(заманауи ертегі)

Бүгін Жиһангердің туған күні. Осыған орай анасы оған антикварлы дүкеннен ескі кітапты сыйға тартты. Кітап – «Шоқан Уәлихановтың саяхаттары» деп аталады.

– Рақмет, анашым! – Жиһангер анасын қатты құшақтады да, жүгіріп өз бөлмесіне кіріп кетті. Қолшамын жағып, кітабын парақтай бастады.

Жиһангер – оқуда озат, сабағын кілең беске оқиды. Оған ерекше ұнайтын пәндер – тарих пен география. «Әлем қалай пайда болды?», «Жер сілкінісі деген не?», «Бұлттар неге тіреусіз құлап кетпейді?» –  осындай қызықты сұрақтарын ол үнемі күнделігіне жазып отырады. Жуырда «Марко Полоның саяхаттары» кітабын аяқтады. «Өскенде Марко Поло сияқты саяхатшы болсам ғой» деп армандайды.

Міне тағы бір кітаптың кезегі келді…

«Шоқан Уәлиханов – саяхатшы, ғалым». Жаңа кітап Жиһангерді бірден баурап алды. Парақтан көзін алмай, құмарлана оқи бастады.

«Шоқанның әкесі Шыңғыс – өзі би әрі болыс болған кісі. Ал анасы Зейнеп – Баянауыл дейтін жерде дүниеге келген ақылды, білімдар жан.

Баянауыл – табиғаты әдемі, ауасы таза, таулары мен көлдері көп жер. Онда бұрын атақты ғалымдар мен ақындар өмір сүрген. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов сияқты ұлы адамдар осы жерде туған.

Ал Шоқанның өз атасы – үш жүздің басын қосқан Абылай хан. Оны жұрты Көкшетау облысы, Бурабай мекенінде ақ киізге отырғызып, хан сайлаған. Атасы сияқты алғыр, анасы сияқты көреген боп өскен Шоқан бала жастан кітапқа құмар болады. Оны кітапқа баулыған әжесі – Айғаным.

Шоқанның шын есімі – Мұхамедқанафия. Бірақ торғай сияқты шоқиып отырған кейпіне қарап, әжесі еркелтіп «Шоқан» атап кеткен.

Бала күнінен Шоқан аспан, жер және адамның жан әлемі жайлы көп ойланды. Ол өзі өмір сүрген ортасы мен айналасын танып-білуге ерекше құштар болды. Немересінің алғырлығын байқаған әжесі Айғаным Шоқанға ертегі, жыр-дастан айтып, қоршаған орта туралы алғашқы ақпаратты бойына сіңіреді. Осылайша жас Шоқан талаптанып, Омбы қаласындағы арнайы әскери оқу орнына түседі…».

Жиһангер «жаңа досы» туралы оқып отырып, таң-тамаша ойға қалды. Өйткені өзінің де Шоқанға ұқсайтын тұстары көп еді. Бұл да ата-апасының ауылына барғанда – шөпке жатып, зеңгір аспанға ұзақ қарайтын. Сосын үш әлем туралы ойға бататын. Жиһангерге атасы айтқан үш әлем мынау – ғарыш әлемі, жер әлемі және адамның жан әлемі. Шоқан алдымен жерді аралап, елді таныған. Ал Жиһангер алдымен өз ойын, жүрегіндегі сырды түсінгісі келеді. Кейде басына келген сан ойларды параққа жазып қояды, ал кейде оны атасымен бөліседі.

– Менің немерем суретші немесе жазушы болады!, – дейді атасы мақтанып. Әрине, суретші болған да, жазушы болған да жаман емес, бірақ Жиһангер бұл туралы ешқашан ойламапты. Тек барғысы келетін жерлер күннен күнге артып келеді. Әлемнің сырын білуге асық.

Жиһангер осылай ойланып жатып, кенет бұрыштағы қоңыр шкафтан әлдебір жарық түсіп тұрғанын байқайды. Орнынан тұрып, жарық шыққан жаққа қарай барды. Енді анық аңғарды – ескі киімдер арасында жылтырап, әлдебір жауһар тас жатыр. Жиһангер тасқа қолын соза бергені сол еді, сиқырлы шкаф өзіне тартып әкетті.

– А-а-а! – Дауысы өзіне естілмеді.

