(Әбілхақ Түгелбаевтың рухани дүние түсінігі жайлы)
Керекуде көзді қуантып, көңілді жадырататын іс-шара өтсе, қазақ атын жамылған жалпақ жұрт қуанбағанда қайтсін! Қуанғандар көп те, соны өн бойынан өткізетіндер аз ба деймін? Ал енді ол тылсым дүниенің басы-қасында жүріп, тұла бойынан кешкендер жоққа тән. Бірақ соларды тауып, сұхбаттасатын болсаң, сол жоққа тәннің өзі көптің салмағын иеленетіні бар. Біздің дәмдес боп, ақсақалға тән ақыл сөз естіген, әлі білгенін естіртетін тұлғаның бірі Әбілхақ Түгелбаев па деймін.
Сөздің басында жүрміз дейміз. Бұл да дұрыс емес. Сөздің басында жүрміз дегеннен гөрі, сөздің қасында жүрмізге салғаным дұрыс болар. Әсіресе, Әбілхақ Түгелбаевпен әңгіме-дүкен құрғанда, бұған көзіміз жете түседі. Әбең әредік бір әңгімесінде «Бұл Бекен нағыз ғалым екен?! Нағыз ғалым ғана осындай кішіпейілдікте болады. Әйтпесе біз сияқты зоотехникті не қылсын?» деген әңгіме айтыпты. Марқайып қалдым, бірақ сол мендей ғалымның жанында өзінің жоғары төбеде тұрғанын, «Күлтөбенің биі» өзі екенін сол кісіге сездіре алдым ба екен деген ой үнемі қасымда жүреді.
Бірде Әбілхақ ағам «Бекен, осы «ар» деген сөз қазаққа жат па? Ол не деген мағынаға ие?» деп сауалдады. «Неге бұлай деді, мағынасын білмейді дейсің бе?» деген ой туындады да, әл-қадірімше түсіндіруге бардым. Қаншалықты дұрыс екенін қайдам, әйтеуір «а, солай ма еді?» деген сыйпатта сөзін аяқтады. Әйтпегенде «ар» атты жалғыз түбірлі сөзді қазақ қалай болса солай қолданысқа енгізбегенін, тек амандасудың алғашқы нобайы ретінде алға тартқанын Әбең білмеді деймісің?! Қазақ жұрты өз әулетіндегі қыз баласына қарата айтқан жауһар сөз кейіннен көштен қалып барады. Сол арда жұрт қазақтан қалған бір сөз «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» болып келеді. Өкініштісі сол, жанынан жоғары бағалаған «ар» ұғымының түп-төркінін қазір архивтерден іздейтін заманға кез болдық.
Облыстағы концерттік бір іс-шараның барысында тізе түйістіре отыра қалғанымыз бар. Келесі бір кезекте жалпақ сахнаға жалғыз қыз шығып, қобыз құдыретін танытты. «Бұл киелі аспап қой. Оны жалғыз сахнаға шығармайды ғой» деген сөзді естідім. Ескіден естіген киелілікке қобыздың да жататыны санамда жаңғырды. Білмекке құштарланып, сәті келген бір тұста, сұрақ қылып қайтарғаным бар. Әбекең қобыздан гөрі домбыраның қасиетіне сөз бұрды. Бозғойдан (Бозғойдың шын есімі Ахметжан) туған Амангелдіге домбыра серік болыпты. Ауыл адамы қыстың қытымырлығы мен жаздың жауапкершілігіне беріліп кетеді ғой. Әредікте уақыт тауып, домбыраны сөйлететін Амангелдіге ұрпақтың ақсақалдары «Мынау қалай тартады-ей», «Сен оны қайдан білесің?» деген сыңаймен әрі сүйсініп, әрі үміт етіп қарайтын. Амангелдінің де қолына домбыра тисе болды, қыруар шаруаның әсерінен қата қалған саусақтар демде жазылып, домбыраның қасиетін сендіретін. Тегі, домбыраның қасиеті серік етсең жағады. Жан тебірентер күй мен бой сергітер әндер жігіттің төресіне домбырамен ғана бітеді. Қасиетті қара домбыраның киесі де сол аспатың өн бойында. Қатты тиер тұсы да көп. Егер ел елегізесе, берерің бар. Ер қанаты да қара домбырамен қатаяды. Сол Амангелді ағасының домбыра ұстауынан кейін Әбеңе жаққан күйші Таласбек Әсемқұлов еді. Жарықтықтың домбырсы хан алдына келген батырдың «Сауға! Сауғасын!» қайталап тұрды дейді. Міне, шеберлік осы болса керек. Рухани дүние осылай сіңеді.
