалды. Мені одан да қатты жалғыздық сезімі басты. Павлодардан Түркістанға тек біз ғана ешқайдан түспей жеттік. Алла Тағала жанымда болған барлық жандарға өз мейірімін төксін! «Түркістан теміржол вокзалынан» түстік. Бізді өзіміздің ұйымдастырушы-гид күтіп алды. Сөйтіп, «Platinum» қонақ үйіне апарды. Бұл қонақ үйді өзбек ағайындар басқарады екен. «108» нөмірлі бөлмеге аман-есен орналастық. Әпкем екеуіміз сонау алыс жақтан Түркістанға келгенімізге, амандықта жолымызды артқа қалдырып, номерге орналасқанымызға шүкір айтып, мәз болдық. Менің әпкемнің тәбеті осы жолы аш қасқармен тең болды. Тамақтанып алмақшы болып, қонақ үй ресторанына бардық. Ресторан деген аты ғана. Қазіргі заманға сай көмкеріліп, іші кең болғанымен тазалық пен адамға құрмет көрсетуден мақұрым қалған. Ішінде үш түрлі ғана тағам түрі болды. Олар: манты, сорпа, тұшпара. Күнделікті ішіп жүрген тағам түрлері болғандықтан, қонаққа келген қалада жаңаның дәмін татып көргіміз келді. Солайша бөлмеде тұрған «Aю Food» менюінен қалағанымызға тапсырып беріп, ауқаттанып алдық.
Келесі жоспарымыз бірден қала аралау еді. Қай жерге барып, неден бастарымызды білмеген соң қонақ үйдегі рецепшннан бағыт сұрадық. «Керуен сарайды» ұсынды. Біз оған «Ертеңгі экскурсияда онсыз да барамыз» дедік. Сондықтан жақын маңдағы «Қуаныш» сауда орталығына бардық. Көшелерді білмеген соң таяқ тастам жерге такси шақырдық. Сағат 15:00 шамасында «Қуаныш» базары алдында болдық. Осыншалықты үлкен базарды өмірімде алғаш көруім. Түркістанда зауыт, фабрика жоқ. Халқы сауда-саттық пен алып-сату, жеткізумен айналысады. Кішкентай базар мен сауда орталықтарын аралап үйреніп қалған мен осындай ауқымды базарды көріп, қатты таңқалдым. Мереке күндерінің бірінде барғандықтан адамдар көп, сауда қызу жүріп жатыр. Базар іші у-шу, әркім өз бетімен әлек, қағылып-соғылып жүр. Мені біреу қағып кетсе де, кешірім сұрап бұрылған жоқ, асығыс күйі адымдап кете барады. Базар ішіндегі адамдар да менің көрген ортамнан мүлде өзгеше. Мен өзімді Қазақстанда емес, Өзбекстан мен Қырғызстанның арасында қалып қойған базар ішінде жүрген секілді сезіндім. Себебі, таза қазақша сөйлеп, қазаққа сай киініп, сырт келбеті де қазаққа сай ешкімді таппадым. Бәрі өз сөйлеу мәнерінде, көзге ерсі көрінер келбетте жүрді. Жанынан өткенде «Эй, қыз? Эй қыз, не аласың, ә?», – деп айтуы, тым қатты сөйлеуінде менің байқап, айтып отырған ерсілігім. «Әр үйдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, бұл базар да өзіне ғана тән ерекшелігін көрсетті. Базардың әрбір бұрышы жекеленіп, бір-бірінен өзгеше атау да қойып қойған. Бізде бір орталықтың жалпы бір атауы болса, бұнда әрбір сауда жасаушы өз иемденген жеріне бір атау қояды екен. Жалпы маған ұнамағаны базар іші таза емес, саудаға берілгені соншалық заттарды дүкеннің сыртына дейін үйіп қойған. Заттары шашылған, бәрін апыл-ғұпыл жасауы да ұнамсыз көрінді. Дүкендері жинақы емес. Өмірде жақсылық пен жамандық тең жүреді демекші, жақсы жағын айтар болсам, үйіңізде той немесе айтулы мереке болса бәрін бір жерден алып, артық жерлерге уақыт құртып, шаршаудың қажеті жоқ. Кейбір дүкендерде бағасы арзан, кейбіреуінде қымбат. Аралап жүріп алған жөн. Мені бұл базар қатты шаршатып, мезі қылып жіберді. Бұл жерде күнделікті жұмыс жасайтын адамның миы бір тынықпайды-ау. Осылайша базардан ұнамды ештеңе таппай, тек кешке жеуге аздап жемістер, тандыр нан, шай, үш тілім бәліш алып, қонақ үйге қайттық. Әпкем кешкі жақын шоколад құйылған құлпынай жегісі келді. Қарастырып, тапсырыс бердік. Бағымызға орай бізге өз санынан көбірек құлпынай беріп жіберіпті. Әлде келген қонаққа құрметі болды мекен?
