Кішкентай оқырман достарымызға мектеп туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз!
Сырбай МӘУЛЕНОВ: Мектеп
Көкке бойы өрлеген,
Көк шатырлы мектебім.
Өткізіп ем сенде мен
Өмірімнің көктемін.
Бойды билеп қуаныш
Саған алғаш барып ем.
Дүниеге тым алыс
Жас кезімді салып ем.
Толқыны ойнап сезімнің
Толғана сенен шыққанмын,
Өмірімдей өзімнің
Әліппеңді ұққанмын,
Жылдар озып кетсе де
Жылы көрем жүзіңді.
Отырғанда кеңседе
Ұмытпан сол кезімді.
Абдрахман АСЫЛБЕК: Мектебім
Жеті жасқа жеткенім –
Еркеліктен кеткенім.
Кітабымды қолтықтап,
Мектебіме беттедім.
Күлім қағып көкте күн,
Тал шыбықтай көктедім.
Әлдиледі анамдай
Мейірімді мектебім.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ: Алтын ұя — мектебім
Алтын ұя – мектебім,
Өзіңде өніп, көктедім.
Бас иемін алдыңда,
Өзің – мәңгі көктемім.
Алтын ұя – мектебім,
Дәт-қуатым, от-демім.
«Мақсаттарға діттеген,
Білім қуып жет!» дедің.
Алтын ұя – мектебім,
Қимай да сені кеткемін.
«Белгі боп сенде қалсын» деп,
Аулаңа шыбық еккемін.
Алтын ұя – мектебім,
Өзіңде өніп, көктедім.
Бас иемін алдыңда,
Өзің – мәңгі көктемім.
Серік ӘКІРАМҰЛЫ: Мектебім
Болам деп шәкірт ақылды,
Жаттадық өлең, нақылды.
Алғашқы қоңырау соғылып,
Мектепке күзде шақырды.
Біліммен жанға гүл еккен,
Қастерлеп атын жыр еткем.
Мектебім – білім желкені,
Ұшырып көкке түлеткен.
Құшағын ашқан балаға,
Дарытқан сәуле санаға.
Мектепте осы оқыған,
Дәрігер, ұстаз, дана да.
Алмат ИСӘДІЛ: Мектебіме
Арналсын саған тілектер,
Елжіреп соқсын жүректер.
Ұяңнан ұшты қаншама,
Қанатын қағып түлектер?!
Қызмет етсін елге деп,
Қаншама түлек баптадың?!
Білім мен ойды зерделеп,
Дәстүрді берік сақтадың.
Баршаға бүгін бақ тілеп,
Айтылсын асыл, ақ тілек.
Салтанат құрып түлектер,
Шеруге шықты сап түзеп.
Бейбіт күн орнап елімде,
Жалғаса берсін тойлары.
Желбіреп тұрсын төрімде
Тәуелсіз елдің байрағы.
Сапырған білім тұнығын,
Болсыншы ұзақ ғұмырың!
Асқақтай түсіп мәртебең,
Биіктей берсін тұғырың!
Назарын көптің аудырып,
Білімнің отын жандырып,
Мектебім – білім ордасы
Берік боп тұрсын мәңгілік!
Еділбек ДҮЙСЕНОВ: Менің мектебім
Мектебім – бұлбұл бағынан,
Кеудеме бір нұр дарыған.
Үйрендім кешікпеуді де,
Қоңырау сыңғырларынан.
Үйрендім әдет-ғұрыпты,
Өмірге қажет білікті.
Адамдар арасындағы,
Құрмет пен әдептілікті.
Шуақты, едің көктемім,
Санама-сенім еккенің.
Тек қана жақсылық төгер,
Меккемсің, менің мектебім.
Жаныма жыр егілгесін,
Жасырып жүремін несін!?
Тербедің, бесігім болып,
Сен менің жүрегімдесің!