Бота Қабыкенұлы туған еліне адал қызмет еткен ардақты азамат. 65 жыл ғұмыры Павлодарда өткен суретшіні барлығы жақсы таниды. Ата жұрты қиелі Баянауыл өңірі. Ол 1992 жылдан бері Қазақстан суретшілер Одағының, 2006 жылдан Қазақстан Республикасы суретшілер қауымдастығының мүшесі болып қабылданды. Бірнеше облыстық, аймақтық, республикалық көрмелерге және халықаралық мүсіншілер симпозимдарына қатысып, жүлделерге ие болған. 2007 жылы Ақтөбе қаласында өткен халықаралық мүсіншілер симпозимына қатысқаны үшін дипломмен, 2009 жылы Павлодар облысы әкімінің грантымен, 2010 жылы Павел Васильевтің 100 жылдық мерейтойына орай, Павлодар облыстық мәдениет басқармасының дипломымен, Өскемен қаласында өткен халықаралық мүсіншілер симпозимының дипломымен марапатталған.
Павлодар облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Павлодар облыстық көркемсурет музейі «Бота Машрапов» атты каталог кітапшалар шығарып, өмірбаяны мен еңбектерін енгізген. Кітап кіріспесінде Майя Хусайнова Бота Машраповтың өмірдерегін жазыпты. Біз де сол ақпаратқа сүйене отырып, Бота ағамыз жайлы мақаланы газет бетіне түсіруді жөн көрдік.
Ол 1952 жылы 1 қаңтарда Павлодар қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Павлодар педагогикалық училищесінде, анасы Абай атындағы №10 мектепте география пәнінен сабақ берген.
Бота Қабыкенұлының ағасы Биктуар Машрапов та інісі жайлы естелікті тебірене айтып берді.
– Бота жайлы екі ауыз сөзбен айту аздық етеді. Ол өте керемет адам болды. Ол Баянауыл үшін көп дүние істеді. Бірақ оны бұл жерде бәрі біле бермейді. Баянауылдың мәрмар тастарына тіл бітіріп, әр өңірге ескерткіш жасады. Қарапайымдылығы тәнті ететін. Біз елге қызмет еткенімізді міндетсінбедік. Адамның көмекке зәрулігін көрсе қол ұшын созудан аянып қалмайтын еді.
Сурет тілін ұғынған Бота Қабыкенұлы бала күнінен қылқаламды дос тұтқан. Ол Абай атындағы №10 қалалық мектепті тәмамдап, Павлодар трактор жасау зауытына темір ұстасының оқушысы болып жұмысқа орналасып, ІІ дәрежелі кәсіби темір ұстасы, жинақтаушы болып шығады. Бас конвейерде заводтың ең алғашқы тракторларын жинақтаған. 1970 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, әскери борышын өтеуге аттанады. 1972 жылы Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, туған мекенге оралады. Өзі туған қалаға келіп, жарнама бюросына жұмысқа орналасады. Шығармашылықпен тығыз байланысқан қызметі оның сурет салу өнерін шыңдай түсті. Бюрода жұмыс істеп жүрген сәтінде болашақ жары Банумен танысады. Білім алуға деген құлшынысы зор болғанымен оқуға түсуге жолы болмай жүрген шағында, анасы «Суретші бол» деп кеңес береді. Анасының қайтар алдындағы баласына тілеген тілегі һәм өтініші осы болған. Анасының нұсқаған жолын таңдап, 1978 жылы ауқымды конкурста өзінің талабы мен талантының арқасында Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтын, қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында жаңадан ашылып жатқан «Интерьер және жабдықтау» бөлімшесіне оқуға түседі. Бота Қабыкенұлы кескіндемеші Қанафия Телжанов, қолданбалы өнерші Құрас Таныбеков, мүсінші Еркін Мергенов, Ескен Сергебаев сынды әйгілі өнерпаз ұстаздардың алдын көріп, тәлім-тәрбие алды. Ол осы жерде аса құлышыныспен білім ала жүріп, өзінің отбасын асырайды.
Мұзафар Әлімбаев редакторлық еткен «Балдырған» және Фариза Оңғарсынова редактор болған «Пионер» журналдарында қызмет етіп, иллюстрацияларын жасайды. Бұл уақытта Алматыда астаналық метроның жобасы әзірленіп жатқан болатын. Осы іске жобашылар тобына дизайн бойынша инженер ретінде жұмысқа шақырылады. Ол метроның екі станциясының жобалауына қатысып үлгереді. Бірақ, кейіннен бұл жоба жабылып қалады. 1983 жылы институтты аяқтап, дипломға қол жеткізеді. Сол кезде «интерьер-суретші» мамандығының алғашқы түлектерінің саны небары алты ғана адам еді. Институтты аяқтаған суретшіні астананың жұмыстары күткен еді. Алайда ол туған мекеніне оралуды жөн көрді. Бір жағынан «Балам, Лев Толстой да өз шығармаларын туған өлкесінде жазған. Талантың мен талабын болса, туған еліңде де қызмет ете аласын» – деген әкесінің сөзі себепші болады. Әке өтінішіне құлақ асқан суретші отбасымен елге оралады. Осы жылдардан бастап Бота Қабыкенұлы Павлодар өлкесімен тығыз байланысады. Жыл артқан сайын Павлодар келбетінің жанданып, жаңаруына өзіндік үлесін қосып, аянбай еңбек етеді.