Ертеректе Естай ақынды тыңдайтындар ауыл-ауылдан жиналады екен. Ат аяғы жетер жерден бірі түгесілмей жетеді екен. Байы немесе бары атына мініп келеді. Ал әнге жақын «ауыл әкесі» балалардың түгелін туырлыққа тоғытып, қыстың көзі қырауға қарамай, Естай түскен ауылға сүйрейді екен. Солақай саясатқа жем болмай өссін, ұрпағымның тілі мен ділі құрымасын дегендік қой. Баяғыдағы «ауыл әкесінің» мінезі бүгінде Әбең арқылы тарап жатады. Ақкөл-Жайылма атырабы – мәдениеттің мәйегі. Бірақ сол мәйектен пісіп жетілген ұрпаққа ұзақ уақыт мәртебелілік қона қоймады. Ұмытпасам, 2004 жылы ауыл баласы Ербол Айтбайға «Мәдениет қайраткері» деген атақ берілді. Әбең жағымды жаңалықты ести сала, елге хабарласып, мәдениет ошақтарын дайындауды тапсырады. Әншілер Ербол мен Амангелді Қожановты ертіп, ауылдың халқына қазақтың дәстүрлі әнін тыңдатады. Кезінде Естай салған ән Ерболдың аузынан төгіледі. Елдің жаңғыруы басталғанына тоқталып, әні бөлек Ерболды дүйім жұртқа таныстырады. Аузына түкірген сол Ербол – қазір «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері».
Рухани жаңғыру өзіңнен басталуы керек. Ішкі рухың оянбаса, көпке берерің де шамалы болғаны. 2009 жыл Әбең үшін ерекше жыл болды. Бала күнгі арманы орындалды. Анадан ерте айырылған бала Әбілхақ: «Пайғамбардың табаны тиген жерге маңдайымды тигізсем» дейтін. Умра қажылыққа (Мекке) барып келген соң-ақ, ішкі дүние ақтарылып түсті. Ауылына жақын жатқан Исабек ишан және онда мәңгілік орын тепкен қожа аталар бейітіне назары ауа берді. Тіпті, кейіннен түсіне кірген Жандарбек ата «Атаңның жатқан жерін қамқорлығыңа ал» дейтін. Әр нәрсенің сәті түссе, сабақты ине тігерін табады ғой. Ойына оралған іс жоспары пісіп жеткендей болып, өңірге рухани байлықты сіңіріп жүрген, ректорлық қызметте ғана жүрсе де, елдің абыройы мен абзалдығын танытып жүрген Ерлан Арынның алдында отырды бір күні. Бар ойы қорымды қоршап, ел зиярат етер қақпа салсам дегенге сайды. Ойын жеткізгенімен, ректор мырза олқыға санады. Мұны мүлдем басқа арнада орындау керектігін жеткізді. Расында да, кейіннен пайда болған Исабек ишан мен сол маңдағы рухани-мәдени үлгідегі кесенелер кім-кімнің де көз тартар, мінәжат етер орынына айналды. Бірақ шырақшы үйі мен мешіттің, қорымдағы кесек кесенелердің салынуы тікелей Әбілхақ Түгелбаевтың қадағалауымен іске асты. Әрине, ақылдастар алқасының талқысынан өткен жоспар-бағдарламалардың бітпей қалғаны болған жоқ. Мына қызықты қараңыз, түс көрген түн мен осы іс шараның басталған уақыты бір күнге түсіпті: 25 тамыз. 25 тамыз Әбілхақ Түгелбаевтың қайта туған күні болды. Себебі де бар: түс көрген күнге дейінгі денсаулық азабы бар еді.
