Павлодар облысында есімі әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойының негізгі іс-шаралары жерлесіміздің туған жері – Баянауыл ауданында өтті. Мойылды шатқалында Қазақ Ғылым академиясының негізін қалаған көрнекті геолог-ғалымды еске алуға Қазақстанның барлық облыстарынан келген қонақтар үшін этноауыл бой көтерді.
Аталмыш іс-шараның ерекше маңыздылығы мен еліміздің даңқын тыс жерлерде асқақтатқан Қаныш Имантайұлының сіңірген еңбегін атап өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді.
Қонақтардың қатарында академиктің немересі Әлима Жармағамбетова, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Қ. И. Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы және т.б. болды.
Мерейтойлық іс-шаралар аясында Қ.Сәтбаев, А. Марғұлан және Ж. Аймауытовтың өмірі мен шығармаларына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті. Мереке республиканың ең үздік ақындары мен жас дарындары өнер көрсеткен айтыспен жалғасты.
Мерекелік бағдарлама ірі жүлде қоры тігілген қазақ күресі, көкпар және бәйге сынды жарыстарды да қамтыды. Этноауылда ортаазиялық халықаралық қолөнершілердің қолдан жасалған бұйымдарының жәрмеңкесі және павлодарлық суретшілердің көрмесі ұйымдастырылды.
Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына арналған екі күндік салтанатты іс-шаралар қазақстандық эстрада әртістері Тоқтар Серіков, Бейбіт Сейдуалиева, Еркін Нұржанов, Ернар Айдар және «Шаңырақ» орталығы мен облыстың шығармашылық ұжымдары өнер көрсеткен мерекелік концертпен аяқталды.
Фото: Валерий Бугаев