Баяғыда, алыс бір өлкеде, адырдың белдеуде орналасқан шағын ғана ауылда Батыр есімді жасөспірім өмір сүріпті. Атына заты сай еді: бойы ұзын, иықтары кең, білегімен бір өгіздің мойынын қайырып жіберетіндей қуатты болатын. Бірақ оның ерекшелігі сырт келбетінде емес, жүрегінің түкпірінде жасырынған құпияда жатқан-ды.
Бұл құпияны жалғыз ғана білетін адам – оның әкесі еді. Ал Батырдың өзі бұл сырдан мүлде бейхабар еді.
Не құпия дейсің ғой?! Оны білу үшін ертегіні соңына дейін тыңда, ботам.
Күндердің бір күнінде достарымен бірге ауыл шетінде келе жатса, балауса кезінде бірге ойнап өскен құрдасын көзі шалады. Ол бүгінде ауылдың қойын бағып жүр. Сол сәтте сегіз-тоғыз жыл бұрын болған оқиға есіне түсіп, кеудесін өкпе кернеді. Кешегі досы оның ойыншығын тартып алып, сындырып қойғанын ойлап, қаны басына шапты. Ойыншығының қайтарымын алу үшін, достарына қарап қолмен белгі берді. Олар да түсінгендей қойшы баланың қойларын қуып шашыратып, көгендегі қозысын жамыратып жіберді. Бейшараның шырылдағанына құлақ аспай, мәз-мейрам болып тарқасады.
Бұл уақиға жоғары жылдамдықпен әке құлағына жеткен сәттен, жүзіндегі жылу жоғалып, түрі сұрлана түсті.
Кешкісін үйге кірген ұлын қасына отырғызып алып, салмақты да сабырлы үнмен былай деді:
– Ұлым, бойыңда күш бар екен деп, әлсізге тісіңді батыру – ерлік емес.
– Бірақ, әке… ол менің ойыншығымды… Мен тек сабақ болсын деп…
– Ескі өкпені бүгінгі күшіңмен қайтару, бұл – әлсіздің ісі. Бұл қылығыңа риза емеспін, – деді де, артына бұрылмай кетті.
Сол сәтте Батыр үстіне тау қойып қойғандай ауырлықты сезді. Төбесіндегі салмақтан қол-аяғы қысқарып, бойы кішірейіп, тіпті бас бармақтай балаға айналып кетті! Өзі бұрын мінген тұлпары енді оған бәйтеректей көрінетін хәлге жетті.
Әкесінің ізінен:
– Әке… Әке… Әке-е-е… – деп қанша шақырса да, титтей денеден шыққан дауыс еңселі бойлы әкесінің құлағына жете қоймады.
Батыр өз қатесін түсінді. Енді санасындағы бір ғана ой: «Қойшы баладан кешірім сұрау керек!». Ол өзінің әлсіздігін мойындап, батырлықтың білекте емес, жүректе екендігін ұқты.
Жаяу жүргіншіге ат шаптырым жер – Батырға үш күн, үш түндік сапар болды. Ол жол бойы әр адымында өз әрекетін таразылап, әлсіздіктің барлық ащы дәмін татты. Кешірімнің жүгін арқалаған жүрекпен, ол бір кездегі ренжіткен танысын тапты.
«Әрі қарай не болады» деген ой келді ме?! Онда, тыңдай ғой!
Қойшы бала шала шабылған алқапта жайғасып ұйықтап жатыр екен. Батыр құлағына жақындап, сәлем берді:
– Ассалаумағалейкүм, бауырым. Мені кешір…
Кенеттен шыққан дауыстан селт етіп оянған қойшы бала зәре-құты ұша, орнынан атып тұрып, Батырды теуіп жібере жаздады. Бірақ Батыр бар дауысымен:
– Кешір мені!, – деп айғайлады.
Танысының дауысын анық естімеген соң, оны қолына алды:
– Мені кешірші… Бұзақылық жасап, қойларыңды тарыдай шашып тастадым…
Қойшы бала жай ғана жымиып:
– Сендердікі балалық қой, мен оны ұмытып та кетім, – деді.
Батыр үнсіз тұрды да, тағы бір мәрте тіл қатты:
– Екінші мәрте, кешірші…
– Тағы не үшін?
– Балауса кезімізде сен менің ойыншығымды сындырып қойғаныңды, әлі де кешірмей жүргенім үшін…
Қойшы бала бұл сөзге де күліп жауап берді. Сол сәтте Батырдың бойы өспесе де, рухы көтерілгенін сезді. Екеуі де кешірім мен түсіністіктің жеңілдігін, жүрекке түскен реніштің еш пайда әкелмейтінін ұқты. Олар бір-бірін кешірді.
Батыр үйіне қайтпақ болғанда, қойшы бала:
– Асықпа. Қазір қойларды ауылға айдап апарам, жол-жөнекей сені үйіңе қалдырып кетем, – деді. Батыр іштей қуанып қалды. Ол енді кек сақтау мен өкпе арту – жақсылыққа алып бармасын білді.
Ақыры Батыр үйіне де жетті. Есік алдында тұрып, ішке кіруге жүрегі дауаламай бөгеліп қалғанын көрген жолдасы есікті қағып, үй ішіне еніп:
– Ассалаумағалейкүм, аға! Сіздің балаңызды, есен-сау алып келдім. Ол нағыз дос болуға лайық бала екен! – деп, Батырды алақанынан алып жерге қойды.
Әкесі мұны көріп, қатулы қабағы ашылып:
– Бәрекелді, Батырым! Енді сенімен мақтана алам! – деді.
Сол сәтте Батырдың бойына бұрынғы күш-қайраты оралды. Әкесінің сөзі – оған өмір нәрі болды.
– Күш жүректен туады, ал жүрек – мейірімнен нәр алады, – деді әкесі, ұлын құшағына баса. – Сенің жүрегің қайта оянды, ұлым!
Батырдың өзі де білмей жүрген құпиясы – әкесінің қолдауында екен. Әкесінің ризалығын алған сайын, күші толып, өседі екен.
Сол күннен әлсізге сүйеу, ренжіскенді татуластыру, құлағанды тұрғызу – өмірлік мұратына айналды.
Сен де әке-шешеңді тыңдамасаң, ертегінің кейіпкері Батыр сияқты бармақтай болып қалуың әбден мүмкін. Сол үшін әке-шешеңді тыңдайтын жақсы бала бол!