«Aiqara.kz» порталының балғын оқырмандарына белгілі ақын Мирас Асанның «Алаш қайраткерлерін балаларға таныстыру» топтамасын ұсынамыз.

Кіріспе

Алаш деген кім?, –  дедің,

Мұны дұрыс білгенің,

Алаш деген – ол сенің,

Түп-тамырың, діңгегің.

 

Алаш деген – айбының,

Тілің, ділің, байлығың.

Қасиетін бұл сөздің,

Терең түсін, әй, күнім.

 

Алаш – тарих арнасы,

Алаш – көне жол басы.

Алаш – деген Көк түрік,

Сақ пен Ғұнның жалғасы.

 

Алаш – сенің ұраның,

Жүректегі жыр-әнің.

Білгің келген Алашты,

Ұнай түсті сұрағың.

 

– Мен Алаштың ұлымен,

Мен Алашпын, ірімін, –

Деп ер жетер бала бол,

Сөздерімді шын ұғын.

 

Осы сөздің қадірін,

Балам, терең танығын.

Алаш деген – бай тарих,

Тәрбие мен тағылым.

 

Әлихан

Арғымақтың жалында,

Атан түйе қомында,

Құрбан болды көп ұлдар,

Алты Алаштың жолында.

 

Ойға мықтап сақта дәл,

Алаш деген атқа адал,

Сол ұлдардың ерлігін,

Көкейіңе жаттап ал.

 

Қайтпай жаудан меселі,

Еткені ісі еселі,

Атаң сенің Әлихан –

Алты Алаштың көсемі.

 

Асқазаным, ұртым деп,

Өтпеді олар құлқын деп.

Өтіпті ер Әлихан,

Ұлтым, ұлтым, ұлтым деп.

 

Алашым деп от кешкен,

Өр кеудесін оқ тескен.

Өле-өлгенше тік тұрып,

Ата жаумен кектескен.

 

Сен нақты арман, үмітке,

Ерме теріс үгітке.

Ұлтқа қызмет қылмаққа,

Мінез керек жігітке.

 

Қиындыққа орнаған,

Иілген жоқ өр бабаң.

Сен де ұлтқа қызмет ет,

Әлихандай бол, балам.

 

Ахмет

Терең ойлы, салмақты,

Ұлт ұстазы – Ахмет.

Бұл есімді ардақты,

Жүрегіңе жақын ет.

 

Қорғап жыр мен ән-күйді,

Ұлтқа әперді үлесті.

Ел үшін деп жан қиды,

Тіл үшін деп күресті.

 

Көргендері азап тек,

Қарсы тұрды күшті оққа.

Газет ашты «Қазақ» деп,

Қазақ деп сан түсті отқа.

 

Өнері асқан жандар ғой,

Талғамдары жоғары.

«Аққұм» деген ән бар ғой,

Ахметтің ол әні.

 

Мұратыңа жетуде,

Мінезді бол, орнықты.

Ұлтқа қызмет етуде,

Ахметтей бол мықты.

 

Мағжан

Мағжан ақын, сөзі – үміт,

Рухы – «Батыр Баяннан».

Алашым деп көз іліп,

Алашым деп оянған.

 

Сыршыл сезім иесі,

Жанын тағдыр жүдетті.

Ұлы Тұран – киесі,

Түркістанды жыр етті.

 

Желкеніндей кеменің,

Жанын елге тосатын.

Мен жастарға сенемін,

Деген ақын – осы ақын.

 

Болсын десең ел аман,

Шықсын десең оң атың.

Ұлттың қамын же, балам,

Мағжандай бол ақын.

 

Міржақып

«Оян, қазақ!» деген кім,

Ол – алашшыл  Міржақып.

Қорғаушысы боп елдің,

Туу деген – шын бақыт.

 

Қалды артында көп мұра,

Нағыз тұлға лайықты.

«Халық жауы» деп кінә,

Қалай таққан айыпты?

 

Сол Міржақып, қоғамның,

Үнін ұққан, табанды ер.

Ең алғашқы романның,

Бірін жазған қаламгер.

 

Алашым деп аһ ұрып,

Ұлттың қамы мазалап.

Бірлікке елді шақырып,

Өтіпті асыл азамат.

 

Сен де елді қорғайсың,

Мұратыңды шын бекіт.

Өссең, жаман болмайсың,

Міржақыпты үлгі етіп.

 

Жүсіпбек

Ел деп отқа түсіп көп,

Өтіпті ерлер Алашта.

Соның бірі – Жүсіпбек,

Ұлт деп кірген таласқа.

 

Ойлай алған сындарлы,

Һас жазушы, айбатты ер.

«Абай» деген журналды,

Алғаш ашқан қайраткер.

 

Ол жазушы – ең керім,

Зерттесеңдер дерек көп.

«Психология» еңбегін,

Жазыпты елге керек деп.

 

Жүрек ұлт деп соғуға,

Білім жина пайдаңа.

Жүсіпбектей болуға,

Талпын, талпын, әй, бала.

 

Бейімбет

Бейімбетті білесің,

Әңгіменің шебері.

Алаш үшін күресін,

Тоқтатпаған ер еді.

 

Өтті өмірден жұлқынбай,

Сөзден сарай тұрғызып.

Кейіпкері Мырқымбай,

Оқысаңдар, бір қызық.

 

Аштық жайлы жазғаны,

Тура шындық, рас бәрі.

Заман зарын қозғады,

Өтірік сөз қоспады.

 

Алты Алашым – анам деп,

Бойына рух дарыған.

Бейімбеттей болам деп,

Өсу керек әр ұлан.

 

Сұлтанмахмұт

Сұлтанмахмұт дегенде,

Алаш еске түседі.

Кие, рухы өлеңде,

Қанат қаққан құс еді.

 

Қараңғылық көгіне,

Шықты өрмелеп, болып Күн.

Қорған болды еліне,

Сарбазындай жорықтың.

 

Таны, Алаштың арысын,

Қиядағы қыран үн.

Қайрап ұлттың намысын,

Жазды Алаштың ұранын.

 

Ең шұрайлы бай тілін,

Тартып тұнық тереңнен.

«Қамар сұлу» дейтұғын,

Роман жазды өлеңмен.

 

Алғыр, батыр, зиятты,

Түсіп асау арнаға.

Сұлтанмахмұт сияқты,

Болу керек әр бала.

 

Ілияс

Алаш деген – бай ұғым,

Бәрі сонда ғажаптың.

Танисың ба, шайырын,

Ілиясын қазақтың.

 

Қара аспандай күркіреп,

Қасиетті қаламы,

Тау суындай дүркіреп,

Құлагерше шабады.

 

Сыймайтын тар аяға,

Рухы асқақ аса тым.

«Күй», «Күйші» деп поэма,

Жазған ақын – осы ақын.

 

Қалдырып сөз татымды,

Жаудан ығып, қашпаған.

Ілиястай ақынды,

Үлгі тұтып өс, балам.

 

Шәкәрім

Шәкәрімді біл, таны,

Ойы шалқар көл айдын.

Сұлу сөздің сұлтаны,

Ізбасары Абайдың.

 

Таң қалдырып жырымен,

Бұрмай шындық, деректі.

Жаңа заман үнімен,

Жырлады «Еңлік-Кебекті».

 

Тілін, ділін қорғады,

Дінді терең таныды.

Оның мықты болмағы,

Алаш – түпкі тамыры.

 

Ойла ұлтты, елдікті,

Алаш – мәңгі Отаның.

Болам десең сен мықты,

Үлгің болсын Шәкәрім.

 

Мұхтар

Алашорда – тіреуі,

Бәрі мықты шетінен.

Мұхтар – соның біреуі,

Берілмеске бекіген.

 

Шұрайлы, бай бар тілі,

Қазақ деген халықты,

«Абай жолы» арқылы,

Адамзатқа танытты.

 

Айтар қыры әлі көп,

Өте әдемі, көрікті,

Сөйлегенде «Пәлі!» деп,

Тамсанатын болыпты.

 

Алаш – Отан, ұққанға,

Ұлт деп көзден жас тамсын.

Елге қызмет, Мұхтарға,

Еліктеуден басталсын.

 

Түйін

Міне, Алаштың ұлдары,

Шеттерінен мықты ерен.

Көк түркінің ұрпағы,

Тізелерін бүкпеген.

 

Айтылмаған әлі де,

Алаштың көп ұлдары.

Сәкен, Тұрар, Әміре –

Бір-бір қылыш қындағы.

 

Болсын жарық Ай, Күнің,

Самға көкте, қыраным.

Алаш деген – айбының,

Жүректегі – тұмарың.

 

Жарық шұғыла шаш алға,

Ізін жалға ірінің.

Алаш туын қашанда,

Биік ұста, құлыным.

 

(Суретші Қалқазбек Әжібековтің туындысы пайдаланылды)

Добавить комментарий