1. Салақ болма!

 

Шілденің 15-інде Ақсұлтан 7 жасқа толды. Атасы мен әжесі оған сыйлық жасады.

Бір апта бұрын:

– Қандай сыйлық алғың келеді?, – деп сұрады әжесі.

–  Маған қанатты аттың суреті бар киім керек, – деді Ақсұлтан.

– Қазіргі балалар сыйлықты таңдайды. Біз не берсе, соған мәз болатын едік, – деп күлді атасы. Бұнысы – немересінің қылығына тамсанғаны.

Бір жұмадан соң Ақсұлтанның тілегі орындалды. Қанаты бар құлыншақ бейнеленген футболка балақайға бірден ұнады.

Әкесі ұлының «Өрмекші адам», «Тимон мен Пумба», «Трансформер», «Кальмар ойындары» секілді суреттері бар киім сұрамағанына қуанды. Ол «Балам болашақта шабандоз болатын шығар» деп ойлады.

Бұл туған күн мерекесі естен кетпестей әсерлі болды. Ақсұлтан бір подъезде тұратын достарын қонаққа шақырды. Анасы дастархан жайды. Тәтті-дәмдінің неше түрін қойды. Думанды отырыстан кейін барлығы далаға асықты. Ақсұлтан жаңа футболкасын киіп шықты. Тығылмақ, қуаласпақ ойнады, әткеншек тепті. Құмнан қалашық жасады. Ойынның қызығына әбден берілді. Кешке дейін асыр салды. Анасы ойын алаңынан әрең шығарды.

– Балам, недеген салақсың?! Неге ұқыпты болмайсың, – деп ренжіді анасы. Ақсұлтан киіміне қарады. Батпақ-батпақ болыпты. Бағана қалашық жасағанда, топыраққа су араластырған. Қолына жұққан лайды үстіне жаға салған. Жап-жаңа футболка екені білінбейді. Қанаты бар ат та кірден көрінбей қалыпты.

Үйге келген соң анасы Ақсұлтанды шешіндіріп, жуындырып, тазалады. Ал футболканы балкондағы ілгішке жайып қойды.

– Ертең жуамын, – деді анасы.

Ақсұлтан қатты шаршапты. Қарны да ашыпты. Тамаққа тойып алған соң ұйықтап қалды.

 

2. Рұқсат сұра!

 

Түнде бір қызық оқиға болды.

Тәтті ұйқының құшағында жатқан Ақсұлтанды біреу түртіп оятты. Ұйқысын қимаса да, қайта-қайта түрте берген соң көзін ашты. Айнала жап-жарық. Таң атыпты. Алдында қанаты бар құлыншақ тұр. Бірақ танауы, маңдайы, аяқтары, арқасы, қанаты да кірлепті.

Ақсұлтан орынынан атып тұрды. Ұйқысы шайдай ашылды.

– Сен қайдан пайда болдың?, – деп таң қалды ол.

– Өзің тап-таза болып жуынып алдың. Ал мен кірлеп тұрмын. Саған ренжідім, – деді құлыншақ.

Ақсұлтан сонда ғана балконда, ертең жуылатын киімдердің арасында, ілініп тұрған футолкасына қарады. Өзі былғаған күйінде екен. Тек алдыңға жағындағы суреті жоқ.

– Мені шебер тігінші тігіп, дүкеншіге берді. Тап-таза болдым. Атаң мен әжең мені саған сыйлады. Тап-таза болдым. Ал, сен салақ болып, мені кірлеттің. Сол үшін мен саған келдім, – деді құлыншақ. Қанатын қағып-қағып жіберді. Қанатына жабысқан топырақ үйдің ішіне шашырады. – Осылай тұра беруге болмайды. Әйтпесе, мен үйдің ішін де былғаймын. Жүр менімен, қаланың сыртындағы бұлаққа барып жуынып келейік.

– Онда қалай барамыз?, – деді балақай.

– Менің арқама отырасың. Сені ұшырып апарамын.

– Мен дайынмын!, – деді мәз болған Ақсұлтан.

– Алдымен, далаға шығып, ойнау үшін анаңнан рұқсат сұра, – деп кеңес берді құлыншақ.

Ақсұлан «Анашым» деп ас үйге қарай жүгіре кетті. Рұқсат сұрады. Анасы қарсы болған жоқ.

 

3. Тақымыңды қыс!

 

Ақсұлтан мен қанатты құлыншақ аулаға шықты.

– Атқа мінуді білесің бе?, – деп сұрады құлыншақ.

– Ауылға барғанда атам атқа отырғызған.

– Аттың қай жағынан мінеді?

– Ұмытып қалдым. Атам көтеріп мінгізді мені, – деп сыбырлады Ақсұлтан.

– «Ер қанаты – ат», – деген сөз бар қазақта. Жігіт атқа міне алмаса, ұят болады. Мен саған үйретемін. Сол қолыңмен тізгін мен жалымды бірге, оң қолыңмен ер-тоқымның артыңғы қасынан ұста. Сол аяғыңды үзеңгіге сал. Сосын үзеңгіге тіреліп, көтеріл. Оң аяғыңды ертоқымнан асыр. Шарбақтан аттаған секілді. Денеңді тік ұстап отыр. Оң аяғыңды да үзеңгіге сал, – деп түсіндірді құлыншақ.

Сол сәтте құлыншақтың басында жүген, арқасында ертоқым пайда болды. Ақсұлтан айтқанның барлығын орындады. Құлыншақ балақайды қанатымен демеп жіберді.

– Ал, тақымыңды қыс!

Құлыншақ көкке көтерілді. 9 қабатты үйден де биік ұшты. Ауладағы ойын алаңы алақандай ғана болып қалды. Ақсұлтан тек мультфильмдердегі қызықтарды өз көзімен көрді. Биік-биік үйлер өзі жасаған құм қалашық секілді. Көшедегі көліктер де ойыншық машиналарға ұқсайды. Адамдар да қуыршақтарға айналғандай. Құмырысқаның илеуінің үстінен қарап тұрған сияқты. Ақсұлтан ұялы телефонын алып, аспанды, бұлттарды, қаланы – барлығын суретке, видеоға түсірді.

– Достарыма көрсетіп, мақтанамын, – деді.

 

4. Ақылды бол!

 

Екеуі қаланың сыртындағы бұлаққа келді.

– Жігіт мінген атына күтім жасауы керек. Өзіне қалай қараса, атына да солай қарауы міндет, – деді құлыншақ. Ақсұлтан бұлақтың суымен құлыншақтың танауын, маңдайын, аяқтарын, арқасын сүртіп, тазалады. Жалын тарады. Қанаттарын сипады. Құлыншақ тап-таза болды. Жаңа сатып алған кездегідей жарқырап тұрды. Құлыншақ енді Ақсұлтанға киіміне де, ойыншығына да ұқыпты қарау керектігін мұқият түсіндірді. Балақай басын изеді.

Құлыншақтың арқасында қайтадан ертоқым пайда болды. Екеуі тағы да көкке көтерілді.

– Тізгінді берік ұста!

Құлыншақ қанатын қағып-қағып, самғай жөнелді. Бір мезетте олар аспанда ұшып жүрген квадрокоптерді көрді.

– Бізді дронмен түсіріп жатыр, – деді құлыншақ.

Ақсұлтан да телефонын шығарып, түсірмекші болды. Бірақ қуаты таусылып қалыпты.

– Қап, енді қайтсем екен?! Достарым сенбейтін болды, – деп қамықты балақай.

– Не болып қалды?

– «Батарейкасы» отырыпты, – деп Ақсұлтан сенсорлы ұялы телефонын қалтасына қайта салды.

– Ә-ә-ә-ә, солай ма? Телефонның қуаты болмаса, түк те қызық емес пе екен?

– Бұны білсем, ұйықтауға жатарда қуаттап қояр едім.

– Көрдің бе, Ақсұлтан, қымбат телефоның жай ғана бұйым болып қалады. Адам да телефон секілді. Адамның қуаты – ақыл мен тәртіп. Егер ақыл мен тәртіп болмаса – адам қуаты таусылған телефон секілді ешкімге де қажет болмайды. Ұқтың ба?

– Ұқтым. Ақылды болам! Тәртіпті болам!, – деді Ақсұлтан.

 

5. Біреудің затына тиіспе!

 

– Сен бәйгеге қатысып көрдің бе?, – деп сұрады құлыншақ.

– Жо-о-оқ!, – деді Ақсұлтан.

– Бізді мынау квадрокоптер сайысқа шақырып жатыр. Жарысамыз ба?

– Иә-ә-ә! – Балақайдың қуанышты дауысы аспанда жаңғырды.

Құлыншақ шаба жөнелді. Желден де жүйрік екен. Озып кетті.

Екеуі қалаға қайта кірді. «Ойыншықтар әлемі» дүкенінің үстімен ұшты.

Ақсұлтан:

– Құлыншақ, мына дүкеннің ішіне кірейікші. Неше түрлі ойыншықтар бар онда. Соларды үйге алып кетейік, – деді қызығып.

– Балақай, олай етуге болмайды. Рұқсатсыз, біреудің бір затына да тиіспе. Ата-анаң сатып алып береді, – деді.

Ақсұлтан тағы да басын изеді. Онысы түсіндім дегені.

 

6. Үлкеннен алғыс ал!

 

Екеуі үй жаққа жақындағанда бір әжені көрді. Қолында дорбасы бар. Ауыр екені байқалып тұр. Дүкеннен азық-түлік алып, үйіне бара жатқан секілді.

– Балақай, әжеге көмектесейік. Қолындағы жүгін көтерісейік, – деді құлыншақ.

Екеуі әжеге жақындады.

– Әже, сізді үйіңізге дейін жеткізіп салайық, – деп ауыр дорбасын сұрап алды.

– Рахмет, балам. Қандай ақылдысың өзің, – деп әжей риза болды. Үйіне жеткен соң ол:

– Қабанбайдай батыр бол!

Бөгенбайдай батыл бол!

Абай сынды хәкім бол!

Мұқағалидай ақын бол!

Жамандардан алыс бол,

Жақсыларға жақын бол!, – деп Ақсұлтанға бата берді.

Құлыншақ Ақсұлтанға бата туралы айтты.

– Үлкендерден бата, алғыс алған бала ешқашан жаман атанбайды.

– Мен де жаман болмаймын ба?, – деп сұрады Айсұлтан.

– Иә, атаң мен әжеңді, әкең мен анаңды құрметтесең, олар саған риза болады. Сенімен мақтанады. Саған алғыс айтады. Алғыс пен бата адамды арманына жеткізеді.

 

7. Ғажайып күн

 

Құлыншақ пен Ақсұлтан қаланы да, даланы да көп шарлады. Құлыншақ жол бойы ақыл айтты. Балақай құлағына құйып алды. Бұл өнегеге толы ғажайып бір күн болды. Үйге қарай ұшып келе жатқанда Ақсұлтан қалғып кетті. Құлыншақ оны оятпай, төсегіне жатқызды…

Ақсұлтанды әкесі маңдайынан сүйіп оятты.

– Балам, тұра ғой. Таң атты. Саяхатқа шығамыз!

Балақай көзін ашты. Ұйқысы қаныпты. Күн жарқырап тұр. Әкесі, анасы және Ақсұлтан – үшеуі қаланың сыртындағы бұлаққа бармақ. Серуен құрмақ. Анасы ұлы жақсы көретін  дәмді тағамдарды әзірлепті.

Ақсұлтан төсектен тұрды. Беті-қолын жуды.

– Мынаны қара!, – деп әкесі TikTok-тан бір бейнежазбаны көрсетті. Тура Ақсұлтандыкіндей қанатты құлыншақ бейнеленген футболка киген бір бала әжесіне көмектесіп, ауыр дорбаны көтерісіп келеді. – Қандай ақылды өзі!, – деп әкесі видеодағы баланы мақтады.

Ал Ақсұлтан өз телефонын қолына алды. Қуаты таусылып қалыпты. Сосын жаңа футболкасына қарады. Анасы жуып, жайып қойыпты. Құлыншақ басын шұлғып, қанатын қаққандай болды.

Балақай саяхатқа шығуға, ата-анасына түнде көрген түсін айтуға асықты.

 

Біле жүр!

 

Жүген – аттың басына кигізу үшін қайыстан істелетін бұйым.

Тізгін – аттың басына ие болу үшін, жүгеннің ауыздық шығыршығына байланатын қайыс арқан.

Жал – жылқының желкесінде өсетін қалың қыл.

Ер-тоқым – атқа міну үшін қажетті жабдық.

Ер-тоқымның артыңғы қасы – адам нық отыру үшін жасалатын ер-тоқымның бөлігі, артқы басы.

Үзеңгі – ер-тоқымның аяқ салатын бөлігі, темірден жасалатын бұйым.

Добавить комментарий