Кім мықты?

(қазіргі заман ертегісі)

Ес білмес ескі заманда емес осы бертін Кітап пен Ғаламтор атты екі мықты өмір сүріпті. Анығында Кітаптың нақты туған жылы белгісіз, өткен ғасырлардан келе жатқан абыз ақсақал екен. Ал Ғаламтор болса оң мен солын әлі дұрыс тани қоймаған жалындаған жас көрінеді.

Бір күні ашық тұрған терезеден сыртқа қарап ойға шомып тұрған Кітапты біреудің ысқырығы селт еткізді. Жалт қараса шыттай киініп алған, көзінде қара көзілдірігі бар тар көшеге сыймай келе жатқан Ғаламтор екен.

– Қалайсың? – деді Ғаламтор жұпыны киінген киіз кітапқа жоғарыдан төмен сығырая сынай қарап.

– Жаман емес, – деді кітап биязы үнмен.

– Сенімен сөйлесетін бір әңгіме бар еді.

– Иә, құлағым сізде!

– Осы сен адамдарға мені жамандайтын көрінесің! Өткенде бір оқырманға Ғаламтор дегенің ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін нағыз айлакер, есерсоқтың өзі депсің?!

– Оны кім айтып жүр сізге?

– Кім айтқанын қайтесің! Неге айтқаныңды айт!

– Мен ешкімге ештеңе деген жоқпын. Мына өмірде әркімнің өз орны бар деп ойлаймын. Бірақ біз ақыл иесі – адамзатты тек жақсылыққа бастауымыз керек. Сізге арқа сүйеген жандардың жалқау, марғау, қаскүнем, қиындық көрсе амалын тауып айналып өтіп кетуге бейім тұратыны несі? Мен мұны бұрын-соңды ешкімге айтқан емеспін. Өзіңіз сұраған соң ақтарылғаным ғой, – деді Кітап.

– Әй, сен… Не көкіп тұрсың өзің? Әр нәрсе өз уақытымен. Сенің жұлдызды сәтің анау он тоғызыншы ғасырдың соңында өтіп кеткен. Мынау – менің дәуірім. Менімен жағаласқанша әр үйде шаң басып, шашылып жатқан парақтарыңды жинап ал!, – деді Ғаламтор екіленіп.

– Жоқ, – деді Кітап. – Менің дәуірім мәңгілік дәуір. Ол дәурен басымнан көшпейді де, өшпейді. Себебі, мен – адамзаттың адал досымын!

– Жоқ, сенің сарғайған парақтарыңды ақтарып, бит іздегендей бетіңе бедірейіп отыратын адамдардың уақыты жоқ қазір. Сен менің жылдамдығыма ілесе алмай далада қалғаныңды мойындайтын кезің жетті ғой!, – деді ғаламтор да кеудесін қағып. Кітап, ашуланбады. Тек сабырлы үнмен: «Босқа уақыт жоғалтып қайтеміз? Жүріңіз, одан да қазыға барайық. Төрелігін сол айтсын!», – деді дауысын салмақтап.

– Барсақ, барайық. Сол қазыңның өзі менсіз күн көре алмайды қазір!, – деп Ғаламтор ғаламды басына көтере қарқылдай күлді.

Екеуі қазыға келіп мән-жайды жайып салды. Қазы сәл ойланып отырды да: «Екеуіңдікі де жөн. Қазір сендерге ештеңе дей алмаймын. Бекерге ұрысып жүйкелеріңе жүк түсірдіңдер. Мен сендерді адам аяғы баспаған аралға апарып тынықтырайын. Әбден демалып болған соң маған келіңдер. Даудың төрелігін сол кезде айтамын, – деді. Сөйтті де екеуін қайыққа отырғызып, адам аяғы баспайтын аралға апарып тастады. Қоштасарда: «Әбден тыныққан соң өздерің келесіңдер. Ол үшін алдымен ағаштан қайық жасап алыңдар!», – деді де қазы жөніне кетті.

Кітап сол күні-ақ кетудің қамын ойластарды. Ол жерде жатқан қу ағашты аршып оны одан әрі күн көзіне кептіре түсті. Әбден кепкен ағаштан жеп-жеңіл етіп қайық жасап сол түні-ақ судан аман-есен өтті. Ғаламтор шаңқай түсте оянса Кітап ұшты-күйлі жоқ. Аралда жападан-жалғыз жатыр. Енді үйге қалай қайту керек? Қазының ағаштан қайық жаса дегені есінде. Бірақ оны қалай жасамақ? Ол туралы бұл ештеңе де білмейді. Миында түк те жоқ. Күндегідей емес басы бір түрлі солқылдай ауырып, ой-санасы ештеңені қорытпай, көзінің алды тұманданып тұр. Достарынан ақыл сұрамақ болып «Яндекс», «Googlle» секілді сыбайластарына шығып көрді. Ай даладағы аралда қайдан байланыс болсын? «Қап! Тым болмаса «Facebook», «Instagram», «WhatsApp» секілді бала-шағадан да қайыр болмады-ау!» – деп қапаланды Ғаламтор.