***
Басқалары білмеймін өзім асыға күткен күнге жеткенде күшті көңіл-күймен оянып, бәрінен ерте тұрып, мәз болып берекелі таңымды атырамын. Себебі, бұл күннің өзге күннен екі есе қайырлы және өзім өте бақытты күйде болатынымды ойша елестетемін. Бұл күні ерекше жағдай болатынына сенемін. Сондықтан таңымды ертерек атырып, мәз болып дайындаламын, денеммен, ойыммен бостандықты, еркіндікті сезінемін. Сіздерде де солай ма?
Түркістанның тарихқа толы жерлеріне саяхаттау мені таңғы 5:30 да керемет көңіл-күймен оянуыма серпін болды. Дайындалып 8:30-дар шамасында жолға шықтық. Ең бірінші таңғы ас ішу үшін мейрамханаға апарды. Тағамдарды қарап, ұзақ таңдап, төлем жасап жүріп қалдық. Әпкем екеуміз құймақ пен кофе, сіңілім шырын мен қарақұмық ботқасын алды. Енді ғана тамақтың дәмін сезініп, жеуге кіріскенде Самат аға келді. Самат аға – гид-ұйымдастырушы. Бізді асықтырып, тез тамақтануымызды өтініп, өзіміз мінген «маршруткадан» басқасына отыруымызды өтінді. Асығыс не жеп, не ішкенімізді түсінбей қалдық. Кинода ішетін тамақтарын алып, асығыс бір жағдай болып тастап кетеді ғой. Бізде тура солай таңғы асымызды ішер-ішпестен орнымыздан тұрып кеттік. Ақ түсті көлігімізден қою көк көлікке ауыстық. Алдыңғы екі орын мен жүргізушінің жанындағы орын қалыпты. Мен есік жанындағы орынға отырғым келмеді, алдыңғы орынға отырғым келіп, тездетіп ауысып алдым. Бұл менің өмірімдегі дұрыс шешімдердің бірі екен. Алдына отырдым, жанымда – гид ұйымдастырушының ағасы Марат аға. Ол өзінің Саматтың ағасы екенін, Саматтың басқа да саяхатшы топтары бар екендігін, 200-дей оқушы келіп, әбігер боп үлгермей жатқандығын түсіндіріп өтті. Сонымен бүгін біздің жетелеушіміз Саматтың ағасы Марат аға болатын болды. Кейін жүргізуші орнына әдемі келген, жинақы, бойы ұзын жігіт отырды. Ол Самат аға жолдаған қосымша маршрут екен. Жүргізушінің түрі қазаққа ұқсамайды бірақ, өзбек деп айтуға да аузым бармайды. Жайлап «Отырар қалашығына» жол тарттық. Жол жөнекей мен, Марат аға, жүргізуші үшеуіміз әңгімелесіп бардық. Бұл жолы мен жүрегімнен орын аларлық жайлы адамды кездестірдім. Жүргізуші таза қазақ тілінде, ешбір акцентсіз, бұрмасыз сөйлеп тұрғаны құлағыма майдай жақты. Тіпті сөйлегені түркістандық азаматтарға да ұқсамайды. Өте таза, әдемі естілді. Орысшаға да судай екен. Жолда мен әңгіме бастасам, өте мұқият тыңдайды. Жауап қайтарып, әзілдесіп отырды. Сөйлегенінде әуезділік, шыдамдылық, әдемілік бар. Жүргізуші болса да, білімді, мәдениетті, ұстамды деп айтсам еш артық мақтағаным емес. Сөзіне қалай абай болса, көлігіне де тура солай мұқиятты. Бізді картоп тасығандай шартпа-шұрт апармай, жайлап, әрбір шұңқырдың барын сездірмей, жұмсақ жүргізді. Түркістанда үлкен тас жол салынып жатыр екен. Жолдың бәрі шұрық-тесік… Қазылған, шұңғырға толы. Өзі жасамаған болса да, жолдары үшін ұялған кейпі «Мына жолдар адамды ұялтып жіберді ғой, ұят болды қонақтардан…», – деп әзілдеп қойды. Әңгімелесіп, ой алмасып, әркім өз қаласын баяндап, түйелерді қызықтап көне қаламыз «Отырарға» қалай лезде жеткенімді ұқпай қалдым.