 

***

Қанша сағат құлағаны есінде жоқ; терең құдық, бірақ қабырғалары жарық, жер қабатына құлап келеді. Бірінші қабаттан том-том ескі кітаптарды көрді, екінші қабатта қираған қалалар мен мүсіндер, одан кейін өзі жаратылыстанудан оқыған жоғалған мамонттар мен динозавлар сүйегі тау-тау болып үйіліп жатыр.

Жиһангер денені қышытатын мамық жапырақтар үстіне топ ете қалды.

– Мен қайдамын? – Жауап жоқ.

– Кім бар? Мені үйге қайтарыңдар! Анам алаңдайды!

Тағы да жауап жоқ. Үңгір іші салқын, бірақ самаладай жарық. Көне ғұн дәуіріндегі сияқты қабырғаның әр жеріне алау қойылған.

– Алдымен шығатын жол табу керек, – деді Жиһангер алаудың біреуін қолына алып. Алауды қабырғаға жақындатып еді, әлдебір бедерленген таңбаларды байқады. Қошқармүйіз, түйетабан, таға. Тағы бір-екеуін түсіне алмады; бедері өшіп, қабырғамен жымдасып кеткен екен. Шіркін атасы осындай таңбаларды дәл оқып, тәпсірін де айтып берер еді. Өйткені ол Жабы қыраттарында туып, көне аңыз-әңгімелерді көп  тыңдап өскен. Айтуынша әр таңба мен белгінің өз мәні бар. Мысалы: мынау тігінен салынған үш сызық «біз үш күнге, аңшылыққа кеттік» деген сөз. Ал анау алаудың суреті «осында жейтін тамақ, ыдыс-аяқ бар, пайдалансаң болады» деген белгі.

Жиһангер белгілерді жағалап жүре берді. Алдынан төбеден және жерден төнген сүңгі мұздар шықты. Бұларға тиісуге болмайды, өйткені біреуіне қолың тисе, бәрі құлап, адамды басып қалуы мүмкін. Мектепте Дана деген досы бар. Ол үңгірлер мен мұздардың ішінде не барын зерттеуді армандайды. Мұндай ғылымды «үңгіртану» деп атайды. «Дана қасымда болғанда қуанар ма еді» деп ойлады Жиһангер.

Салбыраған мұздардан өтіп, тағы біраз жүрді. Аяғы талды, қарны да ашты. Туған күніне даярлаған тортты да өзімен бірге ала кетпепті. «Үйдегілер мені іздеп жатқан болар. Бекер-ақ шкафқа бардым. Атам білмейтін дүниеге жолама деуші еді, тыңдамадым. Енді қалай шығамын? Мәңгі осында қалсам ше?!». Жиһангер төзімі таусылып, отыра кетті. Сиқырлы тасқа қол созғанына шын өкінген. Енді қайтпек керек?

Кенет алыстан бір дауыс естілді.

– Кім бар? Дауыс батыл шықты. – Абайлаңыз, менің мылтығым мен итім бар. Шықпасаңыз – атам!

– Мен! – деді Жиһангер қолын көтеріп, – Атпаңыз!

– «Мен» деген кім? Атың бар шығар?

– Мен.. мен… Жиһангермін!

– Кім?

– Жиһангер.

Ит өршеленіп, Жиһангердің дауысын басып кетті.

– Саққұлақ, тыныш! Дауысыңа қарасам бала сияқтысың. Қазір Саққұлақты жіберем. Бұл өте ақылды ит, егер жат пиғылың болса сенен қашып кетеді, ал дос ниетің болса саған еркелейді.

Осылай деп белгісіз адам Саққұлақты жібере салды. Ит ызғытып келіп, Жиһангерді құшақтап алды…  Еркеліп жатыр. Беті-қолын, киімін жалап мәз.

– Ұнаған сияқтысың. Ендеше бері кел, танысайық.

Жиһангер белгісіз адамға қарай жақындап барды да, өз көзіне өзі сенбей тұрып қалды. Бұл дәл өзі! Иә, бұл бүгін ғана анасы кітабын сыйлаған – Шоқан Уәлихановтың дәл өзі!

Мына тұрысы, мына шиырған қара мұрты, қолындағы таяғы, үстіндегі әскери формасы – бәрі-бәрі «Мен – Шоқанмын!» деп тұр. Өңі ме, түсі ме!

