
– Стримнің бірінші күні! Достар, сәлем! Жазғы демалысты қалай өткізуді білмей, сіздерге арнап видеоблог жүргіземін деп шештім. Таныс болайық! Менің атым – Супер Стриммер Тілектес. Әрине, йехудиге тән есім емес, бірақ анамның айтуынша, олар мені тілеп алған екен. Сол себепті шығар, мен әр нәрсеге сенгім келеді: ағаш сөйлейді, құстар сыр айтады, жаңбырдың да өз әңгімесі бар. Тоқтаңыздар, мен қияли емеспін. Жай әсерлеу үшін айтып жатырмын ғой.
О, жаңа тіркелуші! Бірден блок! Ол менің сыныптағы қас жауым, Иордан екен. Ол менің махаббатыма көзін сүзіп, ортамызға шөгір секілді кіргісі келеді. Ой, кешіресіздер! Мен тақырыптан сәл ауытқып кеттім.
Мен биыл бұйырса үшінші сыныпқа көшем. Қуанышты болып естілгенмен, жыл соңында ұстазымыздың «Жазғы демалыс кезінде көрген, ең үлкен ағаш жайлы шығарма жазып алып келіңдер» деген сөзі, сәл қынжылтады. Себебі, бұл жылы әке-шешем қайда баратындығын біле бермеймін. Жарайды, олар барса баратын шығар, бірақ мені өздерімен бірге алып бара ма деген мәселе?! Бұл мәселе түйіні шешілмесе, ауламыздағы жалғыз қарағаш жайлы шығарма жазамын ба?! Ол тым жұпыны. Үлкен ағаш туралы жазу үшін үлкен орман керек қой, иә?
Одан бөлек, Иордан тағы да керемет елдерге саяхаттап, ең үлкен ағаш жайлы шығарма жазып келсе ше?! Өлгенім сол шығар. Не де болса, анамның «Балам заттарыңды жина, демалысқа барамыз», – деген сөзін күтейін. Иә, Ием, анашымның ауызына алып ағаштары бар жерге барамыз деген сөзді сала көрші.
О, олар ас бөлмесіне кірді. Қазір супер шпион режимін қосып, есіктің саңлауына құлағымды тосайын. Қазір, олардың сөздерін сіздерге жеткізіп отырамын! Арнадан алыстамаңыздар!
– Ермек атаның ұлы телефон соқты. Атам, сексен жасқа толады екен. Соған той жасаймыз дейді, – деді әкем. Ием, мені есіткен сияқты! Қандай ғажап, анам не деп жауап береді екен?! Қане, барамыз деп айтшы!
– Онда, баруымыз керек. Онсыз да шаруа деп жүріп, ол жерге бармағанымызға бес жылдай болып қалыпты!, – деді анам! Не деген әлемде теңдесі жоқ алтын ана! Жарайсың! Енді «балам, заттарыңды дайында», – деп айтса, болды. Мен сапарға дайынмын.
– Дұрыс айтасың… – деді тағы әкем маған қызығы жоқ сөздерді айтып жатыр. Қандай жалықтырарлық! Маған керек сөзді айтыңдаршы, басқасы керек емес. Әлемдегі ең үлкен орманға барып, ең үлкен ағаш жайлы жазып Иорданның жеңілгенін сезген түрін көру менің жаныма бал ғой. Қане… Бір… Екі… Үш…
– Балам! Сөмкеңді жинастыра бер! Ертеңге билет бар екен!, – дейді анам. Иес! Иес! Иес! Иә, Жаратушым, өзіңе тәубә! Саған үлкен THANK YOU!!! I love YOU!!! Бір… бір… екі… екі… ештеңе білмейтін түр жасаймыз.
– Анашым! Біз қайда барамыз?!
– Қазақстанға, – деді анам. Атының өзі қандай ұзын, демек ол жерде үлкен ағаштар болу керек.
– Ол жерде орман бар ма?
– Иә, балам, Шалдай орманы бар!
– Достар сіздерге өтірік, маған шын! Дәл қазір менің жүрегім кеудемнен секіріп кетеді. Міне, ең үлкен ағаш сонда! Қара да тұр, Иордан, бұл жолы да Ринаны сен емес, мен таң қалдырам!
Достар, назарларыңызға рахмет. Мен сөмкемді жинайын!
***
– Стримнің екінші күні. Хэй, достар! Сіздермен тағы да мен, супер стриммер Тілектес! Сіздерге ұшақтағы сезімімді айтып берейін.
Ұзақ жол… немесе қалай айтады? Ұзақ аспан! Ұшақтың терезесінен төменге қарадым. Бұлттар үлпілдек мақта сияқты.
Достар, біз Арбаиген деген ауылға бара жатырмыз. Үлкен орманның шеті көрінді. Көліктің терезесінен кірген қарағай шайырының иісі танауымды керіп барады. Тура, осы жерде болған сияқтымын, өте таныс. Иісінің өзі қандай ғажап! О, ауылға жеттік! Ананы қараңыздар, ақ сақалы бар Аяз атаның інісі бізді күтіп тұр. Жатқа білетін тақпақтарды еске алу керек!
***
– О, Тілектес! Үлкен азамат болыпсың ғой, – деп, бетімнен сүйіп алды. Бірақ, мен оны танымадым. Орман терезеден көрініп тұрғанымен. «Орманға ертең барамыз» деді анам. Келгенімізге төрт-бес сағат болда. Ал үлкендер әлі шай ішіп отыр. А, ұмытып барады екенмін. Бұл жерде маған атап үлкен жылқы өсіріп жатыр екен. Көрсеңіздер, іштеріңіз күйеді-ау!
– Тілектес, балам!
– Мені анам шақырып жатыр. Кешкі астың уақыты болды ғой. Барайын. Сағынбаңыздар, арнаға көп ұзамай қайта қосыламын!
***
– Стримнің үшінші күні. Қайырлы таң, достар! Әке-шешеммен бірге Келдіқыз алаңына келдік. Айнала – орман. Тып-тыныш. Құстар ғана сөйлейді.
А, мен сіздерге қазір бір қызықты факт айтайын! Анау кесенені көріп тұрсыз ба?! Ол Қабдылуахит Хазіретінің кесенесі екен. Әке мен анам осы жерге келіп мені тілеп алған екен! Сол себепті де йехуди баласының аты қазақша болып кеткен шығар?!
…Біз неге екенін білмеймін, көлікте өзімізбен бірге қой алып келдік. Бәлкім, оған қарағай қалқаншаларын беріп бағатын шығар. Үлкен қой, мүйізі де бар!
Айтпақшы, сіздерге сөйлеп тұрғанда, келген себебімді ұмытып барады екенмін. Міне, мен іздеген орман! Аралап көреміз бе?! Дайын болсаңыздар, кеттік! Әне, анам мен әкем де кесенеден шықты. Қызық, анамның басында орамал, әкемнің басында оюланған тақия!
– Әкешім, анашым, мен ана жаққа барып келем!
– Алысқа барма, орманда адасып кетуің мүмкін.
Мен басымды изедім. Өздеріңіз көрдіңіздер! Шытырман уақиға, мені күт!
Достар, сіздер білсеңіздер ғой, мына қарағай орманының иісі – балдай. Аяғымның астында жұп-жұмсақ мүк.
– Сен кімсің, балақай?
– Достар, сіздер де естідіңіздер ме?! …Ой, батарейкаңды сенің! Кеше ойын ойнай бермей, телефонымды қуаттап алуым керек еді!
***
Әкемнің диктофонын қалтама сала салғаным қандай жақсы болған. Әйтпесе, алып ағаш жайлы ақпаратты қайда жазатын едім… Бір… Бір…
– Сен кімсің балақай?
– Мен… Тілектеспін, өзің кімсің?!
– Ал мен – осы орманның балапан қарағайымын. Сені қайта көргеніме қуаныштымын. Қайдан жүрсің?!
Ағаш сөйлейді, құстар сыр айтады, жаңбырдың да өз әңгімесі бар. Қорықпа! Бір… бір…
– Мен ең үлкен ағашты іздеп жүрмін!
– Ә-ә… Онда сол жолмен жүре берсең бірінші әкемді, одан әрі атамды, сосын бабамды көресің. Бәлкім, іздегенің сол болар?
– Рахмет саған… «Қарағайшық көрсеткен бағытқа қарай бара берейін» деп, өзімді көндірдім. Рина, бәрі сен үшін!
Орман іші барған сайын қоюланып бара жатыр. Әр адым сайын жаңа иіс, жаңа дыбыс, жаңа тыныс сезіледі.
– Әй, балақай…
Сыбдырлаған үнге жалт қарасам, жуан діңі бар ағаш тұр. Қабығы түсе бастаған, тамырлары жерді құшақтаған. Шошығанымнан:
– Сен кімсің?, – деп айғайлап жібердім.
– Мен мына ормандағы орта жастағы қарағайымын.
– Онда, сізге сәлем беруге келдім. Мен ең үлкен ағашты іздеп жүрмін.
Салтанатты дауыспен. Ағаштың бұтақтары сәл қозғалып, бір демдей ызың естілді.
– Үлкен болу оңай емес, балақай. Үлкен ағаш болу үшін жүздеген жел мен қысты көру керек.
– Сонда сіз ең үлкен емессіз бе?
– Жоқ, мен әлі де біреудің баласымын, сол жолмен жүре берсең менің әкем тұр. Ол менен де биік, менен де данагөй.
– Рахмет сізге. Көріскенше!
Мен қоштасып, тағы жүріп кеттім. Кенет алыстан гүріл естілді. Аспандағы бұлттардың арасы ашылып, жарық төгілді. Сол жарықтың астында алып қарағай көрінді. Мен жүгіріп барып, иіліп сәлем бердім.
– Сәлем, балақай!
– Мен сізді іздеп келдім. Барлығы ең үлкен ағаш деп сізді көрсетті.
– Үлкен болу – бәрінен жуан болу емес. Аспанға қол созуым, менің ғана жеңісім емес.
– Сонда сіз де ең үлкен емессіз бе?
– Жоқ, балам. Менен де үлкен, менен де батыр ағаш бар. Біз бәріміз сол бір ағаштың арқасында өсіп келеміз.
– Батыр ағаш дейсіз бе?
– Иә, батыр ағаш. Бір жылдары орманды найзағай оты шарпыды. От жан-жаққа тарады. Бәріміз өртеніп кетеміз деген ойдан қара терге шомылып тұрғанда, орманның мүйіз қарағайы оттың аузын өз денесімен жапты. Өрт оны жалмауға қанша тырысса да, бой бермеді. Ақыры батыр ағаштың арқасында біз аман қалдық.
– Ол қазір қайда?
– Бастапқы келген жағыңда.
Мен көзіммен ағаш көрсеткен жаққа қарадым. Сол бағытта аспан жарық, бірақ бір нүктеде қою көлеңке бар сияқты көрінді. Баба ағашқа рахметімді айтып, орман батырын көруге асығып барамын.
– Бар, балам. Сен іздеп жүрген ең үлкен, ең батыр ағаш сол болады.
Жүгірдім. Жол бойы ағаштардың сыбдыры: Жолың болсын, Тілектес… Орманның досы… Келдіқыз алаңының ұлы… деп тілекші болып тұр. Ол сөздер жүрегіме жылы тиді. Мен орман батырын көруге асықпын.
***
Жол ұзақ болды. Қарағай шайырының иісі қоюлана түсті. Айнала тып-тыныш. Тек бір кезде алыстан әлсіз шиқыл естілді – құдды біреу демін әрең алып тұрғандай. «Сол жақта бірдеңе бар» – дедім өзіме. Жолдың соңында алып діңі бар қарағай тұрды.
Қабығы отқа күйген, бұтақтарының көбі сынып, бойында жасыл түс атаумен жоқ. Бірақ ол бәрібір аспанға қарап үнсіз күрсінгендей тік тұр. Мен жақындап, баяу сыбырладым:
– Сәлеметсіз бе, орман батыры…
Жауап жоқ. Бірақ жел соққан сайын діңі сәл тербеліп, шыңылтыр үн шығарады. Тыныс сияқты. Тірі сияқты. Мен алақанымды оның қабығына қойдым. Суық. Бір сәтте қызып, баба қарағай айтқан уақиға көз алдымнан өтті.
– Сіз… шынымен мықтысыз, – дедім күбірлеп. – Сіз болмасаңыз, орман өртеніп кетер еді, – дедім…
Жел тағы соқты. Бір уақта әлсіз дыбыс құлағыма жетті:
– Тілектес… батыр болу үшін мықты болу шарт емес…
– Қалай сонда?! Сіздіңше батыр болу деген не?
– Батыр болу – өзіңді ұмытып, өзгені қорғау. Құрмет үшін емес, өзгенің амандығы үшін құрбандыққа бару. Бір әрекеттің арқасында қаншама жаңа өмір көктейді.
– Ал сізге ауыр болмады ма?
– Ауыр болды. Бірақ менің тамырларымда жаңа ұрпақ өсіп жатыр. Солар – сендер. Сендер мені ұмытпаңдар, балам.
– Уәде берем, орман батыры. Мен сіздің ерлігіңіз жайлы жазам.
Бір сәтке маған ол ағаш күлімсірегендей көрінді.
– Бара ғой, балам, анаң уайымдап қалмасың.
– Тілектес! Тілектес, қайдасың?!, – деген дауыс алыстан естілді.
Бар пәрменіммен жүгіріп барам. Кесене маңында әке-шешем безек қағып жүргенін көріп тұрмын. Анам мені көрді. Жылы құшағын ашып келе жатыр.
– Балам-ай, адасып қалдың ба?
– Жоқ, анашым! Ағаштар жол көрсетті. Мен орман батырын таптым!
– Балапаным, сен шынымен орманның тілін түсінетін болғансың ба?!
– Иә, анашым. Мен Тілектеспін ғой…
***
– Достар, батарейкам отырып қалды. Бірақ, не болғанын айтатын болсам, сенбейсіздер… Бірақ, өз еріктеріңіз! Сау болыңыздар! – деп, қызықты саяхатымда бірге болған әкемнің диктофонын қолыма алдым:
Бір… бір.. Жазғы демалыста көрген ең үлкен ағаш… Ең үлкен ағаш… Ең үлкен ағаштың өзі құрметтейтін орман батыры! Осы тақырыпта шығарма жазамын! Әй, сары мысық Иордан есіме сен түспей тұрсаң қайтеді?! Жарайды, ең үлкен ағаш жайлы сен-ақ жаза бер, ал мен ормандағы ең жүректі Орман батыры жайлы жазамын!
