Аңшылық өнердің ақиығы атанған Мәуия Әбікеевтің есімін Баянауыл елі әрдайым қастер тұтады. Жуырда Баянауылдағы Шапық Шөкин атындағы №2 орта мектепте «Құстың тілін таныған құсбегі» тақырыбында танымдық сағат өтті.
Құсбегі Мәуия Әбікеевтің есімі тірісінде дүйім Кеңес одағына ғана емес, сонау Еуропа елдеріне танымал болған. Ол бозбала шағынан ат жалын тартып мініп, саятшылықтың қыр-сырыс терең меңгерген. Аңшылықты кәсіп етіп, бұл еңбегі үшін 1972 жылы Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде алтын медальмен марапатталған. Саятшылық өнердегі жоғары жетістіктері үшін КСРО Тұтынушылар қоғамы орталық одағының қаулысымен «Аңшылық ісінің үздігі» атанған.
Танымдық сағатта қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан құсбегілік, саятшылық өнері туралы оқушыларға мәлімет беріліп, Мәуия Әбікеевтің көзін көрген және де ол туралы мол мағлұматқа ие жандармен сұхбат өрбіді.
Іс-шараға республикалық құсбегілер федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы, «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Асыл Әбіш, Баянауыл ұлттық паркінің экскурсия жөніндегі нұсқаушысы, өлкетанушы Алтынбек Құрманова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы және құсбегінің ұлы – Босаға Мәуияұлы мен немересі Дәметкен Әбікеева қатысты.
Тағылымды әңгімелер айтылып, оқушылар көптеген қызықты мағдұмат алды. Бағдат Мүптекеқызы жалпы қазақы болмыс, рух тақырыбында, құсбегілер жөнінде, Мәуия атамыз туралы құнды ақпараттармен бөліссе, Алтынбек Құрманов өзі көзін көріп, жақын араласқан Мәуия Әбікеев жайлы естеліктерді әңгімеледі. Ал Асыл Әлімжанұлы ақпарат саласында Мәуия ақсақал туралы журналистік материалдар жиі жарық көріп жатқанын айтып, соңынан «Қонақ кәдеге» туған жер тақырыбында домбырамен ән орындап берді.
Мұсабек Сейсенбекұлы саятшы жайында аудандық «Баянтау» газетінде тың ақпараттар жариялағанын баяндай келіп, арнау өлеңін оқып берді.
Бұған дейін мектебімізде Мәуия атаның кабинеті ашылған еді. 8 сынып оқушысы Арайлым Сейсенбек экскурсиялық көрме жүргізіп, 10-сынып оқушысы Нұрақмет Мәуіт өзінің арнауын орындап берді. Ал 6-сынып оқушысы Бағадат Жания мен 10-сынып оқушысы Айғаным Рүстамбек құсбегі туралы поэмадан үзінді оқыды.
Соңында мектеп басшысы Шынар Ілдебайқызы қонақтарға алғысын айтып, сыйлығын табыс етті.
Айтып өтейік, келер жылы Мәуия Әбікеевтің туғанына 125 жыл толады.
Айбат ЫДЫРЫСОВ,
Шапық Шөкин атындағы №2 орта мектептің ұстазы,
Баянауыл ауданы.