– Мен сізді танимын! – деді Жиһангер салған жерден.

– Солай ма? – деді Шоқан темекі түтікшесін езуіне қыстырып.  – Сәлем – сөздің анасы, адам амандасу керек, кішкентай досым!

– Армысыз!

– Аманбысыз! Мені қайдан танисыз?

– Анам сіз туралы кітап сыйлаған.

– Міне қызық. Ендеше Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, алдыңызда!

Осылай деп Шоқан ізет көрсетті. Жиһангер таңданысын жасыра алмай әлі тұр.

– Қонағым болыңыз, жүріңіз! – Шоқан өзі жол бастады. Бағанадан бері бітпей келе жатқан жер асты жолы аяқталып, әлдеқайда жарық, бұлбұл құсы сайраған, жасыл әлем басталды. Шоқанның бейнесі ашық тартып, үстіндегі мундирінің әрбір түймесіне дейін жылтырап, анық көрінді.

–  Сіз ғажайып дегенге сенесіз бе?, – деді Шоқан ізетпен толық бұрылып.

– Сенбегем…

– Міне, көз алдыңызда!

Бұлар сарқырамасы құлақ тұндырған жасыл аңғарға кіре берді. Жиһангер жер астында да арал болады дегенді бұрын жиі еститін, бірақ көзімен көруі бірінші рет.

Көз алдында көкпеңбек айдын көл жатыр. Айдын көлге сай-саладан көп сарқырама құйып, жағасында сүмбі талдар сәнденеді. Ал көлдің қақ ортасында шкафтан көрген әлгі асыл тас тұр. Не жоғары көтерілмейді, не түспейді. «Бұл мына жерге қалай келген?» деп ойлады Жиһангер. Бірақ бұл ойын төбесінен ұшқан алып мүйізді пырақ бөліп кетті.

– Құттытұяқ! – деді Шоқан пырақты нұсқап. Құттытұяқ жерге қонғанда, аяғы тиген жердің бәрін гүл өсті. Айналасындағы аң-құстар оған қуанып жүгіріп келді.

– Келгеніңізге қуанып жатыр, –  деді Шоқан жымиып.

– Сіз тірісіз бе?

– Көріп тұрғаныңыздай, Жиһангер мырза. Айтпақшы, әдемі есім! Сізге кофе, шай?

– Маған су болса.

Жиһангер өзіне жайылған дастархан басына кеп жайғасты. Дастарханда жеміс жидектің түр-түрі бар: алма, жүзім, көк өрік, авакадо.

Қиял әлеміне түскен Жиһан шөлін басып, енді ғана айналасына толық назар салды. Құттытұяқ алысқа қарап, оқтын-оқтын оқыранып қояды. Шоқан қолындағы темекісін шылымқалтаға салып, сабырмен сөйледі:

– Жиһангер, сен бекер келмедің. Әр баланың жарыққа толы бір ерекше арманы болады. Сенің арманың – өз жүрегіңді тыңдап, әлемді сол жүрекпен тану.

– Ол қалай?

– Көбіміз Жерді айналып, ел аралап кетеміз де, өз ішіміздегі ғаламды тануды ұмытып кетеміз. Сен керісінше жасадың. Сенің арманың – жол көрсететін жұлдызың. Ал мен – сол жолда сені жетелейтін досыңмын. Енді үйіңе қайтатын кез келді.

– Қалай?

– Ол үшін өз арманыңды анық айтуың керек.

Жиһангер ойланып қалды. Кенет көңіліне жарық нұр келгендей:

– Мен әлемді аралап, адамдарға білім жеткізетін саяхатшы-жазушы болғым келеді! Өзім көрген елдер, естіген ертегілер мен аңыздарды жинап, кейін балаларға арнап кітап жазам.

– Жарайсың, – деді Шоқан ризалықпен. – Ендеше көзіңді жұм да, өз үйіңді елестет.

Жиһангер көзін жұмды…

 

***

Міне, үйі! Шкаф, қолшам, үстел, тіпті туған күніне алған торт та сол күйі тұр. Көзін ашқанда, кітап әлі де қолында болатын. Бірақ кітаптың арасында жаңа жазу пайда болыпты: «Келесі аялдама –Айша бибі» кесенесі. Дайын бол!».

Жиһангер жымиып қойды. Демек, саяхат енді басталды…

Добавить комментарий