(ертегі)

Күз аспанын тұтастай торлаған қою бұлт мезгіл түн ортасына айналған шықта да сейілген жоқ. Толған айдың сәулесі көшкен бұлттың арасынан ара-тұра жылт етіп қалады да, іле қарағайлы алқапты қайтадан қара түнек басады. Күздің ызғары да күшейе түскен. Ағаштар арасындағы беткейдегі жатаған шала бұта Қарлыған мен Бозтікеннің тасасында сақсынып бұға түсіп, түнгі тылсым тыныштықты бұзбай, жалғыз Бұлғын қаққан қазықтай тырп етпей, жан-жағын жіті бақылап отыр. Ол әдеттегідей жемін іздеп, түнгі жортуылға шыққан.Тырнағына ілінер не ақ тиін, не шақылдақ тышқан, не шіл мен кекіліктің біреуінің тырс еткен дыбысы білінбейді.

Осы кезде бұлт арасынан ай сәулесі төгіліп кетті де, Бұлғын бойын тіктеп, мойнын соза жан-жағына шола қарауы сол еді, екі-үш секірсе-ақ жетіп қаларлық жердегі шөптің басы дірілдегендей болды. Айдың солғын сәулесімен бірдеңе қылаң ете қалғандай болды. Болмашы болса да, сәуле барда көрініп тұрған жемінен қапы қалмау үшін тура ұмтылып еді, арадағы бытыса өскен жатаған бұталардан өтем дегенде, қалың тікендер қос бүйіріне инедей қадалып, жанын көзіне көрсетті. Көзінің аман қалғанына шүкір етті. Сонда да қу құлқын ештеңеге қаратпады, алған бетінен қайтармады. Ағаштың бұтағындай қатты сабақтың бойындағы тікенектер бұның үлпілдеген жүнін сыпырып алып қана қоймай, бүкіл денесін ара шаққандай дуылдатып ашытып жібереді. Бұлғын амалсыз тоқтады. Жалаңаштанып дызылдап тұрған екі бүйірін жанталаса тілімен жалады. Бұл кезде тышқан ба, әлде тиін бе, көзден ғайып болды. Жауынан құтылып кетті. Жаралы Бұлғынның оны уайымдайтын дәрмені де жоқ еді бұл сәтте.

Таңға қарай денесінің дуылдап ауырғаны басылғандай болды да, қуысынан шығып, қопсыған топырақты алдыңғы екі аяғымен қазбалап, торсиған сары құртты талғажау етті. Түнде оңбай жараланған жерге қайта келіп, Бозтікен түбін қаза бастады. Ондағысы – оны құлатып, кеткен кегін алу еді. Бозтікеннің тамыры терең бойлап кетіпті. Оны құлату үшін көп үңгу керек болар деп, сәл демалмақшы болып, құйрығын басып шоқиып отырды. Жан – жағына қарады. Көзі жанындағы жатаған Қарлығанға түсті. Қарлыған мұның әрекетін үнсіз бақылап тұрған болу керек.

– Не істеп жатырсың? Түндегі өшіңді алмақсың ба? Оның не кінәсі бар? Оның тікені жапырағының ұшында ғана. Сондықтан ауыр жара салатындай оның қауқары жоқ, – деді байсалды үнмен тіл қатып.

– Сонда кім мені жаралаған?

– Сені жаралаған – мына мен, – деді іле жауап беріп, сәл алға иіліп Қарлыған. – Мен деппін-ау, әділіне келер болсақ, мен емес. Өзіңді өзің емес пе аяусыз жаралаған. Жылт ете қалған жеміңнен айырылып қалмайын деп, өлген-тірілгеніңе қарамай өңмендеп, менің тікенді сабақтарымның арасымен өттің ғой. Енді келіп жұртты кінәлауыңа жөн болсын!

– Неге инедей қатты тікендеріңді жиып алмадың?

– Өзің білесің ғой. Мен иілетін шөп емеспін. Мен – төмен өсетін бұтамын. Менің сабақтарым ағаштың бұтағындай қатты. Сондықтан сабыр сақтап, абайлау керек еді.

– Ал, солай – ақ болсын дейік, – деді енді Бұлғын өз қателігін түсініп. – Неге бұл жерде қайдағы бір тікен жапырақты Бозтікенге жаның ашып тұр?

– Сенің өзі бұл өмірден білетінің шамалы – ау деймін. Мына Бозтікеннің тікені болғанмен, оның адамдарға беретін пайдасы зор. Тамырының құрамында сабын бар. Сондай-ақ оны халуа сияқты тәтті тағам, шөл қандырар сусын дайындауға пайдаланады.

Мұны естіген Бұлғын төмен қарап, ойланып тұрып қалды. Сосын Бозтікеннің түбіндегі өзі қазған шұңқырға аяғымен топырақты қарпып салып, қасиетті тамырды қайтадан көміп тастады.

– Оу, Қарлыған! Менің де адамдарға беретін пайдам көп емес пе? Оны да білетін шығарсың? – деді Бұлғын әрі намысқа тырысып, әрі бұл мені кемсітіп тұр ма деген күдікті ойдың жетегімен.

– Неге білмеймін… Бір жерде тырп етпей тұрсам да, бәрін де білемін. Сенің мына теріңді адамдар керемет бағалайды ғой. Тіпті тымақ қылып бастарына көтеріп, жаға қылып иықтарына салып жүрген жоқ па?! Бұдан артық не керек! Жалғыз – ақ, көрмеймісің, сенің әдемі терің мен үлпілдеп құлпырған жүніңнің қатты бүлініп қалғаны, шіркін, қандай өкінішті!

Дәл осы сәтте Қарлыған бұның өміріндегі түнде ғана болған бір жайсыз оқиғаны айтса да, Бұлғынның бойын, керісінше, бір қуанышты сезім кернеп кетті. Ол «терім мен әдемі жүнім қатты бүлінгенмен, енді адамдар оған қызығып, мені ұстауға құлшынбайтын шығар. Сөйтіп менің өмірім ұзақ болар» деген тәтті қиял еді.

Бұлғын да ризалықпен Қарлығанға оның да адамдарға беретін шырынды жемісі туралы айтуға ниеттеніп еді. Бірақ осы арада тышқанның шақылдаған үні, бір емес бірнеше тышқанның үні кенеттен анық естіліп қалды да, Бұлғын дауыс шыққан жаққа қарай зыта жөнелді.

Арада талай жылдар өтті. Бұлғын бұрын ойына келіп қалған: «Қарлығанның өне бойы толған инедей қатты тікен болса да, тамызда пісетін жемісін адамдар сүйсіне жейтінін, одан тәтті тосап жасайтынын» айтпақшы болып еді. Мүмкін әдейі барып айтқан болар, бәлкім, айтпаған да шығар. Ол жағы белгісіз.

 

Серік САТЫБАЛДИН,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий