Ержан бөлмесіндегі киім ілетін шкафтың ішіне кірді. Аяғының тықырын да сездірген жоқ, есіктің сықырын да естірткен жоқ. Осылай ата-анасынан жасырынып, телефон шұқылайтын жақсы амал тапты. Оның бұлай тығылып жүргеніне үш күн болды. Қараңғы шкафтың ішінде түрлі интернет ойындарын құмары қанғанша ойнайды. Телефонның қуаты таусылғанда ғана сыртқа шығады. Жақсы-жақсы жаңа ойындарды жүктеп алып, қызыққа батады. Өзі бұған аса риза. Көңілі көтеріңкі.
Соның әсерімен мектепке желпініп келді. Ешкімнің де ештеңені сезбегеніне қуанып жүр. Бірақ мұғалімі мен Жандостың мазасыз екенін аңғарды.
Соңғы сабақ аяқталар кезде мұғалім:
– Шуламай отырыңдар! Қазір келемін!, – деп сыртқа шығып кетті. Сәлден соң Жандостың анасын ертіп, сыныпқа қайта кірді.
– Балалар! Қанша рет ескертіп айттым. Мектепке ұялы телефон алып келуге болмайды. Сабақ оқисыңдар ма, әлде телефонмен ойнайсыңдар ма?! Айтыңдаршы!, – деді мұғалім. Балалардың ешбірі үн шығарған жоқ. Қыбыр етпей отырған балаларды көзбен бір шолып шыққан мұғалім Жандосты қасына шақырды.
– Біздің Жандос телефонын жоғалтып алыпты. Үш күн бұрын мектепке ұстап келген екен. Қайда тастап кеткенін өзі де білмейді. Сендер көрдіңдер ме?, – деді мұғалім.
Оқушылар тым-тырыс.
Жандостың анасы сол сәтте ұлына бір, мұғалімге бір қарап:
– Мүмкін баламның телефонын біреу ұрлап алған шығар? Балалардың сөмкесін тексеру керек, – деді дауысы қатқылданып.
Сонда ғана Ержанның бойын қорқыныш биледі.
– Кешіріңіз, Жандос бұл туралы маған бүгін айтты. Шұғыл іске кірісеміз, – деді мұғалім.
– Мектептің бейнекамерасын қараңыз. Ұрыны тауып, шара қолданыңыз! Телефонды тауып бермесеңіз, мен полицияға арыз жазамын! Ұры жазалануы керек!, – деп ұлын жетектеп шығып кетті. Оқушылардың да, сынып жетекшінің де көңіл күйі түсіп қалды.
Ержан үш күн бұрын мектеп кітапханасында Жандостың сөмкесі ашық тұрғанын көрген еді. Жарқ-жұрқ еткен қаптамасы жалт-жұлт етіп көзге бірден түсті. «Өрмекші адамның» суреті салынған қаптама қандай әдемі. Телефон да сондай тартымды екен. Ержанның жеке телефоны жоқ еді. Жандостың телефонына қатты қызыққаны сондай, бір күн ғана ұстап, қайтарып берем деп ойлады. Содан бері қараңғы шкафқа тығылып ойнап жүр. Бірақ қызығушылығы әлі басылған жоқ.
Жандостың анасының «Ұры!» деп айтқаны құлағында әлі сайрап тұр. Ержан ойыннан от шыққанын білді. Ұрлықшымын деп ойлаған жоқ еді. Енді өзін шын ұры сезінді. Досының жеке затын рұқсатсыз алғанына өкінді. Әкесі үнемі айтып отыратын «Ұрлық істеме! Өтірік айтпа!» деген сөздер ойына келді.
Қоңырау соғылды. Мұғалім балаларға үй тапсырмасын мұқият орындап келуін тапсырып, шығарып салды. Бірақ Ержан орнынан қозғалған жоқ.
– Мұғалім!, – деді ол балалар түгел сыртқа шыққан соң. – Кешіріңізші мені! Мен әдейі істеген жоқпын.
– Ержан, сен не туралы айтып тұрсың?
– Жандостың телефонын мен алдым, – деп сөмкесінен телефонды алып шықты да, мұғалімге жақындады. – Кішкене ойнап, қайтарып берем деп ойладым.
Мұғалімі Ержанды кінәлаған жоқ.
– Сен нағыз азамат екенсің! Өз қателігіңді мойындап, кешірім сұрадың, – деді мұғалім дауысын жарқын шығарып. Телефонның табылғанына қуанып тұрғаны үнінен аңғарылады. Ержан мұғалімін құшақтап алды. – «Енді ұрлық жасамаймын!» деп уәде бер, – деді мұғалім.
– Ешқашан ұрламаймын!, – деді Ержан. Оның да үні саңқ етті. – Сіз де «Ешкімге айтпаймын» деп уәде беріңізші. Мен бұл қылығыма ұяламын!
– Уәде беремін!, – деді мұғалім. Сосын Ержанның құлағына бірдеңе деп сыбырлады. Екеуі де жылы жымиды. Оқушы өз үйіне, мұғалім телефонды алып, Жандостың үйіне кетті.
***
Мұғалім оқушысының үйіне барып, жоғалған заттың табылғанын айтқанда Жандос та, анасы да қатты қуанды.
– Жандостың телефонын Ержан тауып алды. Кітапханадағы кітап сөресінде қалыпты, – деді мұғалім. Әрине өтірік айтуға болмайтынын ол жақсы біледі. Бірақ, Жандос пен оның ата-анасы ешкімге ренжімеу үшін солай істеді. Оқушысы «Ұрлықшы» деген ат алса, ешкімге де жақсы болмайтынын біледі.
Сол сәтте Жандос:
– Анашым, есіме түсті. Кітапханаға жаңа кітаптар келіп, соларды оқуға барғанмын, – деді.
Оқушысына араша болу үшін өтірік айтқан мұғалім бұл іске нүкте қоюды ойлады. Оқушысы ағаттық жасаса да, өз қателігін мойындады. Сондықтан оны да қуантқысы келді.
– Жандос, енді екеуіміз Ержанды марапаттайық, – деді мұғалім.
– Қалай?, – деп Жандос ойланып қалды…
***
Арада бірнеше күн өтті. Ержан бөлмесінде кітап оқып отырған еді. Есіктің қоңырауы шырылдағанын естіді. Артынша өте таныс дауыстар шықты. Өз-құлағына өзі сенбей, бөлмесінен атып шыққан Ержан мұғалімі мен сыныптастарын көріп, сілейіп тұрып қалды.
– Ержан, біз саған тосынсый жасау үшін келдік. Бізді бөлмеңе кіргізесің бе?, – деді мұғалім.
– Әрине, – Ержан достарын бастай жөнелді.
Сынып жетекші өткенде Жандосқа «Мен Ержанға өз ақшама телефон сатып әперемін. Сен оны сыйлайсың!» деген болатын. Осы міндетті орындау үшін жиналып келген беттері – осы. Жинақы, таза бөлмеге енгеннен кейін мұғалім:
– Көзіңді жұм, – деді. Ержан көзін қос алақанымен басты. – Енді аш!
Ержанның көзі бақырайып, ауызы ашылып қалды. Жандос қолына су жаңа телефон ұстап тұр.
– Бұл саған сыйлық! Менің телефонымды тауып бергенің үшін!, – деді ол.
– Шыншылдығы мен әділдігі үшін Ержан бағалы сыйлықпен марапатталады!, – деді мұғалім салтанатты дауыспен.
Сыныптастар қол соғып, қуанысып, құшақтаса кетті. Балалардың мәз-мейрам болғанын сырттай бақылап тұрған Ержанның анасы:
– Жүріңіздер, дастарханға жайғасайық! Сыйлық алғанымызды жақсылап атап өтейік, – деді.
Балалар тәтті-дәмдіге толы дастарханға қарай жүгіре кетті.
Осылайша мұғалімнің өтірік айтуына тура келді. Онысы дұрыс па, қате ме?! Оған аса мән берген жоқ. Ең бастысы сыныптағы келеңсіздік бейбіт жолмен шешілді…
Енді Ержан шкафтың ішіне тығылып алып телефон ойнамайды. Тек ата-анасы рұқсат еткенде ғана уақыт бөледі.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.