Қабдыкәрiм Ыдырысов – мол желiстi әңгiмеге кең арқау болатындай тұлға. Қазақ әдебиетiнiң классигi, халық жазушысы Мұзафар Әлiмбаев ақынның бүкiл болмысын бiр-ақ ауыз сөзбен дәл танытыпты: «Оның пешенесiне қасiреттi балалық, қасиеттi ағалық, қанатты ақындық бұйырыпты». Өкiнiшке қарай, қасиеттi Кереку өңiрiнiнiң дарындар көшiн жалғастырған ақын жөнiнде соңғы кездерi көп айтыла қоймады. Бiрақ та «мөлдiрлiк меруертi боп, өмiрқұмар жан күйiндей тамшылаған шырын жырлар» (Д.Әбiлев) ақынды халық жадынан өшiре алған жоқ. Қайта шын асыл сөздiң замана көшiне, уақыттың тезiне төтеп бергенi анық. Оның азаматтық келбеті мен ақындық парасаты қазақтың талай тарландарының естеліктерінде кезінде айтылғаны есімізде. Ендігі жерде жерлес ақынның шығармашылығына талдау жасап, асыл мұрасын ардақтай білу – мойнымыздағы парыз.

Төменде ақынның Арабстан еліне жасаған сапарының жолжазбасын беріп отырмыз.

(жолжазба)

Толқудың да алуан түрі бар ғой. Біреу қатты көңіл күйзелісі кезінде, біреу үрей үстінде толқуға түседі. Ал ойда жоқта бойын қуаныш, шаттық сезімі билеген адамның толқығаны тіпті қызық болады екен. Тек қай-қайсысымызға да бір-бірімізге әманда осындай қызық толқу үстінде кездесе беруге жазғай.

«Сирияға баратын жолаушылар делегациясының құрамына енгіздік, тиісті дәрігерлік тексерістен өтіп, қажетті уколдарыңызды алып дайын отырыңыз» деген телеграмма Москвадан келгелі қашан. Айтқандарының бәрін орындап, «тәтті етіме ащы таяқ» дегендей, бұл елге баратын адамға тиісті оспасына да, басқасына да қарсы берілетін таяз-терең уколдардың бәрін алып, сақадай сай әзір болсам да, хабар ұзап кетті. Оның бөгелу себебі, СССР Жазушылар Одағынан да емес екенін түсінгендеймін. Орталық газеттерден Арабстан аталатын көршілес-көлемдес елдердің төңірегінде ауық-ауық ұсақ-ұсақ ұрыс, мазасыздық барын, оған сол елдердің қайсысының болсын, тиышсызданатыны жайында хабар, мақалаларды қалт жібермей оқып жүрмін. Ұзаған сайын алған уколдарымның уыт күшінің мерзімі де өтіп барады.  Қайтеміз,  тек жағдайлары тезірек жақсарса екен деймін, араб бауырлардың.

Дегенмен бір селт етіп қалған көңіл алабұрта береді. Мен толқи түсемін. Енді әйтеуір бір барып қалсам деген үздік үміт онан сайын жалғасып, мен Арабстан атаулы елдің кез келгенінің тарихын, тағдыр тартысы, қазіргі күресі, үлесі хақынан оқи жүріп, сұрастыра жүріп хабардар бола бердім.

Әрине, алдымен аңсайтыным – Сирия Араб елі жайында. Біздің бұрыннан білуімізше, Шам шаһары атанған үлкен діни мәдени орталық – Дамаскі қаласын көру қызықтырады. Әсіресе, бұған бірер жыл бұрын сол жаққа барып келіп, атақты ғалым атамыз Әл-Фарабидің бейітіне дейін жорамалдап тауып қайтқан академик ақсақалымыз  Машанов Ақаңның бұл қала жайында әңгімесі бізді қанаттандыра түскен. Осы алдағы болар-болмасы әзірге белгісіз сапарға өзімше осылай дайындалып жүріп,  Алматыда, В.И.Ленин атындағы политехникалық институттың профессоры, кафедра меңгерушісі Ақаңа ауызба-ауыз келіп те жолықтым.

– Бар, бар қарағым, – деді Ақаң менің әлгіндей жайымды естігеннен кейін. – Жақсы, көруге тұратын ел! – Сосын үнемі басына киіп жүретін қазақи тақиясын бір қолымен жылжытып қойды да, көздерін сығырайта маған күлімсірей қарады.

– Арабша жаза-сыза білесің бе?

– Жоқ, Ақа, ондайдан сауатсыз едім.

– Хм, онда қиындау екен, ал мұсылманша бірдеңең бар ма?

– Қайдам, – деп күмілжідім мен, – соғыс жылдары, бала кезімізде ауылдағы қариялардың ауызға салған аят-қайырмалары бар еді, ұмытып қалмасам…

– Е-е, азғантай болса да, есіңе түсіріп алғанының артықтығы жоқ. Арабтар ондайды жақсы көреді, сұрап ықыластанып қалса…

Ақаң осылай әзілдей отырып, араб халықтарының әдет-ғұрпынан біраз мағлұмат берді. – Сосын мүмкіндігі болса, Әл-Фараби атаңның басына барып қайт. Менің өтнішім бойынша Сириядағы біздің елшіміз Нуриддин Мухитдинов маған жақында ғалым атамыздың жаңадан табылған еңбектерін жіберіпті.  Барсаң елші ағаңа менен дұғай сәлем айт. Рахмет жаусын!

