Ертіс ауылында ақын, өлкетанушы, публицист, аудармашы, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Самат Мәненұлының 75 жас мерейтойына арналған «Ұлы өнерге қолқанатпын» атты шығармашылық кеші өтті.

Азаматтың өнегелі өмір жолы

 Самат Мәненұлы 1950 жылдың 20 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Мөнекей ауылында өмірге келді. Әкесі колхозда есепші, шешесі үй шаруасындағы адам еді. Самат – сегіз баланың бесіншісі. Ауылы Зайсан көлінің жағасында болатын. Балапан бала шағы сонда өтті. 1961 жылы бастауыш мектепті бітірді. Сол жылы жазда әкесі өмірден озды. Оқуды сол ауданның Ақсуат ауылында жалғастырып, 1967 жылы бітіріп шықты. Интернаттың қара суы мен қара нанын жеп өскен баланың бірі болды. Бала шақтан арманы журналист болу. Алғашқы «Мектебім» атты өлеңі 1964 жылы аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде жарық көрді. Облыстық «Коммунизм туы» газеті де бала Саматтың өлеңдерін газет бетіне шығарды.

1968 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың ауылшаруашылық институтына түсіп, 1973 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шықты. Туған елінде 1-2 жыл қызмет етіп, 1976 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданы Қарақұдық  ауылына қоныс аударады. Совхоз шеберханасында екі жыл бақылаушы механик, көктемгі   егіс, орақ  науқандарында жөндеуші шебер болып істеді. 1979-1999 жылдары осы ауылдағы ҚазКСР 10 жылдығы атындағы совхозда бас инженер, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Ол кездері өндіртіп жаза алмаса да,   өлеңнен мүлде көз жазып кеткен жоқ, аракідік ой, түйгенді  қағазға түсіріп отырды.

1977 жылдары облыстық «Қызыл ту» газетіндегі «Уақыт тынысы», «Сыр» өлеңдерімен халық ықыласына бөленді. 1996 жылға дейін «Аққұс» әдеби шығармашылық бірлестігіне мүше болуы да өнерінің өрге жүзгендігін байқатады. «Ертіс нұры» газеті шыға бастаған 1991 жылдан штаттан тыс тілшісі, 2009  жылдан меншікті тілшісі болып істеді.

Самат Мәненұлының көркем әңгімелері, ақпараттық материалдары, публицистикалық туындылары аудандық «Ертіс нұры», облыстық «Сарыарқа самалы» газеттерінде әлі күнге дейін жариялануда. Аудандық газетте істеген жылдары журналистік Һәм ақындық таланты жарқырай көрінді.  Бәрі де – Құдай берген талантының арқасы. Оның қаламынан шыққан әрбір дүние оқырманға ой салады, толғандырады. Жазу машығы қалыптасқан, өзіндік болмыс-бітімі бөлек. Әр сөздің салмағын біледі. Кейінгі жас буынға көрсетер үлгі-өнегесі де мол. Өзі ақын, өзі инженер ағамыздың көпшілікке беймәлім тұстарының бірі – оның аудармашылық қыры. Орыс ақыны Алексей Плещеевтің Гетеден, Гейнеден аудармаларын, Роберт Рожденственскийдің «Реквием» поэмасын қазақшалады.

 

Қаламгерге құрмет көрсетілді

Мерейтойлық салтанатты кеште Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Серік Батырғожиновтың құттықтау хатын табыстады. Құттықтау хатта Самат Мәненұлының Павлодар облысының өркендеуі мен гүлденуі жолында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, өңіріміздің қарыштап дамуы үшін мол үлес қосқаны айтылған:

– Журналистика саласында толайым табыстарға қол жеткізіп, өз мерейіңізді де, ел мерейінің де үстем болуына еңбек еттіңіз. Ақындар мен батырлардың алтын құрсағы Ертіс-Баян жұртшылығы Сіздің өнеріңізді жоғары бағалайды, – делінген.

Бұдан кейін Самат Маненұлы «Ертіс ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Ертіс жұртының көз алдында Самат Мәненұлының «Егінді өлкем, Ертісім» кітабының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсауын аудан әкімі Нығман Жүсіпов пен Ертіс ауданының Құрметті азаматы Балғабай Бакишев кесті.

Одан соң облыстық маслихат депутаты Қалауиден Ибрагимов сөз сөйлеп, Самат Маненұлына ұзақ жылғы адал еңбегі, белсенді қоғамдық қызмет, облыстың шығармашылық дамуына қосқан зор үлесі үшін облыстық маслихат төрағасының Алғыс хатын табыстады.

Қазақ тілінің жанашыры, ардагер тілші, Ертіс ауданының«Нұр ана- әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қадиша Алқамбекқызы сахнада тұрып, Германия елінен, Самат Маненұлының қызы Гүлнар Саматқызы бейне қоңыраумен құттықтауларын арнады. Ақын Нарқұлан Райхан Самат Мәненұлының шығармашылығы туралы баяндама жасады.

Кеш барысында Самат Мәненұлы ақындыққа қалай келгені, шығармашылығына кімдердің әсері болғаны туралы, кітаптарының шығуы жайлы, тағдыр, бақыт ұғымдарына қатысты ойларын ортаға салды. Және аудандық «Ертіс нұры» газетінде істеген жылдарынан естелігімен бөлісті.

Әдеби кеште Қуанышбек Шәріпов, Мақсұт Нариман, Нұрсұлу Дәргерхан ақынның өлеңдерін оқыды. «Замандас» тобы Самат Мәненовтің «Тәуелсіз Қазақстан» өлеңіне жазылған Азамат Сатханов пен Шамей Салтанаттың әнін орындады. Данагүл Жиенханова «Ертістің аққулары» әнін шырқады.

Добавить комментарий