Бесінші мүшел туар-тумаста қаралған дәрігерлер диагнозы көңілін көншітпеді. Іштей мүжілгенімен, отбасына тіс жармады. Әйтеуір шипа іздегендегі ойы Мәшһүр Жүсіптің басына қарай тартты да тұрды. Қайтар жолда жолтаңдамайтын су жаңа көліктің дөңгелегінің ортасынан тілініп түскені бар емес пе? Араға апта салып Исабек ишанның мазарына соқты. Тәуіп етер ескі мазарға барып, аят оқытты, бата салды. Қайтар жолда тағы да сол түнеукүнгі жол азабы қайталанды. Құдай салмасын, дөңгелектік ортаңғы құйылар тұсы тағы да тілініп түсті. Бір емес, екі қайталанған бұл дүниенің ғанибеттік ой-санаға әсер еткені бар. Сонан соң жоғарыдағы Жандарбек атаның аяңын орындауға ат басын бұрды. Іс оңға басып, көңіл жайланды. Ауру да ұмытылды. Бәлкім, қожа аталардың батасы бойына дарыды.
Елімізде 2004 жылы ұлттық жоба «Мәдени мұра» бағдарламасы іске аса бастады. Дәл сол жылдары Иманғали Тасмағамбетов басқарған делегация Моңғол жеріне жол тартты. Нәтижесінде Күлтегін бабамыздың басында түсірілген деректі фильм шықты. Мұны теледидардан көрген Әбілхақ көзінен жас саулап отырып өзінің ішіне үңілді. Жәдігердегі жайма жазудың өзі жанына сыналап кіріп жатты. Шын мәнінде таным тарихы кеңейді. Түбі түркінің көкбөрісі іште ұлыды. Өз бабасының терең тектілігін түсінді. Сол сауабы мол саумал іс Әбеңе тыным бермеді. Ол уақытта өңір қарттарының қатары да мол. Бірақ солардың басы бір қосылмайды. Ақылдасатын ақсақалдар да кездесе бермейді. Әйтеуір Ақкөлде ғұмыр кешкен әулие-бақсы, қожа-молдалардан қалған өсиет жетектеді де отырды. Құлағына сіңісті болған ертеректегі Түйте әулиенің кереметтігі, бертінгі бақсылардың аңызға бергісіз ем-домы мен көріпкелдігі басқаша ойлауын қоздырды. Ал Жандарбек атаны көргені кеше ғана. Мәңгілік ғұмырына атандырудың басы-қасында жүрді.
Мұның бәрі өмірден түйін түйгізді. Тіпті, кейінірек өзі де артынан ерген ұрпағына бір кездері естіген-түйгендерін құлаққағыс етіп отыратынды шығарды. Әрі оның ел аузында айтылып, күлкілі жағдаятпен іске асып отыратынын жеткізуге тырысады. «Қазақ дәстүрінде өзіне-өзі қол салған адам мен бақсыны жалпы қорымнан аулақтау қояды. Себебі олар бірден кетіп қалмайды. Бәрібір иесі келіп тұрады» деп бір қояды. Еріксіз елең етесің. Ескі әңгімеге жақын жұрт тынышталда қалады. – Бақсылар, негізі, жындармен жұмыс істейді. Бізде Жеміс молда деген болды. Ол кісі аспаннан пері түсірген адам. Перінің тілінің астында тиыны болады. Оқып-оқып періні жерге түсірген адам (бақсы) одан тиынын алады». Әңгіменің соңын күтесің:
– Елде Бақұлбаев Құдайберген деген қойшы болды. Жаңағы Жеміс молданың ұрпағы. Ащы судан тартатыны болғандықтан, ел-жұрт: «далада қалып қоясың. Жын-пері соғып кетеді» десе, «маған жын-пері жоламайды деп күлетін. Неге дегенге, атам алты ұрпаққа дейін жоламайсың» деген батасымен қорғаштап жүреді дейтін көрінеді. Құдайбергенге, құдай, атына заты сай, шынымен де берген екен. Денесі кесек, еті мығым, кең иықты адам екен. Құрдастарының бірі Сатқан кішкентай бойлы, тәпелтек келген адам болса керек. Қызу судың қарқынымен сол құрдасын там үйдің үстінен сырғытып жібергені болған екен. Ашуға булыққан Сатқан үйді айналып, құрдасының жеті атасына жетерлік тілін кезейді. Сонда оның шешесі: – Сатқанжан, Сатқанжан! Төрт атаға дейін тиме! Төрт атаға дейін тиме! – деп жүгіріп жүр дейді. Кейін мұны құрдастары түрлі ауқымға салып, ел арасына таратып жіберген екен.
Әңгіме ауаны Естайға ауады. Нұрмағамбет пен Есмағамбет (Естай) бірге туған. Нұрмағамбеттен Әбікей, Әбікейден Жамал анамыз (Әбілхақтың енесі) өнеді. Білгені барлар мен түйгені көптер Естайдың о дүниеге аттанар алдындағы дәмі осы кісіден бұйырғанын қабылдайды. Өз аулынан алыстап кеткен Естай немере інісі Кәрібаймен (Кәрібай Жамал анамыздың ағасы) жолығады. Кәрібайдың әйелі қайтыс болғандықтан, ел ақынын қарындасының үйіне енгізеді. Түні бойғы өсиетін тыңдаған бала-шаға Естайдың барған сайын әлсірегеніне куә болған. Естай ақынның өсиет-әңгімесінің соңы «Мен олай-бұлай болып кетсем, қыздың үйінен шығып жүрмейінге» жүгініпті. Таң алакеуімде тыңайғандай болған Естай ақын: – Шөлдеп кеттім шай құйшы, – депті. Жамал анамыздың қолынан дәм алған қайран ақын үнсіз-түнсіз о дүниеге аттаныпты.
Ал қазіргі естеліктерге көңіл аударсаң, түрлі аңыздарға жүгініп, сан-саққа жүгіртетіндер қарасы көп. Бәрі жаңаша сөйлегісі келеді. Ақынның қазасына куә болған, сол кезде тоғызға толған бала-шағаның бірі, жақын таратсақ, Естайдың туған жиені Кеңес (Жамал анамыздың ұлы) ызаға булығып тыңдайды. Тіпті, шыдай алмай айтып салатыны да бар. Әйтеуір мұның аузынан жазылып алынған ақиқат дүние кейін Айтжан Бәделханның жазбасымен мұраға енді.
Естай сақинасы жайлы да алып-қашпа әңгіме көп. Әрқайсысының шындығы шынайы тарихынан алшақ. Сақинаның күмістен соғылып, алтынмен жалатылғаны беті ашық мәселе. Тағы бір естен шығаруға болмайтын жайт, қазақ жұрты о дүниелік туысын таза жіберуді қолдайды. Кез келген марқұм анадан туғандай күйінде таза аттанғаны лазым. Сүйекпен бірге артық-ауыс нәрселер көмілмейді. Демек, ақын сақинасының да сүйекпен бірге еместігі ақиқат. Ақынды жуарға бес адам қатысқан. Бесеуі де елге танымал, ақынға жақындығы бар адамдар болғаны рас. Сақинаны осы бесеудің біреуі алғаны және оны қалған төртеуінің мақұлдауымен біреуіне берілгені де ақиқат. Әрі оның оқығаны мен тоқығаны қатар өрілген азамат екеніне де дауласпаған жөн. Себебі ол сақинаны өз ұрпағының несібесі деп емес, ақын аруағының аманаты деп түсінгенін қабылдаған орынды.
Әбілхақ Түгелбаев мұның бәрін біліп өсті. Бозбалалыққа ілінер-ілінбесте көз алдында Естай атасы тұрды. Басына барып зиярат етуді әдетке айналдырды. Көзге қораш көрінетін мәңгілік үйін де жұрт қабылдар қатарға қосты. Тіпті, біраз еңбек жасадым деген көкірек ой да жасырын жататын. Бұл ойының да күлі көкке ұшатынына өзі куә болды. Ақынның арнайы бір мерейтойының алғашқы күндері Алматыдан Шаһимардан Әбілев хабарласып, Естай ақынның басына зиярат етуге ықпал етуін сұрайды. Екі сөзге келмеген Әбең өзі тұрғызған тұғыр маңын жөнге келтіріп, қонағын қарсы алады. Естай туысының үйіне түсіріп, құранын бағыштатады. Әңгіме қызардың алдында, Ш.Әбілев «Сіздер маған бүгін ән айтқызасыңдар ғой» деген сұраулы жүзбен қарапты. Бас изегендерін көрген баритон дауысты әнші Естайдың бір әні мен Еуропа елдерінің бір әнін шырқайды да, – Қайсысы ұнады, – деп сұрайды. Қанына тартқан қаны жұрт Естайын далаға тастасын ба?!
– Дұрыс айтасыздар. Осы Естай ақынның әнін Еуропада шырқап жүрмін. Және олар бас шұлғи тыңдайды, әрі мойындайды. Енді сіздерге бір сұрақ: – «Осындай ақыны бар ел қандай екен? Ақынының мәңгілік үйі қандай күйде екен?» деп сапарлап келген қонаққа, сіздер тұрғызған ақынның моласын қалай көрсетеміз? Ренжімеңіздер, бірақ сіздер тұрғызған ескерткіш – мазар. Кесене емес, мола.
Тыңдар құлағы бар және бітік өскен шашын сипаған қолдар мойынға қатқан басты төмен салбыратты. Әкіміне де, елдің азаматтарына да бұл қатты соққы болды. Мерейлі тойына қалған үш-бес жылды пайдаланудың жоспары жасалды. Көтерілер кесененің сызбасы мақұлданды. Атқарылар істердің бағдарламасы құрастырылды. Айтып-айтпай не керек, Естай ақынның туғанына арналған мерейтойлық мереке республикалық деңгейде тойланды. Облыс орталығынан көлемді көше атауы берілді. Әрине, әр істің оңай шешілмегені анық. Мұрты бұзылмаған шенеуніктің тоңмойындығын жіпсіту бір Әбеңнің абыройы арқасында атқарылды. Елдің түкпір-түкпірінен келген қонақтар: ақын қонақ, жазушы қонақ, шенеунік қонақ – бәрі-бәрі көзбен көргендеріне ризашылық білдірді.
Сол атқарылған алғашқы мерейтойлық шаралар одан кейінгі уақытта қайталана алған жоқ. Былтырғы жылы ақынның мерейтойы сонау Түркиялық деңгейде тойланды. Ал туған елі мен жері Естай ақынның ескерткішін қоюда бір ауыздан мақұлданбай тұр. Әбілхақ Түгелбаевтың ойы – ақын аты берілген мәдениет үйінің алдында бой көтерілсе дейтіндерге қарсы. Ертеңгі күні жекеменшіктік мекемеге ауысса, қала балансынан шығарылса, ақын аты да далада қалатын сияқты көрінеді. Сондықтан ақынның ескерткіші жастар жиі жиналатын саябақта тұрса игі. Махаббатқа адалдық символы болған Естай бейнесінде қазақтың қара домбырасы мен дала мәдениетінің үлгісін паш етерлік дүние жарасым тауып тұрғаны жақсы. Бұл – тазалық пен толеранттылықтың белгісі .
Қазір көзі ашық деген бауырларымыздың ағайын-туыс іздеп кеткені бар. Қарыныңның ашатыны да, құдіретіңнің қашатыны да бүгінде болып жатыр. Арамызда өзінің руын, туған жерін әспеттеуге бет алғандардың қатары көбейіп келе жатанына куә болып жүрміз. Дәл сол былтырғы жылы, Естай ақынның мерейтойы тойланар жылы, тақта отырған азаматтың «Сіз Естай ақынға неше атадан қосыласыз?» деп төбеден суық су құйғандай болғаны бар. Сонда, ол пенденің қазақтың Естайын танымағаны ма, әлде рушылдықты көксеудегі сана сөзі ме? Абырой болғанда, Әбілхақ Түгелбаев ірілікке салынды. Үндемей кеткені болмаса, ішінің алай-түлей күйгенін баса алмай әуреге түсті.
Дәл осындай рушылдық ағайындықтың алдыңғы жылдарда қылтиғаны бар. Ұмытпаса, 2007-2008 жылдары Кереку өңірі бір серпілген уақыт болды. Қала көшелері ғалым-академиктердің есімін иеленіп, аудан атауларының атына да кезек келе бастады. Ел аузындағы батырларымыздың, қасиетті бабаларымыздың ұпайы түгенделе бастады. Қолында қаржысы бар азаматтар мен рухани ауаны жоғары азаматтардың бір жиынында Малайсары батырдың аруағына тағзым ету жай-жапсары қарастырылды. Сонда Әбеңнің ойына оралған – Қазанғап би еді. «Ең алдымен осы биімізді жарылқап алайық та» деген ой тастады. Себебі Қазаңғап қазаққа қай жағынан алып қарасаң да берері мол болған. Оның соңынан бес болыс ел ерген: төрт болыс Бәсентин, бір болыс найман. Жиыннан шыққан атпал азаматтың қойған сұрағы да миында жаңғырды: «Қазанғап би қанжығалы руынан ба еді?». Кейіннен Қазанғап бидің басына тас қойылып, онда «Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері» деп қашалған тіркес түсті. Тасты жасатқан да, әспеттеп бедерлеген де Әбілхақ Түгелбаев болатын.
Осындайда тағы да сананың жаңғырғаны бар. Кейінгі уақытта арамыздан бата беріп жүрген қарт-қарияларымыз (Қабдеш Нуркин, Оралбек Қожанов, Мүкәрәм Шүлембаев) о дүниеге озды. Керекудің сөзін ұстар абыздар жоққа жуықтады. Жетпіске жеткендер мен жетерлердің біразы және елдің сөзін ұстайтындар астана асты. Елде қалып, немере-шөбере бағатындар қатары да молая түсті. Алпыстан асқандар Әбеңнің қасына үйіріле кететінді тапты. Күндердің күнінде ақылы асқан алпыстағылар Әбеңе қалжың айтып келіп те қалды. Қалжың болса да, ақиқаты анық еді. «Әбе! «Керекудің ақсақалы» деген атты саған беруге келдік». Әбең қалжыңды қабылдағаны рас. Бірақ алдыңғы ақсақалдардың азайғаны қабырғасын қайыстырды. «Кеше «Ердің жасы елуде» едік. Бүгін міне, жетпістің желкесіне шығыппыз» деген сөз көмейінде тұрды.
Расында солай. Жетпіс оңай жеткізген жоқ. Елу жыл еңбек еткендер сол жетпістің қырқасындағылар. Әрі еңбек болғанда қандай? Ыстығы мен суығын, қытымыры мен қызығын қатар ерткен қайран жастық та артта қалып барады. Абыроймен жиналған ақсақалдықтың берері мол болса екен деп тіледік. Әйтпегенде «Алтыбай, Алтыбай шуылдақ, Қазан-қазан қуырдақ» деп әндеткен әулеттен тараған ұрпақ ел алдында ұятқа қалған емес. Оған атадан қалған төмендегі тәмсіл дәлел.
…Түгелбай да кесек ойлы арда азамат болған екен. Жарықтық балалы-шағалы болса керек. Ол кез жоқ пен жетпеудің заманы. Бәйбішісінен өрген онның үстіндегі баланың жатар төсегі құрым кигіз екен дейді. Бәйбішенің де білгені күнделікті күйбеңнен туындайды. Бұлар бір-бірін мазаламасын, ашылып суық тимесін деген себеппен қос кигізді қатар тігіп, бала сиярлықтай қалта қылып көктеп, әрқайсысына жеке жатар орын жасайды. Мұны байқаған Түгелбай атамыз: «Тұқымы өсер, бірақ бір-біріне қайырымсыз бола ма, қайтеді?» деген екен. Ол қайрымсыздық бүкіл қазаққа келген нәубәт болғаны бүгінгі ақиқат. Қазір қатар жатқан былай тұрсын, әр балаға жеке төсек әзірленеді. Бірінің орнына бірі жату дегеннен алыстағалы қай заман? Бауырмалдылық қайдан болсын!
Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ
ғылым докторы, профессор.