-Ия, бүгінгі Сирия жөнінде мен не білемін? Біздің елмен бұл елдің бүгінгі саяси-достық, экономикалық, әдеби-мәдени байланысы қандай? Өз республикамызбен тікелей қатынасы бар ма? Болса қандай? Ол жақта болып қайтқан тағы кімдер бар екен? Олар не дейді?…

Мен осындай шытырман сұрақтардың шырмауында, шылауында жүргенімде: «Өткен жылдың ноябрь айында Сирия мен Египет Араб Республикасына бару жайцында келісім алынды, әзірленіңіз» деген Москвадан тағы шұғыл телеграмма келді.

Тағы қуаныш. Тағы толғаныс. Өйтпейінше ше? Бұрынғының үстіне, өзіміз бала кезімізде талай ертегіден елтіп оқыған Мысыр елі, әйгілі «Мың бір түннің» елі қиялыма қанат байлап, көз алдымда тұрып алды. Тағы әзірлік, тағы да ізденіс, оқу, танысу, табысу…

Бір жақсысы, бұл ел жайында айтарымыз да, байқарымыз да мол екен. Египет жазушыларының көптеген шығармалары қаза тіліне аударылған,  бірсыпыра ертектері біздің төл шығармаларымыздай ел ішіне кеңінен тарап кеткен. Екі ел арасында келіп-кетіп жатқан ағайын-туғандар қаншама! Жазушылардан Египет Араб Республикасында әртүрлі қызмет, мақсат, жоспармен әр жылда Ғабит Мүсірепов, Әди Шәріпов, Мұхаметжан Қаратаев, Серік Қирабаевтар болып қайтқан. Бұл кісілердің қайсысы болмасын, өз сапары жайында қолтаңба, жолжазбалар жазып, кезінде баспасөз бетінде жариялаған. Мен сол сапарнамалардың әр ізіне тебірене назар аударамын. Менің баратын, басатын ізім қай тұстан түсер екен деп қиялдаймын.

… Ақындардың аңқылдақ көңілі бір сәтте ұшқыр лайнеріміздің алдын орап, бір сәт Мысырға дейін барып қайтады да, енді қайта келіп, қанатымыздың астында көсіліп жатқан кең дүние-туған жердің төсіне көгершіндей барып қонады. Одан аз қиялына от қосып алғандай қайта шарықтап, зеңбіл көкке көлбей көтеріледі. Енді тек алға, тек алға алып ұшады.

Ұшып келем,

Ұшып келем Араб атты шетелге,

Дос ниетпен азаматтық қызметімді өтеуге!

Жарқылдаған, қарқылдаған қалалары жат елдің,

О, Туған жер!

Жалт қараған жанарыңа жетер ме?!

 

Болса-дағы бауырлас ел,

бейтаныс ол жақ маған,

Отанымның биіктігін, сүйікті үнін ап барам.

Отанымның сан тілінде сөйлеп берем мен онда,

Отан болып үлкейемін, Отан болып мақтанам!

 

Алғаш көріп таңырқасып, танымаса мені кім, –

Алып барам Қазағымның дархан-дастан көңілін,

Қазағымның әнін-жанын сахарада сайратам,

Махаббатқа толы жүрек,

                                     От жалауым – Сенімім!…

 

***

 «Дружба народов» журналының бас редакторының орынбасары, ақын Александр Николев екеумізгі Египет Араб Республикасы мен Сирияға мәдени-достық сапарымен барып қайту міндеті жүктелді. Сапарымыздың соңғы екі-үш күнін біз Ливанның Бейрут қаласында өткіздік. Жаңа жылды үйде қарсы алып үлгердік. Сонда араб елдерінде – жиынтығы жиырма төрт күндей болыппыз.

Бұл, әрине, ұзақ та, қысқа да уақыт. Өйткені сол маңайдағы бірнеше ірілі-ұсақты мемлекеттердің бәрін сырттан араб елі деп түсінгенімізбен, әрқайсысыны өз қыры, өз сыры, өз жыры өзгешеленіп бірден көзге шалынады екен.

Дегенмен көргеніміз көп…

Араб елдерінің әдебиеті мен мәдениеті жайынан біз бұрыннан да біраз хабардар екенбіз. Тарихқа атақты «Мың бір түннен» бастап, талай тамаша туындылар берген Арбастан бізді ежелден-ақ таңғажайып ертегінің еліндей елтітетін. Оның бергі жағында біздің Қазақстанда соңғы жылдарда араб елдері мәдениетінің бірсыпыра соны шығармалары өз тілімізге аударылып жарық көрген. Араб әңгімелері, араб ертегілері бірнеше рет қайталанып басылып шыққан. Ал Египет пен Сирияның, жалпы араб елдерінің осы күнгі жазушыларының да қазақша шыққан еңбектерінен сапарға шығар алдында біраз «дайындалып», мағлұмат алғанбыз…

Біз Каирға келген шақта Египеттің қоғам қайраткері санатында белгілі Юсиф эс  Сибаи бастаған бір топ жазушы Дамаскіге араб елдері жазушыларының съезіне жүріп кетіпті. Барған күннің ертеңінде Азия мен Африка елдері жазушыларының органы – «Лотос» журналының редакциясында болдық. /Египетте әзірге жазушылар ұйымы жоқ. Барлық творчестволық, ұйымдық шаруалар осы мекеменің төңірегінде  жүргізіледі/. Бізді сол «Лотос» журналының бас редакторының орынбасары Әбділ Әзиз Садық мырза қабылдады. Келетініміз жайынан алдын-ала хабардар ол, бізді дәлізге өзі шығып, жылы шыраймен қарсы алды. Азия мен Африка елдері жазушылары ынтымағының тұрақты бюросның председателі, «Лотос» журналының бас редакторы Юсиф эс Сибаи мырзаның кеше ғана Дамаскіге жүріп кеткеніне өкініш айтып, бүгін кешке өзінің де жүргелі отырғанына кешірім сұрады.