Тағаты таусылған ол орманға кірді де жас талды бірінен соң бірін кесіп, қайық жасауға кірісті. Әрең дегенде шаруасын аяқтаған соң қайықты суға салды. Үстіне отырып есіп келе жатқаны сол еді аздан соң жас талдан істелген шойындай ауыр қайық су түбіне батып бара жатты. Ол қанша айқайлағанымен алып аралда оны еститін ешкім де жоқ еді. Кенет біреу оның қолынан шап беріп ұстады. Жалт қараса Кітап. Үсті-басы малмандай су Ғаламторды ол көтеріп алып өзінің қайғына отырғызып, киімін ауыстырып, жылы орап қауіптен аман-есен алып шықты.

Жағалауға жеткен Ғаламтор Кітапқа бұрылып алғыс та айтпастан қайықтан секіріп түсіп, өз жөніне кетті. Ілтипат көрсетіп, кешірім сұрауға бойындағы жалған намысы жібермесе керек. Бірақ ол іштей Кітаптың ақылды әрі мейірбан екенін еріксіз мойындады. Кетіп бара жатқан Ғаламторға көз тіккен Кітап: «Таспен атқанды аспен ату» – менің ұстанымым! Қалғанын сенің сана-сезіміңе қалдырдым…» – деді де кітапханаға қарай беттеді.

 

Сөйлейтін кітап!

(қазіргі заман ертегісі)

3-сыныптың су жаңа «Ағылшын тілі» кітабының баспаханадан енді ғана шыққан кезі болса керек. Жан-жағына шекесінен қарайтын жаңа кітаптың түкірігі жерге түспей тұрған кезі екен. Ол өзге де оқулықтармен бірге топыр етіп мектеп кітапханасына келіп түсті. Басқалар қорапқа салынды да бұл сөреде тұрған кітаптардың қатарына қосылды. Айналасына зер салып еді мұндағылар өңшең бір жұпыны киінген кітаптар екен.

Ол өзгелерге қарап бұл жерде өзінің бәсі жоғары екенін сезінгендей болды. Себебі, мұны көргенде басқалар төмен қарап, жер шұқып, имене берді. «Математика», «Тарих», «Дүние тану» секілді қарапайым кітаптар тіпті көркі көз қарықтыратын жаңа кітаптың жүзіне тура қарай алмай бастарын ішіне тыққан.

– Мұнда бұрыннан бері тұратын қайсың бар? – деді жаңа келген қонақ жан-жағына кербездене қарап. Ағылшынша түсінбейтін ескі кітаптардың барлығы бір-біріне сұраулы жүзбен қарасты. Содан соң олар «Орыс тілі» кітабына: «Бізден қарағанда сені жұрт жақсы таниды ғой. Сен бірдеңе деші!» – деген ишарамен қарап еді әншейінде тірі жанды менсінбейтін «Орыс тілі» кітабы бет моншағы үзіліп, парақтары бір-біріне жабысып, қорғалай берді.

– Мен бармын! – деді сол кезде біреу саңқ етіп. Барлығы жалт қарап еді беттерінің жартысы жоқ, киімі жыртылған, кетік тіс «Қазақ тілі» кітабы екен. Ұсқынсыз кітапқа қонақ үрке қарады.

– Сен кімсің?

– «Қазақ тілі» кітабымын!

– Ондай кітап бар ма еді өмірде? Бірінші рет естуім…

– Иә, бармын. Сіз мені білмегеніңізбен мен сізді жақсы танимын. «Ағылшын тілі» сасып қалды.

– Өй, сен ағылшынша сөйлеп тұрсың ғой?

– Иә, ағылшынша судаймын. Атым «Қазақ тілі» болғанымен негізінде үш тіл білемін. Қазақшам ешкімге аса қажет болмаған соң орысша да, ағылшынша да үйреніп алдым.

– Ойбай-ау, сондай білімді бола тұра мына түрің не?

– О-о-й, бұл бөлек әңгіме. Мен де баспадан шыққанда өзіңіз секілді көрсе көз тоятын, парақтарымнан жұпар иіс аңқыған кәдімгі әп-әдемі кітап едім.

– Содан?

– Содан осы мектепке келіп Әлібек деген бір баланың қолына түстім. Басында өз иемді тапқаныма ерекше қуанғаным рас. Алайда, қуанышым ұзаққа созылмады. Әлібек нағыз салақ оқушы болып шықты. Ол мені мүлдем түсінген жоқ. Мен оның ата-анасынан көп үміт күткен едім. Бірақ олар да маған ешқандай жылы қабақ танытпады. Тіпті, басқа кітаптарды киіндірген кезде маған киім жетпей қалды. Тысталмаған соң түбім түсіп, әр жеріме қара ала дақтар пайда болды. Әлібек мені оқуға қиналған сәтте парақтарымды түбінен жыртып тастайтын. Тіпті, бір-екі рет табаның астына қойылып та кеткенім бар.

«Ағылшын тілі» басын шайқады. Бағанағы кербез жүріс, көтеріңкі көңілден түк те қалған жоқ.

– Мен кеттім, – деді кенет.

– Қайда барасыз?

– Еліме.

– Жоқ, кетпеңіз. Сіз бізге керексіз. Қорықпаңыз, бұл жақта сізге жақсы қарайды. Анау «Орыс тілі» кітабын қарамайсыз ба? Жылтырап тұр.

– Жоқ, – деді «Ағылшын тілі». Мен бәрібір де бұл жерде өмір сүре алмайтын секілдімін.

– Мақұл, кету-кетпеуіңізді өз еркіңізге қалдырдым. Тек бір өтініш айтайыншы Сізге!

– Қандай?

– Егер еліңізге бара қалсаңыз мен туралы көрген-білгеніңізді ешкімге айтпаңызшы. Әлібектің де атын атамаңыз. Ол әлі жас қой, түзелетін шығар.

– Осынша қиналсаң да сен оны кешіресің бе?

– Иә, кешіремін. Әрі мен өз елімді жан-тәніммен жақсы көремін, – деді «Қазақ тілі» кітабы жаралы бетін бір қолымен басып тұрып.

 

«Жарық қала және Айдан келген бала»

(фантастикалық әңгіме)

 

Түн шымылдығын жамылып, аспанда мың сан жұлдыз жарқырай бастағанда, кішкентай Еркеназ терезе алдына отырып, көкке ұзақ қарайтын еді.

Анасы үнемі:

– Ертең мектепке барасың, ерте ұйықта, құлыным, – дейтін.
Бірақ Еркеназ қиялға қол созып, тұңғиық аспан әлемін тамашалағанды ұнататын. Себебі ол әр жұлдызды тірі деп ойлаушы еді.

Бірде түнгі аспан ерекше сипатқа ие болып, жымыңдасқан жұлдыздардың бірі кенет жарқ етіп, жап-жарық сәуле шашты. Аспаннан түскен сол сәуле бөлменің ішін аппақ нұрға бөледі. Еркеназ көзін жұма беріп еді… Оның алдында күмістен киім киген, көздері мөлдір құрыш мүсінді көк бала тұр!

– Сәлем, мен Айдан келдім. Атым – Лукас, – деді жұмсақ дауыспен бейтаныс қонақ.

– Айдан? Шынымен бе? – деді Еркеназ таңырқап.

– Иә. Біздің әлемде жарық сөне бастады. Бізді жердің жылуын іздеуге жіберді. Мен адамзат баласын бұрыннан бері көргім келетін. Естуімше адамдар өте мейірімді келеді…

Еркеназ мезгілсіз келген қонақтың бұл сөзіне еріксіз жымиды да оны төрге шығарып құрмет көрсетті. Осылайша, Еркеназ бен Лукас дос болып кетті. Олар түн сайын қала шетіндегі төбеге шығып, аспанға қарайды. Еркеназ Лукасқа Жердің құпияларын үйретті. Қонақ желдің иісіне, судың сылдырына, күлкінің сыңғырына қысқасы жер бетіндегі әр құбылысқа таң қалып таңдай қақты…

– Сендерде сонда шынымен де күлкі бар ма?, – деп сұрады Лукас.

– Бар. Күлкі – жүректің жарығы, – деді Еркеназ.

Лукас ойланып қалды:

– Мүмкін, біздің Ай әлеміне де сол сыңғырлаған күлкі жетпей тұрған шығар?!, – деді сұраулы жүзбен күрсініп.

Осы жолы екі дос ұзақ әңгімелесті. Енді олар күн сайын қыдыратын болды.

Бір күні Лукас келген жағына кететінін айтты.

– Біз Айға қайтуымыз керек. Бірақ сенің жарығыңды алып кетемін.

– Қалай? – деді Еркеназ таңданып.

Лукас жұдырығын ашып еді алақанынан кішкентай айшықты ай бейнелі шар көрінді. Шардың өзі мөп-мөлдір, ішінде ұшқындар билеп жүр.

– Бұл – сенің күлкіңнің жарығы. Ол Айды жылытатын болады, – деді Лукас ерекше құштарлықпен.

Ертеңіне таң атқанда Лукас жоқ еді. Тек аспанда бұрынғыдан да жарқыраған жаңа жұлдыз пайда болды. Еркеназ оны көрген сайын күлімдейтін, себебі ол Еркеназдың жұлдызы еді.

Содан бері Ай бұрынғыдан жарығырақ әрі жылырақ бола бастады. Ал Еркеназ әр түн сайын терезесінен өзіне жымың қағып күле қараған өз жұлдызына ерекше тамсанумен көз тастайтынды шығарды. «Бұл менің жұлдызым. Жұдырықтай жүрегім өз жұлдызым секілді нұрға толып, жүзімнен жылылықтың лебі есіп тұрса мен адамдарға әлі талай жақсылық жасаймын» деп алдына мақсат қойып, аққанат арманын аспан әлеміне қарай ұшыратын…

 

Адам мүшелерінің әңгімесі

(жаңа заман ертегісі)

Баяғыда Ербол деген бала болыпты. Дене бітімі өз-өзіне ұнамайды екен. Соңғы уақытта тырнағы бас жаққа жиі бара берсе керек. Дуылдап қышыған соң басқа да жан керек қой. Дереу қолды көмекке шақырады екен. Бірде дуылдаған басқа өзара шуылдасқан он саусақ қатар жетіп барып еді олар бір-бірін танымай қалды.

Ойбай-ау, мына жерде өрт болған ба? – деді тырнағы сояудай бас бармақ.

– Өрт емес, найзағай түскен-ау, сап-сары болып жайрап жатқанына қарағанда, – деді сұқ саусақ та жан-жағына сұқтана қарап.

– Уланып қалдым! Одан да өртеніп кеткенім жақсы еді, – деді төбе шаш желп етіп.

– Уланғаны несі?

– Өй, кеше екі аяқ қояр да қоймай бәрімізді шаштаразға апарды емес пе? Мен өзімше шаштаразшы бұрынғыдай қайшымен мені ретке келтіреді деп ойладым ғой. Сөйтсем ол бір уыс бояуды алды да маған жаға салды. Есімнен танып қалыппын. Оянсам өз-өзіме ұқсамаймын. Содан міне сап-сары болып шыға келдім, – деді шаш қапаланып.

– Жарайды менің жайым түсінікті. Ал өздерің неге адам танымастай болып көскиіп кеткенсіңдер? – деді шаш он саусақтың тырнағына қарап.

Ортан терек ауыр күрсінді де әңгімеге араласты.

– Біздің де көрген күніміз сенікіне ұқсас. Тырнақалғышты көрмегелі қай заман? – дей беріп еді он саусақ түгел өзінің тырнақтарына реніштерін айтты.

– Сендер, тырнақтар! Әбден бетімен кеттіңдер! Неге уақытында қысқартылып, тап-тұйнақтай болып жүрмейсіңдер? Сендердің кесірлеріңнен біз әйел адамның қолына ұқсап барамыз, масқара! – деді олар бір-бірін шымшылап.

Ол аздай енді бізді де шаш секілді түрлі-түске боямақшы, – деді кішкентай бөбек құлақ жаққа барғанда естігенін айтып.

– Жетіскен екенбіз! – деді бас бармақ барылдаған дауысын соза түсіп.

Сол сәт төменнен біреу сөйлегендей болды. Бәрі жапа тармағай бір-біріне қарасты. Сөйтсе бұл құлақ екен.

– Сендердікі ештеңе емес. Мен байғұстың күнімді ешқайсыңның бастарыңа бермесін, – деді ол сұңқылдай жылап. Артынша бірдеңе сылдыр-сылдыр ете түсті. Бәрі жалт қарап еді. Құлақ байғұс үш жерден тесіліп, сырғалары сылдырлап тұр екен.

Осының барлығына мына менің астымдағы кінәлі! – деді шаш ашуланып. Осы сөзді күтіп отырған ба, кім білсін, ми ояу екен. «Менің не кінәм бар? Өзім де уланып әрең жүрмін! Ғаламтордан күні-түні көрмегенді көріп, естімегенді еститін көз бен құлақ алдымен өз өздеріне ие болсын!» – деді ми солқ-солқ етіп. Сол сәт жүрек әңгімеге араласты:

– Құрметті менің жақындарым! Иә, бәрімізге бір нәубет келіп, өзгертуге тастай бекінді. Бірақ біз берілмеуіміз керек. Ол үшін ауыз, сен үнемі тек жақсы сөздер сөйле! Көз, сендер тек жақсы дүниелерді ғана көріңдер! Ал қос құлақ, сендер тек жағымды дүниелерді ғана естіңдер! Екі қол, сендер тек ізгілік жолында қызмет етіп, жақсы дүниелерді ғана ұстаңдар! Екі аяқ тек таза жерлерге ғана барыңдар! Сол кезде бізде барлығы да жақсы болады.

Дауласқандар жүректің сөзіне үнсіз ғана келісіп, өз кінәларын іштей мойындады. Бас жақтағы жиналыс осылай аяқталған екен.

Добавить комментарий