Бауырмалдық

Шаңқай түс. Аспан айналып жерге түсердей шіліңгір шілденің аптап ыстығы. Ару қыздың бетіндегі тарыдай мең іспетті сайын далада орналасқан алақандай ауыл тіршілігі де бір сәтке саябырсыған секілді. Жан-жағына паңдана қарайтын қоқиланған қызыл қораз бен оншақты үрпекбас ақ тауық та қанаттарын қомданып, қора іргесіндегі көлеңкеге тығылған. Аулада тыным таппай кім болса соның соңынан томпаң қағып арсалаңдап жүгіріп жүретін ала күшік те көрінбейді бүгін. Ауыл сыртында гүрілдей ағып, бұрқ-сарқ етіп долданып жататын өзен де аптап ыстықтан еріне ағатын секілді. Тек ауланың шаңын бастарына көтерген ауыл балаларының ойыны ғана сілтідей тынған өлі тыныштыққа жан бітірді. Бұл – қаланың қым-қуыт тіршілігінен жырақта орналасқан Бұлақсай ауылы. Ат төбеліндей аз ғана елді мекенде жүзге жуық түтін бар.

Жеті жасар Еркіннің қаладан ауылға келгені кеше ғана. Бет-жүзі күнге тимеген қаланың шикісарысы алғашында ауылдағы қарадомалақтардың түріне үдірейе қараған. Аналар да айдан адам келгендей Еркіннің кескін-келбетіне, киім киісіне таңдана көз салысқан еді. Енді міне, Еркін де сол қарасирақтардың қатарына қосылып, күнге тиген жылтыр шекесі шып-шып терлеп, мұрынынан аққан аз-маз жылымыққа ауылдың ақ шаңы қона бастады. Күн ұзақ ала допты ермек ететін ауыл балалары қас қараймай үйге кірсін бе? Оншақты баланың қызып жатқан ойынын тосыннан шыққан әлдебір дауыс бөліп жіберді.

– Балалар, үйге кіріңдер!

Ала шаңның арасынан бірін-бірі әрең тауып жүрген балалар дауыс шыққан жаққа жалт қарасты. Сөйтсе, әжелері екен. Еркіннен екі жас үлкен Серік пен өзімен тетелес өсіп келе жатқан Берік ойынды тастай сала дауыс шыққан жаққа қарай тұра жүгірді. Еркін де олармен қосарласа әжесіне қарай бет алды.

– Әже, тойдан сарқыт әкелдіңіз бе? – деді Берік әжесінің қасына жетер-жетпестен.

– Әкелгенде қандай, жарқыным! Әрине, сендерге деп сарқытты молынан алдым.

Алақайлаған балалар жарыса басып, үйге кірді. Бұл кезде аптап ыстықтан әбден мезі болған Абызбай қарт ырсылдай басып үйге кіріп, қол орамалмен маңдайдан көзіне тоқтаусыз аққан терін сүртіп, уф деп орнына отыра берген еді.

Жастайынан ат баптап, бүркіт салып, көкпар тартқан алып денелі Абызбай қарт пен Жанбибі әженің Алланың берген алты ұлы бар. Бүгінде ұлдарын ұяға қондырған қос қария қарашаңырақтағы кенже ұлдары Семсердің қолында отыр. Серік пен Берік қос қарияның осы үйдегі көз қуаныштары. Басқа балаларының барлығы да жұмыс бабымен жан-жаққа тұрақтаған. Серік пен Берік қолдарын жууға кеткен кезде босағада тұрып қалған Еркінді қолынан жетелеп, төргі бөлмеге әкелген әжесі ала дорбаның ішінен бір уыс құрт пен кәмпитті және иісі бұрқыраған жеміс-жидектерді немересінің екі қалтасын толтыра салды да: «Аналарға көрсетпей, өзің же, құлыным!» – деді құлағына сыбырлап. Түкпірдегі бөлмеге қарай жүгіре жөнелген Еркін  атасының дауысын естіп кілт тоқтай қалды.

– Еркінжан, қайда барасың? Кел бері, қасыма отыр! – Не дерін білмей сасып қалған Еркін сәл кідірді де қалтасын басып, атасының жанына жақынырақ келді.

– Отыр, балам, отыр! – Еркін ештеңе деместен атасының қасына тізе бүкті. Осы сәт Серік пен Берік те сілекейлері шұбырып, бірін-бірі баса-жанша төргі бөлмеге келген еді. Оларды көрген атасы.

– Келіңдер, балалар! Сендер де Еркіннің қасына жайғасыңдар! Әлденені іштері сезген ағайынды екеу бос тұрған орындарға үндеместен отыра кетті.

– Ал, Еркінжан, қалтаңдағыларды шығар! – Не істерін білмей аңтарылған Еркін атасына бір, әжесіне бір, қалтасына бір қарады.

– Ойбу, атасы! Оның не? Еркінім қаладан келгелі бері дұрыс тамақ іше алмай, қарны ашып жүр. Өңі де боп-боз өзінің. Мен оған сыбағасын әдейілеп беріп едім… Аналарға жететін сарқыт бар ғой мұнда, – деді қария кемпір күңкілдеп.

– Еркінжан, қалтаңдағыларды шығара ғой.

Атасына қарсы ештеңе деп уәж айта алмаған ол бүйірі шыққан қос қалтасындағы жылы-жұмсақтың барлығын үстелдің үстіне біртіндеп қоя бастады. Қызылды-жасылды кәмпиттерді көрген Берік қолын соза беріп еді атасы тыйып тастады.

– Берікжан, сәл шыда. Қазір барлығын теңдей етіп үшке бөлеміз. Анау банан мен алманы бері әкелші!

Былғары мәсінің қонышынан кездігін шығарған ақсақал бананды да алманы да теңдей етіп үшке бөліп турады.

– Ата, оны неге турап әуре болдыңыз! Мұнда банан да, алма да үшеуімізге жеткілікті ғой, – деді Серік те атасының бұл қылығын құптамағандай сыңай танытып.

– Шырағым, қазақта: «Өле жегенше, бөле же!» деген қанатты сөз бар. Сендер – бауырсыңдар! Әрине, бір-бірден алып жеуге болады. Бірақ бөлісіп жеген тамақ қашан да берекелі, қашан да дәмді болады. Бауырлар, әрқашан қуанышты да, жұбанышты да бір-бірімен тең бөлісуі керек. Бір-біріне қарайласпаса оның несі бауыр, несі ағайын, қарақтарым? Анау сыртта сендермен бірге ойнап жүрген балалар кімдер?

– Көршінің балалары ғой, ата, – деді Серік.

– Бәрекелді, қазір барыңдар да үшеуің сол балалардың бірін де қалдырмай үйге ертіп келіңдер!

– Ата, оларды үйге шақырып не істейміз? Қазір карантин ғой, – деді Берік әңгімеге араласып.

Атасы қарқылдай күлді де: «Берікжан, бағанадан бері солармен қоян-қолтық араласып, доп тепкенде сол карантинді ұмыттың да, енді тамақ жеуге келгенде тәртіпті ұстана қалдың ба?» – деп еді үй ішіндегілер ду күлісті.

Тойдан келген сарқытты бөле жеген үш бауыр сыртқа қарай тұра жөнелді. Сол кезде Абызбай қарт шынтағындағы құс жастықты қолтығына таман нығарлап қойды да, тамағын кенеп:

– Бәйбіше, сенің бұл қылығың жарамады. Түсінемін… Еркін – Қайсарымыздың он жыл бойы күтіп жүріп көрген перзенті. Бірақ оны сен өзгелерден артық қыламын деп тыртық қыла жаздадың-ау. Біз балалардың бәріне теңдей қарап, бірдей тәрбие беруіміз керек. Қоғамды дендеген дерт – жемқорлық болса, сол лас әдетке балаларды итермелейтін де өзіміз…

– Құдай-ау, жемқорлыққа біздің не қатысымыз бар? – деп Жанбибі кемпір баж ете қалды.

– Ееее, бәйбіше! Сен әлі ештеңені түсінбеген екенсің. Баланы бүгін қолындағысын бауырларынан тығып жеуге тәрбиелесек, ертең ол жеткіншек өскенде не болады? Барымен бөлісе алмайтын, бауырларына қарайламайтын, елдің ақысын жейтін, тіпті, мемлекеттің қазынасын ешкімге айтпай жымқыратын пысықайлар осындайдан шықпай ма?..

Қара шалының жөнсіз сөз сөйлемейтінін іші онсыз да сезіп отырған бидай өңді сары кемпір ештеңе деместен тойдан әкелген ала дорбаны ақтара берді.

Құт қайда қонады?

– Әй, Еркін, Серік, Берік, тұрыңдар енді! Күннің бір уағына дейін жата беремісіңдер?

Жылы көрпенің астында жатқан Еркін құс жастықтан басын көтеріп еді үшеуінің үстінен төніп тұрған Семсер ағасы екен.

– Ой, осы Еркінжаным болмаса, біздің екеуді қой. Ұйқыдан бас алмайды, шіркіндер! Серік, не жатыс сенікі? Түнде Қатай шалдың орнына жылқы күзетіп келгеннен саумысың өзің?

Семсердің дауысы қатқылдана шықты. Сөзінде әлдеқандай бір зілді кекесін бар секілді. Әкесінің ашуланғанда осылай сөйлейтінін Серік жақсы біледі. Тұр-тұрдан хабар келген соң ұйқы қашпай тұрсын ба? Ол да төсегінен еріне көтеріліп, шалбар-жейдесіне құлықсыз қол созды. Дудыраған шашын сыйдиған нәзік саусақтарымен маңдайынан кері қарай бір сыйпап өтті де Берікті бүйірден түртіп қалды. Сол сәт ас бөлмеден Абызбай ақсақалдың дауысы шықты.

– Тұрыңдар, балалар! Қазір қойға барамыз! – Қойға баруды тойға барудан кем көрмейтін Беріктің де осы сөзден соң ұйқысы шайдай ашылған. Үшеуі бірінен соң бірі тыстағы күн көзіне жылыған жез құманмен беті-қолдарын жуды да үйге кірді. Ас бөлмеге келсе, ауыл шетінде тұратын күзетші Сәрсен шайды сораптай ішіп, Абызбай ақсақалға әлденені айтып отыр екен. Қабағы қатулы секілді. Шайға келген бұларға мойын бұрып қараған да жоқ. Ойы басқа жақта.

– Солай, ақсақал! Ақшадан қысылған соң келдім. Менімен жүріңіз үйге, – деді Сәрсен қысқа қайырып.

– Сәрсенжан, сен үйіңе бара бер. Мен Тортөбелді арбаға жегіп, немерелерді ертіп, артыңнан іле-шала барамын. Қойды алу үшін көлік керек қой.

– Мақұл, ата! Мен онда жылжи берейін, – деді Сәрсен қолындағы кесені үстелге қойып жатып. Ол есіктен шыға бере Серік:

– Ата, қой сатып аламыз ба?- деді.

– Иә, Серікжан, аламыз.

– Өткендегідей сізге ұнамай қалса қайтеміз?

– Жоқ балам, Сәрсен түзу жігіт. Оның күткен малы ешқашан жаман болған емес. Әрі кенже ұлы – анау сығыр көз, сары ауруханаға түсіпті. Аты кім еді өзінің?

– Талап, ата.

– Ә, сол Талаптың еміне шарқ ұрып ақша іздеп жүрген көрінеді. Шайларыңды ішіп болсаңдар кеттік, Тортөбелді жегейік те Сәрсенге барайық. Төртеуі өре түрегеліп, қора жаққа беттеді. Немерелеріме қой жинап берсем деп ниеттеніп жүрген Абызбай ақсақал бұған дейін де талай үйдің қорасына барған. Бірақ бала кезден мал танитын қарияға анау-мынау қойыңыз ұнай қоймайтын. Өткен жолы көрші ауылда тұратын саудагер Әмір қой сатады дегенді естіп, атарбамен салып ұрып сонда барған. Бірақ Әмірдің көрсеткен қойлары оның көңілінен шықпады.

– Ақсақал, қой емес, құдды бір ат сатып алардай қарадыңыз-ау. Жүйірік-жорға дейтін емес уақ малдың бәрі бірдей емес пе? – деді Әмір сөзбен қағытып.

– Жоқ, айналайын, олай емес. Мынау меринос қойларың маған ұнаған жоқ. Тұқымында бір гәп бар-ау осылардың, – деп ақсақал байлаулы тұрған Тортөбелге таман жақындаған. Бір ғана бұл емес Серік атасымен талай үйдің қорасына барды. Бірде қойдың сыртынан қарап, бірде ұстай алып жонын сыйпап, аузын ашып, тісін көреді де басын шайқап жібере салады. Басқа-басқа атасының қой сатып аларына бұл күнде Серіктің өзі күмәндана бастаған.

Тортөбел жан-жағына елеңдей қарап, құлақтарын қайшылай борт-борт желіп келеді. Ауыл шетінен көз ұшында ағып жатқан өзеннің гүрілі мен қаз-үйректің қиқулаған дауысы ауық-ауық естіліп тұр. Ауылдан оңашарақ шеттегі ақ үйдің сыртында Сәрсен бұларды тағатсыздана күтіп тыпыршып жүр екен. Тортөбел үй алдына тоқтай сала Сәрсен бітеу қораға жып етіп кіріп кетті де дүркіретіп оншақты қойды сыртқа айдап шықты. Бір келкі бұйра жүнді қоңыр қойлар бірінен бірі аумай ма, қалай? Тек салпаң құлақ, тегене құйырық, тұрқы ұзынша келген, сирақты қара саулық қана анадайдан көзге оттай басылады.