Мүсіндеме өнеріне де көңіл бөліп, шынайы және қызықты жұмыстар жасап шығарады. Атап айтар болсақ, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жерлес интернационалист-жауынгерлер рухына арналған ескерткіш, А.П.Чехов ескерткіші, Баянауыл ауданында «Айдабол – Сары» мемориалын, Май ауданы Ақшиман ауылына жақын маңдағы шоқыға жоңғар шапқыншылығы бюстін, «Ертіс – Қарағанды» арнасы дирекция ғимаратының алдында Қ.Сәтбаевтің бюстін, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының фойесіне Ж.Аймауытовтың бюстін, Баянауылда генерал Т.Дуабековтың жерлестерінің өтініші бойынша генералдың бюстін мүсіндеген болатын. Байқағанмыздай ескерткішке мәрмар тасты Баянауылдан алдыртып отырған. 2012 жылдың тамыз айында Бота Машрапов Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің алдында Бейсен Ахметовке арналған ескерткішті аяқтады. 2013 жылдан бастап шебердің қолынан Баянауыл ауылында орналасқан Қ.И.Сәтбаев музейіндегі Қаныш Сәтбаевтың балауыздан орындалған мүсіні, Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығындағы анимациялық мүсіні, Көкшетаудағы Жандар Мусиннің бюсті, Ақмола облысындағы Ыбырай Алтынсаринге арналған ескерткіштері бой көтерді.
Жыл сайын қысқы уақытта суретші көмекшілерімен бірге мұз қалашығын салып, Павлодардың кішкентай тұрғындарына қуаныш сыйлаған еді. Қаланың орталық көшелеріне Бота Машраповтың қолынан туындаған үлкен ескерткіштерді ғана емес, сондай-ақ қала көркіне өң беретін үлкенді-кішілі мүсіндерді де көре аламыз.
Үздік өлкетанушы Алтынбек Құрмановтың Бота Қабыкенұлы жайлы пікірі төмендегідей:
– Бұл азамат ұмытылып қалған тұлға деуге болады. Оның аталары, әкесі Баянауылдың тумалары. Ол кезінде Шапық Шөкиндермен бірге оқып, бірге жүрген. Оның Баянауылдағы сәулет өнеріне қолы тимеген жері жоқ. Кіре-берістегі атақты Мәуия Әбікеевке қойылған тазы мен аңшы мүсіні, Жолаушының жанындағы «Құлын мен бала», орталықтағы «Қозы мен Баян» ескерткіші, ең төрде тұрған жүзік, домбыра мен қобыз, Қаныш, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт аталарымыздың мұражайдағы мүсіндері Бота ағамыздың туындысы еді. Ерейментау өңіріндегі Олжабай батыр мемориалдық кешенін жасап шықты. Ол атажұртына еңбек етуге асықты. Ауданымыздан бір қағаз алып көрмеген жан еді. Ол атаққа құмартпайтын. Оның әр ісі – өнеге. Жақсыны ұмытпауымыз керек. Ұмытпау үшін ағамыздың есімі бір ғимаратқа қашалып, аты беріліп жатса жақсы болар еді.
Кейіпкеріміз «Невада – Семей», «Денсаулық», «Астана қаласындағы Этноауыл» сияқты көпшілік қоғамдық шаралардың қоюшы-суретшісі ретінде де кеңінен танымал. С.Торайғыров атындағы мемориалды музейді (1992 жыл.), М.Көпеев атындағы музейді (1993 жыл), Екібастұз тарихи өлкетану музейін (2000 жыл) безендіруде де сіңген еңбегі зор. 2015 жылы суретші «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығындағы концерттік залының интерьерін өңдеді. Оның қылқалам шеберлігінен туындаған еңбектері көрмеде көрсетілді.
Бота Қабыкенұлы тірі болғанда келесі жылы мерейлі 70 жасқа толар еді. Бірақ ол мәңгі жасай бермек. Баянауылдың тасын қашап, жан бітірген азаматтың өзіне де бір тас қашалар деген үміт басым. Қыруар қалдырған еңбектері мен адамгершілік мінезі мәңгі ұмытылмайды деп сенеміз.
Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ.