Қазақ халқы ұрпақтарына мол ғибрат болар ертегі мен жыр-дастандарға, батырлар жырына ерекше мән берген. Ақ жаулықты әжелеріміз бүлдіршіндерін ғажайып ертегілермен жұбататын болған. Бірақ, қазіргі таңда, өзіміз байқап отырғанымыздай, балдан тәтті немерелеріне қиял-ғажайып ертегі айтып беретін әжелер немесе аталарымыз, өкінішке орай, жоқтың қасы. Қазіргі әжелер ертегі айтып ауыз талдырмайды, олардың орнын теледидар, компьютер, ұялы телефоны, планшет сияқты техника құралдары басты. Тіпті, бір-екі жастағы бүлдіршіндер ұялы телефонды нәзік саусақтарымен басып, өздеріне қажетті ойындарды, мультфильмдерді тауып алып, соны ермек қылатынын кез-келген отбасында көретін болдық.

Таяуда, жетпіс жастағы апайымыз маған қоңырау шалып, ерекше мақтанышпен: «Біздің балалар қаладан, «Технодом» дей ме, содан несиеге теледидар, шаңсорғыш алған екен, үстіне планшетті тегін қосып беріпті. Жаңа жылдық акцияға байланысты беріп жатыр екен. Санжарға жақсы болды, таңертеңнен кешке дейін қолынан планшетін тастамай, неше түрлі ойынның қызығына түсіп, құлағым тынышталды», – деді мәз-мейрам болып. Санжар дегені – бес жастағы немересі. Менің айтқан уәжімді тыңдағысы да келмеді.

Япыр-ау, біз қайда бара жатырмыз? Әжелеріміз таңертеңнен кешке дейін теледидардан түріктің бітпейтін сериалдарын көреміз деп, немерелеріне ертегі айтып беруді ұмытса, ертеңгі ұрпағымыз қандай боларын кім білсін?!

Әлі есімде, менің нағашы әжем әппақ жаулығы шұбалаңдап, саусақтары майысып бізді жан-жағына отырғызып алып, «Тазша бала», «Қырық өтірік», «Алдар көсе» сияқты ертегілерді бірінен соң бірін тамылжыта айтқанда, біз ертегіге елтіп отырып, қисайып жатып тәтті ұйқыға кететінбіз. Әжеміздің дауысы қандай еді! Әжімді жүзі нұрланып немере-жиендеріне емірене қарап отырып, еркелетіп айтатын «Қаңбақ шал», «Шық бермес Шығайбай», «Құйыршық» сияқты ертегілер күні бүгінге дейін ұмытылмай жадымызда сақталып қалғанына таң қаламын.

«Ертегі уатпай ма баланы да, сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да», – дегенді ақын Мағжан Жұмабаев жазған екен. Қазақ ертегілерін жастайынан тыңдап өскен баланың бойында еліне, жеріне деген отаншылдық сезімі қалыптасып, өскен ортасына, ата-анасына деген ерекше құрметі қалыптасатынын ұмытуға болмайды. Кітапханаға немересін ертіп апарып, ертегілер оқуға баулитын ата-әжелеріміз көп болса, нұр үстіне нұр болар еді-ау!

Таяуда бір таныс әйел кітап сататын дүкеннен немересіне бағасы қымбаттау болса да сырты әдемі безендірілген «Алтын балық», «Қожанасыр хикаялары» кітаптарын сатып алыпты. Айтатыны, немерелері балабақшадан, мектептен келісімен планшетке жабысып алып, тіпті тамаққа да қарамайды екен. Кітап сатып алғандағы ойы – ертегілерді немерелеріне оқып берсе, мүмкін, кітапқа деген қызығушылығы ояна ма деген үміті ғой. Кім білсін?!
Поляк жазушысы Ежи Лец: «Ұлттың ұлылығы оның әрбір азаматынан көрінуі тиіс» дейді. Осылай жалғаса берсе, ертеңгі күні елдің ұлылығы тұрмақ, мұрнына қазақылықтың иісі де бармайтын, «көкірегінде сәуле, көңілінде сенім» жоқ ұрпақ пайда болуы әбден мүмкін ғой.

Бағзад НҰРТАЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий