Балалар мен жасөспірімдердің сенімді серігіне айналған «Ұлан» газетінің 95 жылдық мерейтойы аясында «Тастүлек» шығармашылық байқауы өтті. Екінші мәрте ұйымдастырылған байқау Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының демеушілігімен өтті. Байқаудың мақсаты – жазушы, баспагер әрі этнограф Зейнолла Сәніктің ізін жалғайтын шығармашалық өкілдерін қалыптастыру, оқушылардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газетін насихаттау. Байқаудың ережесі бойынша 7-11 оқушылары шығармашылық жұмыстарын «Ата-апамның әңгімесі», «Жеті қазына», «Біздің үйдегі дәстүр» номинацияларына жолдады. 

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп түскен 137 шығарма ішінде «Ата-апамның әңгімесі» номинациясы бойынша Баянауыл ауылындағы З.Ақышев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Сағыныш Райымбектің жұмысы ынталандыру жүлдесіне ие болды. Оқырман назарына жерлес жас талаптың шығармасын ұсынамыз:

Ата-апамның әңгімесі

Әр өлкенің тарихы – тек тасқа қашалған жазулар мен шежірелерде ғана емес, сол жердің адамдарының тұрмысында, салт-дәстүрінде, наным-сенімінде, қонақжайлығында, еңбекқорлығында, табиғатпен үндестігі мен өмір сүру дағдысында сақталады.

Бала кезімізде немерелер болып, ата-апамыздың үйінен шықпай, арқа-жарқа болып, шаңырақтың табалдырығын тоздыратынбыз. Сол кездерде ол кісілер де біздің бойымызға бар жақсылықты сіңіруге тырысушы еді. Бірақ ойын баласы болған соң, ол кезде құнды әңгімелерді толық түсіне бермедік. Жылдар өте келе, сол әңгімелердің қадірін шын ұққандаймын.

Апам бізге Баянауылдың табиғаты туралы айтып отыратын. Найзатас, Кемпіртас, Данатас, Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай көлі – бәрі де тек қана табиғи нысандар емес, халқымыздың өмірімен біте қайнасқан қасиетті орындар.

– Баянауылдың әрбір тауы, әрбір көлі – халықтың жанының көрінісі, – дейтін атам. – Жасыбайдың суы неге осыншалықты мөлдір? Өйткені ол – батырлық пен адалдықтың символы. Бұл көлде Жасыбай батырдың қаны тамған. Ол елін жаудан қорғап, осында мерт болды. Оның рухы бұл көлдің толқындарымен бірге тербеліп тұр.

Мен атамның әңгімелерін тыңдап отырып, әрбір жер атауының астарында халқымыздың ерлікке, тазалыққа, әділдікке деген сенімі жатқанын түсінетінмін.

Бір күні атам маған бір аңызды баяндады. – Баяғыда Қарабай деген байдың Баян есімді сұлу қызы болған. Оны көрген жан бір көргеннен ғашық болар еді. Бірақ Баян тек шын сүйген адамына ғана жар болғысы келді. Оның жүрегі батыр, әділ, елі үшін жанын беруге дайын ер жігітті іздеді. Бірде елге сырттан жау шабады. Жігіттер жиналып, жауға қарсы аттанады. Солардың ішінде қарапайым, бірақ жүректі жас батыр бар еді. Оның аты – Қозы. Ол Баянды алғаш көргенде-ақ оның нұрлы жүзіне ғашық болды. Бірақ Қарабай қызының тағдырын байлықпен өлшеді. Ол кедей жігітке қызын беруге қарсы еді.

Алайда тағдыр өз дегенін жасады. Қозы жауға қарсы тұрып, елін қорғау жолында көз жұмды. Ал Баян оны сүйген жүрегімен мәңгі есте сақтап, ғұмыр бойы соның есімін ұмытпады. Кейін халық бұл өлкені Баян сұлуға арнап «Баянауыл» деп атап кеткен деседі. Атам сөзін аяқтаған кезде, мен оның көздерінен бір мұңды байқадым. Қандай мұң екенін сұрамадым, бірақ жүрегіммен сездім.

Кейін атам бізді Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгіріне апарды. Бұл үңгір жай ғана табиғи құбылыс емес, оның астарында терең тарих пен киелілік бар.

– Бұл үңгірге адамдар бала сүюді тілеп келеді, – деді атам. – Бұрынғы заманда сәби сүйе алмаған аналар осы жерге келіп, тілек тілеп, қасиетті суынан ішетін болған. Осы жерден шипа тауып, көпшілігі арманына жеткен деседі.

Мен үңгірдің қараңғы ішіне көз тастап, тылсым күштің барын сезінгендей болдым. Қазақтар әрбір табиғи құбылысқа ерекше мән беріп, оны өмірімен байланыстырып отырған ғой.

Баянауыл – тек аңыздарымен ғана емес, этнографиялық ерекшеліктерімен де дараланған өлке. Бұл өңірде мал шаруашылығы ерекше дамыған. Сиыр, жылқы, қой өсіру – жергілікті халықтың негізгі тіршілігі болған. Қыстыгүні киіз үйлерді жинап, қысқы қыстауларға көшкен. Көктем шыға, жайлауға қоныс аударып, төрт түлікті өріске жіберген. Әсіресе, жылқы шаруашылығы бұл аймақта маңызды рөл атқарған. Қымыз, май, ірімшік сияқты ұлттық тағамдар дайындалған. Бұл өңірде әлі күнге дейін қазақтың нағыз дәстүрлі мәдениеті сақталған. Мұндағы ауылдарда қымызмұрындық, наурыз тойы, сабантой сияқты мерекелер үлкен сән-салтанатпен өтеді. Жергілікті халықтың киген киімдері, зергерлік бұйымдары, қолдан жасалған кілемдері мен текеметтері – қазақтың көшпелі өмірінің айқын көрінісі. Қазақ халқының дүниетанымы табиғатпен біте қайнасқан. Олар әрбір тасты, өзенді, тау мен шөлді тек географиялық нысан ретінде ғана емес, киелі мекен, тарихи орын ретінде қарастырған.

Сол кеште атам терең ойға шомып, маған ұзақ қарады.

– Қарағым, сен осы әңгімелерді ұмытпа. Адам өзінің туған жерін, тарихын, әдет-ғұрпын білмесе, тамыры жоқ ағаш сияқты болады. Қайда барсаң да, кім болғың келсе де – өзіңнің кім екеніңді ұмытпа.

Мен басымды изедім.

Бұл әңгіме тек бір кештің ғана сөзі емес еді. Бұл – бір халықтың өткені мен бүгіні, рухы мен болмысы еді. Бұл – менің ата-апамның маған қалдырған аманаты еді.

Мен осы әңгімені жүрегіме түйіп, келешекке аманат етіп қалдырдым.

 

Сағыныш РАЙЫМБЕК,

Баянауыл ауданы, Зейтін Ақышев атындағы мектептің оқушысы.

Добавить комментарий