Ат жегу

Темірғалы қарт немересі Мәдидің каникулда ауылға келгеніне қатты қуанды.
– Жүр, балам, тоғайға шөпке барамыз. Саған аталарыңның қыстауларын көрсетемін, – деді ол. Үшінші сыныпта оқитын Мәди атасының ұсынысына қуанып қалды. Ол далаға шыққанда атасы шанаға ат жеккелі жатыр екен.
Атасы бірінші аттың басына ұшында темірі бар бір нәрсені кигізді де, темірді аттың аузына салды.
– Ата, мынау не?
– Мұны жүген дейді, балам.
– Темірді неге аузына салдыңыз? Аузы тоңбай ма?
– Жоқ, тоңбайды, балам. Бұл темірді ауыздық деп атайды. Оны тартқанда ат тоқтайды, оңға тартсаң оңға, солға тартсаң солға бұрылады. Оған жалғанған ұзын жіпті делбе деп атайды.
– Қызық екен, ата.
– Иә балам, ат жегу де – өнер. Сен енді қорадан барып қамытты алып келе ғой.
– Ата, мен қамыттың не екенін білмеймін ғой.
– Қораға кірсең көресің, шегеге іліп қойғанмын. Қамыт деген аттың мойынына кигізетін сопақша келген әбзел.
– Жақсы, ата, – деп тұра шапқан Мәди қамытты алып келді.
– Балам, үйреніп ал, бірінші атқа қамытты салады. Сосын шоқтығынан төменірек ершікті салып, тартпасын тартады. Міне былай, – деген Темірғалы қарт аттың мойнына қамытты кигізіп, арқасына ершікті салды.
– Мына шанаға салынған ұзын ағашты арыс дейді. Оны көбінесе қайың ағашынан жасайды.
– Неге, ата?
– Себебі қайың өте қатты ағаш. Ол сынбайды. Осы арысты құлақбауға орап, доғаны кигізеді. Доға деген мына иілген ағаш. Доғаны біздің шеберлер мойыл ағашынан жасайды, себебі ол кептірген уақытта жарылмайды.
Темірғалы ақсақал доғаның екі жағын құлақбауға бекітті де, қамыттың бауын тартып қойды. Одан кейін белкөтермені ершіктен өткізіп арысты көтерді де сілекейлеп орай бастады.
– Ата, неге түкіресіз?
– Балам көтерме қалың қайыстан жасалады. Ағаш арысқа түкіріп ораған кезде ол жылжымайды. Шешіліп те кетпейді.
– Қайыс деген не?
– Қайыс деген қара малдың терісінен жасалған бұйым. Оны қалай жасауды жазда келгенде көрсетемін.
– Жақсы, ата.
– Міне атымыз да шамамен дайын. Енді шілияны саламыз, – деген Темірғалы ата шілияны кигізді де, бас жағын қамытқа бекітті.
– Шілия не үшін керек, ата?
– Даланың ойлы-қырлы жерлері көп. Ат еңіске қарай жүргенде қамыттың алға қарай сырғымауы үшін керек. Ал енді делбені әкеле ғой.
Мәди делбенің не екенін біліп алған. Қайсы деп сұраған жоқ, бірден әкеліп атасына берді. Көтерменің үстінен, құлақбаудың астынан өткізген атасы делбенің шетін ауыздыққа бекітті.
– Міне балам, ат дайын. Енді шанаға мін, кеттік тоғайға, – деді немересіне күлімсіреп.
– Біз отырған мына шананы ел алыс жолға арналған жеңіл әрі оюлап жасағандықтан сәңке шана дейді. Ал делбені ұста! – деді сосын Мәдиге қарап.
– Енді шүу деп делбені қақ!
Мәди қолындағы делбені қаққан кезде ат жүріп кетті. Оңға қарай тартып еді ат оңға бұрылып жолға түсті.
Сол күні Мәди атасының айтқандарын бұлжытпай орындап, ат жегуді де, ат шанамен қалай жүру керектігін де үйреніп алды. Атасы оған тоғайдағы бабаларының қыстақтарын көрсетіп, аталары туралы көп әңгіме айтты.
Қамшы

(Қамшының құрылымы: 1 – қамшының сабы, 1а – қамшының дүмі, 1б –қамшының мойыны, 2 – тұтамы, 3 – бүлдіргесі, 4 – бауырдағы, 5 – бүркеншек, 6 – мойнақ, 7 – бунақ,
8 – шырмауғы, 9 – өрім, 9а – түйін, 10 – таңдай, 11 – тілше, 12 – кекілдік, 13 – қамшының алақаны,
14 а – бекітпе желкелік, 14 б – үзбе, 15 – шамажай, 16 – шашақ, 16 а – қолдың шашағы)
Кешкі шайдан кейін Темірғалы ата Мәдиді жанына шақырып алды.
– Балам, сен үлкен азаматсың. Әр жігіттің өзінің қамшысы болуы керек. Қазір саған қамшы жасаймыз, – деді.
– Оны мен не істеймін, ата?
– Мен осы үйдің үлкені болсам, сен біздің әулеттің иесісің. Қамшы ат мінгенде ғана керек емес. Ол жігіттің әрі қаруы, әрі сәндік бұйымы. Қамшы қазақ үшін қасиетті, – деген Темірғалы ата бәкісімен қолындағы тобылғының бұтақтарын жонып, дөңгелете бастады.
– Қамшының сабын тобылғыдан, сәндік үшін еліктің сирағынан да жасайды. Саған тобылғы сапты, алты өрім бала қамшы дайындаймыз, – деген ол дайын болған тобылғы сапты қолына алды.
– Қамшының басын дүмі, ұстар жерін тұтамы, бас жағын мойыны деп атайды.
– Қайысты қашан тілеміз, – деді Мәди тағатсызданып.
– Асықпа, балам, қазір, асықпа. Бірінші жалпақтығы екі сантиметрдей, ұзындығы білектей болатын қайысты кесіп аламыз. Сосын оның ортасынан жоғары тұсынан алты жіңішке жолақтар сызып аламыз да тілеміз. Оны таспа дейді. Тілінбеген бөлігі қамшының сабының астына салынады. Оны бауырдақ деп атайды. Сен ұстап тұр, мен өріп көрсетейін, – деген атасы таспаны алтыға ширатып өре бастады. Қолы әбден икемделген ол тез өріп шықты. Өрімнің ұшығы дайын болған соң, түйінін түйіп тастады. Одан кейін тілінбеген жолақ қайысты алып ағаш саптың астына жатқызып салды да, бізбен тесіп, үстінен бүркеншікпен қатты сығымдап орады. Мойнақ, шырмауық, бунақтарын да солай жасады. Мойнақтың астына тілше, кекілдік, алақан, желкелік, үзбе, шамажай, таңдайын қосып бекітіп, үстіне шашағын салды. Бәрін немересіне айтып отырып жасауда. Әр қимылын бақылаған Мәди:
– Ата, шашақ не үшін керек?, – деп сұрады.
– Шашақтар әдемілік үшін, балам, – деп күлді атасы. – Ал енді нені ұмыттық? – деді ол одан кейін Мәдиге қарап. Бұрын қамшы жасап көрмеген Мәди үндемей қалды.
– Бүлдіргесі қалды ғой, балам.
– Ол не?
– Ол қамшы қолыңнан түсіп қалмас үшін білезігіңе кигізіп ұстайтын таспа.
Әп-сәтте бүлдіргені бекітіп берді. Қамшы дайын болды.
Мәди сол күні қамшысын қолынан тастамай ұйықтап қалды.
Уыз

Мәди таңертең лақтың маңыраған дауысынан оянды. Ауыз үйге барса пештің түбінде қап-қара лақ жатыр. Қасында кішкентай ала бұзау тұр. Әжесі Шайзат пешке көмір салып жатыр екен.
– Тұрдың ба, ботам, тоңып қалған жоқсың ба? – деді ол Мәдиді көрген бетте өбектеп.
– Тұрдым, апа, тоңған жоқпын. Сасып тұрған ненің иісі, – деп тыжырынды ол.
– Тоңғақ шығар.
– Ол не? – деді таңданған Мәди мұрынын жауып.
– Тоңғақ деген – бұзаудың алғашқы тезегі.
– Онда бұзауды неге үйге кіргізіп қойғансыз?
– Түнде сиырымыз туыпты, бұзауы тоңып қалмасын деп атаң үйге кіргізіп қойды. Ана лақты енесі алмай қойған соң оны да кіргіздік.
– Енесі деген мамасы ма?
– Иә. Киін, барып еміздіріп келейік. Мамасының басын ұстап тұрасың. Одан кейін уызбен шәй ішеміз.
Түк түсінбеген Мәди жылдам киініп, әжесімен бірге қораға барды. Лағын алмай қойған ешкінің аузын әжесі жіппен керіп қойған екен.
– Әже, неге аузын керіп тастағансыз, – деп жаны ашыды.
– Өз төлін алмаған қой мен ешкіні осылай жазалайды, – деген әжесі лақты енесіне жақындатқанда, ол да елжіреп сала берді. Лағын иіскеп жалай бастады. Риза болған екеуі үйге кіріп, дастархан басына жайғасты.
– Міне, ала қой, балам, – деп алдына ақ тағамды қойды да, үстіне қант септі. Мәди дәмін татып көрді. Ұнаған секілді.
– Әже, мынау не, «сырок» па?
– Жоқ балам мұны қазақ уыз дейді. Сиыр бұзаулағаннан кейінгі алғашқы сүтін пісіріп осындай тағам дайындайды.
– Тағы да бар ма, әже?
– Бар, құлыным, бар, қазір әкелейін, – деген Шайзат әжесі орнынан тұрды.
