Бекет қозы-лақтарын қырға қарай айдап жіберді де, күндегі әдеті бойынша тасбақа іздеуге кірісті. Әуелі алысқа ұзамай бір орнында тұрып, айналаға көз тастады. Оңға қарады, солға қарады. Көзіне қыбырлап бара жатқан тасбақа көріне қоймады. Кенет қарсы алдындағы – жиырма қадамдай жердегі бір түп дәу баялыштың бұтақтары сытыр-сытыр қозғалғанын байқап қалды. Тегін емес. Демек, түбінде бірдеңе жүр. Қоян ба, кірпі ме? Бәлкім, тырбаңдаған тасбақа шығар… Бекет  көп  бас  қатырмады.  Дереу  жүгіріп  баялышқа  жетіп  барды. Айтқаны айдай келді, шынында да тасбақа екен. Баялыштың түбінен тырбаңдап сыртқа  жылжып  келеді. Тасбақа  қарсы  алдындағы  Бекетті  көрді  де,  кілт тоқтады.  Бірақ  артына  бұрылып  шегіншектеп  қаша  жөнелмеді.  Әдетте тасбақалар адамның қарасын көрсе, сескеніп, ұзын шандыр мойнын жиырып ішіне тығып алушы еді, бұл өйтпеді. Қайта керісінше тарғыл тас сауытының астынан  әжім-әжім  шимай  басын  сыртқа  бір  қарыстай  сорайта  шығарып, біртүрлі дымқылдана жылтыраған қарашықсыз моншақтай екі көзін Бекетке шаншып тұрып алды. Сосын ұйқысы келгендей есінеп, аузын барынша кере ашты.  Міне,  ғажап!  Әлдекім  жарқыратып  шам  жаққандай  тасбақаның  түу көмейіне дейін сап-сары алтын сәулеге шомылды. Тілінің астынан түймедей сап-сары  жапырақ  жалт-жұлт  етті.  Алтын  шөп!  Мәриям  шөп!  Тасбақаның көмейін сәулеге көміп тұрған сол. Бекеттің есі кетті.

– Таптым! Таптым! – деді апалақтап аузына жөнді сөз түспей.

Сәл  аялдаса  мәриям  шөптен  мәңгі  айырылып  қалатындай,  асығыс-үсігіс етпеттеп тасбақаның үстіне құлады. Мұп-мұздай тасбақаны тас қып бауырына қысты…

Бірақ неге екені белгісіз, бір кезде өзінің бірте-бірте көкке көтеріліп бара жатқанын  сезді.  Бұл  не  пәле?  Енді  бір  сәтте  қол-аяғы  ауада  дәрменсіз тырбаңдап, тоңқалаң асып, тасбақаның алдына топ етіп құлап түсті. Абырой болғанда, жер майда шеге құм еді, денесі пәлендей ауырған жоқ, тек жамбасы ғана сәл-пәл сырқырады. Дегенмен тура кішігірім сарайдың үстінен құлағандай болды. Бекет өз көзіне өзі сенбеді. Әлгіндегі тостақандай тасбақа әлдекім ішіне жел үрлеп жатқандай, өсіп барады, үлкейіп барады… Бір кезде қалың баялыш жапырылып, тасбақаның аяғының астында қалды. Тасбақаның таудай денесі күннің көзін көлегейледі. Аяқтары бөренедей. Көзі сапар кеседей. Тас сауыты алып шатыр тәрізді. Бұрын-соңды мұндай нәрсені көрсе, кәне. Бекеттің зәресі ұшты. Көз алды бұлдырап, басы зыңылдады

– Көке!!! – деп шыңғыра айқайлады қолынан келген бар қайраны.

Тажалдан құтылмақ оймен жалма-жан қаша жөнелмекші болып еді, бірақ буын-буыны  дірілдеп,  тұла  бойынан  әл  кетіп,  аяғы  былқ-сылқ  етіп  икемге келмеді. Шарасыз күйде құмның үстінде қозғалақтап отырды да қойды.

Кенет тасбақа таудан құлаған су тәрізді гүрілдеп-гүжілдеп сөйлеп қоя берді.

– Қорықпа, балақай!

Бекет таңқала қорқып кетті. Тасбақа адам тілінде сөйлейді деп кім ойлаған.

Бірақ кеудесіндегі үрейі аз-маз сейілейін деді.

– Атың кім сенің?

– Менің бе? Менің… – Бекет бірден атын есіне түсіре алмады. Қиын бір

жұмбақтың шешімін іздегендей біраз ойланып қалды.

– Атым… Иә, Бекет екен ғой. Бекет…

– Дұрыс. Сонша не болды өз атыңды ұмытып. Ал мен екі жүз жыл жасаған Дана Тасбақамын. Міне, өзің де көріп тұрған шығарсың, мен екі жүз есе өстім. Таудай болып тұрмын. Біздің жаратылысымыз осындай.

– Көріп тұрмын… Сонда қалай тасбақалардың бәрі екі жүз жыл жасай ма?

– Жоқ. Сирек. Біздің жауларымыз көп. Жыртқыш аңдар. Жыртқыш аңдар секілді  адамдар  бар.  Олар  бізге  табиғат  берген  қуанышымыздың қызығын оңайлықпен  көрсете  қоймайды.  Ал  бірақ  аман-есен  екі  жүз  жыл  жасаған тасбақалар – Дана  Тасбақа  атанады.  Олар  ештеңеден  де,  ешкімнен  де қорықпайды.  Бүкіл  ғаламның  тілі  мен  сырын  біледі.  Бақытты  өмір  сүреді. Жауларына кездессе, денесі екі жүз есе үлкейіп, таудай тасбақаға айналады…

– Ендеше неге бәрің таудай болып жүрмейсіңдер? Ешкім жандарыңа жолай алмас еді ғой…

– Олай етуімізге болмайды. Онда жер бетін тек тасбақалар ғана жайлар еді. Басқа  жан-жануарлардың  да  тіршілік  етуі  керек  емес  пе?  Олардың  ырзық-несібесін  тартып  алуға  ешқандай  қақымыз  жоқ.  Біз  бәріміз  таудай  болып жүрсек, бір күнде бір көлдің суын ішер едік; бір күнде мыңдаған аң-құсты азық етер едік; ормандарды отап, жердің тоз-тозын шығарар едік. Оның несі қызық? Тасбақа  емес, жалмауыз  атанар  ек.  Күллі  жан-жануарлар  мен  құстардың, өсімдіктердің көз жасы мен қарғысын арқалар едік. Жоқ, бізге ол қажет емес. Сондықтан  да  біз  тостағандай  болып  жүрміз.  Тас  сауытымыз  біздің  бар ашкөздігімізді, зұлымдығымыздытас қып ұстап тұрады. Тас сауыт осы үшін де керек. Түсіндің бе?

– Түсіндім…

– Жарайды ендеше. Балақай, айтпақшы, әлгінде баялыштың түбінен мені көргенде, неге есің кетіп қуандың?

– Тіліңіздің астынан мәриямшөпті көрдім…

– Оның неге қажеті бар саған?

– Керек… Атам айтқан. Ол – қасиетті шөп. Алтын шөп. Оған ие болған адамның ойлаған бар арманы орындалады.

– Солай ма? Мә, ендеше. – Тасбақа ала шұбар алдыңғы аяғымен тілінің астынан алақандай мәриямшөпті алып (әлгінде түймедей еді, ол да үлкейіп кетіпті), Бекетке ұсынды. Бекет қолын созды.

– Асықпа, алтын шөп ешқайда қашпайды, әуелі қандай арманың бар, соны айт.

Бекет  қапелімде  сасып  қалды.  Не дерін  білмеді.  Тілі  шықпаған  балаша түсініксіз бірдеңе деп былдырлады.

– Қаттырақ. Анығырақ айт, естімей тұрмын. Қап! Алтын шөпті дәл бұлайоңай табам деп ойлап па. Құрелес, қиял деп жүрсе… Әйтпесе армандарын тізіп жазып қояр еді ғой. Әшиінде арманы, қиялы көп сияқты болатын. Енді қырсықты қара. Біреуі аузына түссе, кәне… Бәрібір бірдеңе деу керек. Мұндай бақытты сәт екінші рет қайталанбайды. Бекет қатты састы…

– Сыныптағы ең озат оқушы болғым келеді…

– Осы да сөз бе екен? Бұл алтын шөпсіз-ақ өзіңнің де қолыңнан келеді. Сабақты жақсы оқы. Көңіліңе тоқи біл оқығаныңды. Мақсатың орындалады. Маған басқа, үлкен нәрсе айт.

Бекет тасбақа мәриямшөпті бермей қояды екен деп, қатты қорықты. Есіне велосипеді жоқ екені түсті.

– Әдемі қызыл велосипедім болса…

– Бұл да үлкен арман емес. Тағы не? Енді не деуі керек?

– Ауылдағы балалардың бәрінен күшті етсеңіз…

– Шынықсаң, күрестің әдіс-тәсілдерін үйренсең, онсыз да күшті боласың…Тасбақа қолындағы мәриямшөпті қайтадан тілінің астына апарып салды.

– Жоқ, балақай, көңілімнен шықпадың. Армандарың ұсақ-түйек екен. Оларға бола алтын шөпті қор қылуға болмайды. Мен сенен үлкен мақсат, үлкен талап күтіп едім… Бірақ үлкен арманың болса да, саған бұл қасиетті шөпті бермес ем…

– Неге?

– Сол. Себебі сенің жаның таза емес, мейірімсізсің…

– Неге олай дейсіз? Мен баламын ғой…

– Ал бала пәк, адал, кіршіксіз таза болуы керек.

– Мен не жамандық істедім?

– Не жамандық істедім дейсің бе? Онда тыңда, айтайын. Өткенде сонау жылқы  қорадан  бір  дорба  торғайдың  жұмыртқасын  жинап  алып,  бұлақтың басында пыршылдатып жарған кім?

Түу, қайдан біліп қойған? Дана десе, дана екен. Естімейтіні, білмейтіні жоқ. Рас, осыдан үш күн бұрын Ерқанат екеуі түстен кейін ауылдан екі шақырым жердегі  жылқы  қораға  барып,  қызық  үшін  қораның  қуыс-қолтығындағы торғайлардың ұясының астаң-кестеңін шығарып, ішіндегі бармақтай-бармақтай жұмыртқаларды түгел сыпырып-сиырып алып, бір дорбаға толтырып ауылға қайтқан еді. Сонда соңдарынан бір шөкім бұлт құсап зарлана шырылдап жүз шақты торғай ерді де отырды. Бәлкім, олар балалар жұмыртқаларды қайтадан ұяларына  апарып  салар  деп  ойлаған  шығар.  Бекет  пен  Ерқанат  өйтпеді. Бұлақтың басына кепмақтаныш ғып бір дорба жұмыртқаны балаларға көрсетті. Ұяларын бытшыт ғып, бейкүнә жұдырықтай торғайлардың жұмыртқаларын тонап  әкелгенін  құдды  ерлік  санағандай.  Содан  жұрттың  көзіне  көрсетіп, жұмыртқаларды тасқа ұрып, пырш-пырш жарды. Кейбіреулерінің ішінен кызыл балапандар көрінді… Бекет не деп жауап берерін білмеді.

– Мен ойнап…

– Ойнап дейді ғой. Сөзінің түрін!

– Дана Тасбақа қатты ашуланды.

– Сонда саған бейкүнә торғайлардың өмірі, тіршілігі ойын, ермек болғаны ма?! Жоқ, балақай, бұл ісің олар үшін зұлымдық, жауыздық болып саналады… Сен өзі Қызыл кітап дегеннің не екенін білесің бе?

– Білем…

– Білсең, онда былай деп жазылған: «1600 жылдан бері жер бетіндегі аңдар мен  құстардың  150  түрі  жоғалған.  Табиғаттың  мұндай  ойранға  ұшырауына негізінен  адамдардың  ойсыздығы,  зұлымдығы  себепші  болған.  Қазір могиканның соңғы тұяқтары іспетті Қызыл Кітапта аңдар мен құстардың 600 түрі  есепте  тұр…»  Адамдар  жан-жануарлар  түгілі,  өз  тұқымдарының  да тамырына  балта  шауып  жатыр.  Басқыншылардың,  жаулап  алушылардың қырғынынан Оңтүстік Америкада бір үндіс тайпасы тұтастай жоғалған. Қазір олардың бір кезде жер бетінде өмір сүргенін сол иен далада ағаштан ағашқа ұшып-қонып жүрген бір тоты құстан ғана білуге болады. Тоты құс сол тайпаның түсініксіз тілінде бірдеңелерді айтып жүреді. Міне, солай. Сенің бірнеше күннен бері тасбақаның мәриямшөбін іздеп жүргеніңді де мен жақсы білемін. Талай тасбақаны шалқасынан аударып, қаңсытып далаға тастап кеттің. Жазығы не олардың?  Аузында  мәриямшөп  болмағаны ма?  Мәриямшөп деген не өзі? Өздеріңнің жалқаулықтарың мен талапсыздықтарыңның орнын алтын шөппен толтырғыларың  келе  ме?  Бұл  болмайды.  Адам – жер  бетіндегі  ең  ақылды тіршілік  иесі.  Оған  мұндай  дәрменсіздік  жараспайды.  Осыны неге ұғынбайсыңдар?  Жер  бетіне,  тіршілік  атаулыға  қамқор  бола  алмайды екенсіңдер, онда Адам деген аттан бас тартыңдар. Табиғат басқаша шешім қабылдайды…  Мен қартайған шағымда  жанымды  бағып  жеті  қат  жердің астында  жатыр  едім,  кеше  сен  отқа  тастаған  тасбақаның  шырқыраған  үнін естігенімде, сай-сүйегім сырқырап, сосын амалсыз жер бетіне шықтым, бұл қандай  зұлым  екен,  бет-жүзін  көрейін  деп  ойладым.  Міне,  көріп  тұрмын. Бармақтай ғана бала екенсің. Сенің алтын шөпке ие болуға ешқандай хақың жоқ. Тасбақалар шежіресінде былай деп жазылған: «Жамандықпен жақсылыққа жетуге болмайды». Түсіндің бе?

– Түсіндім…

– Ендеше ешқандай әуре болма. Келген ізіңмен үйіңе қайт. Бұл сөзімді өзің секілді достарыңа да айт.

– Жарайды…

– Қош бол!

– Қош болыңыз!..

Сол-ақ  екен, көзді  ашып-жұмғанша  Дана  Тасбақа  бірте-бірте  кішірейіп, әдепкі тостағандай қалпына келіп, құмды бұрқылдата аспанға атып, жердің астына кіріп кетті…

Бекет  өң  мен  түстің  арасында  мең-зең  боп  отырды  да  қалды.  Түсінсе бұйырмасын. Қай жерде отыр өзі? Айналасына көз салды. Бәрі таныс. Үнсіз өркеш-өркеш құм төбелер. Биік аспан. Ауыл. Көгілдір көкжиек. Қызық. Әлгінде Дана Тасбақа шыққан баялыштың түбіне қарады. Түк болмағандай. Құмның үстінде көмескі жыбыр-жыбыр ізі ғана қалған. Бәлкім, ол тасбақа емес, шайтан шығар… Не болса да қатты ойландырды. Болған оқиғаны балаларға айтпаққа оқталды. Бірақ «Қой, – деп өзін тежеді. – Мазақ қылып жүрер». «Қорқақтың көзіне қос көрінеді» деген, Бекет баялыштың түбін сипалады. Шын ба, өтірік пе? Дана Тасбақа жердің астына кіріп кетті ме? Осы сәт оның көкірегіндегі осы сауалды естіп қойғандайтас төбесінде бір бозторғай тұрып ап: «Шиқ-шиқ! Рас! Рас!» – деп шырқап қоя берді.

Құдды бір шеруге шыққандай: ақ төбенің баурайында бес-алты тасбақа өріп барады.  Асықпайды.  Ештеңеден  қорықпайды.  Бекет  мәриямшөп  іздеп  тұра жүгірмеді. Дана Тасбақа біліп қойса…

Добавить комментарий