Қарымды қаламгер, тамаша журналист Жанат Тұрғанбекұлы ағаларымыздың арасында аман жүрсе, биыл жетпіс деген жастың жотасына жететін еді. Ж.Тұрғанбекұлы – Ертіс-Баян өңіріне ерте танылған қа­ламгер, өткір мәселелерді өжет көтеретін журналист. Өмірден де ерте озды. Кейінгі жылдары жергілікті басылым беттерінде ол жайлы сирек жазылып жүр. Елуге жетпей, екі кез жерге еніп кете барған  көп  қаламдасы секілді жиі ескеріле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру, аруақ алдындағы  парызымыздың бір парасын ада қылу – асыл мақсатымыз.

Жапан далада жалғыз жүйіткіген жүйріктей өмірден ағындап өткен оның қалдырған жолы, құйрығы мен жалы – жазған шығармалары. Сондықтан, жиырма жылдық журналистік жолы сарғайған газет тігінділерінде ғана емес, сағынған дос-жаран, сыйлы әріптес аға-інілерінің жүрегінде сайрап жатыр. Сол жолға жақсылап үңілейікші…

***

Жанат Тұрғанбекұлы Баянауыл ауданы, Жаңатілек ауылында 1949 жылдың12 шілдесінде жұмысшы отбасында дүние келген. Әкесі Олжабекұлы Тұрғанбек пен анасы Оспанқызы Әмина шаруа баққан қарапайым кісілер еді.

Жанат ауылдық мектепте білікті ұстаздардан тәлім алып, тәртіп пен талапқа негізделген кеңестік кезеңде өсіп, жастайынан шығармашылық бағытты таңдап, журналист болуға машықтанды. 4-ші сыныпта оқып жүріп-ақ, балаларға арналған республикалық басылымдарға мектеп өмірі туралы мақала, тырнақалды өлеңдерін жіберіп тұрды. Өз сөзімен айтсақ, журналистік қызметті таңдауына басты себепкер, қаламын ұштауға алғашқы тәлімгер, тәрбиеші болған – «Қазақстан пионері» газеті. Баянаула бауырындағы жас талапқа Ә.Жапаров, Е.Домбаев, Ж.Темірбеков сынды журналистер үнемі ақыл-кеңес айтып, хат жолдайтын. Жанаттың жадында өшпес із қалдырған 1964 жыл еді. Дәл сол жылы таңдаулы 30 жас тілшінің қатарында газеттің арнаулы кітапханасын сыйға алды. Ал 1965 жылы оған Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдама беріледі. Бұл қиялы жүйрік, ойы асқақ, талабы зор тас түлекке біржола журналистік жолды таңдауына  қайрат бітіргені анық.

Бала ақын болып танылып үлгерген 8-ші сынып оқушысы бұдан былай Баянауыл аудандық «Жеңіс», Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеттерімен байланыс жасай бастайды. Алғашқы тәлімгерлерінің бірі – баянауылдық журналист, марқұм Қайыржан Темірбеков болса, тырнақалды өлеңдеріне жылы пікір білдіріп, жариялануына қамқорлық жасаған Мұхамеджан Дәуренбеков-тін. Ал облыстық газет бетінде алғашқы хаттар, корреспонденция, суреттеме, очерктерін жариялап, ағалық ақыл-кеңесін айтып, өзара хат алмасып тұрған ардагер журналист, марқұм Төлеубек Қоңыровты (сол уақытта ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі) Жанат осы редакциядағы алғашқы ұстазына балады.

Аудандық «Жеңіс»  газетінде бірер жыл аудармашы, содан соң тілші  болып  тәжірибе жинаған ол 1977 жылы сол кездегі Киров атындағы, қазіргі Әл-Фараби атындағы университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Оқу орнын үздік бітірген соң, Павлодарға  оралады.

Жас журналисті «Қызыл ту» газетінің бас редакторы Сұбыхан Шошанов бірден өнеркәсіп бөліміне қабылдайды. Бірер жылдың айналысында-ақ ол ауыр өнеркәсіп, экономика, өндіріс салаларында оқығанның көз мейірін суаратын суретті, сүбелі дүниелер жазатын кәнігі журналиске айналды. Жазғаны жергілікті басылыммен қатар республикалық баспасөзде де жарияланып жатады. «Жанат үшін тақырып таңдау – тартынатын іс емес, газетке не қажет болса, сұранысқа сай материалды сөзбұйдаға салмай сарт еткізетін» дейді әріптестері. Бұдан Ж.Тұрғанбекұлының өз шығармашылық әлеуетін шашып-төкпей, жақсы журналист болу жолына қапысыз жұмсағанын аңғарамыз. Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары газетшілердің арасында проза мен поэзияны қатар алып жүргендер, көркем әдебиетке құлаш ұрғандар көп болды. Жанат ағаның да құлашы көркем әдебиет кеңістігінде кең көсілуге жететін еді. Бірақ ол публицистика жүгін көтеруді мұрат тұтты. «Қызыл ту» газеті арқылы қаншама еңбекші жасты елге танытып, талай таланттың жолын ашты. Толғақты мәселелерді дер кезінде қозғап, олардың лайықты шешім табуына дәнекерлік етті. Әсіресе, өтпелі кезеңдегі өзекті проблемаларды ортаға салып, ормандай оқырманның ойына ой қосты.

Ж.Тұрғанбекұлымен бірге қызмет істеген қаламдастары оның туыс-туғанға деген жанашырлығын, әсіресе, ағайын-тумаларының білімді, сауатты болуына, іні-қарындастарының рухани  тұрғыда толысуына зор ықпал еткенін айта келе, өзі «бойында оянбаған таланты бар» деп бағалаған жастарды да жатсынбай, әрқайсысына қамқорлық көрсеткенін жазады. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани: «Жәкең  жас қаламгерлерді жатсынуды білмейтін, жайсаң мінезімен, әдеби  білімінің  тереңдігімен ерекшеленетін. Өзі де өлең жазды, әсіресе, проза жанрында қысқа да нұсқа жазуға шебер болатын,» – дейді.

Ол уақыт – Екібастұз отын-энергетика кешені құрылысы Бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысы деп жарияланып тұрған кез. Осылайша ол құрылысы қарқынды, тіршілігі қайнап жатқан Екібастұз, Ақсу қалаларының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты қым-қуыт қызметке араласып кетеді. Екібастұзға жасаған алғашқы іс-сапарының өзінде-ақ жергілікті жұмыскерлермен етене жақындасып, құрылыс басындағы будкада бірге түнеп жүреді. Екібастұзға арнап ай сайын берілетін газеттің екі бетін дүркін-дүркін материалдарға толтырады. Қазіргі алып ГРЭС-тер мен Солнечный поселкесі тұрған Жыңғылды көлінің маңы – ол уақытта елсіз мекен. Жас маманға алып өнеркәсіптік кешен ішінен әңгімеге тартатын адамдарды табу, басшылармен кездесу әуелі қиын тиегені анық. Алайда алғыр жігіт  тапсырманы тап-тұйнақтай атқара білді. Ақыры Василий Сизинцев, Толымбек Сәрсенбин, Екатерина Төлеуовалардың бригадаларында болып очерктер серияларын жазады. Арнайы бетті де ұйымдастырады. Бұл бет обкомның назарына ілініп, арнайы плакат болып таратылады. «Октябрь» зауытынан бригадир Мағауия Дүйсенбаев туралы жазған очеркі қарт журналист Жылқыайдар Қарпықовтың оң бағасын алса, БЛКЖО ХVIII съезінің делегаттары Павлодар трактор зауытының краншысы Айтжамал Өскенбаева, «Ақшиман» кеңшары тракторшы қыздар бригадасының бригадирі Гүлзима Нұрқайырова, «Алексеевка» кеңшарының шопаны Жұмаш Сарыбаевтар туралы «Лениншіл жас» газетінде шыққан «Ана сенімі», «Қыр қызғалдақтары», «Алқызыл алаулы таңдарым» атты очерктері сол кездегі Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтановтың көзіне түсіп, еңбегі биік мінберден ерекше аталады. 1980 жылдары өнеркәсіп тақырыбына талдап жазатын Әбдеш Баймұрзин, Социал Әйтенов сияқты журналистер Жанаттың осы қиын тақырыпты жан-жақты меңгеруіне ықпал етеді. Ж.Тұрғанбековті сол кездегі «Лениншіл жас» газеті редакторының бірінші орынбасары Сағат Әшімбаевқа таныстырып, өз орнына меншікті тілшілікке ұсынған С.Әйтенов болатын.

Ж.Тұрғанбекұлының қаламгер ретінде де, азамат ретінде де ерекше шыңдалған кезеңі – «Қызыл туда» жұмыс істеген жыл­дары. Қазақстанның Құрметті журналисі С.Әйтенов: «Біздің бөлімде бұрын екеу едік. Енді Жанат келген соң үшеу болдық. Әбдеш Баймұрзин ағамызбен 7-8 жылдай  жұп жазбай үйренісіп қалғанбыз. Төрт жыл ол кісі менің бастығым болса енді ол маған қарайды. Мені бөлім меңгерушілігіне ұсынған  тағы өзі. Менің аға тілшілігімді Әбекең атқарады. Жанат – қатардағы тілші. Біз осылай өнеркәсіп, құрылыс және транспорт (көлік дейміз қазір) саласы бойынша үш адам  қол ұстаса еңбек еттік…», – дейді естелік жазбасында.

Еске алушылар Ж.Тұрғанбекұлының танымдық мақалаларды мөлді­ре­тіп жазатынын айтады. Жазу стиліндегі қара­пайым мәнер, деректілік, нақпа-нақтылық, зерттеушілік пайым тыңдаушысын баурап әкететін. Қай тақырыпқа қалам тербесе де, түбін қаузамай, төркінін зерттемей, күрделі мәселелердің шешуін таппай тоқтамайтын.  Кейінгі жылдары өзі ұнататын тақырып – қазақ халқының өткен өмірі, белгілі тұлғалары туралы тарихи танымдық тағылымды мақала-әңгімелерді көп жазды. Облыстық газетте бұл тақырып жүйелі түрде жарияланып келеді. Елді-мекендерге тарихи атауын қайтару, қала көшелеріне даңқты перзенттеріміздің есімін беру ісін баспасөз бетінде алғашқылардың бірі болып батыл көтерді. Бұны үзбей жазып, жоғары орындардың назарына үнемі салып отырды. Бұқар жырау, Мәшһүр-Жүсіп, Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Ермұхан Бекмаханов, Қошке (Қошмұхаммед) Кемеңгеров сияқты тарихи тұлғаларды тіліне тиек, қаламына тақырып қылды. Тоқсаныншы жылдары олардың есімдеріне ауылдар, шаруашылықтар, мектеп, көше беріп, кеңінен атап өту – ел алдындағы абзал борыш деп түсінді.

Табан асты тапқырлығы мен мазмұнды әзілдерінде байқампаздығы, турашыл мінезі мен  қиянатсыз қиялы көрініс табатын. Оның әділеттілікке арқа сүйеген шығармаларында да осы астарлы ирония басым. Жазушы Ғалымбек Жұматов сондай сәттердің бірін былай суреттейді: «Бір күні Бақи ағамыздың кабинетіне Жанат кіріп келді. Біраз жігіттер жеңіл-желпі сөз қозғап тұрғамыз. Жанат кірген бойда Бақи ағамызға екі қолын бірдей ала жүгіріп:

«Ассалаумағалейкөм, Бақи аға,

Не істерсіз қызды көрсең қапияда?», – дегенде үлкен ағамыз іркілместен:

«Қыз-келіншек көзімізден бұл-бұл ұшты.

Кемпір де тар келмейді тақияма»,

– деп ойыншыл шумақты іліп ала жөнелді. Жанаттың осындай шумақтары өте көп болатын…».

Оның «Бір сомның әлегі», «Дөкейдің дауысын жазбай таны», «Есегіміз аман болсын», «Күдер үзбеңдер», «1001 атты пәле», «101 атты қатер» секілді қысқа әңгімелері қазақы әзіл, астарлы юмор, айшықты азаматтық үнімен ерекшеленсе, «Аққу сенім адастырмайды» эссесі ақ адал сыршылдығымен баурайды, ал  «Ел рухын ту еткен тұлға – Біржан Нұржанұлы», «Ежелгі атау», «Сараңдық бізге тән қасиет пе?», «Әйгілі бұлақтар аты бұрмаланбасын», «Даңқты бабалар зираттары елеусіз жатыр», «Жаңсақтық көп», «Бәшерден неге ұмыт қалады?» тектес танымдық мақалалары терең білімпаздығымен тебірентеді.

«Жанат журналистік жұмыстан қолы босай қалғанда дастандарды, батырлар жырын жатқа айтатын» – деген Ғалымбек Жұматов естелігін: «Жанаттың ерекше айта жүретін қасиеті – есте сақтау қабілетінің феноминалдылығы. Қазіргі жұртшылықта ондай қасиет сирек» деп өрбітеді.

Біздің білуімізше, Абайды дұғасындай жаттау, халықтық фольклорды, ұлттық әдебиетті бойына сіңіру – әкесінен алған үлгі-өнеге.

Әкесі Олжабекұлы Тұрғанбек бастауыш мектептік білімі бар қара тілге қара жаяу болмаған көсем ойлы кісі екен. Ол ШҚМ-да (шаруа жастары мектебі) оқыған, бірақ 3 класс бітіруге ғана жағдайы келіпті, десе де өз замандастары арасында оқығаны мол, түйгені көп, зейінді, зерделі адам болып танылған. Үйіндегі кітап сөресінде сирек жазбалар тізіліп тұратын. Тұрғанбек ақсақал Абай шығармаларын қайталап оқуды ұнатады екен. Өз құрбы-құрдастарының болымсыз қылықтарын, қырқын салса қыр аса алмайтын қырсыздықтарын  көргенде,  іштей түңілетін. Сондай сәттерде «Данышпан Абай-ай, пайғамбарсың-ау, қалай осындай көк мылжың, қырт, өңкей ездерді, әпербақан, ұрда-жық, көрсеқызар, қуыс кеуде мақтаншақтарды жіпке тізгендей дәл айтқансың, әкелші ана Абайды» – деп кітап сөресін нұсқайтын. (Сөйтіп көңіліндегі қыжылын Абайға жүгініп, Абаймен сырласып барып басады екен). Мұндайда Жанаттың анасы Оспанқызы Әмина «Бір кітапты қайталап оқи бергеннен майы шыға ма?» десе, «сен не білесің, Абайды күніне әлденеше оқып, құран сүрелеріндей жаттасақ та артық па, аяғыңды бассаң әр сөзі алдыңнан шықпай ма?» деп кейіп қалатын көрінеді.

Жанат Тұрғанбекұлының жазбаларында балалық шағында әкесінің, нағашысының аузынан естіген әдеби шығармалар жайында бір үзік сыры  баяндалады. «Жас күнімізден «Зарқұм». «Сал-сал», «Хасен-Хұсайын», «Кербаланың шөлі»,   «Сейітбаттал», «Рабиға қыз», «Еңлік-Кебек», «Құралай сұлу» (әкем «Келден батыр» деп атаушы еді ) сияқты дастандарды әкемнің, нағашымның жатқа айтқанынан ұғып өстік,» – дейді: – «Әкем айтатын «Рүстем-Дастан» Фердоусидің де, І.Тұрмағамбетовтің де нұсқаларынан өзгешелеу еді. Осы нұсқаларды әлі кездестіре алмай жүрмін. Қайдан, кімнен жаттады деп қайранмын. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн» (Шәкәрімнің нұсқасы) дастандарының авторы Шәкәрім қажы екенін де бертінге дейін білмей келіппіз. «Қыран қарақшы»  сияқты қызықты ертегілерді бала жастан әкемнен естідім».

Жас ұрпақ өз халқының тұнық бастауларынан сусындауға мүмкіндігі болмай, ана тілінен ада қалып, тілі өзге ұлттың тілінде шықса, қасіреттің ең үлкені осы ғой. Кеңестің білім беру жүйесінде бұл үрдіс ымырасыз жүргізілді емес  пе. Жанат Тұрғанбекұлы «бұны сол заманда елеп-ескерген адамдар аз еді» дей келе: «Әкем қатты ашуланып біреуге кейігенде: «не еркек болып топқа кірмейсің, не әйел болып дауыс қылмайсың, өмірге босқа келіп, босқа кеткен сорлысың-ау» деп жататын. Бұл сөзі маған тым оғаш көрінуші еді. Енді ойлап қарасам мұның да астарында үлкен мән жатыр екен»  деп ойын түйіндейді.

Осындай ұлғатты сөздерді жасынан құлағына сіңіріп, жадына тоқып өскендіктен, халық ауыз әдебиетінің мол мұрасын, ел шежіресі мен аңыз-әңгімелерін бала Жанат санасына мәңгі жаттап алғандай. «Тарих, шежірені терең білетін парасатты, мәдениетті, аса бауырмал жан еді» – дейді әріптес ағасы Социал Әйтенов. Оның айтуынша, Жанаттың білімпаздығын әріптестері, аға буын өкілдері ерекше бағалаған. «Қызыл ту» газетінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен, журналистика саласының ардагері Әбдеш Баймурзин: «Мына жігітіміздің білмейтіні жер астында  шығар, шежіреден де хабары бар, тіпті басқасын айтпай-ақ қояйын, біздің Қанжығалы руының арғы-бергісін қопарғанда, әншейінде бір адамдай білем дегенім далада қалды. Ізденгені көрініп тұр. Ауыл ақсақалдарының аузынан шыққан әңгімеге әбден қанығып, құлағына жастай құйып өскенін байқатты. Айтарым жоқ» – деген екен.

«Қызыл ту» газетіне маңдайының тері, таңдайының сөлі тамып, қаламының сиясы сіңген ардагер журналист Бақи Әбдіқадыров жақсы көретін інісі Жанат дүние салғанда жазған өлеңінде парасаты биік бауырының бар болмысын бір ауыз шумаққа сыйғызып, жарқын бейнесін жарқырата жырлады.

Жақсы інім, көпке әйгілі парасатың,

Жас демей жасы үлкендер санасатын.

Құйма құлақ, аталы сөз иесі,

Затыңа Жанат атың жарасатын.   

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгер Жанат Тұрғанбекұлы 1997 жылғы 26 мамырда ауыр науқастан қайтыс болды. Жиырма жылдық журналистік қызметінде өзін алғыр публицист, жақсы қаламгер ретінде танытты, қаламынан өткір материалдар, тарихи танымдық дүниелер, әңгімелер, сүбелі туындылар шықты. Оның шығармалары әлі де құндылығын жойған жоқ, жоймақ емес.

Сөз соңында Жанат Тұрғанбекұлының жазған­дарын жи­нап-теріп, кітап етіп бастырып шығару қамында жүрген өмірдегі інісі, өнердегі ізбасары Асығат Тұрғанбектің ақ-адал ісіне алғыс білдіргім келеді. Бұл жинаққа қаламгердің сатиралық әңгімелері, эллегиялық эссесі, танымдық мақалалары және жоғарыда үзінділері берілген аға қаламгерлердің естелік жазбалары енді.

Айбек ОРАЛХАН.

Добавить комментарий