«Отырар қалашығы»
Оңтүстік Қазақстан аумағында, Арыс өзенінің Сырдарияға барып құяр жеріндегі жазирада ірге тепкен – Отырар қаласы тарихта Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб аттарымен белгілі қала орны. Отырар – ортағасырлық қала. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби туған аймақ. Отырар қалашығы біздің заманымыздан бұрын бірінші ғасырға жатады. Отырардың кез-келген жауға қарсы тұра алатын берік қамалы, айнала қазылған тереңдігі екі метрдей, ені 10-15 м болып келетін сулы ор үстіндегі аспалы көпірлермен жабдықталған үш қақпасы болған. Олар арқылы жұрт қаланың орталығына шыға алады екен. Үйлер бір-біріне жақын төте орналасқан, төбелері қиғашынан келген екен. Бізге сол замандағы қол өнершінің құмыра жасап жатқандағы бөлмесін, балалар бөлмесі мен пешке нан салып жатқан ананы, ас үйді, тағам сақтайтын қоймаларды көрсетіп шықты. Ежелде болған монша аумағын, мешіттен қалған бөліктерді де баяндап шықты. XІІ-XІV ғасырда шарықтаған Отырардың сақталған бөліктерін өз қолыммен ұстап, сезіп көрдім. Бұл жерде сауда-саттық, қолөнер, білім мен ғылым шарықтай дамыған. Қыш құмыраларға тамақ алты айға дейін сақталатын берік бопты. Осындай керемет, тарих пен ұлттық құндылыққа толы көне қалаға кіру құны сіңілім, әпкем және маған – 350 теңгеге шықты. Мұнда келген әрбір жан көне қалалар тарихын білуге қызығып, өткенге құрметпен қарап, туған жердің әр бөлмесін киелі деп санап отансүйгіштік қасиетіне ие боп, ерекше сезімге бөленері сөзсіз. Отырар қалашығынан шығып, «Арыстан баб» кесенесіне қарай бет алдық.
«Арыстан баб» кесенесі
Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жөніндегі керемет ғимарат үйлерінің бірі. Сәулет өнері ескерткіші. Түркістан халқының арасында мұсылман дінің таратушы Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болған Арыстан баб қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма сізден кейін 100 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін Арыстан баб былай дейді: «Егер сіз Алла тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз, мен бұл құрманы иесіне жеткіземін» (Рисолаи Сарем – Исфижоб, «Куприлозада» кітабі). Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болып, құрманы жеткізген екен. Қожа Ахмет Яссауи ұлы әулие мен діни көріпкел 1103 жылы туып, 1166 жылы қайтыс болған. Кесене ішінен құран оқытып, дұға тілектерімді тілеп шықтым. Адамдар саны көп. Бір боп кіріп, бір топ шығып жатыр. Мен дұға тілегіме барынша қалаған дұғамды, тілегімді сұрап қалғым келді. Керемет сәт күнде бола бермейтін мүмкіндік екенін ұғындым. Адамдар көп болғандықтан үнемі менің ойым бөлініп кетіп отырды. Менің жүрегім біртүрлі алабұртып, қалаған тілегімді толықтай сұрап үлгермегендей сезімде болдым.
«Бар жүрегіммен асықпай отырса, намаз оқып, тыныштықта арманым мен тілегенімді жеткізсем ғой шіркін!», – деп ойландым. Біртүрлі өзімді ыңғайсыз сезініп, шын жүрегіммен дұға ете алмағаныма өкіндім. Үнемі ойымның бұзылып, жан-жаққа санамның бөлініп, шашырай әр бағытқа жүгіргеніне қынжылдым. Уақыт жағы қысып, асығыс ішімдегі сөздерді айтып сыртқа шығарып, сол кесене қабырғаларына жібергендей бетімді сипадым. Аса мейірімді Әл-Ғаффар, Әр-Раззақ, Әс-Сами, Әл-Ләтиф, менің барлық дұға тілектерімді естіп, мені өз рахымыңа алып, сұрағанымды қайырлы уақытта берсін! Арман-мақсаттарыма жету үшін күш-қайрат пен сабырлылық берсін! Арғы бабам риза болсын! Осындай мол ғибрат аларлық жерге тағы келуді, асықпай ғибадат етуді нәсіп етіп, бұйырсын! Әумин!
«Арыстан баб» кесенесінен шығып, «Гаухар хан» кесенесіне жол тарттық. Удыр-дудырдан уақытынан бұрын шаршадық-ау, жолда мен де, Марат ағай да, жүргізуші де көп сөйлемей, үндемей бардық. Сол күйімізге өзіміз күліп, шаршап қалғанымызды білдіріп, үндемеуіміздің себебін түсіндірдік. Бара жатқандағы жол әңгімемен білінбеді ме, тезірек жеткендей болғанбыз қайтар жол мүлгіген тыныштық пен айтар сөздің жоқтығынан ба ұзақ боп көрінді. Жолай келе жатсақ трасса үстінде бір түйе бізге сәлем беріп тұрғандай тура ортасына тұрып алыпты. Менің түйе көрмегенімді сезгендей, бар тұлғасын көрсетіп, шөп шайнап тұр екен. Мен алғаш рет түйені жақыннан көрдім сол кезде. Менің таңданысымды көріп Марат аға: «Біздің түйелер сіздер келді деп қонақтарға бас иіп тұр. Түсіп, жақыннан көргілеріңіз келмей ме?», – деді. Сол кезде жүргізуші баяғы әзіліне басып: «Түйенің түріне қарап тұрғанда бетке түкіріп жіберсе, иә?!», – деп күледі. Осылайша бәріміздің көңіл-күйіміз бір көтеріліп қалды. «Гаухар ана» кесенесіне жеттік. Жүргізуші жас та болса байқампаз, көреген. Жетер бойда: «Бұның бәрін бір күнде көру ауырлық болады», – деді. Шынымен-ақ, көне шаhар Түркістанның тарихи жерлерін бір күнде көріп бітпейсің, барлық жерге бір күнде барып көру қиындық туғызады екен. Жүргізушінің ол сөзін бірден оймен қорытындыламаған мен, сөзінде анықтық пен шыңдық бар екенін кешірек ұғындым.
«Гаухар ана» кесенесі
«Гаухар ана» кесенесі (XІІ-XІV ғғ) Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, «Түркістан-Шәуілдір» автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Гаухар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің қызы. Ол емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар «артезиан» суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Бұл жерге күнде адамдар келіп, дұға оқиды. Анаға құрмет көрсетіп, құдықтан алынған сумен жуынады. Суы мұздай бірақ, ешкім ауырмайды. 2015 жылы «Әзірет Сұлтан» мұражайының қолдауымен «Гаухар ана» кесенесі қайта салынды. «Гаухар ана» кесенесіне кіріп, құран оқытып, дұға тілеп шықтық. Шипасың көрейік деп құдықтан ем су алып алдық. Гаухар анадан естелік болсын деп, басыма берекелі жаулық болсын деген ниетпен ақ түсті орамал сатып алдым. Түскі ас ішу үшін қайта көлігімізге отырып, орталыққа қарай бет алдық. Жолай келе жатып Марат ағай: «Не тілеп шықтың? Е-е-е, тезірек жақсы жігіт тауып, сәтті тұрмысқа шығайын деп тіледің бе?», – деп сұрағын төтесінен қоя салды. Мен күліп: «Ойбай, аға-ау, жоқ, жоқ», – деп қоямын. Ағай: «А-а-а, онда не тіледің? Аман-есен оқуымды бітіріп, жақсы табыс табайын деп тіледің бе?», – деді.
Мен:
– Тұрмысқа шығу үшін әлі қайда-а… Маған ерте. Екінші нұсқаңыз дұрыс, оқуымды тіледім.
– Иә, дұрыс тұрмысқа шығуға асықпа, оқы, қыдыр, – деді ағай. – Жасың нешеде өзі?, – деп сұрады.
Мен ұзақ кідіріп:
– Он жетідемін, – дедім. Осы кезде жалт етіп, жүргізуші маған қарады. Екі қолы рөлде бірақ, екі көзі мен жақта. Қатты таңғалғаны соқыр көзге белгілі. Таңданыспен:
– Қалай сен он жетідесің? Үшінші курста емессің бе?, – деп сұрады. Жүргізушінің осындай реакциясына мен де айтқан жауабыма өкініп қалдым. «Шынымен он жетідемін бе?» деп өз-өзіме күмәнданып қалдым ғой.
Ағай болса:
– Иә, дұрыс! 9-дан кейінгі бағдарламамен түсіп тұр ғой, – дейді. Мен де басымды шұлғып, келіскендей белгі бердім.
Жүргізуші:
– Мына жерлерге отырып, тамақтанып алмадыңыздар ма? Қазір орталыққа жеткенше мына шеттен ішкен дұрыс-ау, – деді. Марат аға Саматқа қоңырау шалды. Самат аға: «Жоқ, осы жаққа келіңдер, брон жасап қойдық», – деп жауап берді. Сондағы біреу тамақ дайындап, бізді күтіп тұрғандай.
«Жасы кіші болса да, ақылы көпті аға қыл» демекші жүргізушінің бұл ұсынысы бізге қайырлы болатын еді. Жүргізуші: «Сұрап алғанымыз жақсы болды», – деп тіл қатып, Марат аға айтқан жерге апарды. Біз «Керуен Сарай» мен «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесінің ортасында маршруттан түстік. Марат ағай телефонымен: «Мешіт ол қайссы? Қай жерде?», – деп сөйлесіп жүргенін байқадым. Сосын бізге: «Жүріңіздер, жүріңіздер», – деп қояды. Үйректің балапандары сияқты Марат ағайдың артынан қалмай жүрміз. Бәріміздің қарынымыз қатты ашыққан, тезірек түскі ас ішуге асығып жүрміз. Таңертең ішер-ішпес таңғы асымыз ол, сіңімді ас болмады. Бір кезде Марат ағай «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесіне қарай жетелеп, апара жатыр. Мен ішімнен «Киелі жер емес пе? Кесененің жанында тамақ ішетін орын болмауы керек қой» деп ойландым. Кесененің жанына жеткен соң Марат ағай қайта інісіне қоңырау шалды. Ол болса «Кесене емес, мешіт» деген жауап қайтарды-ау деймін. Марат ағай құдды бір бізбен бірге алғаш рет Түркістанды көріп, келіп тұрғандай. Өз қаласы емес, бөтен қалада жүргендей кейіпте жүрді. Кесененің жанында тамақ ішетін жердің жоқ болатынын да ойламаған бұл кісі бізді әрі-бері сенделтіп, алтындай уақытымызды, күшіміз бен қуатымызды алып қойды. Өзінің білімсіздігін қарапайым нәрсемен ғана ұғындырды. Жанымыздағы саяхатшылар да момын кісілердің қатарынан емес еді. Не дегенмен орыс халқы өз ойын ашық айтып, шекарасын қоя алатын, ұнамды не ұнамсыз әрекетті өзіне жағып, жақпағанын айтып салатын адамдардан тұратын секілді. Қазақтар ашуланса да қатты айтпай, жағдайға кіріп, бұрқылдап қана қоятындай. Бір орыс апай барлық кемшіліктерін, өзіне ұнамай жатқанын айтып-айтып салды. Мұны айту арқылы мен орыстарды жамандап тұрғаным жоқ. Тек қана қазақтың қазаққа жаны ашып тұратындығын, сабырлылығын айтқым келді.
***
«Туған жердің ауасы да шипа, Туған жердің жуасы да тәтті». Туған жеріңде ішкен асың, шәйің өзге жерден мың есе тәтті. Әзер дегенде іздеп тауып, ішер асымызды зорға дегенде алып үстел үстіне отырдық. Лағман мен шай алып едік. Лағманның дәмі ащы келді ме, әлде өзім шаршаңқырап, ештеңеге көңілім толмай, тәбетім тартпай тұрғандықтан ба дұрыс іше алмадым. Шәйді ішіп жатқанда бірден анамның қоп-қою шәйі көз алдыма елестеді. Үнемі толтырып, құйып берген шәйін «Неге толтырып құясың, мам?» деп мін тағатын мен сол сөздерді айтқан тілімді тістедім. Бірақ, менің сол кездегі көңіл-күйім алдымда ең дәмді, тәтті тағам тұрса да іштіртпес еді. Сөйтіп, өзге қалада жүріп, Павлодарымның тамақты ең дәмді істейтінін түсіндім. Жалпы адам баласы алдында тұрған асты сүйсініп, сезініп жеу керек. Осындай берекелі, нәрлі ас ішіп отырғанына Аллаға шүкір айта білуі қажет. Қаншама жылдар бұрын қазағымыздың аштықтан қырылып, ішерге дені дұрыс ас таппай, құрт-құмырсқа, тышқан, өлексе жеп жатқанын есімізге жиі салып тұруымыз керек. Алланың беріп жатқан нығметтеріне, мүмкіндіктеріне ризашылық білдірсек қана арттырады. Мүмкін әлемнің басқа бұрышында сіздердің алдарыңызда тұрған тағамды да аңсап жүрген жандар бар шығар. Асқа мін айту дұрыс емес. Сол кезде ойламағанмен кеш түсініп, ой елегінен өткізіп жатырмын. Қандай болса да сол кезде дұрыстап тұрып, тамақтанып алу керек еді. Келесі кезекте біздің тамашалайтын жер «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі еді.
«Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Мұражай алып жатқан жердің жалпы көлемі – 90 га. Қорық-мұражай Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен бірге Үлкен қылует (Жер асты мешіті, XІV-XVІ), сегіз қырлы кесене (XІV-XVІ ғғ), Ұлықбектің қызы, Әбілхайыр ханның зайыбы Рабиға сұлтан бегім кесенесі (XV ғ), Шығыс моншаcы (XVІ-XVІІ ғ), Есімхан кесенесі, Жұма мешіті тағы басқа археологиялық, тарихи, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік ескерткіштерін қамтиды. 1396 жылы Орта Азияның билеушісі Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді. Орта ғасырлық ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын аталмыш кесенеде қазақтың 21 ханы жерленген деседі. Кесене салынып жатқанда қайта-қайта құлап қала берген екен. Сонда Әмір Темірдің түсіне бір ақсақал аян беріп, «Қожа Ахмет Яссауидің Арыстан атты ұстазы болған. Сондықтан әуелі Арыстанбабқа, сосын ғана шәкіртіне кесене салыңдар», -депті. Бұл түсті көрген Әмір Темір көріпкелдерін шақыртып алып, түсін жорытады. «Арыстанбабтың қабірін қалай табамын?», – деп олардан ақыл сұрайды. Көріпкелдері: «Жұма намаздан соң Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына екі құс келіп қонақтайды, сол құс ұшып, ұстазы Арыстан бабтың басына барады, осылайша табасың», – деп айтқан екен. Арыстан бабтың сүйегі жерленген жер осылайша табылған деседі.
Арыстан бабтың жерленген жері туралы тағы да бір қызық аңыз бар. Арыстан баб қайтыс болмай тұрып, тірі кезінде Қожа Ахмет Яссауиге: «Менің саған айтар аманатым, жасым келді, қартайдым. Қайтыс болсам, жаназамды сен оқисың. Жас та болсаң, сен тегін адам емессің. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) аманат етіп жіберген адамысың. Менің жаназамды оқысымен күн батыс жақтан бір ақ түйе келеді. Соған денемді артып, басын бос қоя сал. Түйе қайда барып шөксе, сол жерге сүйегімді жерле», – деп өсиеттепті. Сол аманат бойынша, Арыстан бабтың жаназасына жиылған адамдар ақ түйенің соңынан ереді де отырады. Түйе Отырар өңірінің батыс жағына келіп, шөгеді де, сол жерге Арыстан бабтың сүйегі қойылады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі әрбір бұрышын, әрбір кірпішін, салынған ерекшелігін адам толықтай сезіне алу үшін бір орында тұрып, ұзақ қарайлау керек секілді. Мен де бір орында ұзақ тұрып, зәулім бұл кесененің кереметтілігін бақыладым. Суреттеуге тілім жетпес бұндай көріністі мен өз көзіммен көріп тұрғаныма қатты қуандым. Шынымен, рахат сезім, өз жерінің осындай берекет пен әдемілікке бай екенің сезіну, бостандық, тазалық сезімі…
«Қылует Жер асты» мешіті
Қылует жер асты мешіті (XІІ-XV-XІX ғғ) Республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Ғалымдардың айтуынша, «қылует» сөзі арабша «халуатун» яғни жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып жасайтын орын деген мағына береді. Қожа Ахмет Яссауи пайғамбарлық жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Жалпы бұл мешіт Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жақын орналасқан. Кесенеден мешітке барар жолда үлкен түйелердің жанынан өттік. Едәуір ірі болғаны соншалық суретке түсіп, жанына баруға қорықтық. Себебі, ойыма сап етіп жүргізушінің сөзі түскен еді…
Жалпы ол жерлердің атмосферасы да ерекше. Жанға өте жайлы. Шынымен ерекше рух беріп, қанаттандырып жібереді екен. Айта кететін жайт бұл жерлерде ешбір ғимарат Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен биік боп бой көтерілмеуі керек екен. Келесі экскурсиялық мекеніміз «Үкаша ата» (шелекпен су алатын қасиетті жер), «Тұт ағашы» (мыңжылдық ең кәрі ағаш), «Ерқоян әулиесі» еді. Бірақ, Марат ағай бейберекет қасиетті жерлердің барлық кетіс-кемшілігін айтып, ойымыздан айнытқан еді. «60 шақырымдық жер, алыс, барсаңыздар да су шықпайды, жақсы адамға мол шығады, күнәһарға шықпайды деген далбаса әңгіме, қызық ештеңесі жоқ» деп бостан-бос әңгімеге басты. Бізден тезірек құтылғысы келіп, өз тыныштығын ойлағаны ма әлде, өз ойын айтып жаны ашып қалғандығы ма, әйтеуір бос сабылғысы келмей бізді ойымыздан айнытып жіберді. Әттең-ай сол кезде өзіміздің жүргізушіміздің де ойын сұрай салу керек пе еді? Ол шын ниетімен бізге бағдар берер ме еді?
Сөйтіп, жолымыздан қалдық. Марат ағай бізді бір музей орталығына жіберді. Бұл да өзінің құлағының тыныш болуын ойлаған адамның әрекеті еді. Әйтеуір уақыт өткіздірмек мақсатында балаға тәтті бергендей осымен алдандыра тұрайын деген арам пиғылы еді. Біз музей ішіне кірмедік. Бізге он минуттық шоуды 1000 теңгеге көруді ұсынған еді. Біз оның ешқандай мәні жоқ екенін түсіндік. Солай, басқа адамдардың шыққанын күтіп, тағы да уақыттан ұтылған едік. Бәрі жиналған соң «Керуен Сарайға» қарай жүрдік. Бір кезде орыс апайлар тағы шу шығарып, ақшаларының жартысын қайтаруды талап етті. Шынымен де-ақ, оның ашуы орынды еді. Сөйтіп, «выживают сильные» деген секілді, соңында тек саусақпен санарлық қана адам қалды.
«Керуен Сарай» іші мақтауға тұрарлықтай. Қаланың тұрғындары үйлеріне қарай жиналған. Бірақ, ауызашар уақыты болғандықтан, тамақтанатын жерлердің бәрі толы. Керуен Сарайды аралап шықтық. Серуендеуге, қыдыруға таптырмас жер. Кейін бәріміз қайта жиналдық.
Осымен біздің бір күндік экскурсиямыз аяқталды. Бәріміз кешкі асымызды ішіп алып, тарап кеттік. Кететін күннің ертесінде жиналдық. Бізден сағат 9:00-ге дейін бөлмемізді босатуымызды сұрады. Ақша алынғаннан кейін бізге олардың тарапынан құрметсіздік көрсетілді. Ақша алынған соң адамдардың басқа бетпердесі ашылды. Ертерек заттарымызды жинап, тіркелуге қойып кеттік. Үйдегілерге Түркістаннан естелікке сыйлық алайық деп қайта «Қуаныш» базарына бардық. Барсақ базар іші тып-тыныш, алғаш көргендей емес. Неге десем, Түркістан қаласында жұмыс орындарды кеш, сағат 10:00 шамаларында ашылады екен. Біздің Павлодарда сағат 10:00-ге дейін бәрі ашылып, жұмыстары қызып, тап-тұйнақтай қылып қояды. Базардың жартысы жабық, ештеңе алмадық. Керуен сарайға қайта бардық. Ол жерде де бәрі жабық. Керуен Сарайды аралап болып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бара жатырмыз. Келе жатқанда түрлері таныс адамдарды көріп қалдық. Олар кеше бізбен турда жүрген балалар еді. Қарасаң, еш таныс емес, сырласпадық, танымайсың бірақ, олардың жүрегі жұмсақ, көңілі ашық екенін сезесің. Көргенде бұрыннан таныс туысың сияқты жүздесесің. Менің ойымша, бұл да адамның жақсыларының ішінен екендігінің белгісі. Жалпы Түркістанда сауда-саттық өте дамыған. Қарапайым сәндік бұйымдар, орамалдар, діни заттарды сатып та мол табысқа кенеледі деп ойлаймын. Сондай кішігірім дүкендер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында көп. Соның біреуі жертөледе орналасқан, баспалдақпен түсу арқылы жетесің. Сол дүкеннен өзімнің «кілең кемпір подрушкілеріме» естелік хадия (сыйлық) болсын деп білезік сатып алдым. Солай киелі кесенемен, сұлулығы көз тартар саябақпен қоштасып, қонақ үйге заттарымызды алуға бардық. Кірейін деп жатсақ, Самат аға: «Әлі кетпегенсіздер ме?», – деді. Менің қаным басыма шауып, іштей «торнададай» ашуға булығып кеттім. Неге өзінің жасаған сапасыз сервисі үшін, біздің алтын уақытымызды бос нәрсеге құртқаны үшін, бас-аяғында жүрмей, турдағы жерлерді таныстырып, айтпағаны үшін, күші жетпейтін істі қолға алып, оқушылармен әлек боп, біз секілді саяхатшыларға дұрыс қарым-қатынас жасамағаны үшін титтей болса да ұялмады? Тым болмаса, демалыстарыңыз қалай өтті деп, кешірім сұрап, ақ жол тілеуіне болмас па еді? Иә, тура осы ойлар менің миыма қайта-қайта оралып, құрт секілді жеп жіберді. Біз олардың жағдайын түсіндік, бірақ олардың тарапынан бізге ешқандай түсінстік болмағаны көңіліме тиді. Біздің алыс жақтан келгенімізді, олар күнде көрген жерлерді біздің енді көрген таңданысымызды, оларға сеніп, тағатсыздана күтіп, армандаған, мақсат еткен бар-жоғы бір күнді олар балтамен майдалап тастағандай болды. Өте салғырт қараған болатын. Мен тіпті олардың көздерінен өкінішті де көрмедім. Өз тірліктеріне ұялған ар-ұжданды көрмедім. Үнемі өзін-өзі ақтаған бұл адамдар өздерінің істеріне ұялды деу де қарама-қайшылық. Менің бір жеткізгім келетіні қандай жұмыс істемесең де, жұмысыңа адал болу керек. Адамдардың көңілін ақшаға айырбас ету дұрыс емес. Әсіресе, туризм саласындағы адамдар келген туристтердің армандарын жүзеге асыруға, алыстан келген қонаққа жағымды эмоция қалдыруға тырысу керек деп ойлаймын. Себебі, ол сіздің шаһарыңызға келген қонақ, сол жерге баруды мақсат етсе, үлкен үмітпен сеніп келгендігі. Өз проблемасынан құтылып, демалып қайтуды, стресстен арылып, жаңа жер көремін деп келген бұл қонақ керісінше, жан дүниесімен демала алмаса, қынжылады, өкінеді. Cондықтан ешқашан дүниенің артынан қуалаудың қажеті жоқ. Дүние, байлық – уақытша. Ол да таусылады, құриды, ақиқатында саған қияметте көмек бере алмайды. Ал, адамның көңілі өті нәзік, үнемі махаббатты, сыйластықты іздеп тұрады. Мұсылман адам, мұсылман бауырының көңілін қалдыру «Меккені қиратумен» бірдей екен. Бұл да асыл дініміздің адам көңілін дәріптеудегі көрінісі. Марат пен Самат ағайларыма ешқандай өкпе сақтағаным жоқ. Алла Тағала оларға пана болсын, үлкен жетістіктерге жетуге күш-қайрат берсін, істерін жұртшылыққа пайдалы етсін! Әумин!