– Ақсақал, ұнағанын алыңыз, бәрінің бағасы бірдей, – деді Сәрсен қойларды иегімен нұсқап.

– Мынау қара саулығың жүз қойдың арасынан көзге түсерліктей мал екен, жануар, тфәй-тфәй, – деді ақсақал таяғымен жерді бір тықылдатып қойып. Қара саулық Серікке де ұнап барады. Ол атасының дәл осындай мал іздеп жүргенін жақсы біледі. Қойдың аяғын байлайтын жіпті әзірлеген Серік қара қойға таман төне түсті де: «Ата, ұстайын ба?» – деді жеңін түріп ыңғайланып. Атасы үндемеді. Қойлардың әрқайсысына мұқият қарап, өзімен-өзі күбірлеп қояды. Кенет: «Мынаны ұста!» деді орташа бойлы, көзге толымсыздау көрінетін қоңыр тұсақты таяғымен нұсқап. Серік ештеңеге түсінбеді. Қара қойға тиіспегеніне мал иесі іштей қуанса керек жалма-жан ақсақал көрсеткен қоңыр тұсақты тірсегінен шап беріп ұстай алды. Қойды арбаға салған соң бұлар кері қайтты.

Тортөбел баяғы жүрісіне салып бүлкектеп келеді. Ыңылдай әндеткеніне қарағанда қарияның көңілі көтеріңкі секілді. Серік атасының бұл ісіне түк те риза емес. Риза болмағанда қайтсін? Табандарынан таусылып ала жаздай үй-үйден қой іздеді. Ал енді «іздегенге – сұраған» жолыққанда атасының қылғаны мынау. Дәл мына қоңыр тұсақты он орайтын талай қой бұған дейін кезікпеді дейсіз бе? Кезікті. Бірақ соның бірін де ұнатты ма? Жоқ. Серік шыдай алмай кетті.

– Ата, – деді кенеттен. Дауысының қалай қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалса керек. – Анау қара саулық маған қатты ұнап еді? Оны неге алмадық? – Ақсақал қолындағы тобылғы сапты бұзау тіс қамшыны екі бүктеп қасына қойды да оған бұрылып:

– Қарағым, сен жассың. Әлі ештеңені түсінбейсің ғой. Сәрсен аса бай-қуатты адам емес. Бірақ кісіден алақан жайып бірдеңе сұрағанын да көрген емеспін. Өз несібесі өзіне жететін азамат. Әрбір шаңырақта үйге құт әкелетін жан басы мен мал басы болады. Яғни, отбасындағы жасы үлкен адам мен малының үлкені сол үйдің ырыс-құты, берекесі болып саналады. Ана қара саулық осы үйдің төлбасы екен. Оған тисуге қолым бармады. Жан басы мен мал басының көзі кеткен үйде береке тұрмайды деуші еді баяғыда үлкендер… Әрі Сәрсен баласын емдетуге ақшаға қысылып жүр. Оған қалай да көмектесуім керек қой. Мәселе малда емес, иесінің пейілінде ғой, қарағым.

Ақсақал көңілсіз отырған немересінің бетіне қарады.

– Не болды сонша ұнжырғаң түсіп? Жасыма, бала! Мына қоңыр тұсақ та өсетін мал. Әлі талай қоңыр қозылы боласың! – деді қария бүкшиіп отырған оның арқасынан қағып. Оғаш ойына қысылған Серік болса қасындағы бауырларына күлімдей қарап, үнсіз ғана қоңыр тұсақтың мойнынан құшақтай берді.

 Қасқыр есік «қаққанда»

Абызбай қарт пен Жанбибі әже бүгін қонаққа кетті. Арғы көшеде тұратын Сабырдың тұңғышы кеше әскерден келген. Кешке салым сол жақтан әуелете салған ән естіліп, күй күмбірлеп, той-думан басталып кетті.

– Кеше ғана танауынан су ағып, жалаң аяқ, жалаң бұт ойнап жүрген бала еді. Бүгін ел қорғаған азамат болды сабазың, – деп Абызбай ақсақал зымыраған уақытқа тағы бір таңданып күбірлеген. Қос қария кетерінде немерелеріне тапсырманы «тастай» қылып беріп кетті. «Есікті іштен іліп алыңдар. Іштерің пысса ертегі оқып, бір-бірлеріңе соны мазмұндап айтып берерсіңдер. Ертегіні оқу бір басқа, ал түсініп оқу бөлек әңгіме. Сондықтан кешкісін әжең екеумізге оқығандарыңды айтып бересіңдер. Кім көп ертегі айтса, соған әжелерің ерекше сый береді», – деп қария немерелерін кетерінде кітап оқуға қызықтырып қойған.

Күн батып, қас қарайған сәт ағайынды үшеу қонақ бөлмедегі құс төсекке жайғасып алып, ертегілерді бірінен соң бірін оқи бастады. Алдымен Берік «Алтын сақаны» бастап оқып еді, 1-сыныпты енді ғана тәмамдаған ол ертегінің орта шебіне келгенде ежіктей бастады.

– Тоқта, – деді Серік. – Ары қарай, Еркін, сен оқы. Ертегінің ең қызық тұсына келгенде кезек алған Еркін ертегіні бір деммен соңына дейін сыдыртып оқып шықты.

– Жарайсың, Еркін! Қалада оқитының көрініп-ақ тұр! Мына Беріктің оқығанынан дым түсінбедім, – деді Серік езуін кере ыржиып.

– Енді мен оқиын. Сендер тыңдаңдар! Ертегіні міне былай оқиды!

Құс төсекке бойын түзеп, малдас құра отырған Серік тамағын кенеп, дауысын соза «Жеті лақ» ертегісін бастап кетті.

Ол ертегіні тым шебер оқығаны сондай дауысын құбылтып, лақтардың сөзін тым нәзік үнмен, ешкінің сөзін ешкі болып, қасқырға кезек келгенде көкжал секілді гүрілдеп, бар өнерін салып оқығанда қасындағы екеудің ауызының суы құрып, тамсана тыңдасты. Екеуі де көздерін жұмып, бар ынтасымен ұйып отыр. Ертегі шарықтау шегіне келген сәт. «Осы кезде арамза, зұлым қасқыр жеті лақтың үйшігіне келіп, есік қағады!» – дей беріп еді біреу есікті тоқылдатып ұрғылай жөнелді. Үш батыр бір-біріне жалт қарасты. Үшеуінде де үн жоқ. Шынымен де қасқыр болса ше? Түрлері бұзылып, бір-бірінің қолтығына бастарын тыға жасырынды. Жүректері ауыздарына тығылып, көздері алайып, көрпенің астына қалай кіріп кеткендерін өздері де байқамай қалды.

Серік пен Берік қырда қасқыр барын талай мәрте естіген. Тіпті, өткенде ғана Қатай жылқышының бір көкжалды соғып алғанын күллі ауыл кешеге дейін әңгіме қылып айтып жүрді. Кейбірі Қатайдың бұл қылығы дұрыс болды десе, енді біреулер: «Қатай қателесті. Енді қалған қасқырлар ауылға шабатын болады», – деп қарсы пікір айтқан-ды. Шынымен де сол кек алуға келген қасқырлар болса ше? Серіктің жүрегі тас төбесіне шығып, бауырларын қапсыра құшақтап ұзақ жатты. Тоқылдаған дыбыс тура бір есікті сындырардай одан сайын күшейе түсті.

– Е, Алла, мына бәледен бізді құтқара гөр, – деді ол ішінен. Кенет ашық тұрған терезеден:

– Әй, балалар, қайдасыңдар! Есікті ашыңдар! – деген атасының дауысы естілді. Сонда ғана уф деп демдерін алған үшеу көрпені лақтырып тастап, жарыса басып, есікке қарай тұра жөнелді.

 Жеті ата

– Ата, – деді Еркін бірде оқып отырған кітабынан көзін ала беріп.

– Иә, шырағым.

– Маған Абызбай деген есім қатты ұнайды.

Ақсақал кеңкілдей күлді де: «Демек атаңды жақсы көресің ғой, құлыным?» – деді.

– Әрине, жақсы көремін, ата. Осы менің атымды неге Абызбай деп қоймағансыздар?

– Ойбай-ау, кешір, айналайын. Ол есімді мен жетпіс жыл бұрын иемденіп алып қойғанмын ғой. Ел еркіндік алған соң туған перзент деп Еркін деп қойып едік есіміңді. Ұнамай қалды ма не? Әлдеқандай себеп болмаса қазақ атасының атын балаға қоймаған. Оны тағы қайдан шығардың?

Еркін ерінін жымыра сәл ойланды.

– Ата, жеті ата деген қайдан шыққан? Апай жазғы демалыста орындап келуге тапсырма берген еді. Жеті аталарыңды дәптерге жазып, жаттап келіңдер дейді. Шынымды айтсам, мен ештеңе түсінбедім. Қаладағы үйде аулада бірге ойнайтын досым Иваннан сұрағанмын өткенде. «Что такое жети ата? Первый раз слышу», – дейді. Оған ештеңе түсіндіре алмай-ақ қойдым. Бір қызығы Иванның әкесінің аты да Иван, атасы да Иван екен. Демек менің де атым Абызбай болуға болады ғой, ата? Ақсақал тағы да күлді. Бұл жолғы күлкісі бұрынғысынан гөрі қаттырақ шықты.

– Жоқ, айналайын. Орыс халқы әкенің есімін балаға қоя береді. Ал бізде ондай дәстүр жоқ. Сонымен апайыңның тапсырмасын орындай алдың ба?

– Жоқ, ата. Бірақ Иван екеуіміз ары-бері ойланып аталарымның санын төртке жеткіздік.

– Қане қалай бастадың?

Еркін бөгеліп қалды да бас бармағын шошайтып: «Атам – Абызбай, сұқ саусағын ашып, Нағашы атам – Балқыбек, ары қарай, көрші атам – Сүйіндік, шахматтан дәріс беретін атам – Махмет…»

Отырғандар күлкіге көміліп қалды. Тіпті, Серіктің қатты күлгені сонша орындығынан ауып түсіп, ішін ұстап жер тепкілей ұзақ күлді. Бұған Еркін намыстана бастаған. Сәлден соң атасы жасаураған көзін сүртіп, күлкісін тыйды да:

– Еркінжан, шырағым. Қазақта жеті ата деген ерекше қасиетті ұғым бар. Бұл өзге ешбір елде кездеспейді. Қазақ – жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспеген, құдаласпаған халық. Яғни, қан тазалығын сақтаған. Соңғы уақытта ғалымдар тамаша жаңалық ашты. Білесің бе? Олар жеті ата деген қасиетті түсініктің сырын әлемге жария етті. Оқымыстылардың зерттеуінше, әкенің қанының 50 пайызы баласына берілетін көрінеді. Ал енді аздап логиканы іске қосайық. Жүзді екіге бөлсек елу, елуді екіге бөлсек жиырма бес, жиырма бесті екіге бөлсек… Осылайша, бұл сандарды 7 рет бөлгенде нәтиже нөлге теңеседі. Яғни, әкенің бойындағы қан құрамы жетінші ұрпағына дейін сақталады. Міне, бұл көшпенді қазақ халқының үлкен кемеңгер, қасиетті халық болғандығының бірден-бір дәлелі.

Ал енді сенің мәселеңе келейік. Дұрыс, нағашы атаң да – сенің атаң. Бірақ салт бойынша қазақ шежірені тек әке жағынан таратқан. Сондықтан да нағашылардың жеті атаға қатысы жоқ. Сенің арғы атаң – батыр Бұқарбай, Бұқарбайдан – Орақ шешен, Орақтан – Жанқұтты би, Жанқұттыдан – Осман қажы, Османнан – Іргелі болыс, Іргеліден мен – Абызбай, Абызбайдан – сенің әкең – Қайсар, Қайсардан – Еркін деген батыр, – деп ақсақал тамырлары білеуленген кәрі қолдарының саусақтарын санап немересінің жеті атасын түгендеп шықты.

Ұрлық түбі…

Алғашқыдай емес Еркіннің де ауыл балаларына еті үйрене бастағандай. Қаладан келгелі бері тәбеті ашылып, алдындағы асты тауыса жегеніне атасы да әжесі де дән риза. Күн төбеден ауа тамаққа тыңқия тойып алған үшеу әдеттегідей аулаға шығып еді, әншейінде у да шу болып ойнап жататын өзге балалардың бірі де көрінбейді. «Мыналардың бәрі қайда кеткен?» – деді Серік жан-жағына алақтай қарап. Ағасының жанында келе жатқан Берік те бұл сұрақтың жауабын таппағандай иығын қиқаң еткізді. Үшеуі аулада сенделіп біраз жүрді. Көп болып ойнап үйренгесін бе бұлардың өзара ойнауға зауқы жоқ секілді. Кенет Еркін өздерінен екі үй әріректе тұратын Қимаш қарт жақты саусағымен нұсқап:  «Жанасыл!» деп айқай салды.

– Қане? Жанасыл деймісің? Қай жерде тұр ол? – деді Серік те жұлып алғандай.

– Әне, бақтың ішінде. Жаңа ғана шарбақтан қылтитып мойынын көрсетті де жоқ болып кетті.

– Кеттік ендеше, – деді Серік бауырларына.

Үшеуі жүгіре басып бақтың жанына келгенімен кісі бойы шарбақтан ештеңе көре алмады.

– Жанасыл! – деді Серік. Үн жоқ. Тағы да шақырды. Тым-тырыс.

Серік тамағы жыртылардай айқай салды. Қыбыр еткен жан жоқ. Шыдамы таусылған Серік қасындағы екеуге қарап:

– Мені екеуің екі аяғымнан көтеріңдер. Іште не болып жатқанын көрейін, – деді. Інілері де Серіктің сөзін құптағандай екеуі екі аяғына жабыса құшақтап, ағаларын мықшыңдай жоғары көтерді. Аяқ астынан бойы өсіп, жоғарыдан төмен қарай шарбақ ішіне көз салған Серік «Жанасыл!» деді жарқын дауыспен. Бұл кезде Жанасыл алма ағашының иір бұтағына ыңғайлана жайғасып алып, қызыл алманы рақаттана жеп отырған.

– Өй, сенбісің? Түс өрмелемей! Шарбақты сындырасың!

– Жанасыл! – десем, неге үндемейсің?

– Естіген жоқпын.

– Алма берші бізге! – деді піскен жемістің аңқыған иісі танауын қытықтаған Серік.

– Жоқ, бермеймін.

– Неге? Біз көрші емеспіз бе?

– Өздерің неге ағаш отырғызып, күтіп, баптамайсыңдар?

Серік не дерін білмей қипақтап қалды да:

– Жанасыл, көп емес… Үшеуімізге бір-бір алмадан берші.

– Жоқ бере алмаймын.

– Өй, сен де бір… Өткенде біздің үйден сарқыт жедің ғой?

– Мен сендерден сарқыт сұраған жоқпын. Өздерің бердіңдер! Сосын бұл алма ағаштарын атам екеуіміз ала жаздай күтіп, баптадық. Көктемде атам маған: «Ерінбей еңбектенсең, күзге салым жұмысыңның жемісін көресің», –  деген. Сондықтан, біздің алмада сенің не шаруаң бар?

– Жанасыл, тым болмады үшеуімізге бір алма берші.

– Жоқ, – деді де Жанасыл ағашқа теріс қарап жайғасып алып бұдан әрі Серіктің сөзін естімегендей сыңай танытты. Амалы таусылған Серік жерге секіріп түсті де үстінің шаңын қаға бастағаны сол еді «Жанасыл, не істеп отыр?» – деді иықтары талып, қолдарын кезек-кезек сілкілеген екеу.

– Алма жеп отыр. Жылауық неме. Аш көз, – деді Серік танауы делдиіп.

– Енді не істейміз?

– Көр де тұр, сазайыңды беремін, Жанасыл! Кеттік, жүріңдер! – деді Серік кіжініп.

– Қайда барамыз?

– Үй жаққа.

Ағайындылар бір-бірімен жарыса жүгіріп өз үйлерінің ауласына келді. Серік емен ағашының көлеңкесіне жүрелеп отыра кетті де: «Ал жігіттер, кешкіге жоспар құрайық!» – деді.

– Қандай жоспар? – десті тетелес екеу де ағаларына жақындай түсіп.

– Жанасыл бізге алмасын бермей қыр көрсетті. Мейлі, ол өз қолымен бермесе кешкісін қас қарая ешкімге көрінбей баққа кіріп, піскен алмаларын түгел тып-типыл етейік.

– Ой, бұл… Қалай?.. Атам мен әжем білсе не болады? Жоқ… – деді Берік міңгірлеп. Бұл ұсыныс Еркінге де оншалықты ұнай қойған жоқ. Алайда, қаладағы мұғалім апайы: «Балалар, сендер алма теріп көрдіңдер ме? Ағашта өсетін алма – нағыз табиғи таза өнім. Жазғы демалыста ауылдағы бақтарға барып алма теріңдер. Тек жемісті жуып жеуді естен шығармаңдар!», – деп еді. Сол апайының берген тапсырмасы орындалатын сәт туып тұрғандай.

Қас қарайып ел орынға отырған сәт. Ағайынды үшеу үйде тырс етіп дыбыс шығармастан ауызғы бөлменің бір бұрышында ойнап отыр. Үй іші тым-тырыс. Абызбай ақсақал сол күні күн еңкейе бәйбішесін ертіп жоғарғы ауылдағы Жұмажандікіне кеткен. Бұйыртса қос қария ертеңгісін үйге бір-ақ келмек. Жұмыстан қалжырап оралған Семсер әйелі Күнсұлудың берген тамағын қалғып-мүлгіп отырып ішкен соң қонақ бөлмеде теледидар қараған болып аунақшып жатыр еді, ұйқы қысып аздан соң қорылға басты. Сәлден кейін Күнсұлудың да демалғысы келген болуы керек ауызғы бөлменің есігін сығырайтып ашты да: «Балалар, ойнап болған соң, жатыңдар! Төсек салып қойдым», – деп есіктің шиқылына қосыла еріне есіней төргі бөлмеге таман бет алды. Өздерінше жоспар құрған үшеу «жорыққа» тас-түйін дайын секілді.

Бұлар мысықтабандай басып сыртқа шықты. Дала тым-тырыс, айнала көзге түртсе көргісіз тас қараңғы екен. Серік кешкілікте атасының шатырға шығатын шағын сатысын оңтайлы жерге әкеліп қойған. Ол сатының қасына таяй беріп еді Берік:

– Оны қайтесің? – деп шап ете қалды.

– Өй, баспалдақсыз анау шарбаққа қалай шықпақсың? – деді Серік те жұлып алғандай.

– Сосын, жігіттер, дереу ышқырланыңдар!

– Не үшін?

– Ой, бағанадан бері не айттым сендерге? Алманы ішімізге салмаймыз ба? – Серіктің қатқылдау шыққан үніне екі інісі оның дұрыс дегендей бастарын изеп, жейделерінің етегін шалбардың ішіне сала бастады. Содан соң жіңішке талдан жасалған жеңіл сатыны көтерген үшеу Қимаш қарттікін бетке алды. Сатыны биік шарбаққа сүйеп, бірінен соң бірі жып етіп жоғары көтерілді де бақтың ішіне қойып кетті. Серік алда. Інілері артта. «Жігіттер, қайтарда мына ағашқа шығамыз да шарбаққа секіреміз», – деді Серік екеуінің жеңінен тартып, шарбаққа жақын тұрған алма ағашын нұсқай сыбырлап. Үшеуі бір-бір ағаштың басында жүр. Әп сәтте қарындары шығып, көйлектері тырсия бастады. Серік қолын желке тұсына созып ішіне сыймаған алмаларды жапырағымен қоса арқасына таман сүңгіте бастады. Түнгі салқынға аздап тоңазыған жеміс жалаңаш тәнге тиген сайын денең  түршіккендей болады. Кенет Қимаш қарттың үйінен жарқ етіп жарық жанды. Төргі бөлмеден. Үшеуі жалма-жан шарбаққа жақын тұрған жалғыз ағашқа жармасты да, апыр-топыр бірінен соң бірі секірді. Қашып келеді. Қолтығында сатысы бар Серік артына бұрылып қарап еді өзін өкшелей бастырмалатып келе жатқан қараның Берік екенін пысылдаған демінен-ақ таныды.

– Еркін қайда?

– Білмеймін. Ұсталып қалды ғой деймін.

Серік кілт тоқтап, қолындағы сатыны Берікке берді де: «Сен үйге қайт. Мен қазір…» деп баққа қарай тұра жүгірді. Жүрегі құрғыр атқақтап, тарс-тарс етеді. Амал жоқ дірілдей басып баққа таман таяды. Сыртта ешкім көрінбейді. Кірпік қақпай мұқият қарап еді шарбақтың басында қараңдаған әлдекімді көргендей болды. Жақындай түсіп еді біреу шарбақтың басында қақпанға түскен қасқырдай әлденені жұлмалап өзімен өзі ырсылдап әуреленіп жатыр.

– Еркін, сенбісің?

– Иә, менмін. Балағым шарбаққа ілініп қалды. Көмектес маған! – Серік аяғы аспаннан келіп ауада салбырап тұрған інісінің балағына жармасты. Бар күшін салып тартып қалып еді, дар еткен дыбыс шықты да «аяғым-ай» деген Еркін жерге топ ете түсті. Аяқтың қамын ойлайтын кез бұл емес, атып тұрып, шойнаңдай басып Серіктің соңынан еріп қашып келеді. Әйтеубір аман-есен құтылғандарына мәз. Үшеуі сол түні алма жеп сыртта ұзақ отырды. Тек олжалары таусылған соң ғана үйге кірген.

Кеш жатқанына қарамастан бұлар таңмен жарыса оянып алды. Аталары мен әжелері қонақтан келген соң Жанбибі әже дастарқанның қамына кіріскен. Үй іші тегіс тұрып, барлығы да үстел басына жайғасты. Таңғы шайды алдарына ала бергені сол еді ала күшік шәу ете қалды. Артынша есік ашылып, «Ассалаумағалайкум», – деп әндете созған дауыс естілді. Таныс үн. Серіктің іші қылп ете қалды. Жалт қарап еді қолында шелегі бар Қимаш қарт екен.

– Уағалайкумассалам, Қимеке! Кел, төрлет! – деді үй иесі.

Отырғандар босағаға қарай ысырылды да мезгілсіз келген қонақ төрге жайғасты. Әншейінде үлкенмен де, кішімен де әзілдесіп, аузы құрғамайтын Қимаш қарт бүгін тым байсалды. Әзірге ештеңе деп артық-ауыс тіл қата қойған жоқ. Абызбай қарт оны-мұны сұрап әңгімеге тартып еді қонағы жарытып жауап бермеді. Тек шай ішіп бола беріп: «Осы үйдегі Серіктің алма жегісі келіп жүрген секілді. Соған алма әкелген едім», – деді дауысын нығарлай сөйлеп.

– Ойбай-ау, алма өсірсеңіз ол сіздің еңбегіңіз ғой. Қолымыздың ұшын тигізіп, ала жаздай бір де бір рет сізге көмектесе алмадық. Енді оны қалай жейміз? Біз алсақ, сатып аламыз, Қимеке, – деді үй иесі қипақтап.

– Жоға, о заман да бұ заман көршіге кім алма сатып көріпті. Тек ұрлап алғаннан сұрап алған жақсы ғой, Әбеке, – деді бағбан қарт әлденені тұспалдай сөйлеп. Абызбай қарттың өңі сұрланып, қабағы қатулана түсті. Өткір көздерін қадап үшеуіне қарап еді түнде «жорықтан» келген бұларда үн жоқ. Құлақтарына дейін қызарып, бастары салбырап отыр.

– Айтпақшы, Берік, мынау сенің бас киімің бе? – деді қарт алма толы шелектің бетіне аударылып салынған қызыл қалпақты қолына алып. Мұны мен бақтың ішінде талға ілулі тұрған жерінен тауып алдым, – деді тағы да әңгімені қоздыра түсіп. Шып-шып терлеген Абызбай қарт шапанының жоғарғы түймесін ағытып, тереңірек тыныс алды. Немерелеріне кезек-кезек қарады да: «Қане айтыңдар? Сендер алма ұрладыңдар ма?» – деді қалшылдап. Үн жоқ. Қария кемпіріне қарап әлдене деп ымдағандай болды. Төргі бөлмеге кеткен Жанбибі сәлден соң қолтығына әлденені қыстырып қайта оралды. Сол кезде орнынан сүйретіле тұрған Серік: «Ата», – деді жай ғана. Біз алманы ұрлайық деп ұрламадық. Тек Жанасылға ерегесіп әдейі істедік.

– Сонда қалай? Ерегескені несі?

– Біз Жанасылдан алма сұрағанбыз. Бірақ ол бізге ештеңе татырмады. Қанша жалынғанымызбен тым болмаса бір алмасын қимады. Содан соң біз оған ерегесіп осылай жасадық. Кешіріңіздер, аталар, – деді Серік қипақтап.

– Жанасылдікі дұрыс. Неге ол сендерге өзі баптаған жемісін беруі керек. Бейнет – Жанасылдікі, демек зейнет те сонікі болуы шарт. Иесі затын бермесе, ұрлап аласыңдар ма сонда? Бұларың нағыз қорқақ, ездің ісі, – деді Абызбай ақсақал саусағын шошайта зекіп.

– Ойбай-ау, ондай жағдай болғанын мен білмедім ғой. Әй, біздің Жанасыл да… Жалғыз өскендікі ме, тым қызғаншақ… Ай, шықбермес Шығайбайым-ай! Қалай адам болар екенсің, ә? – деп өз-өзімен күбірлеген Қимаш қарт ыңғайсызданып қалды. Бағанағыдай тегеуірін, бағанағыдай екпін жоқ сөзінде.

– Қимеке, біздің балалардан бір ағаттық кеткен екен. Кешіріңіз. Ұят болды. Мынау біздің айып шапанымыз. Қабыл алыңыз! Кінә – бізден. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», – демей ме! Ғафу етіңіз», – деді ақсақал көршісінің иығына оюлы шапанды жауып жатып.

 Өзектегі құрт

Кешелі бері ағайынды үшеу өздерімен өздері оңашада қалды. Аталарына да, әжелеріне де бұрынғыдай жақындай қойған жоқ. Қастарына бұзып-жарып еркелеп баруға батылдары бармай жүр. Кешегі ұрлықтан соң бұл үшеуінің мәселесі үйде майшаммен қаралған. Тек атасы ыңылдап ән сала бастаған соң ғана бұлар ақсақалға жақындай түсті. Себебі, аталарының көңіл-күйі көтерілгенде ептеп ән салатынын немерелері жақсы біледі.

– Ата, – деді Серік. Біздің де бау-бақша өсіргіміз келеді. Серіктің бұл сөзіне Жанасылдың «Өздерің неге ағаш отырғызып, күтіп-баптамайсыңдар?» – дегені себеп еді.

– Иә, шырағым, оның жөн. Анау ескі бақты қайта қолға алуға болады. Әттең, менде бұрынғыдай қауқар жоқ…

– Ата, сіз не істеу керектігін айтсаңыз болды. Басқа шаруаны өзіміз-ақ тындырамыз. Үшеуі атасының жанына таяй түсті.

– Жарайды, айналайындар. Бұларың енді нағыз ер азаматтың сөзі болды. Еңбекпен тапқан нан қашан да дәмді болады. Кеттік онда, жүріңдер, баққа барайық.

Ағайынды үшеу аталарын жетелеп, ескі баққа келді. Қария жан-жағына барлай қарап, ойға шомып тұр.

– Мынау бақта менің жастық шағым өтті. Марқұм әкем анау өрік ағашының түбінде қара жұмыстан кейін, тері тамшылап демін басып отыратын, жарықтық. Мына ағаштардың қайсысының неше бұтағы барына дейін жатқа білуші едім. Жас күнімде осы бақты бір адамдай баптадым ғой. Әттең, қартайған соң бәрі де бекер екен, – деді қария арамшөп пен қурай басып кеткен сүреңсіз баққа көзін қадап.

– Ата, айтыңыз. Бізге қандай тапсырма бересіз?

– Балалар, алдымен арамшөптер мен қурайларды түгелдей отау керек. Биыл қауын-қарбыз салуға кеш қалдық. Алайда, мынау алма, өрік, шие аңғаштарын суғарып, күзге салым жақсы өнім алуға болады. Ал келер жылы Құдай жазса, күн жылына қолға кетпен-күрек алатын боласыңдар.

– Мақұл, ата! Біз бәрін де істейміз.

– Жарайды, қарақтарым. Алдымен мен сендерге қурайдың, арамшөптің қандай болатынын көрсетіп берейін.

Төртеуі ескі бақтың ішін аралап келе жатыр еді Еркін кілт тоқтай қалып:

– Ата, көрші үйлердегі ағаштардың діңі неге аппақ? Ал мына ағаштардың діңі неліктен ондай емес, – деп сұрады.

– Ә, балам, дұрыс байқаған екенсің. Оны адамдар әдейі әктейді.

– Сонда қалай? Кәдімгі үй әктейтін әкпен ағарта ма? – деді Берік те әңгімеге кірісіп.

– Иә, кәдімгі әкпен ағартады.

– Ол не үшін қажет, ата?

– Ағаш та адам секілді тірі ағза ғой. Тамыранан нәр алады. Құрт-құмырысқа діңіне ұя салса, ағашқа қауіп төнеді. Өзегі құрттаған ағаштың жемісіне де құрт түседі. Ал діңін әктеп қойса, зиянды жәндіктер жолай алмайды. Түсінген жанға адам мен табиғат өте ұқсас қой, қарақтарым. Мәселен, әкті – адамзаттың бойындағы ар-ұяты деуге болады. Бойында ар, намыс, ұяты бар адамға да зиянды дүниелер жолай алмайды. Сондықтан да, айналайындар, ең алдымен, арлы болыңдар! Ары таза азаматқа абырой да, атақ та, бақ та өзі келеді. Арлы адам да әктелген ағаш секілді жемісін елге молынан береді.

 Құтқарушы «періште»

Тал түс. Тас төбеден шағырайған күн көзі жер дүниені өртеп бара жатқандай. Ағайынды үшеу ауыл сыртын жалай өтетін өзенді бетке алды. Серік пен Берік інілері Еркін қаладан келген күннің ертеңінде-ақ оны өзенге апаруға уәде еткен. Ағайындылар қозы көш жерге жете бере аптап ыстықтан  шекелері солқылдап, кенезелері кеуіп, су іздей бастады. Олар бәтіңкелерін қолтығына қысып, көйлектерінің түймелерін ағытып, біраз салқындағандай болды. Шаңқай түсте бұлардан басқа өзен жағалаған тірі жан көрінбейді. Тіпті, әуеден құлдилап келіп, судағы балықты ілетін шағалалардың өзі еріне ұшатын секілді. Үшеуі арттарына бұрылып ауыл жаққа көз салып еді алыстан бір қара көрінеді. «Атты адам», – деді Серік сұқ саусағын көрсетіп.

Бұлар еріне басып өзенге таман таяғанша алыстағы ат дүбірі де жақындай түсті. Бұрылып қарап еді желе-шоқытып келе жатқан жылқышы Қатай шал екен. Ауылдастары Қатай қарттың жаяу жүргенін көрген жері жоқ. Қашан көрсең, қоқырайып ат үстінде отырады. Оның осы әдетін жақсы білетін құрдастары: «Осы біздің Қатай қабырғалас көршісінің үйіне де атпен барады-ау», – деп қалжыңмен қағытатын көрінеді. Шынымен де көзін ашқалы жылқымен біте қайнасқан жанға жаяу жүрген мүлдем жараспайтын секілді.

Жасы егделеп қалса да қимылы ширақ Қатай қарт бұларға бұрылмастан өзендегі өткелді бетке алды. «Қараңдар, Қатай атаның Қарақұлағының суға қалай жүзетінін көреміз», – деп Серік жағаға қарай жақындай түсті. Басқа-басқа жылқының суға жүзгені Еркінге таңсық дүние еді. Үшеуі де жылқышыдан көз алмай келе жатыр. Су аттың бауырына келген сәт. Кенет ақсақалдың дәл алдынан бір шортан оқша жоғары атылып, суға қайта шолп ете қалып еді Қарақұлақ осқырына тулап, қара суды ары-бері шалпылдатып, иесінің тізгін тартқанына ырық бермей ала қашты. Өткел тым тар болатын. Сәл бұрылсаңыз екі жағы иіріп алып кететін ағынды иірім терең су. Қарақұлақ өткелден шығып қатты ағысқа қалай топ ете түскенін өзі де байқамай қалғандай болды. Аттың тұмсығы әр жерден бір көрініп, ақсақал белуардан суға малшынды.

