Биыл ер Сәкеннің 130 жылдығы. 15 қазан Сәкен (Сәдуақас) Сейфоллаұлы Сейфуллин дүниеге келген күн. Сәнді Сәкен 1894 жылы Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген.
Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құраушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушысы. Алғашқылардың бірі болып Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (1920–1925) (Премьер-Министр) қызметін атқарды.
Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты. Проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында да көрнекті еңбек етті
Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі,Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожин, тағы басқалардың поэмалары, Е.Ысмаиылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, тағы басқа ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген.
1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылды. 1958 жылы ақталған.
Біз
Асау өсіп арқада
Жүген, құрық тимеген,
Матау көрмей ер жетіп,
Жасынан ноқта кимеген,
Бостандық, кендік, еркіндік –
Басқаны жаны сүймеген,
Бұғалық салса ұстауға
Ақырып тулап сүйреген,
Арқаның болдық ұланы,
Еркін өскен бұланы.
Теңдік іздеп кедейге,
Жауызға көнбей туладық.
Залымдардың жасаған
Аранына уладық.
Қараңғы, суық зынданды
Жатақ қылды тәніміз.
Қылыштың жүзі, мылтықтың
Аузында болды жанымыз.
Өмірінде жауыздың
Кетіп адам сәніміз,
Арыстандай жаралы
Өртенді қайнап қанымыз.
Бір шұңқыр су, түйір нан
Үйреншікті ас болды.
Күл, көмір, қиқым, тоң төсек,
Жастығымыз тас болды.
Тас көмірдің топырағы
Денені басып қаралап,
Тас көмірдің түтіні!
Өкпені қауып аралап,
Қырлы темір шынжырлар
Қол-аяқты жаралап,
Жауыздардың дұзағын
Көрдік қорлық, азабын!
Бабаларыма
(Шағым)
Қу заман басқа салды мұндай шақты,
Қайтейін, медеу қылдым жалғыз хақты.
Ұрпағың өсіп-өнген рулы ел бол,
Деуші еді бабам Тоқа аруақты.
Ескене, Байбек, Жәнібек – бергі атам.
Қайырлы деуші еді ғой берген батаң.
Мехнат, қиыншылық басқа түсті,
Жоқ еді, істерімде ешбір қатам.
Ор, Аба, Есен, Нұра жерім еді,
Қуандық – Қаратоқа елім еді.
Қолдар деп қысылғанда бабаларым,
Сендерге асау балаң сеніп еді.
Бар жазам күштілермен жарысқаным,
Жыртқаным сорлы жұрттың намыстарын.
Теңдікке нашар жұртты жеткізуге
Көп жауыз ұлықтармен қарысқаным.
Жазғаным елді біраз билегенім.
Паңдарды ұлықсыған илегенім.
Әйел мен кедейлерге теңелдің деп
Оларды өрге қарап сүйрегенім.
Ел жеген жауыздарға қарсы тұрдым,
Нашармен қол ұстасып бірге жүрдім.
Би, болыс, бай, төренің малдарына
Сатылмай әділшілік жолын құрдым.
Жат жерде жауыз заман жаяулатты,
Бұрынғы ұмыттырды мінген атты.
Бір күнде бай мен паңды илеткізіп,
Артынан басқа салды мехнатты.
Күлдіреп табандары, баяулаған,
Қамығып ер көңілі қаяуланған.
Ұрпағың жүйрік мінген, бабаларым,
Жоқ шығар мендей балаң жаяулаған.
Жаяулап дәмін таттым талай елдің,
Аралап суын іштім талай жердің.
Еш жерде ат-жөнімді, сырымды айтпай,
Біреуі болып сорлы жұмыскердің.
Табиғат өзгеше боп туған едім,
Белімді жастан бекем буған едім.
Халықтың қорлық көрген туын ұстап,
Әділдік жолын іздеп қуған едім.
Болса да жолым қиын мехнатты,
Сол жолда басшы қылдым жалғыз хақты.
Дарияға қайық салған ер балаңды
Қолда енді, бабаларым, аруақты!
Тау ішінде
Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп елеңдетіп,
Астымда ақ боз атым сылаң сағым,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
Ақ боз ат менің, тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен
Ауаның жазғы жұпарын.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Ән салдым есіп майда жаяулатып,
Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.
Толқындай мың, құбылған әнімді естіп,
Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып.
Ақ боз атым қояндай,
Еркелеп басар аяндай.
Тербеді дауысым ауаны
Дыңылдап қалқып баяулай.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Ұйқыға әнімді естіп берілмессің,
Маужырап төсегінде керілмессің.
Ақырын үйден шығып уәделі
Жеріңе келуге сен ерінбессің.
Ақ боз ат қарар елеңдеп,
Үйіңнен шығып көлендеп,
Асығып келсең мөлдіреп,
Бүркенген шапан желендеп.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
Торғындай перде болар түнгі мұнар,
Ерніңнен ішкен балға қанбас құмар.
Құшақтап қанша сүйсең келген сайын,
Шалқыған шіркін көніл емес тынар.
Ақ боз ат қарар елендеп,
Үйіңнен шығып көлендеп,
Асығып келсең мөлдіреп,
Бүркенген шапан желендеп.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің.
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.