(ертегі)

Бір орманда Бөлтірік деген кішкентай, тәп-тәтті, бірақ тәп-тәуір ерке қасқыр баласы өмір сүрді. Оның бөлмесінде: қасқыр-робот, батыр көжек, сөйлейтін аю мен трансформер машиналар секілді түрлі алуан ойыншықтары бар. Соншама ойыншығы бар болғаны жақсы ғой, бірақ жинақылық жоқ. Бөлмесіне кірсең аяқ басатын жер жоқ. Себебі, бөлтірік ешқашан ойыншықтарын жинамайды!

Ойын біткен соң қалай шашып ойнаған болса, бәрі сол қалпы шашылып жата береді. Тіпті, кейбір ойыншықтармен бір апта бұрын ойнаған болса, сол орынынан қозғалмай жатыр: Үстел астында қоянның құлағы, диванның үстінде машинаның доңғалағы, ал төсек жанында зырылдауық айналып тұр. Оны көрген анасы:

– Бөлтірігім, ойыншықтар – досың сияқты. Сен оларға қамқор болмасаң, олар саған ренжіп қалады.

– Ойыншық ренжиді дейсіз бе? Ха-ха! – деп күлді Бөлтірік. – Олар – пластик! Олардың жаны жоқ!

– Бірақ олар сезеді ғой…

– Оның бәрі – ертегі. Оларға ештеңе де болмайды! Менің бөлмем – менің ережем! – деп бөлмесінің есігін жауып қойды.

Сол түні бөлмеде сиқырлы жағдай орын алды. Пластик ойыншықтарға жан бітіп, бөлме ортасында жиын басталды.

– Бізге түк құрмет жоқ! – деді батыр көжек.

– Үстім шаң болды! – деді сөйлейтін аю.

– Дөңгелексіз жүргенім қай заман… – деді трансформер машина.

– Сендердің дөңгелектерің қалпына келтіруге болады. Менің ұшаққа айналған парақтарым баяғыда жан-жаққа ұшып кетті – деді, шимайға толы екі парағы қалған торкөз дәптер.

– Мұны жай қалдыруға болмайды – деді қасқыр-робот. – Менің бөлтірігім болғанда, көкесін танытушы ем!

– Біз одан бәрі үшін кек алуымыз керек! – деді, зырылдауық зыр-зыр етіп зыпылдап бәрін айналып жүр.

– Кек емес, сабақ беру керек! – деді батыр көжек сабырмен.

– Онда оны сотқа берейік! – деді тағы зыпылдап келген зырылдауық.

– Табылған ақыл, – деп, көжектен басқасы Зырылдауықты қолдады.

Сот залы. Айыпталушы орнына Бөлтірік жайғасқан. Сот төрінде – әкесі. Ал жәбірленуші ретінде ойыншықтар кезекпен-кезек шағымдарын айтты. Сот – әкесі бәрін тыңдап болған соң, байыппен сөз бастайды:

– Айыпталушы, Арланұлы Бөлтірік, ойыншықтарын жинамай,
дәптердің парақтарын жыртып, ұшақ жасап ұшырғаны үшін, трансформер-роботтың дөңгелегін орнына қоймағаны үшін, Батыр Көжектің құлағын жұлғаны үшін, Сөйлейтін Аюды кірлеткені үшін, Қасқыр-роботтың аккумуляторын жұлып алғаны үшін… Барлық ойыншықтарынан айырылады!

Олар ұқыпты балаға берілсін!

Бөлтірікке жаңа ойыншық сатып алуға тыйым салынады!, – деп  балғамен «тоқ» етіп өз үкімін бекітті.

Бөлтірік қара терге шомылып, ұйқысынан оянды. Төсектен түсе бергенде – аяғы зырылдауыққа ілініп кетіп, шалқасынан құлады.

– Ойбай! – деп орнынан ұшып тұрады. Қараса, бөлмедегі ойыншықтарының жартысынан көбі қирап, жарымжан болып тұрғаны сот үкімінен де қорқынышты болып көрінді.

– Кешіріңдер! Кешіріңдер! – деді де бөлме бұрышындағы сөреге бәрін жинап қойды.

Анасы таңғы шайға баласын оятуға кірген бойда аң-таң болды. Себебі, бөлтірік ойыншықтарының бәрін сөреге жинап қана қоймай, сынған, үзілген жерлерін түзеп отыр.

– Бөлмең тазарып қалыпты. Қорқынышты түс көрдің бе?, – деп сұрады анасы.

– Иә, анашым! Ойыншықтар, маған реніштерін айту үшін жиын ашып, ақыры сотқа берді. Енді, бәрін түсінгендеймін.

– Ол жай ғана түс қой… Тағы олар жансыз пластик емес пе?, – деді, анасы сәл күле.

– Олар бәрін сезеді екен, – деді өз қатесін түсінген бөлтірік жымиып.

Содан бері бөлтірік ойыншықпен ойнап болған соң міндетті түрде жинап қоятын болды.

Добавить комментарий