Дөңгелек үстел басында күрең шай іше отырып /қонаққа шай немесе кофе беретін әдеті/, Египетте болатын он шақты күнімізді мүмкіндігінше тиімді пайдаланудың жөн-жосығын талқыладық. Жазушылармен кездесу, газет редакцияларында болу, мәдениет орындарын аралау, Жерорта теңізінің жағасына орналасқан Ескендрияға (Александрияның осылай атайды) барып қайту, бір деревняда қонақ болу, т.б. толып жатқан шаралар жоспарланыпты.

Кеше бізді Каир аэропортында түсі-түрі өзімізге ұқсайтын бір жас жігіт қарсы алған. Александр Николаев екеуміз қай араб бізге жетіп келер екен деп, самолеттен шыға оқшаулана бергенімізде , әлгі жас жігіт менің қасыма келіп:

– Сіз Ыдырысов жолдас емессіз бе? – деп жөн сұраған. Өзін Каирдегі Совет елшілігінің үшінші хатшысы, өзбек Марат Тұрсынхожаевпын ден таныстырған.

Сол Марат таңертең бізді алдымен өзіміздің елшілікке алып келіп, елшіліктің мәдениет жұмысы жөніндегі кеңесшісі Николай Николевич Чегольков жолдаспен таныстырды. Шетелде, әсіресе, осы Египетте елшілікке көптен қызмет істейтін Николай Николаевич бізге Араб елінің күй-жайы, салт-ғұрпы, тәлім-тәрбие, мәдениет тынысы хақынан біраз жөн сілтеді. Біз әңгіме үстінде Әбділ Әзиз Садық айтқан әлгі жөн-жобаға қонақтың әдебін сақтай отырып, едәуір өзгеріс те енгіздік, содан соң Әбділ мырзаға ризашылығымызды білдіріп, хош айтыстық та, Каирдың көшелеріне шығып, қала аралауға кірістік.

***

…Каир!

Сенің атыңды біз естігелі қашан! Біздің ұғымымызда сен жасымызда елжірей тыңдаған ертегі аңыздардан енген еңселі Мысыр шаһары едің ғой! Не көрмеген қаласың сен! Алты мыңға жуық аңызға айналған ғұмырыңда сен сонау фараондар заманынан осы уақытқа дейін талай қайғы-қасіретті басыңнан өткердің емес пе? Сен соның бәріне шыдап бақтың. Тау болып үйілдің, тас болып қаттың. Тыныштығыңды тек 1952 жылы Насер заманында таптың!

Бір жақтан аштықтан «бахшиш» сұрап, бақырған әлсіз дауыс, екінші жақтан «менің мына алтынымды сатып ал» деп айқайлап шақырған мәнсіз дауыс. Екеуі де сенің жаныңды түршіктіреді. Солар қашан бір жүрек болып соғып, бір дауыспенен азаттық әнін еркін шырқар екен?

Мына бірнеше қабатты биік үйлер, кеше аэропорттан келе жатқан бойда сол жағымызда бірнеше шақырымға созылып жолда қалған «Өлі қаланың» ауыр тұрмысынан еш хабары жоқтай, сыртқа суық қарайды.

Міне, мынау – атақты Ніл дариясы. Біздің қонақ үй дәл соның жағасында орналасқан. Дария суын ішуге болмайды, халқының көңіліндей шырайлы болғанымен, ылайлы. Дарияны жағалай отырып, біз атақты Шаротон, Хельтон мейрамханаларын көрдік. Одан әрі араб елдерінің лигасының үйі, ұлттық музей, «Бастандық алаңы», ісләм кітапханасы, ісләм университеті, король резиденциясы… бәрі де өздерінің құпия сырын іштеріне бүккендей үнсіз, тілсіз. Түсіну үшін олардың қатпар-қатпар қақпаларын ашып кіріп, тарих ақпарларына сүңгу қажет.

Каир жазушыларымен Самир келді. Көңілі сылбыр, далада жаңбыр, не істейміз дейді. Не істеуші едік? Сыртқа шығуға су, қаланы тамашалауға қараңғы түсіп кетті дейді. Гидіміздің ниеті солай болған соң біз оны «дем алыңыз» деп үйіне босаттық.

Өзіміз ол кеткеннен кейін отыру қайда, өз бетімізбен тағы да далаға шықтық, қаланы көргіміз келді.

Каир жарығы, айтқандай, көмескі. Кейін білдік, бұл соғысқа қарсы қорғаныс әрекеттерінің бірі екен, бір ай бұрын қала үкіметі үкім шығарып, қаланың әлем-жәлем жарығын, көше шамдарын басыңқырап қойыпты. Машиналардың фарларын да көк түске боятқан.

Машина көшедегі кісіден де көп, жүру тәртібі сақталмайды. Оңыңнан да, солыңнан да лып етіп өтіп жатыр, сигналдары да әртүрлі: біресе қасқыр болып, біресе күшік болып ыңсылап, біресе аккордеондай аңырап, немесе қойдай маңырап, жамырап жатқан бірдемелер. Полиция дәрменсіз. Мұндайда машиналар лықып келіп, бір кеңірдекке тоқтай қалғанда, арасынан арпалысып өтіп, кір-лас қолдарын машинаның ашық терезесінен сүңгітіп жіберіп, «бахшиш» /садақаны не ақыны солай дейді/ сұраған жетіс-жесірлер, немесе аялдай қалғанда алдыңнан шығып, машинаны орамалдарымен асығыс сүртіп, ақы /тағы да бахшиш/ тілеген сегіз-он жасар балалар аяқ бастырмайды.

Біз жатқан мейманханада Совет циркінің артистері де келіп жатыр деп естігеміз. Кештетіп келіп сол шағын топтың бастығы Олег Беляевпен байланыстық. Спектакль, концерттер тым кеш басталады екен. Сағат кешкі онға таман цирк осы арадан алыс емес, келңіздеп деген шақырту алдық.

Дөңгелете салған цирк үйі. Олег пен араб жігіті бізді қуана қарсы алып, алдыңғы ложалардың біріне келіп жайғастық. Халық тым  аз. Абыр-сабыр, темкі тартқан, су-тәтті тағам тасыған жандар айқайлап мазаны алады. Египетте цирк өнері әлі жоқтың қасы. Біздің жігіттер мен қыздар /барлығы он шақты/, сосын Польшадан, Германиядан бірнеше жұп. Бәрінің келгеніне бір жарым айдай болыпты. Әрі өнер көрсетіп, әрі араб жастарын жаттықтырып, үйретіп шаршаңқырап та қалыпты. Араб клоундары бос сөз айтып, бос қимыл жасап тұрып алды. Екінші болып сахнаға Уса Әли деген он-он бір жас шамасындағы кішкентай, нәзік, қоңырқай араб қызы шықты. Сөйтсек, араб циркінің ең «мықтысы» осы Уса екен. Талабын хош алып, кол соқтық. Неміс қыздары жақсы өнер көрсетті.

Жат жерде өзіңнің отаныңның өнеріне тіпті басқаша, тіпті қызына қарайды екенсің. Екінші бөлімде жайраңдап, жалындап шыққан Совет циркінің артистері кең зал ішін дүрілдетіп, думандатып жіберді. Кісі көбейіп кетті. Советтің екі ақыны орнымыздан қызып тұрып кетіппіз. Екі-үш номері де осылай қабылданды. Ал ең соңғы Олег Беляев, оның әйелі Лилия, жас жігіттер Ильин Коля, Процак Зинан төртеуінің қойған «Ромашка» атты акробатикалық би сюитасына ұлы еліміздің биік рухын көз алдымызға әкелгендей қатты мәз болдық. Арабтар қайта-қайта сұрап тұрып алды. Біз өз өнеріміздің өзгелер алдында ең биік тұғырда көрінгенінен қуанып, жұрт алдында жерлестерімізді барып құттықтадық.

Қала сыртына саяхат, Гиза жотасындағы Хеопс пен Хефреннің әйгілі пирамидалары, күн сәулесі маңдайын күнде сүйген Сфинкс тұлғасы, қасиетті храмдар, мешіттер, мұнаралар, тарих шежіресі ұлттық музейлер әңгімесі жеке-жеке ғажайып хикаяларға лайық. Біз шамамыз келгенше программада көрсетілген жерлердің бәрін көріп білуге құмарттық. Египеттің екінші атышулы қаласы Александрияға дейін барып қайттық. Жерорта теңізінің жағасында жуынып, Мұнтаз  паркінің саясында болдық. Көшіп жүрген Сахара құмдарымен тілдестік.

Дамаскіде соңғы отыз жылда жаумаған қарды көрдік. Әсем қала Бейруттың хош иісті гүлді бақтарын араладық…. Бәрін тізіп шығудың өзі мүмкін емес.

Каир жазушылары тобымен екі рет арнайы кездестік. Алғашқыда олар өздерінің клубына түстікке шақырды.  Екіншісінде кешкі шай үстінде әңгімелестік.

Бұл жиындарда біз Каирдың белгілі әдебиет сыншысы «Әл-ахрам» газетінің әдеби редакторы Луис Аввад, Египет экспериментальді театр ұйымдастырушылардың бірі, драматург Әбдел Селим, Айншам университетінің философия факультетінің деканы, публицист жазушы Назми Лука, оның зайыбы ақын Софи Абдулла ханым, киносценарист Али аль Зеркани, классикалық үлгіде өлең жазатын ақын Мұстафа Махамбет, әдебиет профессоры Абдель Кадер Код, тағы басқа көптеген жазушы, әдебиетшілермен жүздесіп, пікір алыстық.

Сирияда жазушылар ұйымы атқару комитетінің бізбен кездесуге әдейілеп шақырған мәжілісіне қатысып, мен өз республикам, оның әдебиеті мен мәдениеті жайында сөйледім. Бұл атқару комитетінің мәжілісінде ұйым президентінің орынбасары Гассан Рафаи, атқару комитеті мүшелері, Сирияның Сулейман Исса, Илья Дервани, Салим Баракат, Джаль Фарук Шариф, Васфи Альбуни, Мамдух Скаф сияқты бірсыпыра жазушылары қатысты.

Қай кездесуде де болсын, біздің аңғарғанымыз – араб елдерінде Л.Толстой, А.Чехов, М.Горький есімдерін жақсы біледі екен. Әсіресе Египет пен Сирияда Достоевский еңбектері кеңінен таныс. Осы өткен жылы ғана Самир Друби аудармасында Федор Михайловичтің он екі томдық еңбегі жарық көрген… – Бізде осындай ауыр тұрмысты ашына жазатын жазушыларымыз болмай-ақ келеді, деп қынжылады олар.

Кездесулерде әр тақырыптарда әңгіме қозғап жүрдік. Әсіресе араб әдебиетінің осы күнгі үнін, осы күнгі тынысын білгіміз келді. Бұл тұста олар өздерінің көлемді роман, пьеса, отты жырларымаен туған халқының тағдырын тербеп, тың жол тартқан Тауфиқ Әл-Хаким, Юсиф Идрис, Абдрахман әл-Шаркуи, Абдрахман әл-Хамиси, Нагиб Махпуз, Салах Абдель Сабур, палестин ақыны Махмуд Дарбиш, Муин Псису, Сирияда Хана Мин, Саадалла Ранус, Адунис есімдерін атады.

Пікір алысу, достық шын пейілді көңіл үстінде біз әріптестерімізге өз ойларымызды ашық айтып жүрдік.

Араб халқының көбі сауатсыз. Миллион тиражбен шығатын «Әл-Ахрам» газеті қаладағы ауқаттылардың жарнамаларына толы. Мен осы газеттің редакциясында болып, екі сағатқа созылған талқыға қатыстым. Ел тұрмысынан, Отан тағдырынан, не шетел жағдайынан, немесе әдебиет пен мәдениеттің көкейтесті мәселелері сөз болар орын аз газетте. Сондықтан жазушылар елдің сауатсыздығын ескере келіп, баспасөзінің дәрменсіздігін ескеріп, халықтың алдына өздері шығу керек. Радио- тетар сахналарын, топ, көпшілік алдын ұтымды пайдалануы керек деген ой қозғадық.

Біз бұл тарапта жаңа беталысты байқап қалдық. Сирияның жазушылар ұйымы ақындарды әскери бөлімшелерге оқуға жіберіп тұруды қолға ала бастаған сияқты.

Бағзы заманда қарекеті аңызға айналған, жерінде талай-талай тамаша пирамидалар, ескерткіш мұралар қалдырған сәулетті зәулім сарайлар өнерпаз  араб халқының үлкен кішісі Советтер Одағының өкілдері  – бізді қай жерде болсын жылы шыраймен қарсы алып отырды. Біздің еліміздің жайында бәрінің білгісі келеді. Ашық көңілден әңгілемескісі келеді. Біз көбінесе өзіміздің әріптестеріміз – араб ақын-жазушыларымен кездесіп, пікір сабақтасып жүрдік. Каирда да, Дамаскіде де олар совет қаламгерлеріің жазу мүмкіндігі, еліміздегі кітап бастыру, оны жұртқа тарату саясаты, қаламақы жайын сұрастырды. Өздерінің бұл тараптағы әлі де жүйеге түсе алмай келе жатқан жағдайларынан мағлұмат берді.

Осыдан жиырма бір жыл бұрын араб өлкесіне бостандықтың арайлы таңы жақ етті. Халықтың революция елін осыған дейін езгілік ауыр тұрмыстан босатып, болашақ жаңа жарқын жолға бастады. Революцияны ұйымдастырушы, жеңіске бастаушы Гамал Абдел Насер бүкіл араб халқының көсемі болып саналады. Еңселі Египет халқының жеңісі барлық араб аймағына дүр желпініс, мол қуаныш әкелді. Содан бері арабтар енді өздерінің шын досы кім, қас дұшпаны кім екенін анық сезгендей көзі ашылып, көңілі ояна бастады.

Елдің саяси-әлеуметтік, қоғамдық мәдени тірлігінде байыптылыққа бағышталған жаңа лепті өзгерістер қанат жайды. Бұрынғы жеке меншіктегі байлық қазыналар  енді халық игілігіне жұмсалатын болды…

Өзімді ғажайып таң қалдырған бір жай менің есімнен кетпейді. Қасымдағы жолдасым москвалық орыс ақыны Александр Николаев екеуміз Жерорта теңізінің жағасында орналасқан атақта Александрия қаласының әсем бір көшесімен бойлап жүріп келе жатқанымызда, қасымыздан он төрт-он бес жасар бір балғын бала өте берді де, жалт қарап тұра қалды. Сосын гидіміз араб жігітімен өз тілдерінде бірдеме деп сөйлесті де, күлімсіреген бойы бізге қарай тақап келді.

– Оһо, русь! Здрасти!

Біз де жылыұшырай қарап, оның сәлемін алдық.

Білгенінше орысша сөйлеп тұр. Өз жерінде үлкен елдің өкілдерін көргеніне қуанышты. Бауырыңа кіріп, баурап әкетіп барады.

Осы қаланың порт жұмысшысының баласы екен. Есімі – Мұстафа, үйдегі бес перзенттің ең үлкені, осында ауыл шаруашылығы училище дәрежелі оқу орнында, механизаторлар бөлімінде, екінші курста оқитын болып шықты. Александр Николаевтан Москваның жайын сұрап, өз білгенін арабша-орысша араластыра айтып жатыр. Өзім айтып жеткізем дегендей аудармашымыз Ирина Бутузованың көмегіне құлақ асыңқырамайды. Бұл баланың осынша орысшаны қайдан білетініне таң қалып, одан әрі сөйлесіп кеттік.

– Орыс тілін өз бетімше үйреніп жүрмін, – дейді Мұстафа.

Сөйтсек, Отанымыздың астанасында бірнеше рет шет тілінде шығатын «Москва жаңалығы» атты халықаралық газеті өткен жылдары «СССР-ді кім жақсы біледі?» деген тақырыпта, өз оқырмандары арасында конкурс жариялаған екен. Соны бұл араб тіліндегі газеттен оқып, біздің елді білуге құштарлана түседі. Араб тіліне аударылған орыс классиктері Пушкин Лермонтов, Чехов, Горький шығармаларын, көптеген түрлі мәлімет-мағлұматтарды жинап, қызыға оқиды, бірте-бірте орысша оқуға, сөйлеуге талпынады.

– Сонымен ол конкурсқа қатыса алдың ба?

– Қатысқанда қандай! – деп жайнап кетті Мұстафа –  шетел оқырмандарының ішінен сіздің елді жақсы білетіндер конкурсында әзірге алтыншы орынға ие болып, газеттен сыйлық алдым.

– Шын жүректен құттықтаймыз, Мұстафа! Бұл – сендей жас жігіт үшін үлкен жеңіс! – дедім мен. Ол әлі де өзінің білетінін азырқансынғандай, желкесін қасыды.

Мұстафа бізді араб елімен одан сайын жақындата түсті. Ол маған қарады.

– Сіз де орыссыз ба?

– Иә,,, мен де, – деп жауап қаттым күлімсірей тұрып.

– Жо-жоқ, Ойнап айтып тұрсыз ғой,

– Рас.

– Олай емес, орысқа түсіңіз ұқсамайды. Олар мына кісідей, – Сашаны нұсқады, – сары келеді, сіз қарасыз.

Бұған Саша жауап берді: – Советтер Одағы үлкен ел деп өзің айттың ғой. Онда бірнеше ұлт бір семья болып тұрмыс құрады. Дұрыс айтасың. Мұның ұлты орыс емес, қазақ. Қазақстан деген өлкеден, Алматы деген қаладан келді.

Мұстафа біраз ойланып қалдыда:

– Иә… иә… қазақ… Алматы, иә… иә… Қазақстан, ә… ол – Абай Құнанбаев қой! – деді жұлып алғандай.

Біз бір-бірімізге қарадық. Кішкентай Мұстафа мұны да білгені ме?

Дәл солай. Сол шаманың алдында ғана біздің ел халқымыздың мақтанышы, данышпан ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 125 жыл толуын салтанатпен атап өткен. Тойға арналып қазақ ақынының таңдамалы шығармаларын советтік ұлттар тілінде және ағылшынша, арабша аударып жеке кітап етіп шығарған. Совет мәдениетін білуге құмартқан он бес жасар Мұстафа Александрия кітапханасынан Абай өлеңдерін де араб тілінде оықп үлгерген екен.

Мен Мұстафаны құшақтай алдым.

Қоштасарда Мұстафа Советтер Одағына барғысы келетінін, ол үшін жаңағы «Москва жаңалығы» газетінің бірінші дәрежелі жүлдесін жеңіп алуы керектігін айтты.

– Мен оны қайтсем де жеңіп алам, Мосвка, Ленинградты көргім келеді, Оралды, Сибирьді араласам, – дейді балғын араб.

– Ол арадан біз де алыс емеспііз, Қазақстанға кел, қонақ бол, –  деп мен адресімді бердім. Ол да сол сәт маған төс қалтасынан кішкентай карточкасын алып ұсынды. Онды былай деп орысша жазылған: «Адель Мұстафа Камаль Ахмед. Ул.Мұхаммед Якан, – Мохаррам бек, 4-3 Александрия ОАР»

Иә… ол әзір жас. Ол нұрлы, ізгілікті болашаққа асыға талпынып, барлығын білуге, барлығын көруге құмартып құлшына өсіп келеді. Мұстафа көп ұзамай-ақ біздің Совет Одағына келіп, тамашалайтын болады, ол біздің елден өзіне әлі талай жақсы достар да табады.

Мен осыған сенем!

 

***

Ежелгі Мысыр жерінде біздің халықтарымыздың арасында орнаған достыққа байланысты ондаған, жүздеген дәйекті дәлелдерді кездестіруге болады, соның бірі…

Египет Араб Республикасының энергетика министрлігінде бізді тапалтақ бойлы, кеспек денелі, орта жастарға келген шырайлы араб қарсы алды. Бұл министрдің бірінші орынбасары Нәби мырза екен. Бұдан жарты ғана жыл бұрын Совет Одағында Москвада, одан әдейі Қазақстанға соғып, Алматыда қонақ болып қайтыпты. Менен өзінің сол жолғы танысқан жаңа достарын тәптіштеп сұрап жатыр. Шетелдермен байланыс достық қоғамының біздің республикамыздағы басшысы Роза Шамжанова, қазақ ғалымы Ақжан Машанов, энергетика министрінің орынбасары Арыстановты жақсы біледі екен. Алматыда болған күндерін зор ризалықпен еске алады.

– Ал сіздің Москвада достарым тіпті көп! – деп сәлден соң ол менің ақын серігім Александр Николевқа бұрылды.

Нәби мырза Асуан жаққа асығыс жүргелі отыр екен. Мұндағы орынбасарлығынан басқа ол сол атақты Асуан су электр станциясының құрылысын басқаратын білгір ғалым. Екі елдің бұл шаруашылығы тарапынан Нәби мырза Совет Одағы мен Египет Араб республикасының арасындағы орнаған табиғи байланысы хақында жалынды ақынның жақсы бір жырын оқығандай шаттана, мақтана айтып берді бізге.

Алдымен Асуанның алып құрылысынң кең құлашты картасын жайып салды да, бізге күлімсірей қарады. Сендерсіз, Совет халқының қалтқысыз көмегінсіз, біз, араб халқы мұндай ірі табысқа жете алар ма едік, деп тұрғандай келісті кейпі. Біз ұйып тыңдай қалдық.

Жоғары Асуан плотинасының құрылысы кезінде Совет өнеркәсібі бір ғана Александрия портына 450 мың тоннадан астам техникалық материалдар мен жабдықтау құралдарын жіберді;

Совет өкіметі Египет елінің шығынын жабу үшін 292,5 миллион сом қарызға қаржы берді;

Совет азаматтары осы құрылыста белсенді қызмет істей жүріп, он сегіз мың араб жұмысшысын жетпіс сегіз түрлі мамандыққа үйретіп тәрбиелеп шығарды. Ал плотина құрылысында, кезінде СССР-де оқып, тәлім алып келіп, қазір басты мамандықта қызмет атқарып жүргені қаншама?..

– Асуан – мәңгілік достықтың нұры! – деп қуана түсті Нәби мырза біздің қолымызды қатты қысып тұрып. – Рахмет, Совет халқына! Рахмет сіздерге! – Осы бір сиқырсыз сырының белгісі ретінде Нәби мырза Александр Николаев екеумізге Жоғары Асуан плотинасы аяқталуы құрметіне  арнайы шығарылған ескерткіш күміс медалін сыйға тартты. Медаль бетінде терезеден төгілген күн сәулесімен толқын нұры ойнайды. Асуан толқыны! Бұл Асуан нұры! Осы кезде туысқан екі елдің мызғымас достығының перзенті Асуан айдыны көз алдымызда көлбең қағып:

Асуан! Асуан! Асуан! –

Бұл күнде ең асқақ осы ән!

Асуан арабтың ақ таңы,

Аймаққа нұр болып шашылған.

 

…Асуан! Асуан! Асуан! –

Шын достық айнасы осы ән.

Каир мен Москва тынысы,

Біркелкі соғып тұр осыдан!.. – деген алғашқы өлең шумақтары көкейге орала берді.

Каирда болған мәдени-әдеби кездесулерде біз арабтың көзі ашық азаматтарының, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің араб жерінің төсінде атып келе жатқан арайлы таң шапағына деген, таңғы таза ауаға деген асқан ылтифатын байқадық. Әркім сол шатты шапаққа көлеңке кірбіңі түспесе екен, сол ұйыған таза саф ауаны ешкім кірлетпесе екен дегендей, іштей қатты мазаланады.

Солардың бірі Палестинаның белгілі ақыны, «Лотос» журналының лауреаты, ашаң жүзді, қоңырқай жігіт Махмуд Дарбиш. Бұл жас жігітпен мен осыдан бір жылдай бұрын Азия, Африка жазушыларының тобында Алматыға келгенінде кездескен едім. Асқаралы Алатау баурайындағы көгалды Көктөбе төсінде бір топ жазушы еркін әңгімелесіп, түсініскен еді. Енді, міне, Махмуд мені Каирдың дәл орталығында, әсем Ніл дариясының жағасында тұрған «Шахризада» мейманханасына іздеп келіп, жолықты. Екі күннен кейін өзіміздің екі-үш жігітпен бірге Махмудтың үйінде қонақта болдық. Ол сол Алматы сапарында ескерткішке түскен фотосуретті алып көрсетті.

– Қазақ достардан бұрын олардың суреттері келген мұнда! – деп әзілдеді Махмуд. Одан кейін өзіне таныс қазақ жазушыларының хал-жағдайын сұрап, ақсақалымыз Ғабит ағаға арнайы сәлем айтты.

– Ғабиттей жақсы ағаларың бар сендер бақыттысыңдар ғой, – деді де Махмуд тереңдете түсті, – жалпы совет әдебиеті – біз үшін үлкен мектеп, біз одан азаттық үнін естиміз, бақыт үшін күресуді үйренеміз. Әсіресе қазақ сияқты советтік азиялық ұлттардың өткен тарихы, тартыс тағдыры, бүгінгі жарқын өмірі біздің арабтар үшін зор үлгі-өнеге болуға тиіс. Әттең, не керек!… – Махмуд одан әрі толқып кетті. Көзілдірігінің ар жағында жанары одан сайын аларып, қоңқақтау келген мұрыны ұзарып, өңі кенет сұстанып бара жатқандай:

– Кешіріңіздер, мен бір өлең оқып берейін, – деп бізге қарады.

Өлең жай сөз емес, оның әр дыбысын аңғаруымыз керек, ол оқи жөнелді. Сөзін түсінбесек те екпінді, отты жыр екенін байқап қалдық. Ақын жұдырығын түйіп, түксиіп оқыды. Көмекке біздің елшіліктің жауапты қызметкері, алматылық жерлесім Роберт Тұрдиев келді.

– Кәне, қайта оқы, Махмуд, мен жолма-жол аударып айтып тұрайын, – деді ол. Біз өзгеше ұйып, тыңдай қалдық. Өлеңі «Менің сөзім» деп аталады екен:

Менің сөзім жел болғанда,

Достарым егінжай болып жайқалды.

Менің сөзім тас болғанда,

Достарымның тау болғаны байқалды.

Менің сөзім кек болғанда,

Шынжыр болды достарым,

Менің сөзім революция болғанда,

Жер сілкінтіп дірілдетті аспанды.

Менің сөзім бал болғанда,

Маса болып ызыңдап,

Аузымды жалап ластады.

Иә, бүгін араб халқына осындай жалынды, жалаулы поэзия қажет. Жылы, жылымшы лириканың күні емес қазір. Ертедегі таңғажайып шындық ертегілерде бостандықты, әділеттілікті, шындықты аңсаған халық бүгін өздерінің батыр ұлы Абдель Насер жеңіп алып берген жарқын күннің жақсылығына берік ие болулары керек. Өкінішке қарай, бүгінгі таңдағы әдебиетінде жаңағы Махмуд өлеңіндегі тың тыныс, асқар асу талпыныстар жетіспейді. Жазушылар халқының тым момын, адал мінезін суреттейді, ауыр халдегі тылсым тіршілігін айтады, бірақ сол зілді заманн зардабынан, анталаған жау қоршауынан қалай жол тауып құтылудың, бей-берекет шулы тұрмыстың зиянынан ада болудың шығар ізін сілтемейді. Біз кездесулерде, әріптестерімізбен бас қосқан шағын жиындарда өзіміздің аз да болса, хабарымыз бар араб елдерінің бүгінгі әдебиетінің прогрессивті талпыныстарын бағалай отырып, оның авангардтық ұйымдастыру бедел-бедеріне де достарымыздың назарын аударып отырдық. Рас, соңғы жылдары Азия, Африка елдерінің оң көзқарасты жазушы-әдебиетшілерімен тығыз байланысты, тізе қосып, бірге тартқан көш жолында Египет, Сирия, Ливан елдерінің әдебиетіндегі желпіністі, жеңісті біраз бетбұрыс бар. Біз аралаған елдердің мәдениет орындарында, театрларында болдық. Спектакльдері мен киноларын көрдік…

Египеттің белгілі жазушысы Нагиб Махфуздың сценарийі бойынша Каир театрларында қойылып жатқан «Ніл жағасындағы бос былшылбай» атты киносын көрдік. Бұл қалтасы қалың ауқаттылардың тұрмыс-тіршілігін қатты әжуа етеді, олардың барар жолының енді аз қалғанын, нағыз бақытты күн қарапайым халықта болатынын өрнекті көріністермен шебер бейнелей білген. Жалпы, Нагиб Махфузды арабтар жақсы көреді екен. Оның сонау отызыншы-қырқыншы жылғы «Тағдырлар тартысы» атты шығармасынан бастап, кейінгі «Жаңа Каир», «Хан аль-Халил», «Аль-Мидак көшесі» сияқты жиырмаға тарта романдары қалың көпшіліктің көкейкесті армандарын дөп басқан, оның ертеңіне ой қосқан құнды туындылар деп бағаланады.

Тауфиқ Әл-Хаким, Юсиф аш Шаруни, Махмуд Теймур, Юсиф Идрис сияқты талантты жазушылар қатары бұл елдерде барған сайын көбейіп келеді.

Каирда Азия мен Африка елдері жазушыларының халықаралық байланыс қоғамының басқару бюросы бар, оны арабтың  атақты жазушысы, қоғам қайраткері Юсуф эс Сибаи басқарады. Бұл ұйымның әр елде өзінің комитеттері, топтары бар.

Араб халқымен біздің тарихымыз, салт-тағдырымыз ұқсас. Біздің халық араб емлесімен жазылған талай тамаша әдеби-эпостық мұраларымызды жадында сақтап, жатқа айтып келді. Ежелгі араб мәдениетіне біз сол үшін де ризашылығымызды білдіреміз.

Араб елінің үстінде арайлы таң атып келеді. Әр бейнеттің зейнеті де бар. Мұны ел күн асқан сайын түсініп келеді. Халық игілігіне аса бастаған, қыруар мүмкіншіліктер, заводтар, фабрикалар мен өндіріс көздері,  өркенін жайған артельді деревниялар ертеңгі күннен көп үміт күттіреді. Бұл жемісті, жеңісті жолда қалың араб халқының қолдаушылары да баршылық. Біз оларға:

…Арабстан, көрікті өлкең, ер өлкең!

Жүрегіңнен тез айығып көлеңкең,

Төбеңдегі арайлы таң шуағы,

Зор бақытқа жеткізеді Сені ертең! – деп шын көңілден тілектестік білдіреміз.

Біз сол жақта жүргенде Дамаскіде (бұрынғы Шам шаһары) араб жазушыларының съезі болды. Ол бір жұмаға созылды. Съезде араб жазушыларының міндеттері, араб жазушыларының агрессияға, сионизмге қарсы наразылығы, араб жазушыларының өткендегісі мен бүгінгісі, жазушы сөзінің еркіндігі, жазушы шеберлігі, араб жазушылары кітаптарының бір елінен екінші еліне өтуі, сатылуы хақында әңгіме қозғалған.

Съезд соңында Сирияның президенті Асад сөйлеп, араб жазушыларын бірауыздылыққа, жауға қарсы батыл күреске жұмылуға шақырды. Ол өз сөзінде: «1967 жылғы июньдегі агрессияның мақсаты – араб халқының тарихын өшіру, оның болашаққа деген сенімін өшіру болды. Біз бұған қарама-қарсы өзіміздің бар қабілетімізбен, күшімізбен, Отанымызды, тарихи, мәдени мұрамызды бағалай, қорғай алатынымызды дәлелдей білуіміз керек», – деп ұран тастады.

Біз де араб елінің әдебиет, мәдениет қайраткерлерін осындай зор мақсат, биік талап рухында көргіміз келеді.

1972 жыл.

Добавить комментарий