Солай Түркістан вокзалына қарай бет алдық, келер жолда таксист ағай да жанашырлығын көрсетті. Өзінің бастан кешкен қызықтарын айтты. Әлі есімде ол кісінің есімі – Мамыр еді. Таксист болып ақша жинап, әйелі екеуі Дубайға барып-келіпті. Ол жақта да келген қонақтарға бағаны удай қылып жіберетінін айтты. Бірақ сабақ алып, келесі жолы біліп баратын боламыз дейді. Бізде өзіміздің кішкентай ренішімізді білдіріп, айтып жатсақ, ренжімеңіздер деп өзінің еш қатысы болмаса да, жерлестері үшін кешірім сұрауда. «Көңілге алмай, тағы да келіңіздер» деп шығарып салды. Үлкен жүректі, пейілі ақ мамыр айы сияқты жайма шуақты кісі екені, айтпаса да түсінікті еді. Алла Тағала Мамыр ағаның ризық-несібесін арттыра берсін, Алла жаратқан барлық кереметті көруін тілеймін. Әумин!
Шыққанымыз сол еді, алдымызда Керуен Сарайда кездестірген, менің туысымдай болған кісілер тұр. Ал, қуанбайсың ба? Қайта мәз болып қалдық. Кейін маған бір 17-18 шамасындағы топ мүшесі қарап тұр екен. Сол кезде мен де оған назарымды аударып, қай жақтан екендерін сұрадым. Ақтөбеден екен, 8 адам болып, 3 күндік тур алыпты. Жолға шығуларына 15-20 минуттай қалыпты. Әпкем екеуіміз вокзал ішіндегі бөлмеге қарай жүрдік. Демалып, пойыз күтуге жарық, кең арнайы орындары бар екен. Пойыз келгенше 1 сағат шамасында отырып, демалдық.
Бір кезде жүрегім алабұртып, әлденені сезгендей болды. Есіктен таныс біреу кіріп келетін секілді, назарым есік жаққа ауып тұрды. Кенеттен есіктен кіре келді. Ғажап! Жүзінен нұры төгіліп, мен жөн сұрасқан ақтөбелік жігіт кіріп келді. Қызық, көңіліміз көтеріліп кетті. «Бұл заманда мүлде таныс емес адамдармен қоштасу үшін іздеп келетін адамдар әлі қалған екен ғой», – деп ойладым іштей. Бізді іздеп келгені – олардың да бізді жақын тартқаны болар. Ұялшақтанып, тартыншақтап біздің жанымызға келді. Қош айтысып, қолымызды алды. Есімі – Олжас екен. Оның бізге көрсеткен сыйластығы үшін, адами қасиетінен айырылмай, жан-жағына көрсеткен мейірімі үшін Алла Тағала оны үлкен белестерге жеткізіп, жолын ашық қылсын, жүрегіндегі мейірімділіктен айырмасын! Әумин! Осындай бір қызық әрі ыстық жағдай орын алды. Әрине,бұл ұсақ нәрсе бірақ, жанға жайлылық сыйлады, естелікке өте жағымды эмоция қалдырды. Бұл Түркістан қаласындағы орын алған соңғы жағдай еді. Осымен керемет, тарихи қалаға сапарымыз аяқталды. Туған жерге қайтуға пойызға отырдық.
Айана БОЛАТОВА,
Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің студенті.