(ертегі)
Бір орманның ішінде, шыршамен шымылдық жапқандай жұмбақ жерде еркетотай қоңыр қонжық өмір сүрді. Күндердің күнінде, таңертең ұйқысын қимай:
– Мен балабақшаға бармаймын! – деп қыңқылдады.
Анасы жұмсақ дауыспен:
– Балам, бүгін көжекпен жаңа ойын ойнаймын, түлкімен сурет саламын, – деп едің ғой!
– Жоқ! Бармаймын! Ұйқым қанбады. Барғым келмейді! – деп жауап берді де, көрпесін құлағына дейін тартып алды. Анасы баласының басын сипап:
– Жарайды, үйде бол… – деп, еркелетті.
Қонжық балабақшада балалармен жаңа ойын ойлап тауып, бәрінің көңілін көтеретін болғандықтан, оның жоқтығы бірден байқалады. Қарсақ апай Қонжық ойлап тапқан ойындарды балаларға ойнатса да, қызық бола қоймады. Бір кезде көжек:
– Қонжықсыз бақша қызық емес! – деп мұрнын тыржытты.
Жәудір сурет салмай қойды, ал Кірпі ешкіммен сөйлеспей, бұрышқа барып отырып алды. Тәрбиеші Қарсақ апай қатты уайымдап, Қонжықтың анасына қоңырау шалып, балалармен бірге Қонжықтың үйіне келуге рұқсат сұрады. Оң жауап алған соң:
– Қонжық бақшаға келмесе, біз оған барамыз. Қане, жиналыңдар! – дегені сол еді, барлық аң баласы қуанып, ойыншықтарды, сурет дәптерлерді, кубиктерді, бояуларды, дөңгелек үстелді көтеріп, Қонжықтың үйіне жөнелді.
Көп ұзамай қонжықтың есігі «тоқ-тоқ-тоқ» деп тарсылдай түсті.
Қонжықтың анасы оның достары келгенін байқап:
– Қонжық, есікті ашшы. Менің қолым тимей тұр, – деген соң, қонжық төсектен басын көтеріп, ұйқылы-ояу есікті ашты. Алдында бүкіл балабақша тұр!
– Сендер не істеп жүрсіңдер?!
– Сен бақшаға келмеген соң, біз саған келдік, – деді көжек күлімдеп. – Бәріміз сені сағындық!
Қонжық сәл ұялып, сәл қуанып:
– Мен де сендерді сағындым… – деді.
– Балам, қонақтарды үйге шақырсаңшы, – деді анасы ас бөлмеден.
Барлығы үйге кірді. Балалар бірге сурет салды, ертегі айтты, түрлі жаңа ойындар ойлап тапты да, бірге ойнайды. Сөйтіп жүріп кеш болды. Күн батқан соң бәрі үй-үйлеріне тарады. Шашылған ойындықтардан еденде аяқ алып жүру мүмкін емес екенін көрген қонжықтың анасы:
– Түн ортасына дейін жинайтын болдым. Ертең достарың тағы келсе, үйдің шашылып жатқаны ұят болар, – деп күрсінді. Анасы достарын тойғызу үшін асхнадан шықпай, күні бойы тәттілер дайындап шаршағанын көрген қонжық:
– Жоқ, анашым, олар ертең келмейді. Себебі мен ертең балабақшаға барамын! – деді де, шашылып жатқан ойыншықтарды жинауға кірісті.