Бүгін «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы болған белгілі журналист Жұмабек Сманов «Қазақстан» РТРК» АҚ Павлодар облыстық филиалы – «Ertis» телеарнасының директоры болып тағайындалды. Жаңа басшыны басқарма төрайымының орынбасары Азамат Кеңесұлы таныстырды.

Жұмабек Өркенұлы ақпараттық агенттік редакторы ретінде өңіріміздің әдеби-мәдени кеңістігінде өз қолтаңбасын айқындап, даңғыл жол сала білді. Оның бастамасымен, «Ертіс Медиа» ЖШС-нің қолдауымен, «Aiqara.kz» ақпараттық порталы мен «Jebe» қоғамдық бірлестігінің бірлескен «Ат үстіндегі әңгіме» жобасы дүниеге келді. Жоба аясында өлкетануші Бейбіт Бөженмен, атбегі Амангелді Солтановпен сүбелі сұхбаттар көрермен назарына ұсынылды.

Естелік, эссе, әдеби портрет жанрларын ерекше жақсы көретін қаламгер «Біз де бала болғанбыз…» жобасына мұрындық болып, мемлекеттік қызмет ардагері Әбілхақ Түгелбаев, жазушы Сайлау Байбосын, ғалым Айтмұхамбет Тұрышев, ақындар Ғабит Сапаров, Жұмағали Қоғабай, Жанаргүл Қадырова қатарлы Ертіс-Баян өңіріне белгілі тұлғалардың балғын шағына, балдәурен кезеңіне бірге саяхат жасады.

Сонымен бірге, ол талабы таудай жас таланттарды тауып, олардың қанатқақты туындыларын портал арқылы оқырманға ұсынуда ағалық қамқорлығынан жаңылған жоқ.

«Ұмытпаймыз! Ұлықтаймыз!» жобасы қолға алынып, өңіріміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, әдеби-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың жарқын бейнесін, өнегелі істерін есте сақтау мақсатында бірнеше материал жарияланды.

Редактор ретінде ақпараттық портал мен облысымыздағы білім беру, мәдениет мекемелері, қоғамдық бірлестіктер және одақтар арасындағы шығармашылық байланысты нығайта білді.

Портал ұжымы қарымды қаламды қаламгер, дарынды журналист, білімді маман, білікті басшы Жұмабек Смановқа жаңа қызмет – жаңа лауазымда тек шығармашылық табыс, тың ізденіс, шалқар шабыт тілейді.

 

 

Добавить комментарий