Республика күнінің қарсаңында «Халықаралық Қазақ тілі қоғамы» Павлодар облыстық филиалының қолдауымен балаларға арналған облыстық «Балауса әлем» прозалық шығармалар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.

Байқауды Қазақстан Жазушылар Одағының Павлодар облысындағы өкілдігі жанынан құрылған «LEP» әдеби бірлестігі ұйымдастырды.

Шығармашылық сайыс мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылу аясын кеңейту; Павлодар өңірінде балалар әдебиетінің дамуына үлес қосу, жаңа шығармалардың жазылуына сеп болу; жаңа авторлар табу және балалар әдебиетін насихаттау мақсатын ұстанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір айға жуық уақытта Павлодар облысы аумағында тұратын 45 жасқа дейінгі қаламгерлер 5-10 жас аралығындағы балаларға арналған прозалық шығармалар – әңгіме, ертегі, шағын сахналық қойылым жазған. Барлығы 25 шығарма келіп түскен.

Байқауға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғабит Сапаров, Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, балалар әдебиет зерттеуші Бақытгүл Қапасова, «Aiqara.kz» әдеби порталының бас редакторы Асыл Әбіш қазылық етті.

Марапаттау рәсімінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «LEP» әдеби бірлестігінің төрағасы Бейбіт Бөжен сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығы мен бүгінгі қоғамға тигізер пайдасы туралы айтып өтті.

Байқау қорытындысында «Кішкентайлардың үлкен ертегісі» топтамасы үшін бірінші орынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алпысбай Хонж еншіледі.

Шығармаға пікір:

«Бұл топтамада берілген төрт әңгіме де бүгінгі реализмді айқын бедерлейді. Ғаламтор салтанат құрған қазіргідей кезеңде кітаптың құдіреті пәс қалды деген ойдағы жандардың қателесетінін әр кезде айтып-ақ жүрміз. Бұл әңгіме осы мәселені барынша айқындап жеткізуге тырысқан. Ал, тіл мәселесі – өткір бағыт. Тұтастай алғанда, топтамадағы әр әңгіме қоғамдағы шетін мәселелерді алға шығарып тұр. Ой салып, астарлап сөз айтып тұр. Әңгімелердегі кейіпкерлер арасындағы диалогтар да ұтқыр келтірілген. Әрбірі – түсіне, ұғына білген балаға тағылым, тәрбие, ой салаларлық тәлім», – дейді Асыл Әбіш.

Екінші орынды «Сары автобус» әңгімесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралған иеленді.

Шығармаға пікір:

«Сары автобус» шығармасының жүрек елжіретер, терең ойы және тәрбиелік мағынасы мол. Автор бұл туындыда достық, мейірім, қамқорлық және ескі мен жаңаның үндестігі сияқты құндылықтарды жеткізеді.

Ескі сары автобус пен иесіз күшік Ақмоншақ екеуінің кездейсоқ таныстығы үлкен достыққа ұласады. Сюжет барысында автор жалғыздық, ескі заттарға деген немқұрайлылық пен адамдардың ұмытшақтығы мәселесін көтеріп, сонымен қатар жанашырлық пен қамқорлықтың күші арқылы бәрін қайта тірілтуге болатынын көрсетеді.

Мұнда адамдық қасиеттердің көрінісі көп сипатталады. Автобустың мейірімділігі, күшіктің адалдығы, мысық пен көгершіннің қамқорлығы, ал балалардың соңғы өзгерісі – бәрі де жиынтық тұрғыда адамдарды қалай тәрбиелейтініне дәлел.

Бұл шығарманы балаларға ғана емес, ересектерге де арналған жүрек жылытатын туынды деп едім», – дейді Асыл Әбіш.

Үшінші орынға «Мәдидің каникулдағы күнделігі» әңгімесі үшін айтыскер ақын, халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі Абзал Қабдраш лайық деп танылды.

Шығармаға пікір:

«Мәдидің каникулдағы күндері» – ерекше тағылыммен өрілген әңгіме. Шығарманың тәрбиелік құндылығы өте жақсы. Ата мен бала арасындағы диалог арқылы ұлттық құндылықтарға қатысты таным-түсініктер балаға ұғынықты тілде бедерленген. Бұл шығарма әдістемелік нұсқаулық қызметін де атқара алатындығымен ерекшеленеді. Автор көпшілік білуге тиіс, өкінішке қарай, ұмытылып бара жатқан ұғымдарға қайта жан бітіргендей әсер қалдырды», – дейді Асыл Әбіш.

Сонымен бірге төрт қатысушыға арнайы жүлде табысталды. Мұзафар Әлімбаев атындағы жүлде «Гүл тере барғанда» әңгімесі үшін Екібастұз қаласы №16 сәбилер бақшасының қазақ тілі пәнінің оқытушысы Самал Сәрсенбековаға, Мүбәрак Жаманбалинов атындағы жүлде «Балақай мен қанатты құлыншақ хикаясы» топтамасы үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабділәшімге, Есентай Ерботин атындағы жүлде «Балалық шақтың сиқыры» ертегісі үшін Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Амина Хамелбайқызына, Сүлеймен Баязитов атындағы жүлде «Орман батыры» әңгімесі үшін М.Катаев атындағы Оқушылар сарайы басшысының орынбасары Жақсыбек Шанышқылыға бұйырды.

Марапаттау барысында ең жас қатысушы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Бейбарыс Ертісбайға сыйлық сертификаты ұсынылды. Ал, балалар жазушысы, аудармашы Серік Сатыбалдинге құрмет көрсетілді.

Марапаттау рәсімінде «Майра» мектебінің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Салтанат Қисатова мен шәкірті Ақнұр Айтбай, К.Кенжетаев атындағы Мойылды ауылдық мәдениет үйінің «Назқоңыр» дәстүрлі ән үйірмесінің шәкірттері Нұрислам Хавалхан мен Алмас Манат өнер көрсетті.

Добавить комментарий