Суретте: сол жақтан бірінші тұрған Айбек, Кәдірбек Қарашолақов, Әбіш, Ғабит. 

Отырғандар: ортадағы Ардақ (Айбектің жұбайы), сол жағында Тұрсынхан (Әбіштің қарындасы).

Семей, 1980 жыл.

 

Бірінші курстың ортасында Жамбыл 20-дағы жатақханамызда бауыр басып қалған түпкірдегі 238-бөлмеден жоғарыға, 5-қабаттағы 523-бөлмеге ауыстырды комендант әйел. Өзі сол жатақта тұратын. Жіңішкелеу келген ақсары орыс келіншегі. Тегі, 2-қабатты біртіндеп пәтері жоқ институт мұғалімдеріне босатып жатты ғой деймін. Төрт жігіт тұратынбыз: Әбіш, мен, Рома (Рымбай) және Раймон (Рахметолла). Соңғы екеуі «спецте» (РЛК) оқыды. Бәріміз де 1-курспыз.

Бір күні бөлмемізге Айбек Сапышев келді. Қолында бір бет қағаз:

– Тыңдаңдар! Мен «Революция керек!», – деген өлең жаздым.

Бұл – 1978 жыл болатын. Бәрімізге белгілі Виктор Цойдың «Перемен, мы ждем перемен!» әні 10 жылдан соң шықты. Айбек кейіннен «тоқырау жылдары» деп аталған кезеңнің ми батпағын, тымырсық ауасын, көктен жаңбыр күткен шөліркеген уақытын дөп басып, дәл айта білген екен.

1988-дің жазында Семейге келдім. Айбек онда Жаңа Семей аудандық «Ертіс оттары» газетінің редакторы. Кеңсесі «Бас почтамт» маңында екен. Тез тауып алдым.

– Сен ындын деген сөзді білесің бе? – деді Айбек. – Мұнда Тыныштықбек деген ке-ре-мет ақын бар.Жақында топтама өлеңдерін шығардық газетке. Иә, өзің не бітірдің? Жаңа өлеңдерің бар ма?

Мен машинкаға басып әкелген «Менің поэмам» деген тұңғыш поэмамды ұсындым. Поэма деуге де келмейтін шығар, дұрысы, өлеңдер циклы.

Айбек поэмамды газетінің екі нөміріне бастырып, шығарды.

Айбекті Семейдегі Абай театрында әдеби кеңесші болған кезінде екі рет іздеп бардым. Бірақ кездесуге жазбады тағдыр…

«Дос біздің Ғабит Сапаров,

Бір жылдай жүрдік хат алып…» деп басталатын 1979 жылдың 27-қарашасында жазған экспромты студенттік блокнотымда әлі күнге дейін сақтаулы. Мен 2-курсқа қабылданып (академнен соң), жұбайым екеуіміз жатақхана жанында (ұмытпасам, Речная 25) тұрып жатқанбыз. Әбіш, Әбіл, Айбек, Кәдірбек (Қарашолақов) сияқты бір топ жігіт біраз жерге барғанбыз сонда…

Айбектің соңына том-том өлең, поэма, драма, мақала қалдырғаны қуантады, әрине. Бірақ қолыма әлі бір кітабы да тиген жоқ.

Он жылдай бұрын Павлодарда, Аймауытов театрында, Қарағанды театры гастрольдік сапарда болып, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық, мол жылдарын» қойды. Афишадан «сахнаға лайықтаған Айбек Сапышев» деген жазуды көріп, тіптен толқып кеттім. Осы спектакльді көру үшін ауылдан арнайы келген болатынмын.

Соңына мол мұра қалдырыпты. Оны ұрпақтары шығарып та жатыр. Жаны жаннатта шалқысын!

 

Ғабит САПАРОВ,

Павлодар қаласы.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий