Хайуанаттар әлемінде
Белдеудегі қоңызым
Зоопарктің доңызын
Жарып кетті, масқара!
Айта көрме басқаға.
Қоян атты туысым
Бәле болды, құрысын!
Қасқыр деген көкжалдың
Бітіріпті «жұмысын».
Одан сайын есірді,
Жеп тауысты кешірді.
Оныменен тынбады,
Жолбарыстан қыңбады.
Аюдайын алыпты
Сұлатып-ақ салыпты.
Жауша тиді аңдарға,
Түйе, жылқы малдарға.
Қарға битіне секірді,
Бүркітке де жекірді.
Ителгі, сұңқар, лашынды
Бір бүктеді, басынды.
Қанатын бір қаққанда,
Бір-ақ шықты аспанға.
Қыраннан да жоғары
Өрлеп ұшып барады.
Шырқап биік кетті де,
Ақша бұлтқа жетті де;
Жайғасып бір отырды,
Екіленіп, құтырды.
Сауысқандай сабазың
Тұрымтайды сабасын!
Телеграф болды тоқылдақ,
Күні-түні тоқылдап.
Мысық болды мүсінші,
Тышқан болды пішуші.
Қорқып одан мысекең,
Бастық болды тышекең.
Маймыл болды биолог,
Балық болды геолог.
Кіп-кішкентай сары маса
Қарқылдады қарғаша.
Құмырсқа «жалқау» атанды,
«Батыр» деді бақаңды.
Ешкіемер боп егінші,
Тауық болды тігінші.
Ақбөкендей жүйрікті
Тасбақа қуып жетіпті.
Бойы сондай ұзарып,
Жирафтан асып кетіпті.
Борсықтайын семізің
Жүзік көзінен өтіпті.
Есек пен ешкі дос болып,
Мектепке келіп, оқыпты.
Түлкі мырза елікті
Күймесіне жегіпті.
Арыстанды айқаста
Быт-шыт қылып жеңіпті.
Сахарадай шөліңе
Су құймай гүл егіпті.
Шөлге өсірген алма ағаш
Жылда жеміс беріпті.
Сексеуілдей бұта да
Шырша-түске еніпті.
Тасқа жайып тамырын,
Миуасын жерге төгіпті.
Дәулеті сөйтіп тасыпты,
Ерлігі жаннан асыпты.
Түлкінің аты естілсе,
Барысқа дейін қашыпты.
Бүркіт деген қыраның
Жер астындағы ұраның
Ішінде өмір сүріпті,
Көртышқан оған күліпті.
Айтпақшы, осы көртышқан
Жер бетінде жүріпті.
Қыран жүрер қияда
Тіршілік етіп тұрыпты.
Балық судан шығыпты,
«Құм жақсы» деп ұғыпты.
Аққу құс пен қаз-үйрек
Аспанға қарап ұлыпты.
Зебраны зіңгіттей
Тарақан келіп ұрыпты.
Шегірткелер шелтеңдеп,
Піл де қорқып, бұғыпты.
Теңіз, өзен, көлдерге
Жүретұғын шөлдерде
Кесіртке келіп түсіпті,
Мұхит суын ішіпті.
Жерде жүрер жыланың
Жоғарыға ұшыпты.
Шөлде жүрер құланың
Ол да суға түсіпті.
Мамонт қорқып маймылдан,
Жүрегі жарылып өліпті.
Терісін тон қып кигендер
Африкада тоңыпты.
Қолтырауын деген дәуіңіз
Қуарған гүлдей солыпты…
Ерте, ерте, ертеде
Осындай ғажап болыпты.
Р.Қосбармақтың «Жалқаудың жазасы» кітабынан (Алматы, «Үш қиян», 2024 жыл) алынды.