Ат мөңкіген кезде жылқышының оң аяғы үзеңгіден суырылып кетіп, кебісі суға күмп ете түскен. Жалма жан аяғын үзеңге қайта салып еді суланған жұқа мәсі жылп етіп аяғы үзеңгіден өтіп кетті де кері қарай шықпай қалды. Енді аттан түсіп жан сауғалауға мүмкіндік жоқ. Темір үзеңгіге қыстырылған аяқ суырылар емес. Серік қасындағы інілеріне қарап: «Сендер тез барып ауылға хабар беріңдер! Мен атаны құтқарудың бір жолын ойластырамын. Бол, тез-тез!» деп екеуін ауылға қарай бұрып жіберді. Тетелес екеу жарыса басып, тұра жүгірді. Осы кезде жылқышы қарт су астынан қанжығасындағы қайыс арқанды сыйпалай тауып: «Әй, бала, мынаны тарт та анау тасқа ора!» – деп жанталаса айқайлады. Қарияның құлаштай лақтырған арқаны шұбатылып келіп судың жағасына әрең жетті. Арқанның ұшын ұстаған Серік тай қазандай қара тасқа қарай тарта жөнелді. Су жағасында лақ шығып ойнайтын, балықшылардың тізе бүгетін орнына айналған қара тастың пайдасы тиер деп кім ойлаған? Серік тасты айнала жүгіріп арқанды орап байлады да өзі де бар шамасынша арқаннан тарта түсті. Тұмсығы батып құлағы ғана көрініп тұрған аттың аздан соң басы судан шыға бастады. «Иә, сәт!» – деді қария арқаннан ұстап тырмысқан қалпында. Ауыл адамдары келген сәтте атты кісі аман-есен жағаға жеткен еді.

Ертесінде жылқышы құрбандық шалып, ас берді. Жиын соңында ағайынды үшеуге ризашылықпен алғыс айта келе Серікке тай мінгізіп, Берік пен Еркінге бір-бір бұзау атады. «Бір бәледен Құдай қақты. Әуелі – Алла, екінші – мына үш құтқарушы «періштелерім» мені бір ажалдан арашалап қалды!» – деп еді асқа жиналғандар улап-шулап мәз боп қалды. Ауыл балалары қамыс құлақты, шолақ құйрық күрең тайға қарап қызығып-ақ тұр. Үйретілген жуас тайдың шылбырынан ұстаған Серіктен бақытты жан жоқ еді бұл күні.

– Қатай ата!, – деді ол. – Мен бұл істі сый-сияпат алу үшін жасаған жоқпын. Егер Еркін бауырым өтініш айтпағанда біз кеше өзенге бармаған да болар едік! Сіз ренжімесеңіз мен бұл тайды қаладан келген қонақ бауырым Еркінге сыйлайын деп тұрмын!, – деп еді, бауырдың бауырға деген ілтипатын көреген халық әр жерден «әй, жарайсың, тектіден текті туады деген осы!» – деп тамсанып жатты. Тіпті, кейбірі көздеріне келген ыстық жасты ірке алмай да қалды.

 Қоштасу

Бүгін Еркін күндегіден ертерек тұрды. Тысқа шығып еді атасы қораның маңында жүр екен. Жақындап барса, көлеңкеде байлаулы тұрған күрең тайдың аузына әлденені байлап жатыр.

– Ата, мынау не? – деді Еркін дорбаны нұсқап.

– Бұл – сұлы дорба.

– Оны не үшін тайдың аузына байладыңыз?

– Бұл – атқа сұлы беруге арналған дорба. Әрі өзіңмен бірге алып жүруге де өте ыңғайлы. Жемді басқа ыдысқа салсаң, жылқы астықты басымен шайқап төгіп тастауы мүмкін. Ал сұлы дорбаға салған жем төгіліп-шашылмайды. Бұрынғы батырларды білесің ғой, балам. Арғымақтарын сұлы беріп баптаған. Еркінжан, тайың аздап тыныққан соң бүгін ауылды бір айналып кел. Кешкісін қалаға қайтасың, – деді атасы.

– Ата, менің қалаға барғым келмейді! Сіздермен осында қала берейінші! Берікпен бір сыныпта оқысам қайтеді?

Қазан-ошақтың басында күйбеңдеп жүрген әжесі де бұл сөзді естіп, көзінің жасын бір сығып алды.

– Жоқ, балам. Сен қалаға барып әке-шешеңнің қасында болғаның дұрыс. Қалада оқып, шет тілін үйрен, замануи білім ал. Бірақ әр демалыс сайын бізге келіп тұр. Сен болмасаң, қаланың жаңалығынан құр қаламыз ғой! – деді атасы рахаттана күліп. Әжесі де әңгімеге араласып немересін жұбатып жатыр.

– Еркінжан, сен алаңдама! Берікпен әлі талай бірге оқитын, бірге жүретін боласың?

– Қашан, әже?

– Құдай жеткізсе, Серік те, Берік те мектепті бітірген соң қалаға барып, оқуға түспей ме? Әрі сендердікінде тұрып оқитын болады. Сол кезде институтқа бірге барасыңдар.

– Алақай! – деді Еркін. – Ата-әже, менің қалаға тезірек кетуім керек!

– Жаңа ғана бармаймын деп жатыр едің. Енді неге асықтың, балам?

– Барып, тез-тез оқып, 11-сыныпты жылдам аяқтауым керек. Сол кезде Серік пен Берік те менің қасыма келеді! – деді Еркін екі санын сабалап. Қос қария баланың періштедей пәк көңіліне сүйсініп, бір күлісіп алды.

Күн еңкейген уақыт. Үй іші тегіс қоштасып, Еркінді қалаға шығарып салмақ.

– Қоштасқым келмейді, сіздермен. Мен көп ұзамай ауылға ораламын. Мен келгенше күрең тайымды күтіңдер! – деді Еркін Серік пен Берікті қимастықпен қапсыра құшақтап.

Көлік қара жолға түсіп, зулап барады. Еркін артқы терезеден алақандай ауылға көз салды. Атасы мен әжесі қаққан қазықтай қалшиып бір орында көліктен көздерін алмай қарап тұр екен. Екеуінің де алақандары жаюлы. Ал Серік пен Берік болса, жолға түскен көліктің соңынан біразға дейін жарыса жүгірді. Көлік ұзаған сайын олардың бейнесі кішірейіп барады. Тек ашық тұрған терезеден: «Қош бол, Еркін! Ауылға тезірек кел!» – деген дауыстары ауық-ауық естіліп тұр. Ағайынды екеудің құлақшындарын қолдарына алып, бұлғай қоштасқаны Еркіннің көз алдынан кетер емес…

Алпысбай ХОНЖ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Добавить комментарий